jasqazaq.kz

Аягүл Миразова, Қазақстанның Еңбек Ері: Мұғалім мәртебесін өсіру де, құлдырату да өз қолыңда

22 тамыз 2022, 11:38

«Мұғалім – мектептің жүрегі» дейтін тәмсілдің татымы да, салмағы да азаймауы керек. Өйткені ол бәрінен қымбат. Ұстаздың беделін арттыру өрісі бойынша атқарылып жатқан шаруа да бар. Жобалар да, бағдарлама да іске асырылып келеді. Қадірі қаша бастаған педагог мамандығына соңғы жылдары қызығушылық та, сұраныс та артты. Өйткені олардың әлеуметтік-материалдық мүмкіндігі ұлғайды, табан ақы, маңдай терінің өтеуіне бұйыратын айлық еңбекақысының да сомасы артты. Елімізде ұстаздар қауымынан алғаш болып Қазақстанның Еңбек Ері атағы мен «Алтын жұлдызын» алған білікті маман, ділгір басшы, осы күнде зейнет жасына жетсе де, атының тізгінін тартпай, қоғамдық жұмыспен қоса, ағарту саласында еңбек етіп жүрген Аягүл Миразовамен әңгімеміздің өзегі осы мұғалімнің мәртебесі маңайында өрбіді.

Jaq qazaq: Аягүл апай, әлқиссаны бірден педагог мәртебесінен бастасақ. Ұстаздардың беделін арттыру бағытындағы бағдарымызға көзқарасыңыз қалай?

Аягүл Миразова: Педагогтардың беделіне қатысты біржақты пікір айту жарамайды. Педагогтардың беделін көтеруге қатысты заң қабылданбас бұрын, бір жыл талқылауға түсті, сүзгіден өтті. Заңның қабылданғанға дейінгі талқылау, саралау, сараптау ісі бірнеше жиындарда сүзгіден өтті. Артығын сылып, кем-кетігін бүтіндеді. Алматы, Нұр-Сұлтан қаласында педагогтардың мәртебесіне қатысты заң жобасын талқылау жиындары өткенде өзіміз де қатыстық, пікірімізді айттық, ойымызды қостық. Парламентте халық қалаулылары да әбден илеп пісіп-жетілдірген соң, заң жобасын қабылдады.

Шүкіршілік, бүгінгі күнде мәртебелі мамандық иесі саналатын педагогтардың жалақысы көбейді. Бірақ бұл барлығына бірдей деп айтуға ерте. Білім саласында жиған беделі мен жетістігі, жоғары санаттылығы, шәкірттерінің көрсеткіші бойынша басқалардан биік тұрған мұғалімдердің айлық еңбекақысы еселене түсті. Бұл да болса, педагог мәртебесін көтеруге кәдімгідей септесті.
Осы тұста бір «әттеген-ай» дейтін жәйт бар. Мұны білім министрлігіне де айтып келеміз. Жас кадрларды, жалындап тұрған, кеше ғана жоғары оқу орнын бітіріп, мұғалім мәртебесін алған мамандарды жұмысқа қабылдағанда айлық еңбекақысын көтермелеп қойса. Бұл не үшін? Жаңағы жас маманды ынталандыру, демеу, сүйеу үшін. Ал кейін өзінің жұмысының жетістігінің нәтижесіне, еңбегіне қарай үстемелене береді. Өйткені осы күнде институтты тәмамдаған жас мұғалімнің жалақысы 100 мың теңгеден шамалы ғана асады. Бүгінгідей қымбатшылық қос өкпеден қысып, күннен-күнге азық-түлікті де, киім-кешекті де, мүлікті де қымбаттатып жатқанда, бұл жалақы жас педагогтың жұмысқа деген құлшынысын оята ала ма, әлде сөнуге айнала ма? Нарықтың тайғанақ, сырғақ мінезін түсініп болмайсың. Жас маман әдемі киінгісі келеді. Өйткені оқушы мұғалімді менсінбейтін кезеңде өмір сүріп келеміз. Сондықтан да жалақысын шайлығына жететін деңгейге көтеру қажет деп ойлаймын. Мұғалімнен біз көрсеткіш талап етеміз, нәтиже көрсет дейміз. Ал сол межеге бір күнде жетпейтіні белгілі. Бес, он жылдың уақыты қажет, мұғалім өзі пісіп-жетіліп, өзін дамытып, деңгейін көтеріп, жұмысының жетістігін көрсетуі үшін. Ал осындай талапқа сай келуіне оның материалдық, әлеуметтік мәселесі айтарлықтай әсер етеді.

Jaq qazaq: Мұғалімнің мәртебесін көтеру үшін жағдай керек дейміз, педагогтың деңгейі де, өресі де сол талаппен шендесуі керек қой?

Аягүл Миразова: Әрине, мен 50 жылға жуық мектепте педагог болдым. Соның ширек ғасырын директорлық қызметпен өткердім. Мен мұғалімдерге өздерінің беделін көтеруі де, құлдыратуы да өз қолында екенін айтудан жалыққан емеспін. Институтта оқыған, тоқыған білім бір басқа. Мектепте өзіңе тиесілі пәнді тереңдей зерттеп, зерделеп, тамырына бойлау бір басқа.

Жоғары сыныптар үшін мұғалім 5-сыныптан бастап 11-сыныпқа дейінгі өзінің пәніне қатысты барлық материалды етінен өткізіп, сүйегіне дейін сіңірмейінше, баланың психологиясын түйсініп, сезініп, кімге қандай жай керегін ұғынбайынша, біліктілігі артпайды.

Тағы да айналып жалақы мәселесіне тоқталмасқа болмайды. Мұғалімнің жалақысы төмен болған соң қайтеді? Басқа жақтан да табыс көзін іздейді. Әсіресе, қалалық жерлерде. Оқу орталықтарынан, болмаса басқа да мектептерден қосымша сағат алып жұмыс істеуге ұмтылады. Қазақ «екі кеменің басын ұстаған суға кетеді» дегенді тегін айтпаған. Білімі қаншалықты жоғары болғанымен де тиын-тебен табуға ұмтылған соң жүйесіздік орнайды, жұмысының нәтижесі құлдырайды. Қосымша жұмыс істеген адамның негізгі шаруасына деген көңілі алаң тұрады. Мұның барлығы да әлеуметтік жағы.

Мұғалімнің беделі өзінің қолында. Ол білімді, білікті ғана емес, сол өзіндегі бар білімді шәкіртінің зердесіне құя білу керек. Өмірге деген, білім беруге деген көзқарасы өзгеше болуы шарт. Мұғалім мектептің ауласынан енгенде тек алдындағы шәкіртті, соларға тоқытатын білімді ғана ойлауы қажет. Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев жырлағандай, «Тарыдай болып кіріп, таудай болып шығатын» алдындағы шәкірттерінің әрқайсынан ертеңгі елдің тұтқасын ұстар тұлғалар дайындай алатын қасиет қону керек педагогтың зердесіне. Сонда ғана оның ісі өнімді болады. Бойындағы білімін оқушының зердесіне құйып, зейініне тоқи алатын, ата-анамен де, шәкіртімен де тіл табысатын мұғалімді сыйламайтын жан болмайды. Міне, педагогтың беделі деген осы. Бәріміз де ұстаздың алдын көрдік, мұғалімнің шәкірті атандық. Балалық шағыңды, мектептегі албырт кезеңді есіңе түсіріп, ой елегінен өткізгенде жаныңа ыстық болған ұстаздардың есімін ұмытпайсың, үнемі жадыңда жаңғырып тұрады. Осының барлығы да педагогтың беделінен. Қай халықтың айтқанын есіме түсіре алмай отырмын, «Мұғалімнің жүрегі жылы болса, ол барлық адамды жақсы көреді. Ал тілі жылы болса, барлық адам оны жақсы көреді» дейді. Мұғалімнің бойында осы қасиеттер болып жатса, нұр үстіне нұр.

Өзім де мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі, мектеп директоры қызметін атқарып зейнеткерлікке шықтым. Бізді мектептен қанаттандырған мұғалімдеріміздің білімі де, өресі де, зейіні де, талабы да жоғары болды десем, артық емес. Бар пейілі біздің білімді болғанымызды қалайтын. Біз содан қандай шәкірт атандық! Жоғары оқу орнына еш қиындықсыз түстік, оқуымызды тауысып, маман атанып, жемісін жеп келеміз.

Jaq qazaq: Бүгінде білім саласы секілді реформаға ұшыраған, түзетудің де сан түрін көрген өріс жоқ шығар.

Аягүл Миразова: Дұрыс айтасыз, біз өзі шетелге еліктеуден, соларға ұқсаудан жалықпайтын да, ұялмайтын да болдық. Әсіресе, осы білім мен тәрбие саласында өзгеріс те, еліктеу де, көшіру де жиі орын алатын қалыпты жәйтке айналып кетті. Біздің менталитетімізге сай ма, мінезіміз қабылдай ма, оған қарамаймыз, бір саласын қабылдасақ, екіншісін қажет етпейтін қызыққыш болып алдық. Зияткерлік мектеп дедік, оқудың деңгейін, көрсеткішті соған қарап бағалауға бейім тұрамыз. Ал сол зияткерлік мектеппен барлық білім ошағын салыстыра алмайсыз. Зияткерлік мектепке мемлекеттік қазынадан бөлінетін қаржы телегей-теңіз. Басқа мектептерге бұлай емес. Зияткерлік мектептің болғаны дұрыс-ақ, бірақ барлық мектепті сонымен салыстыру қисынсыз.

Jaq qazaq: Мектептің жайын айтып отырсыз. «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген Әл Фарабидің қанатты сөзін қаңтар қырғынында көргендей болдық.

Аягүл Миразова: Рас, біз тәрбие мәселесін ақсатып алдық, оны мойындамасқа амал нешік. Қаңтар оқиғасында соны көрдік. Сол жастар аспаннан жауды ма, жерден шықты ма? Қай ата-ана баласын қоғамды бүлдірсін деп туады, өсіреді? Бұл – қоғамның айыбы, бәріміздің кінәміз. Біз тәрбие мен білімнің тізгінін тең ұстауымыз керек. Жас ұрпақты ұлттық болмысымызға бойлатып, ұлттық тәрбиемізбен өсіру міндет. Адамгершілік, білімге ұмтылыс, тәрбие көргендік, көрегендікке қатысты мысал іздесеңіз, ұлттық менталитетімізден табамыз. Біз дана халық болдық, әлі де солай. Бірақ өзімізді өзіміз бағаламаймыз. Сондықтан шетелге еліктеп реформа жасай берумен білім саласын да, тәрбиені де жақсарта аламыз деу – қисынға қайшы.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев білім саласын жаңғырту, нәтижесін жақсарту, оқулық сапасын арттыру жөнінде оқу-ағарту министрлігіне үлкен міндеттеме жүктеді. Оқулықтарымызды болмысымызға қарай бейімдеу жөнінде тапсырма берілді. «Әліппеміз» қайта оралды, «Сауат ашу» дегенді енгізіп, неше жылдан бергі серігіміз қайта ортамызға оралғанына қуандық. Оқулықтарды жаңартып, жаңғырту, бағдарламаны өзгертуге қатысты үлкен топ жұмыс істегенінен хабардармын. Ағарту саласындағы ғалымдар, ұстаздар бір мүддеге тоғысып, тәрбиенің қандай болатынын, білімнің тұңғиығына бойлаған білікті мамандар тізе қосып жұмыс істеді. Соңғы кездері сол жұмыс тоқырап, соңы сиырқұймышақтанып бара жатқан секілді. Бірақ Президенттің берген тапсырмасы орындалады деген сенімдемін.

Реформа деп, үштілділік деп ұран салдық. Айналайын-ау, балабақшада тілі енді шыққан балаға үш тілде оқыту дегенді қалай түсінеміз? Әлемнің ешбір елінде жоқ сұмдықты ұрпағымыздың сүйегіне сіңіруге ұмтылдық. Ұлттық тамырыңнан ажырату ғой бұл. Тілді оқып үйренуге, тануға қарсы емеспін, Алайда өзінің уақыты келеді, мезгіл мезеті жетеді. Кім болсын, ең алдымен өзінің ана тілін білуге міндетті. Тәубе дейік, елдің наразылығы ескеріліп, Президенттің тапсырмасымен биылдан бастап өзгеріс енгізілді, енді 1-сыныпта шет тілі оқылмайды.

Халықаралық, әлемдік пән олимпиадаларынан алтын, күміс алдық деп мақтанамыз. Дұрыс мақтаныш, неге көрсеткішке төбең көк тіремеске! Бірақ бұл дегенің бүтіндей бір мемлекеттің білім саласының деңгейін анықтап бермейді ғой. Олимпиададан алтын алғанды да, күміспен күптелгенді де, қолаға қолы жеткенді де белгілі бір мұғалім, жетекшісі дайындайды, баптайды. Сол шағын ғана ұжымның жетістігі бұл. Білімнің деңгейін, мұғалімдердің дәрежесін саралау керек болса, біз ауыл мен қаланың мектептерінің ара салмағын салыстыра отырып пайымдауымыз қажет.

Jaq qazaq: Реформаға ұмтыла бергенше, апаттық жағдайдағы мектептердің мәселесін шешу, соны жайғау маңызды емес пе?

Аягүл Миразова: Ірі қалаларда, облыс орталықтарында жағдай басқаша ғой. Ал енді қиыр жайлап, шет қонған шалғай ауылдық жерлердегі құлауға шақ тұрған мектептерді теледидардан көргенде төбе құйқаң шымырлайды. Қабырғасы сөгіліп, іргетасы қақ айырылып, төбесін жел мүжіген мектепте баланың мамандығына кім жауапты деген сұрақ маза бермейді. Анадай апаттық жағдайдағы мектепте білім беруден бұрын баланың тағдыры, өмірі маңызды емес пе? Бетін аулақ қылсын, ертең сол мектептің бірі құласа, оқушыларға, мектеп ұжымына қатер төнбейді дегенге кім кепіл? Кейде сөзіміз бен ісіміз қабыса бермейді, шаруаға шалағайлықтан шығын да шаш-етектен.
Саланы жетелейтін жетекші мамандарды таңдағанда, басшылық қызметке тағайындағанда біліктілігіне мән беру, өзінің атқаратын шаруасын шатқаяқтатпай жүргізетін кадрға, ұстанымы, үні бар маманға тізгін, шылбырды беру маңызды. Ал бізде кейде шаруаның исі мұрнына бармайтындар сайланып жатады. Бұрын мектеп директорының өзін сайлаудың сүзгісі аса қатал еді. Тіпті кәсіби біліктілігі ғана емес, саяси көзқарасына дейін елеп-екшеп барып қана өткізетін. Ал бүгінде мектеп директоры тұрмақ, ірі басқарманың бастығын да бұлай салмақтамайды. Ана тілін білмейтін, мектеп бағдарламасынан, оқыту жүйесінен мүлде бейхабар басшылар да сайланып жатыр. Бұдан кейін білім саласы қалай түзелсін? Ал осы өрісімізді өркендетіп, өртеңге біткен құрақтай құлпырта түсуге түрлі бағдарламасын, идеясын, бағыт-бағдарын беретін, ұсынатын білікті мамандарымыз бар. Бірақ олардың үнін әлгіндей бітеулер естімейді, тыңдағысы да келмейді. Өйткені олар сыңарезуленіп, тек өз айтқаны болуы шарт деген шәлкем-шалыстығына салып, тоңмойын бола қалады. Міне, біздің педагогика саласындағы беделді көтеру, оқу сапасын жақсарту, техникалық-материалдық базаны нығайтудағы шалалығымыз осы. Оқу сапасын жақсарту ең әуелі мұғалімнің өресімен өлшенеді. Оқулық орынды жазылып, бағдарлама барлық талапқа сай келгенде ғана қабылданса, бірізділікке түсеміз.
Қазір жаңа оқу жылына әзірлікті пысықтайтын тамыз мәслихаты өтіп жатыр. Жаңа оқу жылында қандай бағдарламамен оқытады, оқулық жаңарды ма? қандай жаңашылдық енгені тамыз мәслихатында айтылады деп ойламын.

Jaq qazaq: Сіз тәуелсіз еліміздің тарихындағы тұңғыш Қазақстанның Еңбек Ері атағын алған, айрықша ерекшелік белгісі – Алтын жұлдыз «Отан» орденін кеудеңізге тақтыңыз. Өзіңіз айтпақшы, №159 мектеп-гимназияны ширек ғасыр басқардыңыз, сол кезеңдегі мәйекті жетістіктеріңіз үшін батыр атандыңыз. Ұжымыңызды осындай ынтымаққа ұйыстырып, мұғалімнің беделін қалай көтере білдіңіз?

Аягүл Миразова: Мені басшылыққа шақырғанда тәуелсіздіктің елең-алаң алғашқы жылдары еді. Кезінде қазақ мектебі болып ашылып, кейін орыс тілінде оқытатын интернатқа айналып кеткен қарашаңырақты қайтадан қазақ мектебі етіп жарақтап жасақтау ісін маған тапсырғанда ауыртпалық арқама қатты батты. Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалғанда директорлық қызметке тағайындады. Қазақта «Жыртық үйдің Құдайы бар» деген демеу, медеу сөз бар. Тоқсаныншы жылдардағы тоқырауда ауылдан қалаға ағылған қалың нөпір екі қолға бір күрек таппай сенделді. Олардың арасында білікті педагог, майталман маман мұғалімдер де бар еді. Бірінен-бірі естіп, біздің мұғалімдер жинақтап жатқанымызды білген жастар жұмыс сұрап келгенде солардың ішінен сөйлесе келе, түсінісе отырып, өресі мен білім дәрежесіне қарап, сұрыптаудан өткендерін жұмысқа қабылдадық. Солардың ынтымақты жұмысының нәтижесінде осындай дәрежеге жеттік деп бағамдаймын. Мұғалімін өсіру, шыңдау, жеткізу, талабын ұштау – директордың міндеті. Мектебіміз Ы.Алтынсарин атындағы академияның базалық мектебі саналды да, соны пайдаланып жас кадрларға, үйсіз жүрген білікті мамандарымызға жоғары оқу орындарының жатақханасынан орын да алып беруге мүмкіндік болды. Мектебіміздің ашылғанына 10 жыл толғанда Алматы қаласында үздік атандық, сол жылы республикалық сайыста да бас жүлдеге ие болдық. Мұның барлығы да мұғалімдердің шығармашылығын шыңдаудың, ұжым болып атсалысудың жемісі. Бірімізді біріміз тәрбиелеп, өзімізде жоқты ұжымдағы әріптестерден үйреніп, бойымызға сіңіретін едік. Мұғалімдеріміз қандай сайысқа қатыспасын, тайлы-таяғымыз қалмай қолдап, демеп, шашбауын көтеріп жүріп, қамқорлық таныттық. Басшының міндеті әмір беріп, айдауыңа жүргізіп, жусату емес. Алдыңдағы әрбір мұғалімнің отбасындағы, жұмысындағы мәселелерден құлағдар болып, қол ұшын тигізу деп санаймын.

Кейбір мектеп басшылары кадр жинауда біліктілікті ойлаудан гөрі алыс-берісті, ары-бері сырғақтатуды қабыл көреді. Ал есті басшы, басалқы директор «білікті маман тапсам екен, ұжымды сұңғыла педагогтермен жасақтасам, өрлеймін» дегенді ойлайды. Сондықтан да басшылардың негізгі міндеті – білікті, ұстаздарды жинау деп санаймын.

Jaq qazaq: Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан
Қуаныш ӘЛМЕРЕК 

20 тамыз, 14:59
Түркістанда балалардың психологиялық саулығы басты назарда
20 тамыз, 13:45
Шымкентте «QH үй жағдайында мүгедектігі бар балаларды оңалту» жобасы жүзеге асырылуда
19 тамыз, 12:15
InEco Fest 2025: Алматыда экология, инклюзия және қала мәдениетін біріктірген фестиваль өтті
19 тамыз, 11:59
Музыка – жасөспірім жанының айнасы
18 тамыз, 14:54
Заманауи аппараттардан – жақсы нәтиже
16 тамыз, 12:34
Шымкент: Жарты жылда 1181 ерекше бала оңалтудан өтті
15 тамыз, 12:19
Биғайша Нұрғазинова: Ерекше балалар қоғамға кірігуі тиіс
10 тамыз, 21:15
Түркістан: Абайдың сөзі – рухани құндылықтың алтын қазынасы
09 тамыз, 15:04
Бахадыр Мәдәліұлы: Мүгедектігі бар азаматтарға қолдау көрсету – мәслихат пен партияның ортақ міндеті