Авторлық кинода қатыгездік көп

24 ақпан 2017, 11:29

Авторлық кино дүниетанымның толық ашылуына мүмкіндік береді. Ең бастысы, осы еркіндікті дұрыс мақсатқа қолдану маңызды. Идеяның түпкі мақсаты – адамзаттың адамшылдық қасиетін сақтауға негізделсе ғана құнды болып табылады.

Қазақстанның авторлық кино бағытындағы жаңа буын өкілдері алдарына өте өткір әлеуметтік мәселелерді қоя білді. Батыл түрде жауабын іздеген. Көркемдік шешімдер жасаған. Танымдық тұрғыдан баға берген. Жаратылыстың заңдылықтарын түсінуге, түсіндіруге тырысқан.

Авторлардың дүниетанымы назар аударарлықтай. Олардың ішіндегі күй бүгінгі қоғамның дәл диагнозын қоюға мүмкіндік береді. Жас режиссерлердің көтеріп отырған күрделі әлеуметтік мәселелері көптеген сауалдардың жауабын іздеуге, зерттеуге мәжбүрлейді. Қоғамның ішкі қайшылықтарына деген жас режиссерлердің қарсылықтары бейне бір мағынасыз сайқымазақ ойындардың бетпердесін шешіп тастағандай.

Адамдарды әділдікті сүюге үйрету үшін, оларға әділетсіздіктің нәтижелерін көрсету қажет. Жаңа буын режиссерлері де қоғамдағы әділетсіздіктің нәтижелерін аша отырып, әділдікке деген тура жол іздейді. Олардың фильмдеріне тән ортақ қасиет те осында.
Фильмдерінің мазмұнына тән ортақ ерекшелік – ізденіс, тереңдік, ұтымды көркемдік шешімдер. Күрделі тақырыптармен жұмыс жасай білген. Көтеріп отырған сауалдары таңғалыс тудырады. Жас та болса ойлары озық. Эмир Байғазиннің «Асланның сабақтары», Әділхан Ержановтың «Қожайын», Жасұлан Пошановтың «Шлагбаум» фильмдері олардың дүниетанымының көрсеткіші.

Е.Вейцман: – «Интеллектуальды кино кең мағынада – нақты шындықты философиялық тұрғыда түсіндіру» деп анықтама береді. Осы авторлық кинода режиссерлер бар болғаны ақиқаттың өз жеке қабылдауларындағы пәлсапалық тұжырымдарын ғана ұсынады. Ол кейде өмірдегі нақты шындықпен үйлесім таппауы да мүмкін. Алайда кемел авторлардың кей еңбектерінен нақты шындықтың келбетін танудың да мүмкіндіктері зор. Олардың ойлары арқылы белгілі бір қоғамның даму бағытын, оның ішкі шындығын, әлеуметтің күйін аңғаруға болады. Авторлардың көтеріп отырған тақырыпқа қатысты ойлары олардың дүниетанымдарының деңгейін айқындайды.

Эмир Байғазиннің «Асланның сабақтары» фильмі жасөспірімдер мәселесін қамтығанымен, көтеріп отырған мәселесі өте ауқымды. Тіршілік үшін күрестің формуласын аша білген. Әлімжеттік жасау, жан сақтаудың анайы күресі. Картинаның табиғаты қатыгездіктің күшін сезіндіреді. Адамның болмысы өктемдік ету мен қорғану күйіне түскенде анайы айуандық кейіпке ене алатындығын көрсеткен.

Жасөспірім жастағы оқушылардың қоғамдағы өз орнын айқындауға деген алғашқы нышандарын психологиялық тұрғыдан зерттеген. Бұл үлкен өмірдегі тіршіліктің күресіне дайындықтың үлгісі. Ер балалардың бұл жастағы өз мәртебесі мен беделін қалыптастырудағы өтпелі де қиын шағы қамтылған. Жасөспірімдердің өзара бәсекелестігі олардың жеке тұлғалық мінездемелерін ашады. Алайда өмірде көп жағдайда сыртқы көрсеткіш емес, ішкі үйлесім заңдылығының шешуші рөл атқаратындығын дәлелдеуімен режиссер ұтымды шешім жасаған.

Режиссер адам бойындағы тіршілік үшін күрестің нышандарын табиғат заңдылықтарына сүйене отырып, салыстырмалы түрде теңеулермен түсіндіреді. Адамның рухы азғындаса, жыртқыш аңға ұқсайды. Алайда өмірде үлкен мақсатыңа жету үшін, күресте жеңіліс таппау маңызды. Ол үшін құрбандығын құрығына түсіре білетін жыртқыштың кейпіне енудің мысалдарын көрсетеді. Дарвин ілімінің заңдылығын қолданған.

Яғни жануарлар сияқты адамдардың табиғаты да тіршілік үшін күресте белгілі бір ортаға бейімделу қабілетіне қарай сұрыпталып, әлсіздердің жойылып, мықтылардың ғана бой көтеретіндігін айғақ ретінде алға тартады.

Фильмнің идеясын режиссер қарама-қайшы ұстанымдарды салыстыру арқылы жүзеге асырған. Көрерменнің өзі үшін шешім жасауына мүмкіндік береді. Фильмде Махатма Гандидің де күрес жүргізуде бейбіт келісімге келу маңызды деген қағидасын қолданады. Адамның өзгеге өктемдік жасай отырып, оны жеңдім деп масат тұтуы, шын мәнінде, өзінің әлсіздігінің көрсеткіші екендігін кейіпкерлері арқылы ашқан. Мықтылық пен жеңімпаздықтың тек ақылдың күшімен өлшенетіндігін алға тартады. Автор адамның болмысы табиғаттың үйлесім заңдылығының ажырамас бір бөлігі деген тұжырым жасайды.

Келесі, Әділхан Ержановтың «Қожайын» фильмі де осы тіршілік үшін күрес тақырыбымен өзара үндес. Автор бұл фильмде мәселені биліктің күші тұрғысынан ашады. Әлемді кім билейді?! – деген күрделі сауалдың жауабын іздеген.

Қысым. Қоғамдағы өткір әлеуметтік мәселелер. Шарасыздық. Туыстық қатынастар. Мүлік үшін күрес. Мемлекеттік жүйе. Тонау. Орындалмайтын уәде. Сатқындық. Өзін-өзі алдап, күнелтіп дағдыланған қоғамға – өткір сын. Бұл – фильм авторының дүниетанымы. Ішкі күйі. Шығармашылық – диагнозы. Нүктесі – кімнің құқы қаншалықты, сонда қожайын кім? – деген сауалды көпшілікке тастайды.

Кино тілімен – көркем, шебер бейнелік шешімдер жасаған. Бір жұпыны, төрт қабырғасы тозған үйдің меншіктік құқының айналасында күрделі мәселелерді төңкерген. Бетперде шешілген. Бейне бір жындыхана дерсің. Рухани есеңгіреу мен ес жиюдың ортасындағы қоғамның адами келбетін іздеудің үдерісін ұтымды ашқан. Қоғамдағы жәйттарға деген режиссердің көзқарасы көп сауалдың төңірегінде ойлануға итереді.

Әлемді кімдер билейтінін келесі Жасұлан Пошановтың «Шлагбаум» фильмі түсіндіріп, нүктесін қояды. Билік. Мәнсап. Материалдық байлық. Бәрін шешеді. Осы ойды автор әлеуметтік теңсіздік тұрғысынан ашады. Қоғамда барлығы бірдей емес. Бірдей болмайды да. Теңесу мүмкін емес. Бай мен кедей болып бөлінудің жаңа нарықтық замандағы үлгісін жастардың бейнесі арқылы көрсетеді.

Қоғамды жіктеу түрлі ішкі психологиялық қайшылықтардың негізі. Шлагбаум бейнелік тұрғыдан осы айырманы түсіндіреді. Әлеуметтік теңсіздік екі түрлі әлемде өмір сүріп жатқан қоғамдық сана. Бірі – материалдық, екіншісі, рухтың күшіне сенеді. Автор осы санада түбегейлі өзгеріс болғанын қалайды. Материалдық тұрғыдан жіктеліп, бөлінудің салдары қоғамның келешегіне деген сенімінің, біртұтастылығының жоғалуына, рухани дертке әкелетін басты нышан ретінде қарастырады.

Фильмде осы әлеуметтік теңсіздікке деген қарсылық пен ызаны екі түрлі болмыс пен таным-түсініктегі кейіпкерлер арқылы ашып көрсетеді. Автор қызықты шешімдер жасайды. Кінәлі кім?! Мағынасыз күрестердің артында тұрған кім?! Осы сауалдардың жауабын береді.

Жастар кінәлі емес. Берілген тәрбие. Зардабын білсе де, жол ашып отырған қоғам. Азғындаған пейіл. Жалған әділдікті ақшаға сатып алуға машықтанған орта. Адамдық құның көк тиын. Әлемді билік кімде, сол билейді. Келешегің үшін күресе білмесең, ұтыласың. Күрес те әділ жүрмейді. Әлеуметтік сана бәрібір теңеспейді.

Теңестіретін күш – сананы емдеу. Оған да кепілдік жоқ. Аға буын кепілдік бермейді. Себебі басты ойыншы солар. Кінәлі де солар. Ұрпағына таңдау жасауға мүмкіндік бермейтін. Өз дәуірінің дертін емдемейтін. Фильмнің финалындағы дабыл осы теңсіздікті қолдан жасап отырған аға буынға, жалпы бүгінгі қоғамға жастардың жанайқайы ретінде теңеулік мағынада ұтымды берілген.

Жаңа буын режиссерлерінің фильмдеріне тән ортақ ерекшелік бар. Бұл – қатыгездік. «Зорлық, қатыгездік – жан азабынан» – дейді Ким Ки Дук. Экрандағы қатыгездік – қатыгездікті эмоциялық есеңгірету үшін қолданбайды, бұл жан дүниемізде жинақталып қалған жан азабының көрінісі» деген тұжырым жасайды. Егер жас режиссерлердің фильмдеріндегі осы қатыгездік сарын басым болса – демек, бұл олардың дүниетанымының бір бөлшегі. Ішкі күйі. Қоғамнан алған әсері. Қабылдауының нәтижесі. Көзқарастарының жүйесі. Танымдық тұрғыдан берген бағасы. Дүниетанымы.

Гүлзат КӨБЕК, кинотанушы, өнертану PhD докторы

30 тамыз, 23:58
Түркістан: Полиция департаментінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жедел кеңес өтті
30 тамыз, 23:55
Түркістан полициясы Конституция күнін атап өтті
30 тамыз, 23:53
Түркістан облысында Конституциямен құрдас 140-тан астам полицей қызмет етеді
30 тамыз, 23:51
Түркістан полициясы Конституция күніне орай бірқатар іс-шара өткізді
30 тамыз, 1:50
Түркістан: Есірткіге қарсы ымырасыз күрес
28 тамыз, 19:46
Түркістан: Мереке қарсаңында 180-нен астам полиция қызметкері марапатталды
28 тамыз, 14:57
Түркістан: Арыс ауданында профилактикалық іс-шаралар өтуде
27 тамыз, 15:06
Бекзат Бекжанұлы: Қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндетіміз
26 тамыз, 15:52
Түркістан: Мопед тізгіндеушілер, мал ұрлығы және жоғалған бала