Әзімхан ИСАБЕК: Ізденіс – ғылыми жетістік пен сәттілік кілті

13 шiлде 2023, 13:14

Ел болашағы жастардың қолында десек, олардың жан-жақты дамуына жағдай жасалуы керек. Әсіресе, сапалы білім алып, ғылыммен айналысуына ерекше ден қойылса, құба-құп. Еліміздегі жастар саясатының бір міндеті — осы. Соған орай мемлекет тарапынан орасан  қолдау көрсетіледі. Қазір әр өңірде жас ғалымдардың аты шығып, олар түрлі тақырыптарды қаузау үстінде. Солардың бірі – Түркістан өңіріндегі Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде жоғары білім алып, сондағы «Мұхтартану» ғылыми-зерттеу орталығында Абай Құнанбайұлының өмірі мен мұраларын зерттеп келе жатқан Әзімхан ИСАБЕК. Осыдан бірер жыл бұрын Абайдың 38-қара сөзін жеке ілім ретінде қарастырып, «Китап тасдиқ» атты еңбекті жарыққа шығарған ол ғалым қазір немен айналысып жатыр? Мұны жас ғалымның өзінен сұрап көрдік.

– Әзімхан мырза, қазақ жұрты сізді жас ғалым ретінде таниды. Дегенмен, осы жасқа дейін жүріп өткен жолыңыз жайлы толық білетіндер көп емес. Алдымен өзіңіз жайлы айтып беріңізші?

– Иә, өзіңіз айтқандай, көпшілік жас ғалым деп танып жүр. Бірақ қаншалықты ғалымбыз немесе ғалым емеспіз, оны уақыт көрсете жатар. Шындығын айтқанда, мен өзімді ғалым деп емес, білім ізденуші шәкірт деп білемін. Өмірге келгеннен кейін, Абай атамыз айтпақшы, кетігін тауып, кірпіш болып қалану керек. Сол жолда артыңа өлмейтін ізіңді қалдырсаң, сол Алланың пендесіне берген бағы деп білемін. Абай атамыз «Талайғы кәрі дүниенің, бір кетігін ұстап бақ» деп айтқандай, артыма бір мұра қалдырсам деген мақсатпен өмір сүріп жатқан жағдайым бар. Осы жолда Мекемтас Мырзахметұлы, Ақжол Қалшабек атты ұстаздарымның балағына жармасып, шәкірт атанып жүрмін. Хадисте «егер сен уақытты кеспесең, уақыт сені кеседі» деп айтылған екен. Қазақта «бір жылдығын ойлаған бидай егеді, он жылдығын ойлаған ағаш егеді, мың жылдығын ойлаған ізгілік егеді» деген сөз де бар. Сол сияқты қолымызға берілген мүмкіндікті пайдаланып, бабаларымыз жүріп өткен жолмен елге, халыққа, ғылымға, Абайға бір пайдамыз тисе деп қызмет етіп жүрміз.

– Өзіңіз ғылым жолына қалай келдіңіз? Алға жетелеген ұстазыңыз кім?

– Екі жыл бұрын әжем қайтыс болды. Негізі сол кісінің тәрбиесінің арқасында ұлттық рухқа қанып өстім. Одан беріде үлкен өмірге қадам басқаннан кейін мектеп оқып жүрген сәттен бастап қазақтың аймүйіз Абайтанушысы әрі Мұхтартанушысы Мекемтас Мырзахметұлы және Ақжол Қалшабек сынды тұлғалардың шәкірті болып, сол кісілермен етене араласып,  ер жеттім. Ұстазым Ақжол Қалшабектің жетекшілігінің арқасында қазақ әдебиеттану ғылымының тарихында тұңғыш рет Абай атамыздың «Китап тасдиқ» шығармасына транскрипция жасап, одан бөлек бірнеше кітапты жарыққа шығардық. Осының барлығы сол ұстаздарымның арқасында болған іс. Сондықтан алға жетелеп келе жатқан ұстаздарымызға қанша бас исек те жарасады. Мекемтас Мырзахметұлының осы еңбегімізге берген бағасының өзі неге тұрады!? Жалпы ол кісілер менің өмір жолымдағы үлкен тұлғалар. Тиісінше, «Ақжол Қалшабек – менің ғылымдағы әкем, ал Мекемтас Мырзахметұлы – ғылымдағы атам» деп үнемі айтып жүремін.

– Сіз ғылымға келгелі Абай тақырыбын зерттеп келе жатырсыз. Осы ретте қандай тың деректерді аштыңыз?

– Жаңа айтқанымдай, ұстазым Ақжол Қалшабектің жетекшілігімен қазақ әдебиеттану ғылымының тарихында тұңғыш рет Абай атамыздың 38-қара сөзі, яғни «Китап тасдиқ» шығармасына текстологиялық, терминологиялық сараптама жүргізіп, транскрипция жасадық (айта кетейін, бұл менің дипломдық тақырыбым да болған). Бұл тұрғыда аталған еңбектің шағатай тілінде жазылғанын дәлелдеп, 500-ден астам араб және парсы сөздерінің сөздігі жасалды. Оған көптеген ғалымдар атсалысып, қазақ әдебиеттану ғылымының қанжығасына қостық. Сонымен қатар, Абай атамыздың шығармашылығын көшірген Нұрсейіт Бікіұлы деген тұлғаның өмірдерегін, оның Мұхтар Әуезовке дейінгі Абайтанушы екендігін зерделеп жатырмыз. Одан бөлек, Шымкент қаласында Абай атамыздың 4 ұрпағы жерленгенін анықтадық. Аталған жаңалықты ашуға Абай атамыздың немересі Тұрағұлқызы Мәкен апамыз жасатып, хим-фарм зауытында 30 жыл бойы сақталған мемориалды тақта ықпал болды. Сол жәдігерде Абайдың 4 бірдей ұрпағы қай жерде, қашан, қай мазаратта жерленгені қашап жазылған. Енді сол тастағы дерек ізімен Абайдың ұрпақтары жерленген жерлерді анықтау үстіндеміз. Бұл еңбектерді Абайтану ғылымындағы сенсация деуге болатын шығар. Қазіргі таңда Абай мен Мұхтар тақырыбының төңірегінде еңбектеніп келеміз. Абайға қатысты екі томдық дүние даярлап жатырмыз. Соны оқырман қауымның назарына ұсынсақ деген ниетіміз бар.

– Әуезов университетіндегі «Мұхтартану» ғылыми-зерттеу орталығының бүгінгі деңгейі қандай?

– Жалпы бүгінгі таңда оқу ордасындағы Абайтану ғылымы жоғары деңгейде. Бұл менің сөзім емес, қазақ әдебиеттану ғылымының абызы Мекемтас Мырзахметұлының түйгені. Ол кісінің «Абайтану Оңтүстікке қарай ауды» деген сөзі бар, яғни  Абайдың жүрегіне терең бойлап, оның шығармаларын құнттап, ғылыми тұрғыда зерделеуге осы Оңтүстіктің, соның ішінде Әуезов университетінің ғалымдары сүбелі үлес қосып отыр. Осы ретте әрбір еңбектің жарыққа шығып, оқырманға жетуіне университет ректоры Дария Пернешқызы да қолдау көрсетіп келе жатқанын атап өтуіміз керек. Мәселен, біршама уақыт бұрын университет ректоры Дария Қожамжарова, бірінші проректор Қайрат Еңбекшіұлы және «Мұхтартану» ғылыми-зерттеу орталығы бірлесіп, Абай атамызды ақтық сапарға шығарып салған ең сүйікті келіні Кәмалия апамыздың басына мәрмәр тас орнаттық. Ол кісі Шымкенттен Ташкентке шығар жолдағы «Қасқа» зиратында жерленген екен.

– Өзіңіз білетіндей, Мемлекет басшысы ғалымдарға ерекше көңіл бөлу керектігін нықтап тапсырған. Осы бастаманың қазақ ғылымын дамытуға ықпалы тиіп жатыр ма?

– Мемлекет басшысының жас ғалымдарға, жалпы ғылымға көңіл бөліп отырғаны қуантады. Ғылым және жоғары білім министрлігіне арнайы тапсырма беріп, жас ғалым гранттарын ұсынып, бүгінгі таңда зерттеумен айналысамын деген ғалымдардың тынысын ашуға зор серпіліс сыйлап отыр. Сондықтан ғалымдардың жағдайына алаңдаған президентімізге алғыс білдіруіміз керек.

– Бүгінгі Қазақстанда қандай тақырыптар зерттеуді қажет етеді?

– Елімізде зерттеуді қажет ететін тақырып өте көп. Біз көптеген тақырып ашылып қойды деп ойлаймыз. Жоқ, керісінше, ашылмаған ақтаңдақтар жетерлік. Бұл сұрақтың жауабы бір сұхбаттың ішіне сыймас. Әсіресе, өткен тарихымызға байжайлай, сыни көзқараспен үңіле түсуіміз керек. Тіпті Абайтану ғылымында да айтылмаған дүние өте көп.

– Ғылымға ден қойғысы келетін азаматтарға қандай кеңес берер едіңіз?

– Абай атамыз «Ғалым болмай, немене, балалықты қисаңыз» деп айтқандай, ғылымға келетін адам алдымен балалықты аздап қию керек сияқты. Көп оқып, көп іздену керек. Ақиқатты мойындап, өмірінің басым бөлігін ізденіске арнаса, кез келген адам ғалым бола алады ғой деп ойлаймын. Ізденіс – ғылыми жетістік пен сәттілік кілті.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан: Бауыржан Мейірханұлы,

Түркістан қаласы

09 тамыз, 14:35
Түркістан: Жасөспірімдерге арналған профилактикалық іс-шаралар өтуде
08 тамыз, 10:38
Мақсат Мақтабек: Заң – азаматтардың қорғаны
08 тамыз, 10:29
Түркістан: Қоғамдағы қауіпсіздік – тәртіп сақшысының күнделікті жұмысы
07 тамыз, 14:33
Түркістан: Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жолын кесу және пробация
07 тамыз, 14:01
Түркістан: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыруға арналған шаралар
05 тамыз, 14:39
Түркістан: Қауіпсіздікті сақтау маңызды
01 тамыз, 16:07
Түркістан: «Қауіпсіз қоғам» жобасы - қоғам айнасы
01 тамыз, 11:27
Түркістан: Жазғы демалыстағы қауіпсіздік шаралары
29 шiлде, 15:38
Түркістан: Үздік полицейлер марапатталды