jasqazaq.kz

Бақытжан Төлімбет: Түркістанда балалар арасындағы суицидтің алдын алу жұмыстары дұрыс жолға қойылған

Бүгін, 15:51
Фото: istockphoto.com

Фото istockphoto.com

Бүгінде балалар мен жасөспірімдер суицидіне жол бермеу бағытында бүкіл ел аумағында біраз шаралар қолға алынған.  Осы орайда Түркістан қаласында балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу үшін қандай жұмыстар жүргізіледі? Мектепте буллингті болдырмаудың амалы қандай? Мектептегі педагог-психологтардың мұндай іске шамасы жете ме? Jasqazaq.kz тілшісі Түркістан қаласы білім бөлімінің басшысы Бақытжан Төлімбетпен осы және өзге де мәселелер жайында сұхбат құрды.

— Статистикалық көрсеткіштерге сәйкес, Түркістан қаласындағы балалар мен жасөспірімдер арасында суицид оқиғалары көп кездеспейді. Дегенмен, суицидтің алдын алу жұмыстары тоқтамауы қажет. Бұл бағытта Түркістан қаласында қандай іс-шаралар өткізіледі. Арнаулы жобалар бар ма?

— Дұрыс айтасыз, Түркістан қаласында балалар мен жасөспірімдер арасында суицид оқиғалары көп емес. Бұл – ең алдымен дұрыс жолға қойылған жұмыстың, сол жұмыстарды өз деңгейінде атқарып жатқан педагогтардың нәтижелі еңбегінің жемісі деп айта аламын.

Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталар болсам, өз-өзіне қол салуға оқталған балаларға, сондай-ақ өмірдің қиын жағдайына тап болған балалардың және олардың заңды өкілдерінің кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық, азғындық әрекеттер фактілері болған жағдайда өтініштері негізінде жан-жақты психологиялық көмек көрсету, бағыт-бағдар беру, келеңсіз жағдайлардың алдын алу мақсатында арнайы психологтардан құрылған кешенді жедел топтың құрамы бекітіліп,  жеке жұмыс жоспары жасалынған. Бұл топ ата-аналарға, сондай-ақ кәмелетке толмаған мектеп оқушыларына тұрақты түрде психологиялық көмек көрсетіп келеді. Сонымен қоса, осы бағытта жұмыс істейтін арнайы мекемелер де бар. Жауапты мамандарымыз сол мекемелермен де тығыз байланыста жұмыс істеп келеді.

Түркістан қаласының білім бөліміне қарасты 38 мемлекеттік, 47 жекеменшік мектеп бар. Жалпы мектептерде  55 252 оқушы білім алады. 2024-2025 оқу жылында  «Тәуекел тобында» жасыл деңгейде 2271 бала, сары деңгейде 469 бала, қызыл деңгейде 5 бала болды. Бұл балалар қазіргі таңда тікелей бақылауға алынып, түрлі мектепшілік үйірмелерге және жазғы сауықтыру лагерлеріне тартылған.

Мектептерде кәмелетке толмағандар арасындағы өз-өзіне қол салудың алдын алу мақсатында арнайы іс-шаралар жоспары түзіліп, сол жоспар жүйелі іске асырылды. Жоспар аясында 5 сынып сағаты, 4 ата-аналар жиналысы, 8 тренинг және кеңес беру арқылы балалардың қобалжушылық деңгейін төмендету мақсатында оқушылар мен ата-аналар арасында ақпараттық түсіндірме жұмыстары, 6 семинар өткізілді. Отбасында ата-ананың бала тәрбиесінде белсенділігін арттыру мақсатында ата-аналармен кездесулер ұйымдастырылды. Олардың әлеуметтік пікірін, сапалық және білімдік деңгейін, мәдениетін зерттеу және олардың балаларының өздері біле бермейтін психологиялық ерекшеліктеріне, көңіл-күйіне мән бере білуіне бағытталып, психилогиялық көмек беріліп, түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Мамандар балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицидке әлімжеттік, буллинг себеп болуы мүмкін дегенді айтады. Оқушылар арасындағы осындай қатыгез әрекеттерге қалай тосқауыл қоюға болады?

— Жасөспірімдердің негізгі қиын кезеңі өтпелі кезең деп айтып жатамыз. Өйткені бұл кезде жасөспірімнің психологиясында көп өзгеріс болады. Баланың өтпелі кездегі мінез-құлқы, басқа да әрекеті оның ересек өміріне әсер етуі мүмкін. Балалықтан өтіп, ересек өмірге психологиялық қиындықпен қадам басатын жасөспірімдермен көбірек жұмыс жасауды қажет етеді. Бұл кезең қыздармен салыстырғанда ұл балада сәл кешірек болады. Қыз бала үшін 8-13 жас, ал ұл бала үшін 9-14 жас аралығы өтпелі кезең болып есептеледі. Сол себепті бір сыныпта оқыса да, олардың психологиясында айырмашылық байқалуы мүмкін.

Айтайын дегенім, жасөспірімдер құқық бұзушылыққа, өзіңіз айтқан суицид жағдайларына осындай уақытта көбірек барады. Бірақ, оның барлығына мектепті немесе педагогтарды себеп етіп көрсету дұрыс емес. Баланың қоршаған ортасы, өсіп жатқан отбасы да оның психологиясына зор әсер етеді.

Сондықтан осы бағытта да жұмыстар жолға қойылған. Түркістан облысының психологиялық қолдау орталығымен бірлесе білім алушылар арасында әр айда кемінде 2 рет сауалнама алынып, ары қарай нақты түрде жұмыс  жүргізіліп жатыр. Атап айтсақ, соңғы 6 айда сауалнамаға Түркістан  қаласында 12 720 оқушы қамтылды. Сауалнамада қамтылған сұрақтар бойынша бала бойындағы түрлі бұзылыстар, себепсіз мазасыздану, анасының жылуы мен мейірімін сезінбеуі, әкесімен қарыс-қатынасқа көңілі толмауы, жақын араласатын достарының жоқтығы, кемсіту, қорлық көруі, физикалық күш көрген, кибербуллингке ұшыраған, буллинг құрбаны болған оқушылар анықталды. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында айына кемі 3 рет білім беру ұйымдарына тұрақты түрде жаднамалар, ескертпелер, таратылып отырады. Осы сауалнамалардың нәтижесінде анықталған жағдайлар бойынша нақты жұмыстар атқарып, дер кезінде көмек көрсету арқылы ғана қатыгез әрекеттерге тосқауыл қоя аламыз.

Айта кетерлігі, білім беру ұйымдарында балалардың құқықтарын қорғау мақсатында 111 бірыңғай сенім нөмірі (QR-код) барлық мектепте толық орнатылған. Бұл жүйенің де әлімжеттіктің, буллингтің алдын алуға көмегі зор.

Баланың кез-келген қиын жағдайда төзімді болуына, қатты күйзеліске түсіп кетпеуіне жөн сілтеу үшін онымен әңгіме қалай жүргізіледі?

— Баланың кез-келген қиын жағдайда төзімді болуы, күйзеліске түсіп кетпеуі үшін жүргізілетін әңгіменің мазмұны мен тәсілі өте маңызды. Атап айтқанда:

— Балаға сенімді әрі қауіпсіз орта қалыптастыру керек. Баламен сенімді байланыс орната отырып, көзіне тік қарап, тіл арқылы қолдау көрсету;

— Сезімдері туралы айтуға мүмкіндік беру;

— «Өзіңді қалай сезініп тұрсын? Не мазалайды?» деген сияқты ашық сұрақтарды қою, баланы сабырмен тыңдай білу;

— Жағдайды бірге отырып талдау;

— Мұның шешілмейтін қиын мәселе емес екендігін, уақытша қиындық болатынын түсіндіру, бұдан шығудың жолы бар екендігін, «қаласаң бірге ойланып көрейік» деген үміт сөздерін қолдану;

Өз өмірінен немесе басқа адамдардан мысал келтіріп, қиындықпен күресу жолдарын көрсету оның психологиясын қалыптастыруға зор әсер етеді.

Сонымен қатар әрбір ата-ана үнемі баланы тыңдап, қолдап, өз-өзіне деген сенімділігін арттырып, эмоционалдық тұрақтылығын дамыту үшін ойындар, шығармашылық әрекеттер ұйымдастырып отырса, оның психологиялық тұрақтылығы мен төзімділігі қалыпты болып өседі.

— Мектептегі педагог-психологтың балаға көмектесуге құзыреті жетпейді, өз-өзіне қол салу оқиғаларының алдын алу үшін кәсіби психолог қажет деген мағынадағы пікір айтылып жатады. Бұл тұрғыда сіздің ойыңыз қандай?

— Бұл пікірге толық қосыламын деп айта алмаймын. Себебі, мектепте жұмыс істеп жатқан педагог-психологтар да – жоғары оқу орнында өз саласы бойынша жоғары білім алған, өз саласын меңгерген мамандар. Жоғарыда айтылған қаншама жұмыстарды атқарып отырған да осы мамандарымыз. Олардың еңбектерінің нәтижесін де көріп жүрміз. Мектептерде 1-2 психологтан жұмыс істейді. Ал орта есеппен алғанда бір мектепте 1500-ден астам оқушы бар. Олардың барлығымен арнайы жоспар аясында жұмыс жүргізіп келеді. Уақытылы білімдерін жетілдіріп отыруларына да көп көңіл бөлеміз.

Осы орайда педагог-психологтардың сапалық құрамына да тоқталып кеткенді жөн санап отырмын. Қазіргі таңда бөлімге қарасты 38 мектепте 64 педагог-психолог қызмет атқарады. Барлығы жоғары білімді. Санаттары бойынша «Педагог-зерттеуші» санатына – 4, «Педагог сарапшы» санатына – 12, «Педагог-модератор» санатына 28, І, ІІ, ІІІ санатына — 6 педагог-психолог ие. Олардың ішінде 10 жас маман бар. Суицидтің, зорлық-зомбылық пен ерте жүктіліктің алдын алу және тәуекел топтағы балаларды анықтап, олармен жұмыс істеу үшін «Бестерек» жобасы бойынша 100 пайыз арнайы курстардан өткен.

— Балалар арасында суицидке жол бермеу үшін олардың өмірге құштарлығын арттыратын өнерге, спортпен айналысуға тарту керек. Түркістан қаласында балалар бос уақытында қатыса алатын қандай үйірмелер бар?

Бұл – біздің басты жұмыс бағыттарымыздың бірі. Жалпы оқушыларымыздың бос уақытын тиімді пайдалану үшін қосымша білім беруге тарту жақсы жолға қойылған. Қалада мектептен тыс алты мекеме бар. Бағыттары да әр түрлі. Оларда 60-тан астам үйірме жұмыс істейді. Балалардың қатысу көрсеткіші де жақсы. Қазір 3800-ден астам оқушы осы мектептен тыс мекемелердегі үйірмелерге қатысады. Одан бөлек, мектептерде де көптеген үйірмелер жұмыс істейді. Бөлімге қарасты 38 мемлекеттік білім мекемесінің ішінде үйірмелерге тартылған балалар саны — 38515 оқушы. Атап айтқанда, көркем-эстетикалық бағытта 2620, сәндік қолданбалы өнерде — 3629, техникалық үйірмелерде — 3319, экологиялықта 5450, туристік-өлкетану бойынша — 3715, қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша 4565, математикалық-жаратылыстану бағытында 4727, тілдік үйірмелерде 4500, дебаттарға — 1203, робототехникаға — 300, театр үйірмесіне — 4487 оқушы қатысады. Жалпы қосымша біліммен қамтылған оқушылардың көрсеткіші 93 пайыздан асып отыр. Олардың нәтижесі де жоқ емес. Оқушыларымыз үйірмелерде үйренген өнерлерімен республикалық, облыстық шараларда, спорттық жарыстарда топ жарып келеді. Бұдан бөлек, өзіңіз айтқан суицидті, құқық бұзушылықты болдырмауға да бұл үйірмелердің көп көмегі тиіп отыр.

— Балалар мен жасөспірімдер арасында суицидке жол бермеуге арналған алдағы жоспарларыңызға кеңірек тоқталып кетсеңіз.

— Түркістан қаласы білім беретін мекемелерінде психологиялық қызметті мақсатты іске асыру барысы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 6 сәуірдегі №130 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі 2021 жылдың 16 қыркүйегінде бекіткен  №472 бұйрығы, ҚР Оқу ағарту министрлігі «Орта білім беру ұйымдарындағы психологиялық қызметтің жұмыс істеу қағидаларын бекіту туралы» 2022 жылдың 25 тамызындағы №377 бұйрығы негізінде мектепте психологиялық қызмет жоспары жасалып, лауазымдық міндеттер мен істер номенклатурасы бекітілген. Мектептерде ұйымдастырылған психологиялық қызмет кезінде білім және ғылым министрі бекіткен бес бағытты қамтиды.

Психологиялық  қызметтің мақсаты — мектепте білім алушылардың психологиялық денсаулығын сақтау, қолайлы әлеуметтік-психологиялық жағдай жасау және білім беру үдерісіне қатысушыларыға  психологиялық қолдау көрсету болып табылатындықтан, жыл сайын алдымызға нақты жоспар қойып, жұмыс жүргіземіз.

Алдағы оқу жылында да жоспар бойынша жұмыс атқарып, келеңсіз жағдайларды болдырмау үшін еңбектенеміз. Бұл бағытта көптеген шаралар өткізу жоспарланған. Мысалы, 1-5 сынып оқушыларының бейімделуін диагностикалау мақсатында «Керн-Йерасек» тестін 1-сыныптарға, «Менің сыныбым» әдістемесі 5-сыныптарға  жүргізіледі. 1-сынып оқушыларымен   «Қай лобиринтті таңдайсыз?»,   «Суреттен не көрдіңіз?»,    «Логикалық ойындар» тағы басқа түзету-дамыту сабақтары жүргізіледі. Бірінші сынып ата-аналарына «Бала тәрбиелеудің 10 ережесі» тақырыбында психологиялық кеңес беріледі. Тәуекел топты анықтау мақсатында «Кабинеттік талдау» жұмыстары, аутодеструктивті, құқықбұзушылық, ерте жүктілік орын алған отбасылардағы оқушылар тізімі алынып, бірлескен жұмыстар  жүргізіледі.     Девиантты  мінез-құлық пен құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша  тәуекел топқа тіркелген оқушылардың сынып жетекшілері арқылы бақылап, байланыста отырамыз. Сауалнамалар алу арқылы да бірқатар мәселені анықтауға болады. Тәуекел топты анықтау мақсатында «Далалық зерттеу» жұмыстарын  жүргізу  мақсатында «Сауалнама», «Үй, ағаш, адам», «Мен кіммін?» әдістемелері қолданылып, «Менің отбасым», «Менің ең жақын досым», «Менің арманым» тақырыптарында эссе жазылады. 11-сынып оқушыларымен «Біз бақытты өмірді қалаймыз» тақырыбында тренинг өткізіп, оқушылар өздерінің болашаққа деген көзқарастарымен бөліседі.  Оқушылардың құқықтық білімін жетілдіру, бойына құқықтық, патриоттық, адамгершілік тәрбиені сіңіру мақсатында сыныптарда «Мен және менің құқығым», «Қоғамдық орындардағы тәртіп мәдениеті» тақырыптарында түсініктеме жұмыстары, 2-4 сынптармен  «Мейірімділік еліне саяхат», 5-7 сыныптармен «Болашақ бүгіннен басталады», 3-4 сынып аралығында зорлық-зомбылықтың алдын-алу мақсатында «Жақсы және жаман әдеттер» туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді. 8-11 сыныптармен «Мен өмірді сүйемін»  тақырыптарында психологиялық тренингтер ұйымдастырылып, оқушылар өз ойларымен бөліседі. 5-11 сынып оқушыларынан «Зорлық-зомбылық туралы мен не ойлаймын?» тақырыбында сауалнама алынады.

Сынып жетекшілер мен ата-аналарға «Буллинг дегеніміз не?», «Отбасында баламен қарым-қатынас жасаудың кейбір психологиялық мәселелері» тақырыбында ағарту жұмыстары жүргізіледі. 5-11 сынып оқушылары арасында «Буллинг және кибербуллинг дегеніміз не?» тақырыбында сауалнама алынып, нәтижесі талқыланады. Есепке алынған құқық бұзушылыққа бейім  оқушылар, олардың ата-аналары және сынып жетекшілерімен сұхбат жургізіліп, сауалнама алынады. Оқушылардың қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру мақсатында «Қақтығыс және одан шығу жолдары», «Мен өз болашағымды қалай көремін» тренингтері  жүргізіліп, жан-жақты зерттеудің гистограммалық ақпарат парағы толтырылып, мінездемелер жазылады.

Сынып сағаттары, ата-аналар жиналысы, тренингтер және кеңес беру арқылы балалардың қобалжушылық деңгейін төмендету мақсатында оқушылар мен ата-аналар арасында ақпараттық түсіндірме жұмыстарын тоқтатпаймыз. Отбасында ата-ананың бала тәрбиесінде белсенділігін арттыру мақсатында ата-аналармен кездесулер ұйымдастырылады. Ата-аналардың әлеуметтік пікірін, сапалық және білімдік деңгейін, мәдениетін зерттеу және олардың балаларының өздері біле білмейтін психологиялық ерекшеліктеріне, көңіл-күйіне мән бере білуіне бағытталып, психилогиялық көмек беріліп,  түсіндірме жұмыстары жүргізіледі.

Айта берсек, бұл бағытта жоспарлаған іс-шараларымыз өте көп. Ең бастысы – алға қойған жоспарларымызды сапалы орындап, көздеген мақсатқа жету, яғни санасы қалыптасқан, озық ойлы ұрпақ қалыптастыру. Алдағы жоспарларымыздың барлығы осы мақсатқа жету үшін іске асырылатын болады.

Әңгімеңізге рахмет!

 Сұхбаттасқан Оразәлі Баймұрат

 

 

 

Бүгін, 16:32
Chevron -ҚМГ: Сенімді серіктестік жолымен
Бүгін, 15:51
Бақытжан Төлімбет: Түркістанда балалар арасындағы суицидтің алдын алу жұмыстары дұрыс жолға қойылған
Бүгін, 14:23
Түркістан: Түлкібаста жалпы өңірлік өнім 29,9 млрд теңгеге жетті
Бүгін, 14:07
Түркістан: Масылдыққа жол бермеудің жолы – жұмыспен қамту
Бүгін, 14:02
Түркістан: Ауыл мектептері жаңғыртылып жатыр
23 маусым, 16:02
Түркістан: «Орталық Азия» өнеркәсіптік кооперация орталығы – маңызды жоба
23 маусым, 15:37
Түркістан: Мәдени және әлеуметтік нысандар құрылысы қарқынды
23 маусым, 14:42
Түркістан: Агроөнеркәсіп саласындағы өзекті мәселелер пысықталды
23 маусым, 14:16
Алмас Әбдірахманұлы: Масылдыққа жол бермей, адамдарды еңбекке ынталандыру маңызды