
Спортшы Сабина Алтынбекова Orda.kz сайтының үстінен шағым түсірді.
Kursiv.media жазғандай, 16 ақпанда Orda.kz сайтында Әзербайжандағы спорт жиыны туралы жаңалық шықты. Оның мазмұнына сүйенсек, Бакуде ҰОК басшысы Геннадий Головкин мен Сабина Алтынбекова бір шарада кездескен. Ақпарат «Головкин бір күнге Бакуге барды. Сол жерде ажырасқан Сабина Алтынбекова да болды» деген тақырыппен жарияланды.
Сабина Алтынбекованың жазуынша, басылымда волейболшы туралы 15-ке жуық материал шыққан. Оның көбі «ажырасқан Сабина Алтынбекова» деген тақырыппен жазылған. Спортшы оның барлығын ауыстыруды талап етті.
Ол Инстаграм парақшасында: «Мен жеке өмірім туралы ақпарат таратуға рұқсат берген жоқпын. Ақпаратты бұлай беру менің ар-намысымды, абыройымды қорлайды. ҚР заңнамасында кепілдік берген жеке өмірге қол сұғылмаушылық туралы құқығымды бұзды», – деп жазды.
Спортшы Orda.kz редакциясынан жеке өмірі туралы жазылған материалдарды өңдеуді немесе өшіруді және жеті күн ішінде ресми түрде кешірім сұрауды талап етті.
Талаптар орындалғаннан кейін жазбаша түрде Сабинаға хат жіберуі керек. Егер осы талап орындалмаса, құқығын қорғап, моральдық өтемақы талап ету үшін сотқа беретінін ескертті.
Сабина: «Ажырасқан депті. Әйел емес, тұлға емес, спортшы емес. Дәл «ажырасқан» деп жазған. Бірақ ажырасу ол таңба емес, ол – өмірдегі бір кезең. Мен әйелмін, анамын, кәсіби маманмын. Менің отбасылық статусым менің құндылықтарымды анықтамайды», – деп жазды.
JQ-Aqparat