Әзиз бейден бір байғазы

09 ақпан 2018, 16:47

Қол алысып, сәлемдесіп тұрмын. Әзиз Несинмен! Өзімен! Әзіл-сықақшы жазушылардың халықаралық шығармашылық бәйгелерінде бас жүлдені басқаларға бұйыртпай жүрген атақты түрік ағамызбен!..

Бойы ортадан пәстеу, денесі жуантық. Шашы қалың, аппақ. Қасы да қалың, бірақ қап-қара. Құлағы – «көдедей көптің» бірі. Көзі… өзіміздікі. Мұрыны маймұрын да, қырмұрын да емес, «әрі-сәрі». Еріні… екінің бірінде бар. Жалпы бет-пішіні әуелде атжақты болған сияқты, тек бертінде бұғағының о жағы мен бұ жағына әлгі бар болғыр май жиналса керек, иегін төрт текшелеу етіп тұр. Ал қоңырқай жүзінде әжім жоқ екен, мен соған іштей қуандым, өйткені алпыс алты жастағы Әзиз бейдің ауыртпалық-қиыншылықты жастай көп көргені, биліктің қияпаттарын әшкерелеп фельетон, сықақ әңгіме жазғаны үшін бірнеше рет сотталып, «түрмелерді түгендегені» бар. Соған мойымай, жасымай, қажыр-қайратын сақтап, тіпті еселеп, қаламын қайрай түсіп жүргені ғажап қой!
Қаламдас аға менің бас-аяғымның «арақашықтығын» шола жоғарыдан төмен бір, төменнен жоғары бір «өлшеп» алып, жымыңдап тұрды. Сірә, сорайған інісінің өзінен бойы озғанын іштей қызықтады-ау деймін. Онысын сезіп, ішімнен: «Бойы озса да, ойы озбаған інілеріңнің бірімін ғой, Әзиз бей!» дедім.
Біздің бұл танысуымыз 1981 жылы, шілде айының 4-і күні, Мәскеуде, Кремльдің Үлкен сарайында, КСРО жазушыларының жетінші құрылтайы мәжілістерінің бір әредігінде болды. Әзиз Несиннің келгенін естіп білсем де, алғашқы күні іздеп таба алмадым. Бір журналдағы фотосуретін қиып алғанмын, сол бойынша іздедім. Содан кейін жазушы-драматург ағамыз Қалекеңе, Қалтай Мұхамеджановқа, қиғылық салдым:
– Қалеке, Әзиз Несин досыңызбен таныстырмақ едіңіз, енді қашан? – дедім.
– Оны мен де кеше танымай қалдым, құдды Карл Маркс болып кетіпті: шашы аппақ болып қобырап, сақал-мұрты да өскен. Сірә, мұндағы дос-жолдастарын сол өнерімен де күлдірейін деп қуланғаны болар. Ал бүгін «Карл Маркс» емес, кәдімгі Әзиз Несин болыпты, жүр, кездестірейін, таныстырайын, – деп ертіп, кең залдың орта тұсында тұрған бір қарт, екі жігіт және бір әйел тобына алып барды. Жігіттер -Әзиз Несин мен Леонид Ленч. Қалекең оларға менің аты-жөнімді, сатирик екенімді айтып, содан кейін Несинге қайтадан қарап: – Құрметті Әзиз бей, бұл жігітіміз, – деп бастап, мені біраз сипаттап болып, сонсоң маған: – Көкеңді көрдің ғой, кәуласа бер, – деді де, Несинге жымия қарап: – мен бір шаруама барайын, кешке жолығармыз, – деп кете барды. Әйел Вера Феонова деген тілмәш орыс екен, Қалекеңнің айтқандарын түрікшелеп тұрды (біз орыс тілінде сөйлеуге тиіс болдық).
Қоңырау соғылды, мәжіліске шақырылдық.
– Қалтай бей айтты ғой, иншалла, кешке кездесерміз, – деп Несин залға беттеді.
…Сол күні кеште «Россия» қонақүйінің ресторанында: Әзиз бей мен тілмәші, Қалекең және Шерхан Мұртаза бесеуіміз бас қостық. Өмір, Түркия, Қазақстан, әдебиет, аударма дегендей, біраз тақырыпты шолған әңгіме болды. Әзіл-қалжың ағытылды. Мен, әрине, тыныш тыңдаушымын. Несин қазақ сатирасына, аудармаға қатысты сауал бергенде ғана «қатарға қосыламын».
– Ғаббас бей, менің әңгімелерімді орыс тіліндегі нұсқасынан аударып жүрсіз бе? – деді бірде.
– Өкінішке қарай, біздің мектептерде түрік тілі оқытылмайды, кітап саудамызда түрік кітаптары болмайды, – дедім де, соған өзім кінәлідей-ақ ыңғайсызданып, үстелдің сирағына сүйеп қойған портфельмді дереу алып, ашып, «Күлеміз бе, қайтеміз…» деген жинағымды Несинге ұсынып: – Құрметті Әзиз бей, бұл әзіл-сықақ әңгімелерімнің шағын жинағы еді, мұнда сіздің шығармашылығыңыз жайында мақалам бар, «Иә, Әзиз бей, сіз кімсіз?» деп аталады және біздің бүгінгі көш алды әзіл-сықақшымыз Оспанхан Әубәкіров туралы «Әзиз Несиннің Алматыдағы інісі» деген мақалам да бар, сізге сыйлауға ала келдім, – дегенімде, көзі менде, құлағы тілмәшінде болған ол аса жайдары күлімдеп, орнынан тұрып, қолын ұсынып:
– Мың да бір рахмет! Иншалла, өзіміздегі қазақ достарымның біріне аудартып оқытып тыңдаймын! Рахмет, Ғаббас бей, жүз жасаңыз, көп жазыңыз! – деді, шынайы риза болып.
– Ғаббас жолдас, мына сиың ғажап болды, – деді Шерағаң.
– Ағалар, менде «Қазақстан» бальзамы бар еді, соны шығарсам, ыңғайсыз болмай ма? – деп Қалағаң мен Шерағаңа ортақ сұрақ қойдым.
– Жолбарысым-ау, сұрамай-ақ шығармайсың ба?! – деп Қалағаң лекіте күлді де, – Вера, быстрее переведите, – деп Несинге қарап: – Әзиз бей, бұл інің саған қазақтың бальзамын да ала келіпті, оны да көр, – деді жымыңдап. Мен 250 грамдық ықшам, алақандай ғана жалпақша шишадағы бальзамды алып, үстелге қойдым. Қалекең алды да: – Міне, «Қазақ бальзамы» деп жазылған, ыдысы да қандай, қойынқалтаға сала салатын, кәне, Әзиз бей, ұстап көр, содан кейін барар жағына аттандырып жіберейік! – деді. Вера күле отырып аударып айтты. Шишаны әуелі Несин, содан кейін Вера тамашалады.
– Иә, әдемі екен, әдемі. Ішіндегісі денсаулыққа пайдасы жағынан түрік бальзамынан кейін екінші орында шығар, – деген Әзиз бейдің әзіліне ду күлдік. – Ғаббас бей, сыйлығыңыз үшін көп-көп рахмет! Енді өзіңіз ашып жіберіңіз, – деді ол. Сол сәтте Қалекең маған:
– Мұның жалғыз ба, сыңары жоқ па? – деп қалды.
– Енді біреу бар.
– Ай, жолбарысым, жарадың! Андағыны ағаңның алдына қайыра қой да: «Мұны отбасыңызға оралған күні өзіңіз ашасыз, мұнда басқасы ашылады, бізде салт солай» деп, екіншіңді алып аш та, рүмкелерімізге бір майқасық мөлшерінде құй, – деді Қалекең («жолбарысым» – Қалекеңнің сөз сыралғысы).
Айтқанын істедім. Несин күлімсіреп:
– Жахсы, жахсы, – деді қазақшалап.
Мен дәмге тапсырыс берерде Қалекеңнен досының ішімдікке қалай қарайтынын сұрағанмын. «Орыс арағын ішеді, осындағы орекеңдермен баяғыдан дос қой» деген. Сөйтіп, ақ арақты рүмкелерімізді ашық қоңыр түске «боядым».
Кеш соңында Әзиз бей:
– Қалтай бей, келген сайын саған жаңа кітабымды сыйлаушы едім, биыл әлі шыққан жоқ. Сонсоң сен жалғыз емессің, жаныңда Шерхан бей мен Ғаббас бей бар. Сендерге не сыйласам екен? – деп, бізге де жымия қарап: – Ә, үшеуіңе сурет салып берейін, ескерткіш болсын, – деді де, шолақ жең ақ көйлегінің төс қалтасынан шағын блокнот, қалам алып, үшеуімізге үш парақшаға сурет салып ұсынды. Маған: «Бұл – бейбітшілік балығы» деп берген мына суреті, әрине, – мен үшін ерекше қымбат ескерткіш.

Әзиз беймен одан кейін екі мәрте әңгімелестім. Жүріс-тұрысы бірқалыпты орнықты, аспайды-саспайды. Сөз сөйлесі де не тез емес, не баяу емес, ал таза қоңыр үні құлаққа аса жағымды. Сөзін не «иншалла» деп бастайды, не ара-арасында «иншалла» деп отырады.
Әңгіме тақырыбымыз әрқилы болды. Оның туындыларының көбі орыс тіліне аударылған-ды. Аударма сапасына көңілі тола ма екен, соны білгім келіп, Вераға:
– Сіз Әзиз бейдің әңгімелерін түпнұсқасынан оқитын шығарсыз, олардың орыс тіліне аударылуы сізге ұнай ма? – дедім. Ол басын изей ақырын күлді де, Несинге бірдеңе айтты. Сұрағымды жеткізген сыңайлы. Одан кейін: – Меніңше, аударма жақсы, алайда түпнұсқаның аты – түпнұсқа ғой, Әзиз бейдің күлкісі орысшада кейде солғын болып қалады, – деді де, Несинге қарап жымиды. «Арғы жағын өзі айтсыны» болар.
– Иншалла, орыс оқырмандарымның құрметіне шынайы ризамын, ол аударманың жақсылығынан ғой. Жалпы мен жұртты күлдірейін деп әдейі күлкілі етіп жазуды ойлаған емеспін. Ішкі-сыртқы саясатымыздағы, тұрмыс-тіршілігіміздегі кем-кетікті өзім көріп-біліп жүрген күйінде айтып беремін. Соным оқырмандарға ұнаса, ол маған құдай берген жазушылық қабілет қой. Қуана күлетін жағдай болмағанда адам налып, ашынып күледі емес пе? Мен көбінесе солай күлемін. Менің ұстазым – Антон Павлович Чехов. Күлу үшін ғана оқи салғанға оның күлкісі жеңіл, қызықты сияқты көрінеді деп ойлаймын, ал қайталап, ойлана оқысаң, қоғамының, қоршаған ортасының жан ауыртқан көлеңкелі жақтарын ғажап ашып береді. Соны түйсініп, Чеховтың портретіне қарағанымда кейде жылағым келеді, – деген Несин әңгіме ағысын басқа арнаға бұра қойып, қазақ әзіл-сықағының қазіргі ахуалын айтып беруімді қалады. Мен білетінімді айтып:
– Жазғандарымыз баспасөзде жарияланып, кітаптарымыз шығып тұрады, – деп аяқтадым. Ол «иншалла» деп біраз үнсіз отырды да, қағаз-қаламын алып, жымиып, оған төрт текшені сызды. Одан кейін маған қулана қарап:
– Совет сатириктеріне, Ғаббас бей, сіздерге жаным ашиды. Сіздер мына төрт текшенің ішіндесіздер, – деп сызғанын алдыма жылжытып қойды. – Бұдан шыға алмайсыздар. Мұның сыртындағы билікті, коммунист басшыларды сынауларыңызға жол жоқ. Кейіпкерлеріңіз, ең шірегенде, – кәсіподақ ұйымының бастығы болады, рас қой? – деді.
– Шындықты мойындамасқа дәт жоқ, – дедім.
– Сатираға еркіндік, кеңшілік керек. Ешкімге, ешқайда жалтақтамай, батыл жазғанда ғана сатириктің ойы да, тілі де еркін, бай болады, кейіпкерін суреттеуіне керек теңеулерді сонда ғана таба алады. Еркіндіксіз совет сатириктерінің кейіпкерлері сол себеппен біріне-бірі ұқсас бола береді, сатирасының тілі де тым өткір болмайды. Әсіре саясатшыл редакторлар қосымша цензор болып, жазғанын түзеудің орнына күзеп отырады. Ол жағын да білем, менің досым Леонид Ленч анау жылы осында шыққалы жатқан жинағымдағы бір әңгімемді редактор алып тастамақ болғанын менің аудармашымнан естіп, күзегіш редактормен шайқасып, әйтеуір, жеңіпті. Сонда Түркиядағы менің әңгімем, иә, фельетоным емес, жай ғана әзіл әңгімем әлгі редакторға осында зиянды болатын сияқтаныпты. Соның өзі сатираға сюжет қой?! – деп мырс-мырс күлді. Мен де күлдім: «Жалын» баспасынан шығатын «Тарихта қалғың келе ме?» жинағымдағы бір әңгімемді «саяси қырағы» редактордың пышағына ілініп кетуден қорғап «шайқасып», баспа директорына дейін барғаным есіме түскенді.
– Ғаббас бей, менің әңгімелерімді орысшаға аудармадан оқисыз ғой, аудармасы қандай дер едіңіз? – деді.
– Маған ұнайды, аударуыма жеңіл.
– Көп аудардыңыз ба?
– Төрт әңгімеңізді аудардым. «Литературная газетада», тағы бір журналда шыққандарын. Сіздің кітаптарыңыз бізде жоқ, егер болса, бәрін де аударар едік. Қазақ оқырмандары қолдарына тиген сол аздың өзіне қызығып, бізге хат жазып, кітаптарыңызды қайдан алуға болатынын сұрайды.
– Солай деңіз. Мен бұл жәйтті Марковқа, Ленчке айтармын.
(Георгий Марков –КСРО Жазушылар одағы басқармасының 1-хатшысы, Леонид Ленч – көрнекті әзіл-сықақшы, Әзекеңнің досы.)
– Құрметті Несин аға, біздегі бірінші аудармашыңыз – сізге кеше сыйлаған кітабымда айтылған Оспанхан Әубәкіров, ол «Ахиреттен келген хаттар» хикаятыңызды аударып, газетке шығарды. Өте жақсы аударды, өзі жазғандай жеңіл оқылады. Оспанхан – әзіл-сықағымыздың сардары!
– Рахмат, жахсы, рахмат! – деп Әзиз бей ерекше риза болды. «Аға» деуімнің мағынасын сұраған Вераға «старший брат» деп түсіндіргенмін, әлде сол сөзім әсер етті ме, сәл қиықшалау қой көзі күлімдеп, маған жылы қарап:
– Ғаббас бей, Ленчке тапсырамын, иншалла ол менің кітаптарымды сізге жібертеді, – деді.
…Несин құрылтайдың аяқталуына қарамай еліне аттанып кетіпті. Оны Қалтай ағадан естідім.
– Әзиз бей ағаң саған сәлем айтты, – деп жымыңдады Қалекең. – Ресторанда отырғанымызда «биыл кітабым әлі шыққан жоқ» деп өтірік айтуға мәжбүр болыпты. Жаңа кітабының он шақтысын ала келген екен, осындағы достары талап алып, әйтеуір, маған біреуін сақтапты. Шерхан екеуіңе силары болмаған соң, маған оңашада берді. Сол кітабы, міне. Түрік тілінде. Мұны да аттанарында саған бер деп тапсырды. «Ғаббас бейге арнап салып жіберермін, саған сонда қайтарар, оған дейін түпнұсқасымен таныса берсін» деді.
Ол кітабының аты – «Дүлейлер босады». Хикаяттар жинағы.
Әзиз бейден маған арнайы кітап келмеді. Еліне оралысымен жауапқа тартылып, «байтал түгіл, бас қайғыға ұшырағанын» естідім. Оның есесіне кейінде Мәскеуден әзіл-сықақ әңгімелерінің орыс тіліндегі үш жинағын және түрік тіліндегі «Gol kroli» («Гол королі») романын алдым. Кім жібергені атап көрсетілмепті, «Художественная литература» баспасынан келді. Автордың өтінуімен шығар. Солардан: «Футбол королі» романын, «Әңгіме оқи отырыңыз» деген атпен әңгімелер жинағын – екі кітабын қазақшалап шығардым. Жақында романды қайта қарап, жалпы түрік әлеміне «сұлтан» сөзі етене ғой деп ойлап, «Футболдың сұлтаны» деп өзгерттім.

Ғаббас Қабышұлы, жазушы-сатирик

(2005 ж.)
(Жалғасы бар)

30 тамыз, 23:58
Түркістан: Полиция департаментінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жедел кеңес өтті
30 тамыз, 23:55
Түркістан полициясы Конституция күнін атап өтті
30 тамыз, 23:53
Түркістан облысында Конституциямен құрдас 140-тан астам полицей қызмет етеді
30 тамыз, 23:51
Түркістан полициясы Конституция күніне орай бірқатар іс-шара өткізді
30 тамыз, 1:50
Түркістан: Есірткіге қарсы ымырасыз күрес
28 тамыз, 19:46
Түркістан: Мереке қарсаңында 180-нен астам полиция қызметкері марапатталды
28 тамыз, 14:57
Түркістан: Арыс ауданында профилактикалық іс-шаралар өтуде
27 тамыз, 15:06
Бекзат Бекжанұлы: Қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндетіміз
26 тамыз, 15:52
Түркістан: Мопед тізгіндеушілер, мал ұрлығы және жоғалған бала