jasqazaq.kz

Бұл үйді жұрт неге «ұятсыз» дейді

25 ақпан 2017, 15:17

Мына зәулім үй балабақшаға ұқсайды: ауласында үйілген құм, шашылған ойыншық, жайылған жаялық, айнала тұрған бала арбасы, аумағының өзі қызылды-жасылды жалаушамен әлем-жәлем безендірілген. Бір ғана – сықылықтаған сәбидің күлкісі жетпейді. Мұнда бала көп, алайда, сезімге сараң – күлмейді де, жыламайды да. Құрсақта жатқанда-ақ, анасы көрген қорлық, торығу, жасқану сезімін әбден бойына сіңіргендей. Бұлардың көздерінде үрей бар: туыстары, жақындары, тіпті жай ғана таныстары алдында бас көтерткізбей, елден аластап тастай ма деп жасқаншақ тартқан үрей. Бұл әйелдердің бәрі – күйеусіз бала тауып отырғандар. Бір ғана “ұят” деген сөз бұл әйелдердің тағдырын жарты еткен. Біреуі өзін-өзі өлтірмек болған, енді біреуі опасыз еркекті өлтіргісі келген, тағы біреуі – жындыханаға түсе жаздаған… Бұлардың бәрін құтқарған – “Ана үйі”.

“Открытая Азия онлайн” осындай үйлердің біріне барып, сондағы тұрғындармен тілдесіп қайтты.

“Ана үйі” – қазақстандық бизнесмендер қаржыландырып отырған әлеуметтік жоба. Отандық кәсіпкерлердің қаржысына қоғамдық ұйымдар тағдыр тәлкегіне ұшыраған әйелдерге көмек көрсетеді. Әдетте олар – не аяғы ауыр, не жас босанған, азаматы тастап кеткен, туыстары сырт айналған жас әйелдер. Белсенділер ондаған өмірді сақтап қалды, оның арасында анасы да, баласы да бар. Осы ұйым араласпағанда, олардың өмірі қандай боларын ешкім білмейді.

Ана үйлері Қазақстанның ірі қалаларының бәрінде бар. Үйлестірушілер келіп түскен көмекті (балалар тағамдары, гигиена құралдары, ойыншық, құрал-жабдық, т.б.) барлығына қылдай бөліп таратады. Алматыда мұндай 4 мекеме жұмыс істеп тұр. Оларда кішкентай баласы бар 55 жас ана тұрады. Бәрінің басынан кешкені ұқсас…
1

ҚАРЛЫҒАШ, 15 ЖАСТА

Сегізінші сынып оқып жүрген жасөспірім қыз көрші ауылдың жігітімен танысады. Жігіт қыздың телефон номерін тауып алып, маза бермей қоңырау шалады. Қыз бастапқыда жігітке суық жауап бергенімен, оның еркелете сөйлегеніне шыдамай еріп, үш айдан кейін кездесуге келісім берді. Гүлін алып жеткен жігітке еріп, айлы түнде серуендейді. Жастар сүйіспек тұрмақ, қол ұстаспайды да. Қызды үйіне шығарып салған жігіт содан кейін жоқ болып кетіп, бір айдан кейін қайта хабарласып, қызды тағы кездесуге шақырады. Бұл жолы басқа кейіпте көрініп еді деп еске алды Қарлығаш. Сол түні жігіт қызды көлігіне күштеп мінгізіп, ауыл сыртына апарып… зорлап кетеді.
Қарлығаш анасынан ерте айырылып, ана мейірімін көрмей өскен. Әкесі және ағасымен ашылып сөйлесіп көрмеген бойжеткен оларға бұл жолы да ештеңе айтпайды. Ұялдым, әрі қорықтым дейді өзі. Бір айдан кейін оңбаған жігіт тағы келеді. Қақпаның алдында тұрып алып, Қарлығашқа қоңырау соғып, үйден шыққаныңша кетпеймін деп қорқытады. Көбі туыс болып келетін көршілері естіп, ертеңінде сыртынан сөз ере ме деп қорыққан Қарлығаш амалсыз үйінен шығып, көлікке отырады. Оңбаған оны өз ауылына апарып, көліктен түсіріп, бір үйге көтеріп кіргізеді. Қыз қанша қарсылық көрсеткенімен, айналасында тірі жан жоқ еді. Жігіт оны қайтадан зорлады. Бір кезде оның үш досы келіп, қорғансыз қызды айналдыра зорлайды. Таң алдында олар қызды үйіне әкеліп тастап, үніңді шығарма деп ескертіп кетеді.

Бұдан кейін қыз аяғы ауыр екенін білді. Бұдан артық үндемей жүруге төзімі жетпей, немере әпкесіне болған жайды айтады. Ақпарат мұғалімдеріне жетеді. Мектеп директоры қызды шақырып алып, ақша беріп, түсік жасат деп бұйырады. Мектебінде оқушы қыз жүкті болып қалғанының жауапкершілігінен қорықса керек. Мұндай көрсеткіш ұстаздар үшін ұят – басшылықтан сөгіс алады, әріптестері сөз қылып, ауылдастарының алдында қипақтауға тура келеді.
Ойлана келе, оқушы қыз баласын туам деп шешті. Әкесі мен ағасына бәрін айтуға тура келді. Таяқ жейтін шығармын, үйден қуып жіберер деп ойлаған. Алайда, әкесі мен ағасы қызды қолдап, полицияға апарып, оларды қыздың арызын алуға көндіреді. Қазір бұл іс бойынша сот жүріп жатыр.

Қызды бірінші болып зорлаған жігіттің ата-анасы келіп, үй беріп, ақша беріп, баласы ақылға келіп, қызға үйленуге әзір екенін айтып бақты. Алайда, Қарлығаштың әкесі оларды қуып жіберіп, төрт қылмыскердің бәрі жазасын алуына қол жеткізуге тырысып жүр.
Отбасының қолдауы Қарлығашқа күш берді. Бір ғана өкініші бар – туған ауылы мен жақын құрбыларын сағынады. Өйткені, ауылдан кетуге мәжбүр болды, алдағы бірнеше жылда мұнда орала алмайтынын да біледі. Мұндағы жазылмаған заңда оң жақта отырып бала табуға тіпті зорлық көрген қыздың да қақысы жоқ – артынан еретін сөз бен өсектің ызғары әліден-ақ жетіп үлгерген.

Қазір Қарлығаш айы-күні жетіп, босануға дайындалып жүр. Әпкелі-сіңлілідей болып кеткен мұңдастарының балаларын бағып көңілін аулайды. Ана үйіндегі сәбилердің бәрі осы қызды жақын тартып, жатырқамай ұмтылады. Әкесі оңбаған болса да, дүниеге келетін баламды жақсы көремін дейді өзі.
Қарлығаштың жолы болды – туыстары одан бас тартпай, қолдау көрсетті. Ауылдық жерде бұл сирек кездесетін жағдай. Ал алдымен жігіті тастап кетіп, кейін туыстары үйінен қуып жіберген қыздардың жағдайын елестетудің өзі қиын.
2

ЖАНАР, 25 ЖАСТА

Жігітімен екі жыл кездескен. Саябақта қол ұстасып серуендеген кештер де, достарымен табиғат аясына шығып демалған күндер де, гүл де, сыйлық та – бәрі болды. Жанар сол жігітсіз өмір бар екенін ұмытып, мәңгі бірге боламыз, берік отбасын құрып, бала өсіреміз деп ойлайтын. Тағдырым осы деген. Бал күндердің елесі Жанар жігітіне аяғы ауыр екенін айтқан сәтте ғайып болды. Жігіт ұшты-күйлі жоғалды.
Есеңгіреп қалған қыз жақындарына арқа сүйемек болды, алайда, бүкіл отбасы одан теріс айналып кетті. Қызын үйінен қуған қатал әкеге бір адам қарсы келе алмады.

Жанар да айы-күні жетіп, дүниеге сәби әкелер кесімді мерзімін күтіп жүр. Жалғызбасты ана боламын деген ойға көндігіп, байсыз бала тапты деп бар күнәні мойнына артуға дайын туған-туыс, көрші-қолаңнан жасырынып күн кешуге мәжбүр болатынын мойындап отыр.
3

МӘДИНА, 23 ЖАСТА

Мәдина да романтикаға толы махаббатқа бөленіп үлгерген. Студент қыз сымбатты жігіт өзіне ғашық екенін, болашақта бірге боламыз деген жоспары бар екенін құрбыларына жүзі бал-бұл жайнап отырып айтып беретін еді. Тек, жігіттің болашақта бірге боламыз деген жоспарының кейіпкері Мәдина емес, басқа қыз болып шықты.
Мәдина жүкті екенін айтқанда, жігіті қашып кетті. Баланы алдырып тастауға көндіре алмаған соң, бұрынғы қызына қайта оралып, оған үйленуге қам жасай бастады. Баласы Арнұр дүниеге келгенде, талайсыз әке Мәдинаға келіп, баланы асырауға қаржы беріп тұрамын дейді. Алайда, бұл сері жігіттен екінші рет айырылып қалудан қорқатын, сол үшін неге болса да әзір қазіргі қалыңдығына ұнамады. Ол жігітіне Арнұрға көмектескенді қойып, Мәдинаның маңынан жүруге тыйым салды. Үш айлық Арнұрдың қылығы да шығып келеді. Жігітінен айырылған соң Мәдина жұрттың ақылымен Аналар үйіне келді. Өйткені, Мәдинаны туған шешесі басқа жерге барып панала деп үйінен шығарып жіберген. Жұрт не дейді деген жалған намыс қызы мен жиеніне деген махаббатынан да күштірек болып шықты.

Мәдина анасына ренжімейді. Баяғыда кешіргенін, тіпті анда-санда қонаққа барып тұрғысы келетінін айтты. Бірақ, анасы кездесуге аса құштар емес сияқты. Айналасындағыларға қызы алысқа жұмыс істеуге кетті деп айтыпты. Мәдинаның балалы болғанын өгей әкесі де, әжесі де, өзге туыстары да, ең бастысы – көршілері білмейді.

5

 

МИКА, 24 ЖАСТА

24 жастағы Мика да анасымен бір кездесуді армандап келеді. Тек, оның жүрегі тасқа айналған сияқты деп күрсінеді. Аналар үйіне келгенде ішіндегі баласы жеті айлық еді. Қазір кішкентай Раяна үш айдан асты.
Бір жыл бойы өзіне мінсіз көрінген жігітпен кездесіп жүрді. Діндар, медресе бітірген, намазхан жігіт болатын. Алдымен қызды өз үйіне апарып таныстырып, содан кейін өзі де қыздың үй-ішімен танысты. Тек, үйлену туралы жақ ашпайтын. Бір күні қыз шыдамай, өзін әйелдікке алатын ойы бар-жоғын сұрғанда, шұғыл шаруа шығып, туған қаласына кетуі керек екенін айтқан. Содан бері Мика ол жігітті көрген жоқ.  Жігіті тастап кеткеннен кейін Мика аяғы ауыр екенін біледі. Жігіттің ата-анасына барып, бәрін айтады. Сол сәтте жігіт үйде еді, тек бөлмесінен шығуға да жарамады. Жігіттің әкесі Миканы қолынан жұлқылап, сыртқа шығарып жіберді. Ал болмай қалған ене аузына келгенін айтып, қарғыс жаудырумен болды. Қыстың қақаған аязында, бөтен қалада жалғыз қалған аяғы ауыр қызға неден жазғанын, айыбы неде екенін де ешкім түсіндірмеді.
Кейін барып, Мика ол жігіт екі рет үйленіп-ажырасқанын білді. Екі ретте де шешесі ажырастырған болып шықты. Өз үйіне барған қыз көп ұзамай ол жерден кетуге мәжбүр болды: туыстары оны адам екен деуден қалған еді. Миканың әкесі жоқ, ал басқа туыстары бүкіл әулеттің сүйегіне таңба болдың дейді. Қызын бауырына басып отырып, күндердің күні нағашы әжесі жиенін көргенде, жүрегі жібитініне сенімді екенін айта берді. Әзірге бұл арман ғана.

“ҰЯТТЫ” ӨЗІМІЗ КӨБЕЙТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

Қазір енді сол бір “ұят” деген қайдан шыққанын, не себептен оң жақта отырып бала тапқан қызы үшін жұрт бетіне қараудан ұялатын адамдар, туған баласынан бас тартып, далаға айдап шығудан ұялмайтынын түсіну қиын болып кетті. Осы бір ұяттың кесірінен, өмір көрген, ересек адамдар баласының баласын жатырында тұншықтырып, өз қызын адам өлтіруге, дүниеге келген баласынан бас тартуға итермелейді. Ал соның бәрі – сыпсыңдаған көрші әйел бейкүнә сәбидің некесіз туғанын бетіне басып табалайды деген қорқыныштан. «Жұрт не дейді?» – ауылдағылардың әзірейілдей қорқатыны осы сұрақ. Ар азабынан да, заң атаулыдан да жоғары тұрған сұрақ. Осы сұрақтың жауабын таба алмағандар шақалағын әжетханаға да, қоқысқа да тастап кетеді, жетімханалар да толып барады. Жетімін жылатпаған, жас сәби көрсе бауырына басатын елдегі қазіргі жағдай осы…
Бізге не болған? Неліктен жұрттың пікірі біз үшін соншалықты маңызды? Алматыдағы Аналар үйінің үйлестірушісі Әминат Джаппуева “ұятты” көбейтіп отырған – өзіміз дейді. Жұрт алдында бетінен басып ұялу сезімін жеңе алмай келе жатқандар көп. Соған шыдамай, баласынан әйтеуір бір жолын тауып құтылуға тырысады. Біреудің жазасын заң берсе, енді біреуінің жүйкесі сыр беріп жатады. Ал енді біреулер жақындарының сатқындығын көтере алмай, іштегі баласымен бірге өз еркімен өмірден кетеді…

“ҰЯТТЫҢ” ӨЗІ ЕМЕС, СӨЗІ ҚОРҚЫНЫШТЫ

Әйтсе де, тығырыққа тіреліп, ел көзіне қарай алмай масқара болу сезімі ұзаққа созылмайтынын да көріп жүрміз. Әдетте, уақыт өте келе қатты деген ата-ана жүрегі де жібиді. Кезінде үйінен қуып жіберген баласын кешіріп,  Аналар үйінен алып кетіп жатқандар да бар.  Мұндағы тұрғындардың бәрімен психологтар жұмыс істейді. О бастан баласынан құтылуды ойлап жүргендерге өзгелердің баласын бақтырады. Бөтен балаға бауыр басқан қыздар өз сәбиін де тағатсыздана күте бастайды. Туыстары үйінен қуып жібергендерді олармен татуластыруға тырысады. Біреулердің артынан іздеушісі тез келеді, өзгелер де, ерте ме, кеш пе, туған үйіне оралады. Бір кездері дүниеге келмесе екен деп тілеген жиенін нағашы ата-әжелері өз баласынан артық жақсы көріп кетеді. Демек, “ұятты” жеңуге болады. Тек, біреуге аз, біреуге көп – уақыт керек.
Әңгіме соңында жақсы аяқталған бір оқиғаны баяндап берсек. Наурыз қарсаңы болатын. Алматыдағы Аналар үйіне бір кезде үйінен өзі қуып жіберген қызын іздеген әйел хабарласты. Телефонды Әминат Джаппуева көтерді.  Орал қаласынан келген әйел Алматыда жүргеніне бірнеше апта болыпты. Перзентхана, аурухана, жетімхана, тіпті мәйітхана атаулының бәрін адақтап, қызын іздеп жүр екен. Амалы таусылған кезде бір орындыққа отыра қалып, көз жасына ерік береді. Тұрмысқа шықпай жүкті болып қалған қызын үйінен қуып жібергеніне, біразға дейін қарғап-сілеп, баласының күйі нешік екенін тіпті ойлап көрмегеніне налып жылайды. Енді қайтып көрмеймін-ау деген өкініші өзегін өртеп барады. Сол сәт көзіне қиын жағдайға тап болған қыздар Аналар үйіне хабарлассын деген жазу ілінеді. Жалма-жан телефонға жармасты. Даусы дірілдеп “Алло” деді.
Кім хабарласып тұрғанын Әминат бірден түсінді. Телефонның ар жағындағы әйел сипаттап тұрған қызды ол жақсы білетін. Қыздың анасымен кездесіп, ниеті дұрыс екеніне көз жеткізгенде ғана, Аналар үйіне ертіп әкелді. Қыз ол кезде ештеңе білмейді. Әминаттың айтуынша, тастанды қыздардың жартысына жуығын туыстары қайда екенін біліп, тапқан бетте-ақ алып кетеді екен. Енді біреулері ол аралықта сабырға келіп, оң жақта отырып ана болған қызын қайтадан үйіне кіргізеді.

4
Ал барар жер, басар тауы жоқтарға ұйым баспана, тамақ, медициналық жәрдем, керегіне – мамандық береді. Мұнда қыздар шаштараз, тырнақ шебері, тігінші, аспаз оқуын оқиды. Ал тағдыр тәлкегіне түскен бойжеткен студент болса – олар сабаққа кеткенде балаларын әзірге оқуы да, жұмысы да жоқ көрші келіншектер қарап береді. Тастанды аналарға еріктілер де көп қолдау көрсетеді.   Ана үйіне түскен жас әйелдер мұнда бір-бір жарым жыл ғана тұрады. Алайда, үйлестірушілердің айтуынша, олардың бір де біреуі әлі бұл жерде мұнша уақыт тұрмапты. Ерте ме, кеш пе, бәрінің артынан туыстары іздеп келіп жатады. Тіпті, тұрмысқа шығып, бақытты отбасын құрып кеткендер де бар.

Евгений Дробязко, Назгүл Қожабекова

halyknews.kz

20 маусым, 13:08
Түркістан: Бос орындар жәрмеңкесі мен форум өтті
20 маусым, 12:52
Түркістан: Балалар суицидіне түрткі болатын жағымсыз факторларға қарсы күрес жалғасады
20 маусым, 11:59
Түркістан: Жеті жылда тұрғын үй құрылысы үш есе өсті
20 маусым, 11:34
Кибербуллингтің алдын алу – суицидке жол бермеу
19 маусым, 16:05
Түркістан: Жеті жылда индустриалдық аймақтардың жұмысы өрледі
19 маусым, 15:22
Рухани құндылық: «Дәстүрін дәріптеген әз Түркістан» өнер фестивалі өтті
19 маусым, 14:41
Түркістан: Жеті жылда жалпы өңірлік өнім көлемі 4, трлн теңгеге жетті
18 маусым, 16:26
Шара Әбдірахманова: Бала ештеңе айтпаса да, іштей көмек сұрап тұруы мүмкін
18 маусым, 15:10
Түркістан: Келес ауданында газ тартылып, жол жөнделіп, ауыз сумен қамтылуда