Аягөз Оралбек: Ерікті болу – алғыс алуға ұмтылу

15 шiлде 2023, 22:49

 

Жуырда Түркістан қаласында екінші Ұлттық құрылтай өтті.  Құрылтайда сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі волонтерлердің де  қоғамның алға жылжуына қосып жатқан үлесі зор екендігіне арнайы тоқталды. Айта кеткен жөн, Ұлттық құрылтай өткен киелі  Түркістан өңірінде еріктілердің  құрған ұйымдары  қарқынды жұмыс істеп келеді. Солардың бірі — Арыс қаласындағы  «Жастар» ұйымы. Бұл ауылда еріктілікпен айналысатын кішігірім ұйым. Бәлкім, олардың атқарған жұмысы көзге еленбейтін де шығар. Бірақ еріктілік – ізгілік десек, ізгіліктің үлкен-кішісі жоқ. Арыстағы «Жастар» ұйымның жетекшісі  Аягөз Оралбекпен әңгімеміз де осы еріктілік пен ізгілік төңірегінде өрбіді.

 

–  «Жастар» волонтерлік ұйымын құрудағы басты мақсат қандай еді? Өзіңіз жетекшілік ететін ұйымның жұмысы туралв қысқаша баяндап, таныстырып өтсеңіз.

– «Жастар» волонтерлік ұйымын құрғанда белгілі бір бізде мақсат болды деуге келмес. Себебі біз 2020 жыл Волонтерлер жылы болып жарияланған кезде қызығушылық болдыя, яғни менде үлкен қызығушылық болған соң өзіммен қатарластарды тарттым. Біздің мақсат кішігірім көмек қолын созу болды. Жұрттан алған бата, мақтауларды естіген сайын біз қызыға түсіп, ары қарай да үлкен істерді қолдан келгенше атқардық. Ал жалпы біздің ұйым 2021 жылы құрылды. Ұйым мүшелерінің  саны  бүгінде артып, 12 адам болдық. Оларға деген алғысым шексіз. Мені қолдап, қолға алған игі бастамаларды жүзеге асыруда еш аянып қалған емес.

–Арыс қаласында  сіздерден бөлек  тағы қандай волонтерлік ұйымдар жұмыс істейді?  Өздеріңіз секілді  волонтерлермен  әріптестік байланыс орнатып, бірлесіп  жұмыс  жүргізесіздер ме?

– Біз Арыс қаласы Ақдала ауылында құрылған ұйымбыз. Көп ұйымның осы «Елбасы медалі» жобасы бойынша құрылғанынан хабардармын. Біз өзге волонтерлермен әріптестік байланыс орнатпадық. Оның да өзіндік себебі бар. Себебі біздің ұйымды көбінесе болмайтын істермен айналысады, ауылда құрылған ұйым деген көзқараспен менсінбеушілік танытқан кездері де болды өзгелердің.  Бірақ мен оған мойымадым. Өзім Түркістан қаласында үш айдан артық байланыс орнату жолдарын қарастырдым. Мен осы «Universal Help House» атты ұйыммен байланысқа шықтым. Олар «біз әлі көптеген қалалармен байланыс орнатамыз» деп қуана қабылдады. Мен оларға жұмыстарымызды таныстырып, барлық ақпаратпен жан-жақты қамтып, мәселенің мән-жәйін түсіндірдім. Бастапқыда біздің таныстық та, бір-бірімізбен пікір алмасуымыз да онлайн болды. Бірақ біздің сол ұйыммен байланысуымыз көпке созылмады. Біз үлкен жобаны қарастырдық, басқа да жобаларды ойға алдық. Кішкентай ауыл көлемінде үлкен істерді іске асыруға болатынына көзіміз жетті.

– Ұйымға мүше өзіңіз мақтан ететін  волонтер  жастар қандай қамқорлық істерді жүзеге асырып жүр?

– Біздің кішігірім ауылымызда тыл ардагері өмір сүреді. Біздің ұйымға мүше жастарымыз сол жанның үйіне барып, үйіндегі шаруасына қолғабыс жасап, шүйіркелесіп, қал-жағдайымен танысып келдік. Ол кісі көпті көрген, сол бір кездегі қиыншылықтарды еске алып, бізге өте қызықты естеліктерін айтып, бәрімізге  батасын беріп, көңілі марқайып қалды.

Көп балалы анаға сыйлық жасадық. Біз  Әділхановтар отбасына барып қайтқанбыз. Отбасында  7 бала бар. Үлкен қызы оқуда, одан кейінгі баласы егінде екен. Анасы бес кішкентай балаларымен үй шаруасында екен. Ақ жаулықты анаға өзіміздің сыйлығымызбен қатар  балаларына балмұздақ апардық. Ана да мәз, балалары да өте қуанып, мәре-сәре болды. Мұндай қуанышты көргенде ерекше сезімге бөленесің.

Одан кейін  Арыс қаласындағы балалар үйіне барып қайттық. Нақты айтсам, ол кезде ұйым ішінен өзім ғана барып келдім. Арыс қаласынан өз шаруаларымен басқа жандар да барды, ал мен ерікті ретінде бардым. Балалар үйінде жүрек елжірететіндей сәттер болды. Кішкентай ғана балалар бізді көре салып, өздерінің туыстарын көргендей мәз болып, алдымыздан жүгіріп шықты. Біз оларға тәттілер мен жеміс-жидек апарған едік, соны үлестірдік. Қызықты ойын ойнатып, жүлделер арнап, аз да болса көңілдерін аулап қайттық.

Осы арада не себепті мен ерікті ретінде жалғыз бардым деген сұрақ туындағаны анық. Себебі мен өзім құрған ұйым мүшелерімен бірігіп, балалар үйіне кіруге рұқсат ала алмадым. Бізге ешкім рұқсат берген жоқ. Ең қынжылдататыны да осы жағдай. Мен сол себепті рұқсат алғандармен өзім ғана барып қайтуға тура келді.

– Ұйым жұмысын жандандыру мақсатында қандай іс-шаралар жүзеге асырылып келеді? Түрлі форум, басқосулар өткізіле ме?

– Ия, әрине, бас қосуымыз жиі-жиі өтеді. Арада бір апта өтіп  бір іспен айналыспасақ, ішіміз пысып бір-бірімізді іздеп кететінбіз. Біздің бас қосу құр әңгіме айтып жоспар құрып кете салу емес. Біз бір жерді жоспарлап, бәріміз бірігіп, тым болмағанда ауылымыздың шет жағына барып қоқыс теріп қайтатынбыз. Біздің бас қосып жоспарлауымыз осылай болатын.

– Жуырда Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «еріктілер — қоғамның қозғаушы күші» екенін айтты. Сіздің ұйым өзін осылай сезіне ме?

– Біз ерікті деп кімдерді айтамыз? Алдымен осыған тоқталсам. Ерікті деген, менің білуімше, халыққа көмектесуші, жауапкершілігі мол адамдар, Көбіне бұл қатарда студенттер мен еліміздің белсенді жастары болады. Олардың басты қызметі — кез келген істі, жұмысты жұмыла көтеру. Еріктілер жалғыз өзі немесе топ болып жұмыс істейді. Ол өз еріктерінде. Олардың негізгі айналысатын жұмыстары жетімдерге, мүгедектерге немесе қарттар үйіне барып, оларға қолдарынан келгенше көмек көрсету. Ал олардың белгілі бір мереке кезінде қоғамға мемлекет мүддесі үшін өз еріктерімен көмекке келуі де «ерікті» әрекеті саналады. Еріктілер — әр түрлі жұмыстарды ақысыз атқаратын, өз еркімен қоғамдық жұмыс атқаратын қайырымды жандар.   Волонтер жас талғамайды. Жастың да, кәрінің де қолынан келетін жұмыс.

Мен жоғарыда қандай істер атқарғанымызға тоқталдым. Тағы айта кетсем, ауылымызды күшіміз жеткенше қоқыстан тазартуға атсалысамыз. Мектепке де барып, көмек беруге тырысамыз. Мәселен, асханадағы апайдың көзі нашар көретін. Сол себепті ыдыс-аяқ жуысып, балалардың тамағын тасуға көмектесеміз. Кітапханадағы апайдың аяғы ауыратын. Мен кітапхананы шаңнан тазартып, кітаптарды орналастыруға жәрдемдестім. Сондай-ақ мектеп ауласындағы қоқыстарды жинаймыз. Біздің мектепте санитарлық жұмыспен де үлкен апайлар айналысқандықтан, оларға да көмек берген болатынбыз. Осылайша, қай жерде көмек керек, сол жерден табылуға тырысамыз.

— Сіздіңше, ерікті  болу үшін адамға қандай қасиет керек?

– Еріктілік – алғысты тыңдауға деген іңкәрлік дер едім. Ерікті болу үшін жүректе бір жылу болу керек деп ойлаймын. Ерікті – өз қалауымен әрі шын жүрегімен көмектесетін және орнына ештеңе сұрамайтын адам. Олар адамдардың алғысына бөленіп, игі істерге мұрындық болып жүрген азаматтар, азаматшалар дер едім. Істеген ісіне қаражат алып немесе біреудің күштеуімен емес, көмекті өз еркімен көрсетеді. Егер де қандай да бір табыс тапқысы келіп, дәмететін болса, олар жұмысшы есебінде саналады. Екеуінің аражігі осы.

Мен көмек қолын созудан рахат табатын адаммын. Көмегімнен кейін біреудің жүзі қуанышқа бөленсе болды, өзіме тиімсіз болып тұрса да жәрдем етемін. Осыдан өзімді жеңіл сезініп, бойыма қуат жинаймын.

– Сіздердің ұйымға мүше болғысы келетін жастардың қатары көп пе?

— Шыны керек, қазір адамдардың кейбірі  тегін нәрсе істегісі келеді деу қиын. Еріктілік – бұл өтеусіз қызмет. Еріктілерге ақы төленсе, ерікті деген не деген сұрақты ешкім қоймас еді. Жалпы еріктілікпен белсенді айналысатын студенттер мен жастар үшін бонустар жүйесін енгізу керек шығар. Өйткені еріктілік — еңбек құндылығының ең көрнекті дәлелі. Қазір өсіп келе жатқан ұрпаққа берілуі тиіс іргелі құндылықтардың, білім мен тәжірибенің уақыты келді. Әрине, еріктілерді ынталандыру маңызды. Бұған алғыс хат, марапатпен көтермелеу. тегін жол жүру және т.б. жеңілдіктер көрсету кіреді. Мен нақты айлық, ақша төленсін демеймін. Еріктілер де көзге көріну керек. Оларға әкімшіліктен кішкене көмек көрсетілсе де, соның өзі құлшындырады деп ойлаймын.

– Сіздің ұйымның қайырымды жандар, меценаттармен байланысы қалай, қайырымдылық шараларын бірлесіп атқарасыздар ма?

–Мен жоғарыда нақтылап айта кеттім, біз жалпы ешкіммен байланыста болып іс-шара ұйымдастырған жоқпыз. Біз өзімізше жеке-дара ұйым болдық. Қолдан келгенше еріктілікпен айналыстық. Алдағы уақытта да бұл жұмыстарымызды жалғастыра береміз.

— Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Қуаныш Рахмет

 

 

 

09 тамыз, 14:35
Түркістан: Жасөспірімдерге арналған профилактикалық іс-шаралар өтуде
08 тамыз, 10:38
Мақсат Мақтабек: Заң – азаматтардың қорғаны
08 тамыз, 10:29
Түркістан: Қоғамдағы қауіпсіздік – тәртіп сақшысының күнделікті жұмысы
07 тамыз, 14:33
Түркістан: Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жолын кесу және пробация
07 тамыз, 14:01
Түркістан: Тұрғындардың құқықтық сауатын арттыруға арналған шаралар
05 тамыз, 14:39
Түркістан: Қауіпсіздікті сақтау маңызды
01 тамыз, 16:07
Түркістан: «Қауіпсіз қоғам» жобасы - қоғам айнасы
01 тамыз, 11:27
Түркістан: Жазғы демалыстағы қауіпсіздік шаралары
29 шiлде, 15:38
Түркістан: Үздік полицейлер марапатталды