Бабыр

16 маусым 2017, 11:48

Тұтастай алғанда Батыста да, Шығыста да ондай билеуші болған емес, некен-саяқ. Кеудесіне нан піскен күпілдектері, күшеншектері, залымдары, жарыместері мен дарақылары кездеседі. Олардың арасынан небір бетпердесіз бейнелерді көруге болатын еді. Парасат патшалығын құра жүріп, әлі күнге теңдессіз туындылар қалдыру қайталанбайтын құбылыс – Шаһиншаһ! Ол билік дәмін тым ерте татты. Бір мүшелге толмай жатып, әкесі Омар шейх көгершін қуу үстінде қайтыс болып, орнына шаһарда әкім болды.
Көненің көзіндей ұрпақтарға ұлағат етіп қалдырған кітабының бісмілләсында былай дейді: «Сегіз жүз тоқсан тоғызыншы жылының рамазан айында он екі жастан сәл асқан шағымда (1494 ж. – А.Н.) Ферғана аймағының билеушісі болдым». Атақты Темірдің тікелей ұрпағы болып табылатын әмірзада Әбілқайыр немересі Мұхаммед Шайбанидың тепкісіне шыдамай ығысып, көп қиыншылықтан кейін туған топырағын тастап шығып, алдымен Ауғанстанның Қабул (Қабыл) қаласын жаулап алып, сонан соң ашкөзденіп оңтүстік шығысқа көз тігеді.
Әредік-әредікте 1483-1504, 1525-1530 жылдардағы ірілі-ұзақты оқиғаларды сана сарабына салып, іріктеп қамтитын «Бабырнамада» өзінің азаматтық ұстанымын айқын білдіреді: «Үшбу сөзді шағым жасайын немесе қайырымдылығымды білдірейін» деп мақтан үшін жазбадым, шындықты болған оқиғаны ешбір қоспасыз баз қалпында қағазға түсіріп отырмын. Естелікті жазудағы мақсатым – шындықты, қандай да болмасын істі, ақиқатты баяндау. Сондықтан тумаларымның бауырларымның, жақсы-жаман адамдардың кемшілігін де, артықшылығын да бүкпесіз айтып отырмын. Жараңдар, жамағаттар, меймандар кешірім етер деймін». Жан сырын ақтарғанда патша пенденің күйін кешіп, жұртшылық алдында ғазиз басын қалай иеді?
Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының қазақтың бас уәзірі Н.Оңдасыновты қайтіп қабылдағаны ойға оралады. Қоңырау шалып, алдын ала ескертсе де сол үйдегі жұпыны киімімен қарсы алыпты. Бұған көңілі қоңылтақсып, назаланған қонаққа «Сізді сыйлағандықтан сол күйі отырып қалдым» – деп құтылыпты. Иба, иман деген шығыс халықтарына туа біткен қасиет. Бұлай соншама кішірейіп кішіпейілдік танытпауға болады емес пе? «Көрші бөлмедегі ел премьер-министрлері не істегенін көріп қайт», – депті Баукең өтініп. У.Черчиль, Д.Нерудің кітаптарын көріп түсінген мейман іштей риза болып аттаныпты. «Елге сондай қызмет етпедің» – деген ишараны ұққан Нұртас Оңдасынов кейін араб-қазақ, парсы-қазақ сөздіктерін түзді.
Сол Жавахарлал (Жауһарлал) Неру түрмеден қызы Индираға жолдаған хаттардан түрінде түзілген «Түгел дүние тарихына көзқарас» кітабында: «Ол өз тегін тікелей Темір нәсілінен тартса, шешесі Шыңғыс хан ұрпағынан болып табылады. Бұл уақытта ол Қабулдың әміршісі болатын. Бабыр Үндістанға шақыруды шаттана қарсы алды, әйтпегенде онсыз да келер еді. Делиге жақын Панипат жазығында болған 1526 жылғы шайқаста Үндістан қағанатын жеңіп алды» десе және бір тағы осы тақырыпқа айналып соғып: «Маған, атап айтсам, сол балалық бір беттілігі бұл солтүстік жауынгерлерін қайсыбір тұстарда тартымдылығын арттыра түскендей көрінеді. Араға жүздеген жылдар салып, Үндістанда «моңғол» немесе «моғол» деп атайтындардың біреуі біздің елімізді жаулап алды. Бұл өз негізін шеше жағынан Шыңғыс ханнан шығаратын Бабыр-тұғын. Үндістанды басыбайлы билесе де сабат самалын, гүлдерін, бақтары мен Қабул қарбыздарын һәм теріскейді аңсады. Ол асыл адам еді. Естеліктері оны біздің көз алдымызда өте-мөте сүйкімді ете түседі…1526 жылғы Бабырдың ауған сұлтанын тұқыртуымен Делиде жаңа дәуір басталып, Үндістанда тыңнан Моғол қағанаты құрылып, шамалы үзілістермен ол 1526-1707 жылдарда, яғни жүз сексен бір жыл өмір сүрді.


Қос өзен Әмудария мен Сырдария (Інжудария) арасы жерұйықтай Жиделібайсын жері, ор киіктер ойнаған ойпат сағындырмай қоймады. Тұран жолбарыстары, қабыландары мен қояндар ну қамыстар, сексеуіл тоғайлар ішінде, ал ақ бөкендер қырда өріп жүретін. Жамиғат пен табиғат үйлесіп, бір-бірінен ажырамастай күйде еді. Оның есімі де осы жүйрік жыртқыштан (Бабыр – қара қабылан) шығады. Бабалары ау құрғанда қабыландарды құмай тазының орнына пайдаланатын. Өзі де мұндай дала мінезінен кетәрі емес еді. Қайда жүрсе де (Ауғанстан мен Үндістанда) сол салт-дәстүрді (аң аулау, шөген ойнау) сақтады. Бұл саламатты өмір сүрудің алғышарты болатын. Бабыр ерлікке бара-бар өз еңбегінде бірнеше мәрте қазақылық жасау, қазақ болып жүру дегенді сүйсініп еске түсіреді. Алматыны (Алмалық) Арысты, Кіндік Азияны айшықтап жеке-жеке атап өтеді. Отызында орда бұзып, қырқында қамал алды. «Бұнда жабайы құстар жыртылып айырылады, қырғауылдары керемет күйлі келеді, баппен пісірілген біреуін төрт кісі жәукемдегенде тауыса алмайды деседі.
Әндіжан тұрғындары – түгел түркілер, шаһарда да, базарда да түркіше білмейтін жан жоқ. Халықтың ауызекі сөзі, оның әдеби тіліне ұқсас. Мір Әлішер Науайы Гератта (Қырат) өсіп, тәрбиеленсе де шығармаларын тек осы тілде туындатты.
«Әндіжан тұрғындарында хас сұлулар көп», – деп жазды ол сағынышпен «Бабырнама» аты ғұмырбаянында. – Жер бетінде Самарқандтай ғажап қала аз. Ол бойлығы 99 градус 56 минөтте, ендігі 40 градус 40 минөттегі бесінші ықылымда жатыр. Ол уәлаяттың бас қаласы, ал бүкіл өлкені «Мәуренақыр» деп атайды. Самарқанды ешбір дұшпан қолының күшінен де, найзаның ұшымен де басып ала алған емес. Сондықтан оны «Құдай сақтаған қала» дейді… Самарқанды Ескендір салдырды, моңғол мен түркі халықтары (оны) «Семізкент» деп атайды. Темір бек Самарқанды (өзінің) астанасы етті. Темір бекке дейін ешқандай ұлы әмірші Самарқанды астана еткен емес. Мен қамалдың ішкі қабырғасының үстінен өлшеуге жарлық беріп едім. Ол он мың алты жүз қадам болып шықты. Самарқанның тұрғындары – түгел сүниттер, тым тақуа таза діндарлар».
Бұл Бабырдың атамекенге деген ыстық махаббаты. Итарқасы қияндағы өзі бауыр басып, жаңа қағанаттың негізін салған Аграда жүріп, ақтық демі, талқаны таусылғанша айықпайтын аңсау дертіне айналды. Үлде мен бүлдеге бөленіп, інжу-маржанмен әшекейленген әдемі әуіз, бұлбұл бақ пен аққу арулар арасында отырып та ол терең күрсінісін жасырмай сонау күнбатыста қалған жарық жұлдыздарға көзін сатып қарады. Мұндай көңіл күй әр кезде, әр тұста көрініс табады. Патшаның патшасы болса да пенделік оған да тән: «Жақында маған қауын әкелді. Оны жарып, кеселеп жеп отырғанда қатты әсер еткені сонша өксіп-өксіп жыладым».
«Тас түскен жеріне ауыр», Туған топырағын қанша сағынса да Бабыр отын дәм-тұз бұйырған жерлерін де ұмытпайды: «Қабулда бұл тауды Хиндукуш (Күнді-құш) деп атайды. Ол Қабулдан сәл оңтүстікке қарай иіліп шығысқа қарай созылады. Түстігі түгел Үндістан. Таудың солтүстігін беймәлім Қас халқы мекендейтін Тибет өлкесі жатыр. Одан Үндістан қойнауына қарай ағатын көп өзен басталады» десе, тағы бірде қалам тербегенде ешкімді де тосырқатпайды. «Бұл керемет ел, атажұртпен салыстырғанда мүлде өзге әлем. Таулар, өзендер, орман-тоғайлар, дала, қала, өлке, жануарлар, өсімдіктер, адамдар, тіл, жауын-шашын мен жел – бұнда біздегідей емес, Қабулмен жақын шектесетін керімсалды өңірлер ұқсас болғанымен басқа жағынан өте-мөте өзгешелеу. Синд өзенінен өтісімен жер мен су, тал-дарақтар мен тастар, адамдар да жолдар мен үрдістердің бәрі дәлме-дәл тура Үндістандағыдай».
Оның адамдарды суреттеуі де қызық. Егер бөлесі (Шыңғыс хан Шағатайының үрім-бұтағы Жүністің апалы-сіңлілі қыздары Құтлық пен Хұб Нигарлардың балалары) Мұхаммед Хайдар Дулати туралы: «Енді ол орнықты, байсалды азамат болып, жақсы жолға түскенін естідім. Жазуға, сурет салуға машық, жебе жасауға, зергерлікке, садақ шыбығын июге қолының ебі бар. Он саусағынан өнер тамған жігіт. Ақындық дарыны да байқалып тұр. Ол менен кешірім сұрап хат жазыпты. Сөз саптауы тәп-тәуір» деп сыпайылау бағаласа, Науайыға келгенде оны басқа қырынан ашып көрсетіп, байқағыштық танытады: «Сұлтан Құсайын мырзаның заманы сондай байқұт заман еді. Оның кезінде Қорасан, соның ішінде әсіресе Герат шаһары оқымыстылар мен айрықша ақылмандарға тола болатын», – деп нақты суреттейді Бабыр айналасына ой жіберіп. Әкімдердің ішінде «Және де Әлішер бек Науайы болды: (дегенмен) Сұлтан тұсында ол бек емес, үзеңгілес еді. Бала кезде олар бір медреседе оқыды, араларынан қыл өтпейтіндей. Сұлтан Әбу Сайд мырзаға қалай жақпай қалғанын білмеймін, әйтеуір Әлішер бек Гераттан аластатылды. Ол Самарқандқа кетті. Бұнда болған біраз уақытта оған Ахмет Қажы бек қамқорлық жасап, жанашырлық көрсетті.
Әлішер бектің мінезі шәлкес болатын. Ол биліктің әздегі болды деседі, бірақ шын мәнінде, олай емес. Құдай берген болмысы солай. Самарқанда болғанда да ол солай еді.
Әлішер бек ғажап кісі. Түркі тілінде ондай өнікті де жақсы өлең жазатын ешкім жоқ. Ол Мәснауи тәсілімен алты кітап жазды: бесеуі «Бестармаққа» (Низами шейх) жауап ретінде болса, біреуі «Құс тіліне» орай туған. (Сонымен бірге) балалық базыналығы, бал дәуреннің жарасымы, кемелдік пен кәріліктің келісімін қозғайтын ғазлдардан тұратын төрт туынды ұсынды. Рәуішті рубайлары да бар, өзге де шығармалары ұшырасады, алайда олар аталмыш еңбектерге қарағанда әлсіз. Бұл топқа оны хаттар жатады. Мәулен Әбдірахман Жәми үлгісімен ол әлгілері топтағанда небәрі әлдекімге әлдене жайында жазған жазбалары болып шыға келді.


Тағы да ол өлең өрісі туралы көптеген ескертпелер жасауға лайық. «Өлең өлшемі» деген кітап құрастырды. Ол жиырма төрт төрттағанның табиғатын (анықтап) оның төртеуінде мүлт кетеді: басқа да тұстарда ол қате жібереді. Өлең өнеріне ден қойған адамға бұл белгілі болып тұр… Еш ұрпақсыз, қатынсыз және отбасын құрмай жақсы оңай өмір сүрді. Мырзадан түк алмай, жыл сайын оған сыйлыққа қыруар ақша беретін. Сұлтан Құсайын бір жорықтан соң Астрабадқа келгенде Әлішер бек оны қарсы алуға шықты. Амандасып тұра бергенде ағзасы сыр беріп, қозғала алмай қалғанда оны нөкерлер көтеріп әкетті. Тәуіптер оның сырқатын анықтай алмады. Келесі күні таңертең ол Аллаға аманатын тапсырды».
Не десек те оның өмірі-өнегелі өмір Захир Әд-Дин Мұхаммед Бабыр Үндістанға құр қол келген жоқ. Ақыл тоқтатып, атамекенінен айырылып, азап шегіп, тәжірибесі толысты. Жүрек жұтқан әйгілі әскербасы ғана емес, уызынан жарыған сұмдық сұңғыла ғалым болатын. Оның табиғаттанудағы терең түйсігі таң-тамаша қалдырады. Бабыр қайда жүрсе де, фауна мен флораға қоғам мен адамға баса назар аударып, кейде, тіпті тәптіштеп, оқиғаларды жіліктеп береді. Оның уақыты мен шығармашылығын зерттеушілер легі, көбеймесе, азайған жоқ. Оның жан жұмбағы сонда да ашылмай келеді әлі. Түрік ғалымы Көпірұғлы Париждың ұлттық кітапханасынан 1923 жылы табылып, көзге оттай басылған Бабырдың «Үнді шығармаларында» шамамен 89 ғазал, 77 төрттаған және 50 жұп жолдан тұратын жырлардың 1523-1525 жылдар аралығында жазылғанын паш етті.
Бүгіннің биігінен қарағанда, Бабырдың елдер мен елдердің мәдениет пен мәдениеттердің жақындасуына сіңірген еңбегі орасан. Ол Үндістанға түркі өнері мен әдебиетінің ұрығын шашса, ежелгі Тұран топырағында байырғы жұрт рухы қазынасының таралуына зор ықпал тигізді. Дәнекер болып, достық дәнегін екті.

Ғазелдер, төрттағандар мен бәйіттер
х х х
Оян, Захир Әд-Дин Мұхаммед шаһ Бабыр,
Серпіл, Захир Әд-Дин Мұхаммед шаһ Бабыр,
Жердің бүкіл жұмағын тәрік етіп,
Тәуба қыл, Захир Әд-Дин Мұхаммед
шаһ Бабыр,
х х х
Келші, жаным!
Айырылысу қабірінде сенсіз қайтіп өмір
сүремін,
Азап кешіп қашанға дейін сенсіз қалай
жүремін?
Егер тағы жарқыраса екі күн, екі көзің
мөлдіреп,
Зағип болып кетсем де қажет маған бер
демің.

Қолаң шашың көргенде – абдырасам
шөліркеп,
Алдамшы арман жасай алмас құр емін.
Жән-тәніммен сүйдім сені, өзіңменен тамұқ
жұмақ сияқты,
Шақырса да бармайды Бабыр пейішке
сеніменен жанға рахат білемін.
х х х
Өзегімді өртеме, онсыз да қасірет жетеді,
Мұң меңдеді жанымды, азабы оның өтеді.
Үміт болса құдайдан мақұрым мені
қалдырма,
Жаратқанның мейіріне ұйығанда не етеді?
х х х
Өң-түсімде қол созамын қайтемін,
Бірақ саған, ай дидарлым, қажетім жоқ
қайтемін,
Күні-түні егілемін, отқа оранып қайтемін,
Пұшайманмын, амалым жоқ, өкініш көп
қайтемін.
х х х
Сертің менен жүрек сөзі – қайда бәрі?
Мейірің мен махаббатың қайда бәрі?
Абдырадым, қалқам, мені еске алдың ба,
Мәжнүн қайда? Құштарлық ше? Қайда бәрі?

Бал лебізің жан жарсын емдеп еді,
Ал сол дәру қайда енді? Қайда бәрі?
Тез арада ұмытылды байғұс Бабыр,
Сертің менен жүрек сөзі – қайда бәрі?
х х х
Құдай берді! Шаттық кернеп, мұң қалмады,
Таң жарқырап, қоштасатын түн қалмады.
Аңғырт басым қорқынышты һәм ұмыттым,
Шадыманмын қасіреттен дым қалмады.

Қажып жүрек мұрсат алды тынығуға,
Құлан-таза ескі дерттен шын қалмады.
Кедергі жоқ екі арада. Кешігеміз несіне біз?
Төзім менен табандылық мін қалмады.
Тағдыр қосып, Бабыр болды ең бақытты,
Енді, досым, пешенеге шағынатын дым
қалмады.

Аударған Аян-Сейітхан Нысаналин

30 тамыз, 23:58
Түркістан: Полиция департаментінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жедел кеңес өтті
30 тамыз, 23:55
Түркістан полициясы Конституция күнін атап өтті
30 тамыз, 23:53
Түркістан облысында Конституциямен құрдас 140-тан астам полицей қызмет етеді
30 тамыз, 23:51
Түркістан полициясы Конституция күніне орай бірқатар іс-шара өткізді
30 тамыз, 1:50
Түркістан: Есірткіге қарсы ымырасыз күрес
28 тамыз, 19:46
Түркістан: Мереке қарсаңында 180-нен астам полиция қызметкері марапатталды
28 тамыз, 14:57
Түркістан: Арыс ауданында профилактикалық іс-шаралар өтуде
27 тамыз, 15:06
Бекзат Бекжанұлы: Қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндетіміз
26 тамыз, 15:52
Түркістан: Мопед тізгіндеушілер, мал ұрлығы және жоғалған бала