Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында еліміздің бүгінгі келбетін айқындайтын «100 жаңа есім» жобасы ұсынылған болатын. Елбасының мақаласында «Біз «Жаныңда жүр жақсы адам» деген сөздің байыбына бара бермейміз. Шын мәнінде, Тәуелсіздік дәуірінде өзінің еңбегімен, білімімен, өнерімен озып шыққан қаншама замандасымыз бар.
Олардың жүріп өткен жолы – кез келген статистикадан артық көрсеткіш. Сондықтан, оларды телевизиялық деректі туындылардың кейіпкеріне айналдыруымыз керек. Жастар өмірге шынайы көзбен қарап, өз тағдырына өзі иелік ете алатын азаматтар болуы үшін оларға үлгі ұсынуымыз керек»,- делінген. Жоба маусым айында басталып, еліміздің түпкір-түпкірінен көптеген азамат қатысуда. «100 жаңа есімге» қатысушыларға дауыс беру «El.kz» интернет сайтында жүрілуде. Біз жобаның қазіргі таңдағы жүрілу барысы мен мән-мағынасы жөнінде аталған порталдың шығарушы-редакторы Бақыткүл Абайқызына бірнеше сауал қойған едік. Дауыс беру жағдайы мен жобаға қатысушылар жайлы төмендегі сұқбаттан оқи аласыздар.
— Бүгінде бұл жобаға қанша адам қатысуға ниет білдіріп, өтініш берді? Қай саланың өкілі көбірек?
– Жобаға жалпы саны 2000-нан астам өтінім түсті. Алғашқы өтініштер бізге 6 маусымнан бастап келе бастады. Сайтта алты категория бойынша таңдау өткізіліп жатыр. Оның ішінде, «Қоғам» саласы бойынша келген өтініштер көбірек.
— Қазіргі қатысып жатқан талапкерлерді комиссия қандай талаптар бойынша іріктеп алды?
– Үміткерлерді арнайы комиссиядан құралған эксперттік топ іріктеді. Бұл жоба «El.kz» платформасында жасалып жатса да, біз тек келіп түскен өтініштерді қабылдап, олардың өмірбаяндарын редакциялап, сайтқа орналастырумен ғана айналысамыз. Ал қойылатын талаптарға қатысты ештеңе айта алмаймын. Себебі, оны эксперттік топ өздері анықтап, бізге тек нақты санын ғана жібереді. Мысалы, басында 500 адам іріктелді, кейін оның ішінен «100 жаңа есім» жобасына лайық деген 302 адам таңдалды. Біз оларды сайтқа орналастырдық.
Ал, дауыс беру қазанның он сегізі күні басталды. Содан бері тіркелген дауыс 108000-нан астам болып отыр . Оның ішінде 52000 адам кандидаттарға дауыс берді. Ал дауыс саны – 108640.
— 100 жаңа есім жобасына елге танымал қандай тұлғалар қатысуда?
– Негізі, жобаның мақсаты – тәуелсіздігіміздің дамуына үлес қосқан, халық есімін біле бермейтін азаматтардың аттарын таныту. Десе де, олардың арасында да халық білетін тұлғалар да кездесіп қалады. Мысалы, «Ғылым» саласы бойынша Салтанат Байқошқарова, сондай-ақ, «Мәдениет» саласында да бірен-саран халық танитын тұлғалар бар. Бірақ, бұл жобаға қатысушылардың 90 пайызын халық біле бермейді.
— Жоба қашан аяқталады және 100 жаңа есім жобасында ең көп ұпай жинаған қатысушыларға қандай да бір марапат немесе лайықты сый жасала ма?
– Бұл – бізге көп қойылатын сұрақтардың бірі. Онлайн дауыс беру 10 қарашаға дейін жалғасады. Сол кезде «100 жаңа есім» іріктеледі. Жақында министрліктер мен Қазақстан халық Ассамблеясынан және «Казконтент» АҚ төрағасының қатысуымен журналистерге арналған үлкен брифинг өткен болатын. Сол кезде анықталған «100 есімге» берілетін марапат пен сыйлық жоба біткен соң ғана белгілі болатыны айтылды. Сонымен қатар, алдағы уақытта осы жүздікке енген үздік кандидаттар туралы деректі фильмдер мен арнайы бейнероликтер түсірілетін болады.
— Жобаға қатысуға үміткерлер жеке өз атын ұсына ала ма, болмаса қандайда бір құзыретті мекеме ұсыныс жасауы керек пе?
– Бұл жобаға кез келген өтініш қабылданады. Бізге өздерінің өмірбаяны, жеткен жетістіктерін жазып, өз кандидатураларын ұсынғандар да, үшінші жақтан өтініш білдіргендер де болды. Ол жобада қарастырылған. Сондай-ақ, белгілі бір мекеменің атынан да ұсынуға әбден болады. Мысалы, Ассамблеядан және медициналық мекемеден өздері ұйғарып, ортасынан білікті мамандарын ұсынғандар болды.
Сұхбаттасқан Бейбіт Тоқтарбай