Көкшетауда тек ауқатты азаматтардың үйлерін тонаған екі азамат қолға түсті. Олар қыс алдында ұрлаған құндыз тондар мен бөріктердің біразын саудалап үлгерген. Ал өздері көрші Солтүстік Қазақстан облысында асыл тұқымды жылқы ұрлап кетіп бара жатып ұсталды. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.
Күіктілер үйлерге пластик терезеден түсіп жүрген. Көздеріне түскен құндыз тондар мен бөріктер, алтын бұйымдарды, тіпті теледидар мен компьютерлерді де үптеп кетіп отырған. Қолдарынан келгенше сатып, пайдасын да көріпті. Екеуі де Көкшетауда өз үйлері бола тұра пәтер жалдап, ұрланған заттарды сонда жинапты. Көкшетаулық полицейлер осылайша 10 шақты пәтерді тонап, «оңай олжаға» кенелген ұрылардың ізіне түскен. Сөйтіп оны көрші облыста құрықтаған. Бұл кезде бірі 48, екіншісі 24 жастағы бұлар біреудің қорасынан асыл тұқымды жылқыны алып шығып бара жатыпты. Қазір олардың басқа да тонау деректеріне қатысы бар-жоғы тергеліп жатыр.