
Отандық және шетелдік әуе компаниялары әр жетіде 144 халықаралық бағыт бойынша 842 әуе сапарын орындайды. Ұшақтар отын ретінде түгелімен авиакеросинді пайдаланады. Осыған орай, «неліктен керосин?» деген орынды сауал туындайды. Өйткені жер бетіндегі көліктің дені бензинмен жүреді. Бұған «ҚазМұнайГаз» Ұлттық мұнай-газ компаниясы (ҚМГ) мамандарының жауабы дайын: керосин аспандағы аязда қатпай, сұйық қалпын сақтайды. Тұтануы да қиын. Құрамында энергия көп, әрі қозғалтқышты (мотор) салқындатып тұрады.
Міне, осы ерекше отын өндірісі 744 мың тоннаны құрады. Биылғы 8 айдағы (қаңтар-тамыз) көрсеткіш — 485 мың тонна. Еліміздегі мұнай өңдеу зауыттары өз мүмкіндіктерін жетілдіріп, 2032 жылға қарай өндіріс көлемін 1,5 млн тоннаға жеткізуді көздеп отыр. Қазірдің өзінде отандық ірі әуе компаниялары авиакеросинмен толық қамтамасыз етілген. Ішкі нарықта импорттық өнім шетелдік тасымалдаушыларға арналған. Осы саланың сарапшыларына жүгінсек, сұраныстың артуы әуе рейстерінің көбеюі және шетелдік компанияларға «аспан еркіндігінің» 5-ші дәрежесінің берілуімен байланысты. Оған сәйкес, енді шетелдік тасымалдаушылар Қазақстан мен үшінші елдер арасында әуе рейстерін орындай алады. Биыл шілдеде өткен брифингте Үкімет басшысының орынбасары Роман Скляр осы жүйенің еліміздің барлық әуежайларында жұмыс істеп тұрғанын хабарлады.
Бүгінде еліміздің авиация саласы ТС-1 және РТ сияқты отынның екі түрін пайдаланады. Ал замануи технологияның жетістігіне сүйенетін дамыған елдерде Jet A-1 маркасын тұтынады. Екеуінің айырмашылығы – сапада. Соңғысы терең гидротазалаудан өтеді. Бұған қоса, түрлі климаттық жағдайда мінсіз жұмыс істеуге бейімделген қоспалары бар. ҚМГ өзіне қарасты мұнай өңдеу зауыттарының кейбір құрылғыларды ауыстыра отырып, отынның жаңа түрін өндіруге техникалық тұрғыдан дайын екенін хабарлады. Жаңа отынға көшуде әуежайлардың дайын болуы маңызды. Осыған орай, биылғы наурыз айында «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқармасының төрағасы Асхат Хасенов пен ICAO Еуропа және Солтүстік Атлантика бюросының директоры Николя Ралло арасында өткен кездесуде Қазақстанның халықаралық авиаотын стандартына өту жайын талқылағаны мәлім. Осы басқосуда еліміздегі әуежайлардың отын инфрақұрылымын жаңғырту мәселесі жан-жақты сөз болды. Айта кеткен жөн, ҚМГ-ның еншілес «ҚазМұнайГаз –Фэро» компаниясы осы әуежайлардағы авиаотын жүйесі құрылысы мен жаңғыртуды көздейтін инвестициялық жобаларды іске асыру жөнінде бастама көтерді.
Әуе тасымалында Jet A-1 маркасын қолдану экологиялық жағынан таза әрі тұрақты SAF (Sustainable Aviation Fuel) авиаотынын енгізудің негізгі шарты болып есептеледі. Оны дәстүрлі Jet A-1 авиакеросиніне қосып пайдаланған кезде ауаға тарайтын парник газының шығарындысын 95 пайызға дейін азайтуға болады.
SAF өндірісінің ерекшелігі – мұнаймен байланысты емес. Отынды өсімдіктен, біздің жағдайымызда биоэтанолдан алуға болады. Осы мақсатпен СҚО-да бірлескен кәсіпорын салу қолға алынды. Өткен қыркүйектің аяғына таман Нью-Йорк қаласында ҚМГ басшысы А. Хасенов американдық LanzaJet технологиялық компаниясының Бас атқарушы директоры Джимми Самарцис және коммерциялық мәселелер жөніндегі вице-президенті Стефан Тионмен кездесті. Тараптар осы өндіріс ошағына қатысты жоба бойынша дайындалған техникалық-экономикалық дәйектемені бекітті. Ендігі жерде нақты жобалау жұмысы басталады. Бұл кезеңде зауыт құрылысы бойынша барлық техникалық және экономикалық шешімдер әзірленеді. Айта кетейік, бірлескен жобаны «LanzaJet» пен бидайды терең өңдеуде мол тәжірибесі бар отандық «BioOperations» компаниясы асырады.
Мамандар болжамына сәйкес, 2030 жылға қарай елімізде SAF отынын тұтыну көлемі 70 мың тоннаға жетуі мүмкін. Бірегей кәспорын бой көтергенде еліміз авиотын өндірісі бойынша аймақта көшбасшы болып қана қоймайды. Транзиттік әлеуеті де анағұрлым артады.
Срайыл Смайыл
Сурет: pixabay.com