Өткенде ғана Мәжіліс депутаты Азат Перуашевтың «Баспанасы жоқ жастарға жатақхана салып берейік», – деп айтқаны ел есінде. Артынша әлеуметтік желі қолданушылары депутаттың ас мүй мен ортақ дәретхана туралы ұсынысын қатты сынға алды. «Жас қазақтың» Астанадағы тілшісі «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашевтың осы мәселеге қатысты пікірін білді.
Жас қазақ: Өткенде Алматыда журналистермен кездесу барысында отандастарымызды баспанамен қамту жайы сөз болды. Сіз бұл жағдайды билікке жеткізуге уәде беріп, үкіметке депутаттық сауал жолдадыңыз.
Азат Перуашев: Депутаттық сауалымды журналистерге берген уәдем ғана деп түсінсек, аздап қателесеміз. Себебі біз депутат ретінде үнемі сайлаушыларымызды қабылдаймыз. Олардың өмірімен танысып, хал-жағдайын білеміз. Алдымызға түрлі тағдырлы азамат келеді. Кез келгенінің жағдайы бізді бей-жай қалдырған емес. Қолымызда атқарушы билік болмаса да, олардың сауалын дер кезінде тиісті мекемеге жеткізіп, заң жүзінде шешілуіне жұмыс жасаймыз. Астана мен Алматыға келетіндердің ең басты мәселесінің бірі – баспана жайы. «Ауылдан келдім, құрылыста жұмыс істеймін, тапқан ақшамды пәтер үшін төлеймін. Басымда баспанам жоқ. Елімізге баламның әлде өзімнің керегім бар ма, аға?» деп келетін жас көп. Тіпті алыстан іздемей-ақ «Юго-Восток» аталып кеткен Астананың шеткі жақтарындағы коттеджде 7-8 отбасыдан тұрып жатқандар бар. «Оларға қалаға келіп нең бар, ауылыңда неге жатпадың?» деп тағы кінәлай алмаймыз. Себебі ауылда жұмыс тапшы. Әрі урбанизация – әлемдік мәселе. Егер дамыған елдердің тәжірибесіне қарасақ, АҚШ, Еуропаңыз болсын көп болса оларда ауыл тұрғыны 10-15 пайыздан аспайды. Біздің елде бұл көрсеткіш – 45 пайыз. Осы 45 пайыздың көпшілігі – өзіміздің қаракөздер. Демографтардың болжауына сүйенсек, алдағы 10-20 жылдың ішінде осы қалған ауыл тұрғынының тең жартысы қалаға қарай көшеді. Бұл дегеніңіз – 2,5 млн адам. Қазіргі кезде ауыл тұрғынының саны – 7,5 млн. Елімізде жүргізілген уақытша тіркеу кезіндегі анықталған дерек бойынша 690 мың азамат өзінің тұрғылықты мекенжайында тұрақты тұрмайды екен. «Недвижимость Казахстан» сайтының есептеуіне сүйенсек, ипотека алу үшін ай сайын 116-150 мың теңге болуы керек. Біздің партиямызға жағдайын айтып келетін адамдардың айлығы – 40-60 мың теңгеден аспайды. Ал 40 мың теңге айлық алып отырған адам ол қаржыны қайдан алады? Олар қаладан әлеуметтік аз қамтылған топтар қатарында да үй ала алмайды. Себебі қалалық «пропискасы» жоқ, не ипотекамен үйге қол жеткізе алмайды. Сонда олар не істеуі керек? Көпқабатты пәтердегі өмір үшін пайдаланатын бір-ақ бөлме бар. Ол бөлменің көлемі 15-18 шаршы метрдей. Ал дәретхана мен жуынатын бөлмеге 3-4 м2, дәлізге 2-3 м2, ас бөлмесіне 6 м2 кетеді деп есептесек, барлығы 10-12 м2, болады екен. Егер де тек пәтер емес, оған қоса заманауи, ашық, таза жатақхана салсақ, бір бөлменің құны нарықтағы құннан жоқ дегенде 40 пайызға арзандар еді. Бұл көп үйсіз-күйсіз жүргендердің баспаналы болуына мүмкіндік туғызады. Сондықтан жағдайын айтып келетін талай қазақтың мұң-мұқтажын үнемі жұмыс барысында естіп, біліп жүргендіктен әрі журналистерде осындай ой салғаннан кейін, жатақхана салу жөнінде үкіметке депутаттық сауал жолдадық.
Азат Перуашев: Үкімет жуықта ғана Елбасының тікелей тапсырмасымен «Нұрлы жер» деген бағдарлама қабылдады. Бұл дер шағында қабылданған, үлкен жоба. Бағдарламаның берер пайдасы көп, қуана қолдадық. Еліміздегі банктердің жұмысы жанданып, біршама тұрақты болады. Қаншама проблемалық несиемен жүргендерді қолдайды. Қалалық әкімдіктердің кезегінде тұрған әлеуметтік топ өкілдері, яғни көпбалалы отбасы, мүгедек, жетім, әскери қызметкер, жалғызбасты ана пәтер ала алады. Қазіргі таңда ондай әлеуметтік мәселемен тұрған адамның саны 340 мыңдай. Бұл бағдарлама 15 жылға жоспарланған. Осы он бес жылдың ішінде тұрақты тіркеуі бар пәтер кезегінде жылдап тұрып келе жатқан адам баспаналы болады. Олай болса, қазіргі уақытша тіркеудегі 690 мың азамат қаланың тұрақты тұрғыны ретінде есепте болмағандықтан, пәтер кезегіне тұра алмайды.
Бұлардың көпшілігі, тіпті 80-90 пайызы ауылдан келгендер. 690 мың, меніңше, тек айсбергтің бізге көрінген шыңы ғана. Ал әлі қаншама уақытша тіркеуге тұрмағаны бар. Міне, осылардың баспаналы болу жолы «Нұрлы жер» бағдарламасында қарастырылмағандықтан, бағдарламаға енгізуді ұсынып отырмыз.
Жас қазақ: Мұндай депутаттық сауал жолдаймын деп үлкен сынға қалдыңыз. Қалай қабылдадыңыз?
Азат Перуашев: Мені әлеуметтік желіде сынап, неше түрлі карикатура жасап жатқандарға айтарым – аман болсын. Мен үшін бұл жаңалық емес. Әлеуметтік желідегілер ғана емес, үкімет те сынға алатын кезі аз емес. Мен кәсіпкерлердің құқығын қорғап, жемқорлыққа үнемі қарсы шығамын. Ашық айтқан пікірім кейбіреуге ұнамай қалып, жолыма кедергі қоятын кезі де болды. Мен сынға үйренген адаммын. «Бай екен» – деп сыртымнан жамандап жүргендер де бар. Ал менің арманым – барша қазақ бай болса, елімізде үйсіз-күйсіз жүрген кедей болмаса. Иә, менің жағдайым бар. Бірақ менің арманым – басқалар да өз үйіне қол жеткізіп, менен де ауқатты болсын.
Жас қазақ: «Жатақхана салғанша, неге халыққа жер бермейді, болмаса депутат сол жатақханада өзі өмір сүре алар ма екен?» дейді әлеуметтік желі қолданушылары.
Азат Перуашев: Шүкір, мен де жатақханада 16 жасымнан 24 жасыма дейін өмір сүрдім. Балаларыммен бірге жатақханада тұрдық. Ол кезең біздің ең бақытты шағымыз еді. Себебі жастық шағымызда біреудің баспанасына тұрып, таршылық көрген жоқпыз. Балаларың бар екен деп ешкім түртпектетіп, пәтерінен қумады. Сондықтан жатақханадан қорқатын ештеңе жоқ. Біреулер жатақхана дегеніміз – өткен ғасырдың көрінісі, кеңестік кезеңдегідей күйге қайтамыз деп қорқады. Америка да, Еуропада да сырттан көшіп келгендерге, жас отбасылар үшін және 18 жастан кейін ата-анасынан бөлек кететін жастарға арнап осындай «кампус» деген жатақханалар салынады. Сондай-ақ халықаралық деңгейде де 1 жұлдызды дәретханасы мен ас үйі ортақ отель жүйесі бар. Өркениетті елдердің тәжірибесіне сүйене отырып, заманға лайық әдемі, бағасы арзан жатақхана салуға болады.
Біраз уақытқа дейін қала маңынан инфрақұрылым тартылмауына байланысты тұрғындарға жер берілмей келді. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша осы мақсатта қомақты қаржы бөлініп, жер кезегінде тұрған азаматтарға үй салынады. Арнайы кезекте тұрып жер алған адам, бұрынғыдай ағайын-туысын жинап, өзінің қалауы бойынша үйін сала алмайды. Себебі қаланың бас жоспарына сәйкес болу үшін әкімдік белгілеп берген жоба бойынша, құрылыс компаниясына үйін салдыруы тиіс. Ал ауылдан кеше ғана келген жастардың қымбат үйге шамасы келмейді, қаржысы жетпейді. Жалпы бұл бағдарламаға 1,5 трлн теңге бөлінген. Осы қаржының аздаған бір бөлігіне ауылдан келген қаракөздеріміз үшін неге жатақхана салып бермеске? Бұл шаруаны қазір қолға алмасақ, біраз жастарымыздан айырылып қаламыз. Олар кез келген діннің жетегінде кетеді. Неше түрлі жылы сөйлей кірген теріс пиғылдылардың құрбанына айналады.
Әңгімелескен
Айбарша ЖАҚСЫЛЫҚ,
Астана қаласы