jasqazaq.kz

Қазақы қалжыңның серкесі

24 сәуiр 2017, 11:51

«Сегіз ұлым бір төбе, Ертөстігім бір төбе» демекші, «Тамаша» ойын-сауық отауының ыстық-суығын әуел бастан көтергендігінен бе, әлде көрермен жүрегіне өте жақын тұрғандығынан да шығар, неге екенін, менің көз алдыма ең алдымен Құдайберген Сұлтанбаев елестер еді.
Саясатта жүрсе, мұндай азаматтарды лидер дейді, хоккейде — суперфорвард… қазақша кәдімді көк серкедей көш бастаған өнердің өз саңлағы…
Әйтеуір, Құдайбергсн Сұлтанбаевтың қазақы қалжыңдағы, жалпы актерлік өнердегі табиғи дарынымен, жасаған образдарының шынайылығымен, тартымдылығымен көпшілік отбасының құрметті мүшесіндей сүйіспеншілікке бөленгені анық. Оны «Тамашаны» құр жібермейтін үйдің еңбектеген баласынан еңкейген кәрісіне дейін танитын еді.
Бірақ ел сахна сыртындағы Құдайбергенді біле ме?..

 

Құдайбергенмен алғаш 1990 жылы кездескенім есіме түседі. Қағаз-қаламымды алып, ұжымның кеңсесіне жеттім. Мақсатым – жастар газетінің тілшісі ретінде Құдайберген Сұлтанбаевпен жолығып, қолтаңбасын алу.
Кіреберісте ұшырастық, үстінде соңғы модамен тігілген сырмалы сұр плащ, өңі ажарлы, қалың қара шашы дудыраңқырап, ширақ басып, ғимарат есігін аша берді.
Ұсынған қолыма саусақтарының ұшын ғана ұстатқан. Жөн сұрасып, ананы, мынаны айтып, қалжыңдасқан болдық. Өзі әзілдесіп тұрса да, бірінші кездескен адамын зерттеп алатын әдеті бар сияқты, көзіме бажайлап тіке қарайды. Сәлден соң шешіліңкіреп, іскер, байсалды қалыпқа көшіп, бөлмесіне бастады.
Бірталай әңгімелестік. Бірақ тым тереңге түсіргісі келмеген. Бұл жан дүниесіне тым жақын келгеніңді де, аса алыста тұрғаныңды да жарата қоймайтын шын өнер иесінің кінәз мінезі еді.
Көзіме су бетінде оннан бір бөлігі ғана көрініп жататын мұзтаулар елестейді. Теңізде туған Құдайбергеннің де табиғаты терең-тін. Дегенмен, ол жолы өнеріңізді біршама білеміз, ал өмірде қандайсыз деп сұраудың реті болмады. Сахнагер койылған сауалдарға нақпа-нақ жауап қайтарып, қолтаңбасын берді де: «Кейін кездесеміз. Сонда кеңірек әңгімелесеміз», – деді.
Уәдесінде тұрды. Араға үш жыл салып тағы кездестік. Едәуір тілдестік. Сондағы әңгіменің бір парасы төмендегідей еді.

Біз де – экстрасенспіз…

– Соңғы рет қашан жыладыңыз?
– Сәбира Майқанова апамыз дүниеден озғанда қатты жыладым-ау деймін. Қазақтың маңдайына біткен Фаина Раневскаясы еді ғой. Ерте жесір қалса да күйеуден күйеуге шығып шалқақтамай, отағасының түтінін түзу түтетіп өткен ана-ды. Ол кісіні шын мәніндегі театрдың да, өнердің де анасы деуге болады. Екі ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді. Бетің бар, жүзің бар демейтін мінезді, кесек тұлға-тын. Мерейтойын да жасамай кетті. Еңбек Ері атағын бере ме деп едік, ол үміт те ақталмады. Сол кісі қайтыс болғанда көз жасыма ерік бере алмадым.
Қаншама асыл азаматтар өтті өмірден. Асқар, Жұматайлар өтті… «Құдайдың да көзі жақсыға түседі» деген, ылғи жақсы, абзал адамдар ерте кетіп жатады.
Ойға оралады, Қазақ циркі тұңғыш ашылғанда бір жылап ем. Қуанғаннан жыладым. Қазақтың жігіттері желмен жарыса жүйткіген сәйгүліктердің құлағында ойнап, дүбірлетіп шыға-шыға келгенде қатты толқыдым. Қазір қазақ өнерінде ондай айшықты құбылыстар жоқ.
Тегінде, жыламайтын актер, актер емес. Біз де кішігірім экстрасенспіз. Кейде рөліңе ішкі қобалжуды, бастан өткен жағдайды саласың. Жан әлемің неғұрлым таза болса, соғұрлым тез толқисың, көзіңе жас тез кептеледі.
Рөлдерді бір сарында ойнайтын қатты актерлер кездеседі. Олар бас пайдасын, өзінің тар деңгейлі жұмысын ғана білгендіктен, белгілі шеңберден шыға алмай, шынайылыққа жете алмай жатады. Есі шығып қуанғанын, рахаттанып күлгенін де көрмейсің өздерінің. Біз болсақ әріптесіміз дүкеннен бірдеңе сатып алдым десе де елпілдеп қуанып қаламыз. Кейде сондай мінезіме күлкім келеді өзімнің.

Қазір ұялмағанның бәрі әнші, бәрі сазгер…

– Өнер бағытында идея көп шығар?
– Иә, мәселен, кино төңірегінде армандарым бар. Бір ойым – келешекте қысқаметражды фильмдер түсіру. Шебер қолмен ұқсата білсең, материал жеткілікті ғой халық арасында. Мәселенки… Жұлдыздар жамыраған түнгі ауыл. Ай төбеге көтерілген шақ. Күнделікті күйбең жұмыстан шаршап, есінеп, қымтанып жатқалы жатқан дүкеншіге ішіп алған біреу телефон соғады:
– Уа-а, ку-ке-е, дүкеніңді аш-шы! – деп.
Дүкенші шарт ашуланады:
– Ей, есуас, мен неге ашамын дүкенді?! Түннің ортасы болды емес пе! Таңғы сегізде кел, пожалыста, ашамын. Ал қазір үніңді өшір. Давай, құры!
Содан таңғы алтыда телефон тағы шырылдайды.
– Оу-у-у, аш-шаңшы дүкенді!
Мастықтан тілі байланып сөйлей алмай тұр. Тәтті ұйқысы бұзылған дүкенші аузы көпіре түтігіп, ананы жетпіс бір әкеден құлатып боқтамай ма.
– Өй, иттің ғана баласы! Есің дұрыс па өзіңнің! Ұйқы бермедің ғой. Саған арақ па керегі өзі? Таңертең сегізде кел. Басыңнан құйып, аузы-басыңа зәкөскені тығып, үніңді өшірейін. Кет, жоғал!
– Оу-у-у… Арақ та, зәкөске де жетеді мұнда-а, – дейді анау. – Мен сенің дүкеніңнің ішінде отырмын ғой. Далаға шығарсаңшы! Ең болмаса дәрет сындырайын да…
Сөйтсе күндіз қанғалақтап жүріп бір бұрышқа құлап қалды ма, дүкен ішінде қалып қойған біреу ғой ол. Мән-жайды сонда ғана түсінген дүкенші алақ-жұлақ, жалаңаяқ-жалаңбас, бір буда кілтін ала салып, көйлек-дамбалшаң дүкеніне қарай шабады.
Осы көріністерді дамытып, жарты сағаттық фильм жасауға болады ғой. Мұндай әңгімелер өте көп.
Тағы бір арман – жеке минитеатр ашсам деймін. Көкейде қордаланған ой баршылық. Творчество заңдылығы сол – өнердегі жеке мәнеріңді, айшықты қолтаңбаңды қалдыруың керек. Кеңес театрларында талай жыл салтанат құрған теңгермешілікті жоюға болатынын дәлелдегің келеді. Әлгінде айттым ғой, режиссерлер:
– Әй, бұл эпизодты қатырады, – деп ұсақ-түйекке сала беріпті.
Жасыратыны жоқ, кейде ашық ренжуші едім. Маңқа жігіттер мен сақау қыздардың аяғының астына «кірпіш» төсеп, «орындық» қойып, басты геройларды қолдан жасап жатқанда қалай күйінбессің. Бәрінен бұрын қасиетті өнерге қиянат қой ол.
Өкініштісі, сөйтіп жүргенде уақыт та зымырап жатыпты. Театр – үлкен мектеп. Ренжісең де жамандай алмайсың. Өсірді, өндірді. Оған ұжымдық енбек тән. Онда жұлдыз дегендер болмайды. Бірыңғай бояудан жалыққан көптеген актерлер кетіп те жатады. Ол ордада сенен де өткен арыстандар мен жолбарыстар қаптап жүр. Өз театрым болса, түренді тыңнан салсам, соңыма өзгешс мәнерлі із тастасам деп толғанатының содан. Атақты Аркадий Райкин де теңгермешілдіктен қашты. Егер ол МХАТ-та жүре берсе көптің бірі болып қалар еді. Еңбегі еш болар еді. Білді. Кетті. Совет театрында берік ірге қалаған жайдақ судай жалпақшешейлік әлі мызғымай келеді.
Көптеген қисынсыздықты көре-көре, ағынға қарсы жүзгің келеді. Арманда кеткен Шәмші, Мұқағали, Әбілахат, Оспанхан, Асқарлар ойға оралғанда қамығасың. Олар қолдарында бола тұрып, сәулелі ақыл-ой, тегеурінді таланттары жете тұрып, көп нәрсеге үлгірмей кетті. Солардың қателіктерін қайталаудан тартынасың. Менің осы күнге дейін не жеке афишам, не открыткам жоқ екен…
Бәрінен бұрын ішкі мүмкіндігіңді, жарқын ойларыңды сахнаға бүкпесіз шығаратын театрың болмаса… Біреулердің нұсқауымен, қақпақылмен қашанғы жүресің. Манада айттым ғой, теңгермешіліктің, бас-басына би болған кісіліктің салдарынан өнердің құны мүлдем түсті. Қазір ұялмағанның бәрі әнші, бәрі күйші, бәрі сазгер, бәрі ақын, я жазушы. Оны қойып, үлкен театрларда белгісіз бір жастардың шығармашылық кештерін өткізу үрдіске айналды. Алдымен халыққа еңбегіңді сіңіру керек емес пе. Аянбай тер төксең, даңқтың өзі келмей ме аяңдап. Ақшаның күшінен бе, ненің ықпалынан екенін білмеймін, осындай дүрмек көбейіп кеткеннен кейін халық алтын мен жездің айырмасын білуден қалады-ау деймін.

Ұрпағымыз әлжуаз болмаса…

– Төбелеске қалайсыз?
– Василий Шукшинның: «Мен өз нәзіктігімді жауынгерлікпен қорғаймын. Өйтпегенде ше?» деген сөзі бар. Қарап отырсам, мен де дүлей кара күштердің өз намысымды ғана емес, өзгелердің де ар-абыройын таптамауын қалап өсіппін. Ылғи әділет жағында жүруші ем. Шалдың бетінен қақпаған кенжесімін ғой, аздаған асаулығым да бар еді. Мектепте жүргенде «тентек Коля» деген косымша атым да болған.
Біздің ауылда «Ақ шәпкі» деген бұзықтар тобы өмір сүрді. Ұмытқан жоқсың ба, баяғыда ақ бәйкеден тіккен үш сомдық жылы ақ қалпақтар мода-тын. Әлгілер бас-басына соның бір-біреуін жапырайта киіп алып көшеде жүреді де, тапа-тал түсте жас демейді, кәрі демейді, көзіне көрінген адамды қан қақсатып тонайды немесе соққыға жығады. Бүгінгі тілмен айтқанда, со кездің рэкет-сымақтары. Шалдардың сақалын күзеп кетеді.
– Давай, ақша әкел! – дейді ғой.
– Ақша жоқ, – десе:
– Үй-й, сақалыңды! – деп пышақпен бір-ақ орады екен.
Ол кезде баламыз. Сонда да әлгілердің әрекетін естіп зығырданым қайнайтын.
Боксшы боламыз деп, қапқа құм толтырып қойып талай ұрғыладық. Робин Гуд болуды армандаған жоқпын, бірақ көкейімде әлсіздерді қорғау тілегі тұратын.
Институтта жүргенде бір оңбағанды сабағаным есімде. Барып тұрған нақұрыс еді. Не, сөз ұқпай, әбден титығыма тиіп жүретін. Бір күні жарылдым. Қай-қайдағы жындарың жиналады ғой ондайда…
Жалпы, жақсы мағынасында, төбелеске дайын болып тұру керек. Жан-жағымыз анталаған жау. Ұрпағымыз әлжуаз болмаса дейсің. Өз ұлымды да бөлменің гүліне ұқсатып өсіргім келмейді. Тірліктің ыстық-суығына шың- далмаса ғұмыр бойы қиналуға тура келеді. Біз суға да ағып кете жаздадық, таяқты да жедік, бандалар шайкасының арасына да түсіп кеттік… көресіні көріп, пісіп өсіппіз.
Бертін келе басылдық қой. Көтеріңкілікке дағдыландық. Өнер өзгертті бізді. Тазалады. Қазір көркемөнер көрмелерінің бір де біреуін бос жібермеймін. Әр суретшінің қойылымында ойланасың, толғанасың, жан дүниең тұна түседі.
Боевикті жақсы көремін. Олар өтірік те болса шымыр, әсерлі түсіріледі. Идеяларында халықты қорғайтын жауынгер ұлдар көп болса, батыр жігіттердің қатары нығайса, ұрпағымыз Шварценеггер, Сталлоне, Ван Дамм сияқты мүсінді, суға батпайтын, отқа күймейтін қабілетті болып, шынығып өссе деген тілек бар. Соларды көріп отырып, балаларымыз үшін осындай фильмдерді біз неге шығармаймыз деген ой туады. Материал көп бізде.
Қырғыз ағайындар бір ғана «Манасты» насихаттай-насихаттай әбден ақжем қылды. Әлі де қалыспай келеді. Алда да ғұмыр бойына айта беретін болар. Бізде Алпамыс, Қобыланды, Ер Тарғын, Ер Қосай, Қамбар батыр… бәрі тың жатыр. Қазір кез келген баладан батыр кім десең, Голливуд жұлдыздарының есімдерін тақылдап тұратындықтарына шүбәм жоқ. Сонда ертегі сияқты болса да оқиғалары қым-қуыт шиеленіскен сюжет жазып, «боевикті» сол өз алпауыттарымызды қатыстыра жасаса дейсің. Атақтары айдай әлемге жайылған замандас батырларымыз да көп. Әбдісалан, Әбілсейіт, Жақсылық, Серік, Дәулеттердіц прототиптерін пайдаланып, небір ғажап фильмдер түсірсе деп қиялданасың.
Бала кезімізде жастанып оқитын қалың-қалың «Батырлар жыры» болушы еді. Дәл бүгінге дейін бояумен салынған суреттері де көз алдымда. Өзіміз де соларды көшіріп өстік. Сондай суреттер де жоқ бүгін. Жаңаша мәнермен қайта салуға болады ғой соларды…

Қазаққа жараспайтын әдет

– Арақ-шараппен, темекімен «татулығыңыз» қалай?
– Арақтың дәмін білмеймін. Татып көрмегем. Ол жағынан періштемін… демейін. Жастау кезде іштік. Қазір де бөтен емеспіз. Онда да айтулы шараларда, ыстық қауышуларда тиіп-қашып жүретініміз болмаса, салынған нәрсем емес. Өйткені, көтере алмаймын. Ауырасың. Араққа тым үйір болсаң там-тұмдап жинаған абырой-беделден де мезетте-ақ жұрдай болуың мүмкін. Қолдағы бір құты мұнай сияқты, сүрініп кетіп, төгесің де аласың. Ондай бола жаздаған кездеріміз де болды жастық дәуренде. Арақ не істетпейді. Жынды қылып жібереді.
Жалпы, осы арақкештік, шылымқорлық қазаққа аса жараса қоймайтын әдеттер-ау…
Шылым шекпеймін. Сон-оу баяғыда, алтыншы-жетінші класта жүргенімде әкем мені тезірек ержетсін деп үйге «Беломор-Канал», «Север», «Прибой», «Прима» сияқты темекілерді әкеліп тізіп қойып:
– Тарт, үйрен азаматтарша! – деуші еді.
Тезірек есейсін, қызығын ертерек көрейін деген тілектен ғой. Бәрібір қызықпаппын сол әдетке. Сонда шылымқор бір қулар жиі келіп:
– Ой, Тәкеңнің баласының темекісінен тартайықшы бір! – деп көк түтінді бұрқыратып, әкемді мәз қылып кететін.
Тартпай кетіппін әйтеуір.
Шылым шекпесем де газбен жанатын оттық жинаймын. Оның да небір әдемі түрлері кездеседі.

«Жақсы жігіт»
деген мамандық жоқ…

– Құдайбергенді жұрт кілең көңілді жүретіндей көретіні рас. Жабырқайтын сәттеріңіз бар ма?
– Бейғам уақыт кетті ғой. Көңілді болайын деп орынсыз және ыржалаңдай бермейсің. Бұрын да аса жайраңдай қоймаушы ем. Ойсыздау, жеңіл тірлікке бейім, жатыпішер біреулер көңілді келетін шығар.
Тегінде, масыл адамдар да қоғамның белгілі бір әлеуметтік тобы ғой. Паразитизм – табиғи биологиялық құбылыс болса, арамызда қамсыз-мұңсыз, арамтамақ ағайындардың жүруі де өмір заңдылығы сияқты. Ең өкініштісі – ондайлар өнер әлемінде де, театрда да тайраңдап жүреді.

(Жалғасы бар)

Құлтөлеу МҰҚАШ

12 желтоқсан, 17:21
Алматыда «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында пластик қақпақтарды жинау бойынша эконауқан өтеді
12 желтоқсан, 12:32
Алматы: «Таза Қазақстан» экоакциясының жыл қорытындысы
12 желтоқсан, 12:09
Алматыда «Эко-шырша Алматы» ашық байқауы басталды
11 желтоқсан, 14:20
Алматыда тұрғын үй құрылысы қарқын алып келеді
10 желтоқсан, 23:45
Алматының тазалығын сақтау – ортақ міндет
09 желтоқсан, 13:10
Алматы өңдеу саласын дамытуды жеделдетті
04 желтоқсан, 15:02
Алматыда Сайран көліндегі понтон көпірлер су деңгейінің төмендеуіне байланысты жыл сайын қыста алынады
03 желтоқсан, 19:08
Алматыда қатты отын қолданатын кәуапханаларға бақылау күшейтілді
01 желтоқсан, 15:36
Алматы метрополитені: 14 жылда 200 миллионнан астам жолаушы