Жоғары оқу орындары жастардың жарқын келешегі үшін шешуші рөлге ие. Білім беру ісінен тысқары уақытта студенттердің ішкі күйіне қаншалықты көңіл бөліп жүрміз? Қандай буын өкілдері жетіліп келеді? Олардың дүниетанымын іштей зерттеп жүрміз бе? Осы сұрақтарға толымды жауап алу мақсатымен «Тұран» университеті «Кино және телевизия академиясы» факультетінің «Кино өнері» кафедрасының меңгерушісі, өнертану ғылымының кандидаты, доцент Анар Секеевамен сұхбаттасқан едік.
– Жоғары оқу орнындағы тәжірибелі маман ретінде бүгінгі студенттердің ортақ дүниетанымы қандай сипатқа ие екендігін айқындап бере аласыз ба?
– Бүгінгі буын өкілдері тым алғыр. Олардың мінезіне тән ортақ ұқсастық бар. Бұл – асығыстық. Көштен қалмауға деген қарбаластық сипатқа ие. Олар кітап бетін аса төзімділікпен парақтауға құлықсыз. Бірақ бәрін білуге, қамтуға деген құштарлығы басым. Қарама-қайшылықтарға толы осындай өзгерістер олардың бойындағы басты құндылықты зерттеуге мәжбүрлейді.
Бүгінгі уақыттың талабы – олар үшін тым қатаң. Сұрыпталу үдерісі, бәлкім, келешек адамзаттың өміріне үлкен өзгерістер әкеледі. Жаңа деңгей – жаңаша өмір сүру жүйесін жасайтын болады. Бүгінгі ұрпақ осы дайындықты бейсаналық деңгейде іштей сезінетін болар деп топшылаймын.
Меніңше, бүгінгі буын өкілдері қоғамнан үлкен күрделі өзгерістерді талап етеді. Біз көп жағдайда олардың оқуға деген құлықсыздығын айыптаймыз. Оларды барлығына бейтараптылықпен қарайтындай кейіпте қабылдаймыз. Шын мәнінде, олар мазмұнды әрі сапалы да қысқа формаларға өтудің тәсілін талап етеді. Осы тұста барлық ұстаздар мен жоғары оқу орындарының басты уайымына айналған жәйттің басын ашып айтқым келеді. Шәкірттер кітап бетін ашпайды деп кінә артып жатамыз. Бірақ бүгінгі кітаптардың көпшілігінің формасы олардың қабылдауының талабына сай емес.
– Егер бүгінгі буын өкілдерінің талабына оқулықтардың мазмұны, формасы сай емес десек, сонда жаңашылдықтың жаңа белгілері қандай болуы керек?
– Ғылыми тұрғыдан нақты тұжырымдар жасауды талап етеді. Оқулықтар да осы негізге сүйенген жағдайда тиімді болмақ. Бүгінгі ұрпақты жоққа сендіру мүмкін емес. Ақиқатты ашудың айқын тәсілдері тым қысқа формада болуы қажет. Қалың бетті кітаптарды оқуға шәкірттердің жігері жетпейді емес, бүгінгі уақыттың ырғағы көтермейді. Бүгінгі жастар бәріне үлгеріп, бәрін бірден меңгергісі келеді.
Бұл ғасыр ғылымның үлесіне тиесілі. Нақты жасалған тұжырымдар асқан талғампаздықпен зерттелген болуы шарт. Сапа басты көрсеткіш. Таңдау тек талғамы жоғары дүниелерге жасалады. Оқулықтардың негізгі мазмұны да осы құндылықтарға басымдық берген жағдайда ғана маңыздылығы артады. Өмірге шын мәнінде жарамды теорияның негізгі өзегін салған, қысқа мазмұндағы, формасы қабылдануға оңай, көркемдік талғамы жоғары кітаптар ғана оқылатын болады.
– Рухани дағдарыстың ең күрделі кезеңін өткеріп жатқан сияқтымыз. Бүгінгі жастарға қатысты айтылатын сын осының көрсеткіші емес пе?
– Шығыстың ұлы ойшылы Конфуцийдің мынандай бір дана сөзі бар: «Патшада патшалық салауат, уәзірде уәзірлік салауат, әкеде әкелік салауат, балада балалық қасиет болғаны жөн. Сонда ғана әдеп-иба өз жөнін табады». Мәселе, бүгінгі заманда осы қағиданың негізіне салынған басты құндылықтың үлгісі өз қызметін толыққанды атқарып жатқан жоқ.
Жастарды айыптамас бұрын, оларға үлкендер қаншалықты үлгі болып отыр?! Осы төңіректе бәріміздің ойланатын уақытымыз жеткен сияқты. Материалдық құндылықтар алдыңғы қатарға шыққан бүгінгі нарық дәуірінде барлығымыз ұрпақ алдындағы рухани жауапкершілігімізге немқұрайдық танытқан сияқтымыз.
«Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың хас жауы» деп ұлы ғұлама Әл Фараби де қадап ескерткен. Қоғамда жастар тарапынан келеңсіздіктер орын алса, демек, білім саласы мен ата-аналардың да тарапынан тәрбие беру ісінен кетіп жатқан олқылықтардың бар екендігін айғақтайды.
– Студенттермен ұстаздарыңыз қандай тәсілдердің негізіне сүйене отырып, жұмыс жасайды?
– «Кино және телевизия академиясы» шығармашылық «Режиссура», «Операторлық өнер» мамандықтарына даярлайтын факультет болғандықтан, көбінесе еркін ой алмасуға көңіл бөлеміз. Студенттердің шығармашылық мүмкіндіктеріне жол ашу басты бағытымыз. Үнемі өнердің қандай да бір белесін бағындырып отыруға ықпал жасаймыз.
Ұстаздар студенттерге дәрісті де ерекше тәсілдермен оқуға тырысады. Үнемі ізденіспен жаңаша формаларды қарастырамыз. Шәкірттерді жалықтырмаудың барлық жолдары әрдайым жаңғырып отырады. Ұстаздардың дәріс оқу шеберлігіне қатысты студенттерден тұрақты түрде анкета алынып отырады.
Еркін пікірталас, жеке дүниетанымын қалыптастыруға жасалатын қадамдар, тақырыпты игерудің оңтайлы тәсілдері, шәкірт пен ұстаздың тең дәрежеде сырласа отырып, адамгершілік құндылықтардың негізгі ұстанымдарына тәрбиелеуге көп мән береміз.
– Студенттеріңіздің жетістіктерімен бөлісе отырсаңыз…
– Кафедрамызда халықаралық ЖОО-ның ішінде Мәскеудегі Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институты (БМКИ), Санкт-Петербордағы сценаристер мен режиссерлердің жоғарғы курсы және Нью-Йорк кино академиясымен тығыз байланыс орнатылған. Студенттер үшін барлық мүмкіндіктің жолын қарастырып отырамыз.
Ресми келісімшарттың негізінде жуырда ғана 5-курс студентіміз Б.Қарымсақов Гонконгтағы халықаралық кино және телевизия академиясына оқу-тәжірибесінен өтуге жіберілді. Кафедрамыздың магистранттарын да биылғы оқу жылы Седжон қаласындағы Кореяның медиа және өнер университетінен тәжірибеден өтуге жіберуді жоспарлап отырмыз. Шәкірттердің шеберлігін шыңдау мен білімін жетілдіруге осындай халықаралық қарым-қатынастар көптеп жасалады.
Студенттеріміз үшін «Алматыдағы БМКИ күндерін» ұйымдастырдық. Бір топ студенттеріміз де Мәскеудегі БМКИ-ге барып бір семестрлік дәрісті сондағы ұстаздардан тыңдап қайтты.
«Тұран» университетінде жыл сайын дәстүрлі түрде республикалық пәндік олимпиада ұйымдастырылып тұрады. Биылғы осы байқауда кафедрамыздың «Операторлық өнер» мамандығының студенті В.Кистанов бірінші орынды жеңіп алды.
Студенттердің шетелдік кинофестивальге қатысып, бағын сынауына да жағдай жасап отырамыз. Өткен жылдың желтоқсан айында «Режиссура» мамандығында оқып жатқан студентіміз Аян Бұғыбаев Ярославияда өткен ІХ «Кино – клик» халықаралық жастар мен отбасылық фильмдердің ашық алаңы фестивалінде деректі кино бағыты бойынша «Зайка» фильмімен жүлделі орынды иеленді.
Үстіміздегі 2015 жылы «Бастау» халықаралық студенттік және дебюттік фильмдер кинофестивалінің ұйымдастыру шаралары «Тұран» университетімен бірлесіп өткізілді. Осы кинофестивальдің аясында «Кино өнері» кафедрасы CILECT халықаралық кино мектептер қауымдастығымен бірлесе отырып, «Ескі және жаңа» – кинематограф: тарих, құжат, түс, хат, жарық пен көлеңке» атты ІІ халықаралық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырды. Конференцияда Түркия, Тәжікстан, Хорватия, Эстония, Сербия, Ресей, Қырғызстан кино мектептерінің арнайы өкілдері баяндама жасап, студенттеріміз көптеген тың ақпараттармен таныс болды.
Биылғы оқу жылында Дана Сәбитова есімді студентіміз Тұңғыш Президент Қоры – Ұлт Көшбасшысы атындағы республикалық байқауда жеңіске жетіп, арнайы стипендияның иегері атанды.
– «Ұстазы жақсының, ұстамы жақсы» дейді. Демек, кафедраға іріктелген ұстаздар қауымы да үлгі боларлықтай айтулы тұлғалар болып тұр ғой…
– Әрине, білім беру саласында ұстазға көп нәрсе байланысты. Тұран университетінің басты ұстанымдарының бірі де осы ұстаздарды жұмысқа қабылдауда асқан талғампаздықпен таңдау болып табылады. «Кино өнері» кафедрасында студенттерге дәріс оқитын әрбір ұстаз өз саласында айтулы жетістікке жеткен тұлға.
Жаңаша ойлайтын жас мамандардың оқу ісі саласына қосар жаңалығы да көп. Үнемі ерекше құлшыныспен студенттер үшін әртүрлі шығармашылық кездесулер мен дөңгелек үстелдер, жаңа фильмдердің арнайы көрсетілімдерін, өнердегі тәжірибелі тұлғалармен шеберлік сағаттарын ұйымдастыруға атсалысып отырады.
Ұстаздар ұжымы әрдайым студенттерге үлгі болуға тырысады. Өз саласында шығармашылық биігін бағындыра білген тәжірибелі маманға қарап студенттер де бой түзейді. Кафедрамыздың ұстазы, режиссер В.Тюлькин Ұлыбританиядағы ең беделді де көрнекті жоғары оқу орны болып табылатын Мария патшайым атындағы Лондон университетіне арнайы шеберлік сағатын өткізуге шақырылды. Осындай тәжірибелі мамандардан дәріс алып, тәлім көрген шәкірттердің осал болуға хақысы жоқ деп есептеймін.
– Талапкерлерді «Режиссура», «Операторлық өнер» мамандықтарына баулуда таланттарды қалай іріктейсіздер?
– «Тұран» университетінде талапкерлерге арналған «Ізбасар» атты үлкен жоба тұрақты түрде жұмыс жасап келеді. Еліміздің барлық аймақтарындағы мектептерімен тығыз шығармашылық байланыс орнатылған. Мектеп бітіруші түлектерге университетіміздің мамандары арнайы іссапармен барып, әртүрлі мамандықтарға қатысты шеберлік сағаттарын өткізеді. Таңдауды әрдайым да талапкерлердің өзінің жеке шешімі мен қалауына қалдырамыз.
Мамандық таңдау маңызды шешім. Егер талапкер бойындағы ерекше қабілетін мамандықпен дұрыс байланыстыра білсе, мемлекеттің келешегі үшін айтулы үлес қосатын тұлғаға айналады. Жаңашылдықтың негізін де көп жағдайда мамандықты өз армандарымен байланыстыра білген мамандар қалайды.
«Кино өнері» кафедрасы өнер саласына мамандар даярлайтын орта болғандықтан, талапкерлерге арналған байқауда өз қабілеттерін толық ашып көрсету үшін шығармашылық емтихандар арқылы қабылдайды. Талапкерді еркін әңгімеге тарту арқылы ішкі жан-дүниесін тануға, қабілетінің қарымын аңғаруға, адамгершілік ұстанымдарын байқауға талпыныстар жасаймыз.
Кез келген адамның бойына жаратылысынан ерекше бір қасиет салынады. Әрбір адамның табиғатында белгілі бір деңгейде таланттың ұшқыны болады. Ең бастысы, оны айқындаудың дұрыс арнасын табу маңызды. Бұл мамандық таңдаумен тікелей байланысты. Сол себепті мектептерге университетіміздің «Ізбасар» жобасының аясында ұстаздарымыз барып, бітіруші түлектерге осы құпияның басты кілтін табуды үйретуге күш салады. Ең бастысы, дұрыс шешім жасауға бағыттаймыз. Таланттар қай кезде де өз арнасын тауып, алатын биігін бағындыруға қауқарлы. Олар сол үшін де талантты.
Сұхбаттасқан Гүлзат Көбек