Абай облысында түрлі салаларды қамтитын 38 инвестициялық жоба іске асып жатыр. Солардың ішінде Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған Бақты — Аягөз теміржол құрылысының орны бөлек. 272 шақырымдық күретамыр аталған аймақтан тікелей Аспан асты еліне шығуға мүмкіндік береді. Жүк тасымалы тұрғысынан аса тиімді жобаның тағы бір ерекшелігі – өңір Қытай, Ресей және Орталық Азияны бір-бірімен байланыстыратын маңызды көлік-логистикалық хабына айналғалы тұр.
Облыс әкімі Берік Уәли биылғы маусымда Семейде өткен «Туған жерге туыңды тік» атты инвестициялық форумда аймақтың артықшылығы ретінде географиялық орналасуымен халықаралық көлік дәліздеріне шығуға қолайлы екенін атап өтті. Шынында да, шойын жолмен Қытай мен Еуропаны жалғайтын халықаралық Транскаспий көлік бағытына қосылуға, сондай-ақ Солтүстік-Оңтүстік дәлізі арқылы Парсы Шығанағы мен Үнді мұхитына жетуге болады.
Өндіріс ошағы көп, қазба байлығы мол, мал шаруашылығы дамыған Шығыс өңірден әлемдік базарға апаратын тағы бір төте жол бар. Ол ресейлік сарапшылар жиі жазып жүрген — Ертіс арқылы Сібірдегі Обь өзеніне жетіп, одан әрі қиыр терістіктегі теңіздерге ұласу. Соңғы жылдары ғаламдық жүк тасымалында негізгі күретамырға айналған Суэц каналында кідіріс көбейіп, логистиканың күйі кете бастады. Тауардың діттеген жерге межелі мерзімде баруына алаңдаған ірілі-ұсақты компаниялар жаңа сүрлеу іздеуге кірісті. Солтүстік теңіз жолы сондай оңтайлы бағыт. Осыған орай, осы аймақта өзен портын салу көзделіп отыр.
Бақты — Аягөз теміржолына оралсақ, үшінші шекара өткелі (Бақты – Шәуешек) жыл сайын Қазақстан мен Қытай арасындағы жүк тасымалы көлемін қосымша 20 млн тоннаға арттыруға септігін тигізеді. Осы желі арқылы Абай облысымен қатар, Шығыс Қазақстан, Павлодар және өзге өңірлерден келетін жүк тасымалданады. Бұл, сөз жоқ, өңірлердің өркендеуіне ықпал етеді.
Оңтайлы көлік-логистика мен замануи инфрақұрылым Абай облысында бірқатар индустриалдық жобалардың іске асуына септігін тигізеді. Аталған инвестициялық форумда осыған қатысты бірқатар деректер айтылды. Мәселен, «SUTO KAZAKHSTAN» компаниясы қытайлық кәсіпкерлермен бірге Семейдегі «Өндіріс» индустриалдық аймағында чип және электронды қондырғылар жасайтын зауыт құрылысын бастады. Жобаның жалпы құны 50 млн долларды құрайды. Cонымен қатар, Қытайдың «XinYi» компаниясымен қонақ үй, коммуналдық базар және әкімшілік-іскерлік орталықта орам (квартал) құрылысын жүргізуге қатысты келіссөз жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, қазір 96 гектарды құрайтын осы индустриалдық аймақта тағы төрт жоба қолға алынды. Жергілікті және шетелдік инвестор тарапынан қызығушылықтың артуы индустриалдық аймақты кеңейту қажет боп тұр. Облыс әкімдігі осыған орай оның аумағын 600 гектарға дейін ұлғайтпақшы. Бұл өз кезегінде өңірдің индустриалдық-инновациялық тұрғыдан өркендеуіне септігін тигізеді.
Ауқымды жобалардағы құрылыс жұмыстарына қажетті материалдарды жеткізуде тасымалдың зор рөл атқаратыны белгілі. Міне, осыдан-ақ, Бақты — Аягөз теміржолының алыс-жақын өңірлермен көлік қатынасы мен тасымалдауды анағұрлым жеңілдететінін көреміз. Бұл тамақ өнімдерін, соның ішінде ет экспортын да қамтиды. Айта кеткен жөн, кезінде атағы алысқа кеткен Семей ет комбинаты болды. 90-шы жылдардың соңына таман қаржы қиындығынан жабылып қалған болатын. Енді «Eurasia Agro Semey» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тиімділігі мол осы кәсіпті жаңғыртуды көздеп отыр. Құны 8,4 млрд теңгені құрайтын жоба іске асқан кезде жаңа комбинатта жылына 12 600 тонна ет өндіріледі. Өндіріс ошағы жер-жерде мал бордақылау ісін дөңгелетіп, ауыл шаруашылығы кластерінің дамуына да ықпал етеді. Ең бастысы, шаруа қожалықтары маңдай термен өсірген малын лайықты бағаға өткізе алады. Сондай-ақ, дайын өнім шет мемлекеттерге де жөнелтіледі. Алып Қытай нарығында біздің табиғи ет пен ұн сияқты табиғи өнімдерге сұраныстың жоғары екені мәлім. Сол себепті, Аспанасты елі ең ұтымды бағыт болып табылады. Бұл ретте әңгімемізге арқау болған Бақты – Аягөз теміржолы тауар тасымалында ең төте әрі оңтайлы логистикалық шешімге айналады.
«Қазақстан Темір Жолы» ұлттық компаниясы хабарлағандай, күретамыр бойында 11 станса, 47 көпір, 23 теміржол және 8 автокөлік өткелі салынады. Бұған қоса, жаяу жүргіншілерге арналған 5 көпір салу жоспарланып отыр. Жаңа жұмыс орындары ашылып, жергілікті тұрғындарға кәсіп табылады. Жалпы, 2027 жылы аяқталатын құрылыс жұмыстарына 1700 адам тарту көзделген.
Айта кеткен жөн, жалпы құны 577,5 млрд теңгені құрайтын жобада мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің де үлесі бар. Бұл соңғы жылдары елімізде мұндай ауқымды жобаларға инвестор тарту мәселесі оң шешімін тауып жатқанын жатқанын көрсетеді.
Талап Тілеген
Сурет: ҚТЖ баспасөз қызметі
Инфографика: primeminister.kz