2002 жылы жазда Алматыда алқалы жиын өтті. Алғашқы Саммитке алыс-жақын мемлекеттердің басшылары келді. Тілші ретінде басқосуға біз де барғанбыз. Халықаралық форумның атауы сол тұста жалпақ жұртқа тосындау көрінеді. Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК). Қазақстанның төл бастамасымен дүниеге келген. Мақсаты – шиеленіс пен текетірестен көз ашпаған алып құрлықта қауіпсіздік пен тұрақтылықты баянды етуге ықпал ету. Мұндай идеяны одан он жыл бұрын (1992) Біріккен Ұлттар Ұйымының мінберінен Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев ортаға тастаған еді. Ал бастаманың құрлықтағы салмақты да салиқалы диалог алаңы болып қалыптасуына, әлемнің түкпір-түкпіріндегі ықпалды мемлекеттердің форум жұмысына белсенді түрде атсалысуына танымал дипломат, сол кездегі сыртқы істер министрі Қасым-Жомарт Тоқаевтың сіңірген еңбегі ерен.
Рас, осы диалог алаңының келешегіне күмәнмен қарағандар, «ОБСЕ (Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы) тұрғанда тағы бір ұйымның не керегі бар» деп теріс пиғыл танытқандар болды. Мұны жиын туралы жазуға келген кейбір шетелдік әріптестеріміздің құлықсыз қас-қабағынан да байқадық. Қалай десе де, форум күллі әлемге Азиядағы күрделі түйіндерді талқылап, оларды бейбіт жолмен шешу жолдарын ұсына алатынын паш етті. Әсіресе, алғашқы кездесуге бір-бірімен дүрдараз көршілер – Үндістан мен Пәкістан басшылары Атал Бихари Важпаи мен Перуез Мүшаррафтың келіп, бір үстелдің басында тату тіршілік туралы сөз қозғауының өзі Қазақстанның мәмілегерлік саясаттағы үлкен жетістігі еді. Сондай-ақ Израиль мен Палестинаның Кеңеске мүше болуы да халықаралық қоғамдастықтың ықыласын арттыра түседі.
Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес бес іргелі бағытты қамтып отыр: әскери-саяси өзара іс-қимыл, жаңа қауіп-қатерлерге, соның ішінде лаңкестікке қарсы күрес, заңсыз есірткі айналымы және трансұлттық қылмыс пен адам саудасына тосқауыл қою, экономикалық, экологиялық және адами өлшемдер. Айта кету керек, АӨСШК Шанхай ынтымақтастық ұйымы сияқты құрылымдарға балама емес. Алып құрлықта қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге, үлкенді-кішілі мемлекеттер арасында экономикалық қарым-қатынасты жандандыруға, табиғи апаттармен күресте ортақ күш-қимылды жұмылдыруға сүбелі үлес қосып келеді.
Ендігі жерде Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес толыққанды халықаралық ұйымға айналуы тиіс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АӨСШК алтыншы Министрлер кездесуінде сөйлеген сөзінде осындай ұсынысты ортаға тастады. Өйткені Кеңес халықаралық ұйымға қажетті барлық сипатқа ие. Тиісті құжаттары, басқару және жұмыс органдары, бюджеті және тұрақты жұмыс істейтін Хатшылығы бар.
Форумды трансформациялауға Азияның ғаламдағы беделі мен орны, орасан зор әлеуеті де ықпал етіп отыр. Көрсеткіштерге кезек берсек, жер бетіндегі халықтың 4,5 миллиарды осы құрлықта өмір сүреді. Жалпы ішкі өнім мен сатып алу қабілеті тұрғысынан алып қарағанда дүниежүзінде көш бастап тұр.
90-шы жылдардың басында Америка мен Кәрі құрлықтағы ірі кәсіпорындарды арзан жұмыс күші осында деп Азияға көшірген болатын. Аймақ елдері нарыққа тез бейімделді. Заманауи құрал-сайманды игеріп қана қоймай, өздері де жоғары технологияны өндіре бастады. Өткен ғасырдың соңына таман Батыстың дамыған мемлекеттерімен бәсекеге түсе алатын «Азия жолбарыстарының» тұтас бір шоғыры пайда болды. Ал Қытай ұсынған «Бір жол, бір белдеу» бастамасы өңір елдері ғана емес, Африка, Еуропа, Оңтүстік Америкаға аса қажет транзиттік тасымал инфрақұрылымдық жобалардың іске асуына септігін тигізді.
Міне, содан бері жиырма жыл өте шықты. Көп өрісті әлемге бет алған ғаламшарда Мағриб (Батыс) пен Машрих (Шығыс) арасында мәміледен гөрі текетірес күшейіп барады. Саяси қырғи-қабақтың зардабы экономикаға, сауда-саттық пен тауар тасымалына тиді.
Осы аптада Астанада Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің VI Саммитіне жиналған 11 мемлекеттің басшылары мен сапартоп (делегация) жетекшілері бүгінгі күннің ең өзекті, кезек күттірмейтін мәселелерін талқылады. Жиынға төрағалық еткен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осыған орай «Бүгін біз бұрын-соңды болмаған геосаяси шиеленіс пен әлемдік экономикадағы күшейе түскен дағдарыс жағдайында өмір сүріп жатырмыз. Бұл құбылыс қазірдің өзінде «жаһандық дисфункция» деп аталды. АӨСШК-тің бұған дейінгі 2019 жылы өткен саммитінен бері әлемдік қоғамдастық ауыр сынақтарды бастан өткерді. Оның салдары жаһандық дамуға әлі де әсер етіп отыр. Менің ойымша, біздің алдымызда тұрған ерекше маңызды міндет – туындаған зор қауіп-қатерлер жағдайында халықаралық қатынастарда тұрақтылыққа қол жеткізу. Көпжақты тетіктерге (механизм) тың серпін беру және ашық диалогқа оралу аса маңызды», – деді.
Мемлекет басшысы, сонымен қатар мыңдаған жылдар бойы бүкіл адамзаттың қоғамдық, мәдени, технологиялық дамуының негізгі қозғаушы күші болған алып құрлықтың бүгінгі өркениеттегі орнына тоқталды. «ХХІ ғасыр Азия ғасыры болады» деген болжамның қазір шындыққа айналғанын айрықша атап өткен Қасым-Жомарт Тоқаев «Аймақ айтарлықтай адами және табиғи ресурстарға ие. Әлемдегі ең ірі 30 қаланың 21-і Азияда орналасқан. 2030 жылға қарай орта таптың қажетіне жұмсалатын 30 триллион доллардың тек 1 триллион доллары Батыс экономикасына тиесілі болмақ. Дегенмен Азияның болашағы мәдениеттер, дәстүрлер мен дүниетанымдар арасындағы диалогты нығайтатын ұжымдық дайындығымызға байланысты. АӨСШК-ті дамыту үшін қабылданған қадамдар осы мақсатқа сай келетініне сенімдімін», – деді.
Саммитте Кувейт Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің 28-ші мүшесі атанды. Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің трансформациясы туралы Астана мәлімдемесі қабылданды. Бұл форумның халықаралық ұйымға айналғанын білдіреді. Қазақстан осы ұйымның төрағасы ретінде АӨСШК аясындағы үдерісті одан әрі ілгерілетуге бағытталған күш-жігерді арттыру міндетін өзіне алып отыр. Бұған қоса, қауіпсіздік және ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы АӨСШК көшбасшылары мәлімдемесінің жобасы, АӨСШК қорын құруға қатысты құжат, сондай-ақ БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің лаңкестікке (терроризм) қарсы қарарын (резолюция) жүзеге асыру үшін АӨСШК іс-қимыл жоспары мақұлданды. Бұдан бөлек, Еуразия экономикалық одақ және Оңтүстік-Шығыс Азия елдері қауымдастығымен (ACEAN) ынтымақтастық орнату туралы шешім қабылданды. Бұл іскерлік қарым-қатынасты, соның ішінде өзара сауда-саттықты жандандыруға септігін тигізеді.
«Жібек жолын ұзатып сап қиырға, Келешекке мәңгі қолды бұлғаған» деп өлең жолдарында айтылатын Азияда халықаралық жаңа ұйым құрылды. Оның алып құрлық қана емес, бүкіл ғаламшардың береке-бірлігі мен өркендеуіне үлес қосары анық.
Срайыл Смайыл,
саяси шолушы