Әзірбайжандық әуесқой азамат өзінің гаражында жарыс машиналарын құрастырады. Қажетті қосалқы бөлшектерді де өзі әзірлейді. Механиктің ендігі арманы электромобиль, яғни болашақтың көлігін жасап шығару. Бұл туралы Хабар 24 хабарлады.
Субхан Садыгов мектеп жасынан көліктерге ерекше қызығушылық танытқандардың бірі. Аңсаған арманына жету үшін техникалық білім алып, машина құрастырушы-инженер мамандығын меңгерген. Ойындағысын жүзеге асыру үшін өз көлікжайын пайдаланады. Ең алғашқы көлігі осы. Бұл өткен ғасырдың 50-жылдары әйгілі болған «Лотус» ұшқыр машинасының тақылеттес нұсқасы. Мұндай қымбат көлікті сатып алуға қаржылай қауқарсыз болған соң қарапайым автомеханик оны өз қолымен құрастырып шыққан. Субхан Садыгов, көлік құрастырушы-инженер: — Бұл көлікті қала ішінде жүргізуге болады. Машинаның аспасы жоғары орналсқан. ВАЗ-2107-нің қосалқы бөлшектерін пайдаландым, бірақ басым бөлігін өзім жасап шықтым. Көшеде барлығы қызыға қарайды. Тіпті, жол полициясының өзі таңғалады. Әзірге ешкім айыппұл салған емес. Сонымен қатар Субхан «Формула-1» болидін де құрастырған. Әр бөлшегі қымбат тұратындықтан, қаражат жағынан қиналған механик көлікті жасап шығаруға үш жыл уақытын сарп еткенін де жасырмайды. Субхан Садыгов, көлік құрастырушы-инженер: — Қозғалтқышы мен тетіктер жиыны BMW көлігінен алынған. Әрине басқа да автомобильдердің қосалқы бөлшектерін пайдаландым. Оны жарнама, бейнебаян түсіруге жалға беріп тұрамын. Жалпы алғанда болидке кеткен қаржының басым бөлігін қайтарып алдым. Корпусын темірден өзім жасап шықтым. Қала ішінде жүре алмайды, себебімашинаның қондырмасы өте төмен. Бүгінде автомеханик бірегей дизайндағы тағы бір көлікті жасап жатыр. Бірақ оны «әзірге ешкімге көрсетпеймін» дейді. Болашақта Субхан электромобиль құрастырғысы келеді. Тіпті болашақ машинасын жасап шығаратын компания ашуды армандайды. Оған қыруар қаражат қажет болса да ол арманынан бас тарпайтындығын айтты.