Ауыл әкіміне үш сұрақ

14 ақпан 2022, 11:03

Өткен жылы ел тарихында тұңғыш рет ауыл әкімдерін халық өзі сайлады. Бағдарламасы жақсы үміткерлердің бағы жанып, тұрғындар өз таңдауын жасады. Міне, содан бері алты айдан астам уақыт өтті. Жұмысқа құлшына кіріскен әкімдер не тындырды?

Осы орайда Jas qazaq жаңа жобаны қолға алды. Ауыл тұрғындары газет арқылы өз әкіміне сауал жолдай алады. Жауап – әкімнің еншісінде.

Бұл жолы Алматы облысы Қарасай ауданы Елтай округіне қарасты «Береке» ауылының тұрғындарын мазалаған сауалдарға осы ауылдың әкімі Біржан Манатұлы жауап берді.

Ботагөз Жөкенқызы, ауыл тұрғыны:

«Береке» ауылындағы «Астана» көшесінің бойында тұрамын. Жылда «әкімдіктен қаржы бөлінеді, жақында жол жасалады» дегенді естиміз. Соңғы рет сізбен кездескенде жол мәселесі алдағы өтетін «Нұр Отан» партиясының съезінен кейін белгілі болады дедіңіз. Съезд өтті. Енді нақты жауап берсеңіз, ауыл көшелерін асфальттау қашан жүзеге асады?

Әкімнің жауабы:

Біздің ауылдағы тұрғындар саны жыл сайын артып келеді. Жаңа үйлер салынуда. Сондықтан көшелерді асфальтпен жабдықтау күн тәртібінде тұрған өзекті мәселе. 2019 жылдан бері жобалық-сметалық құжаты дайындалып, қанша қаржы жұмсалатыны да есептеліп қойған. «Береке» ауылында 14 көше бар, соның төртеуіне ғана асфальт төселген. Былтыр 2 көше жасалды. Биыл Елтай ауылындағы бір көшеге, Көкөзек ауылындағы бір көшеге және Жармұқанбет ауылындағы бір көшеге тас төсеуге қаржы бөлінді. Жалпы округ бойынша жөндеуді қажет ететін 60 көше бар. Мұны бір жылда бітіру мүмкін емес. Мен мәселені ретімен шешуге уәде бердім, орындауға кірісемін. Алдағы уақытта бюджеттен қаржы бөлінсе, бірден бастап кетуге дайынбыз. Жыл енді басталды. Ауыл тұрғындарын көп ұзамай жақсы жаңалықпен қуантамыз деген ойдамын.

Оразкүл Құрманқұлова, ауыл тұрғыны:

Ауылдағы су мен жарық жекенің меншігінде. Бір ауылда тариф әр түрлі. Мысалы, ауылдың ортасында тұратындар жарықтың 1 киловатына 23 теңге, ал шеткі көшедегілер 22 теңге төлейді. Ал дүкені барлар 25 теңгеден төлейді. Жарық пен су қашан мемлекеттің меншігіне өтеді?

Әкімнің жауабы:

Елтай ауылдық округінде 9 ауыл мен 26 саяжай бар. Жарық тарату жекеменшік кооперативтерге тиесілі екені рас. Өйткені жарық тарататын трансформаторларға жеке тұлғалар иелік етеді. Сондықтан бағаның әр түрлі тарифте төленіп жатқаны бізге мәлім. Елтай ауылдық округі бойынша коммуналдық қызмет көрсететін мекемелер мыналар: «BeyazhTrans» ЖШС – электр жарығы, газ, су; «Алматгазсервис Холдинг» АҚ – газ; «Хангелді-су» ЖШС – су, қоқыс шығару; «Даниял» ЖК – қоқыс шығару. Жоғарыда аталған мекемелердің тарифі ұлттық экономика министрлігі табиғи монополияларды реттеу комитетінің Алматы облысы бойынша департаменті мемлекеттік мекемесімен бекітілген.

Ауылда жаңа үйлердің құрылысы жыл сайын артып келеді. Бағана орнатып, жарық тарту да тұрғындарға үлкен салмақ. Жарық таратуды мемлекет меншігіне өткізу де оңай шаруа емес, оның өзінің стандартқа сай талабы бар. Бүгінде «Алатау Жарық» компаниясымен келіссөз жүргізіп, ауылдарды бірыңғай жарықпен қамтамасыз ету мәселесін қарастырудамыз.

Қанат Ұрынбаев, ауыл тұрғыны:

Елтай округінде 9 ауыл бар. Ал аурухана «Береке» ауылында ғана. Басқа ауылдарда аурухана жетіспейді. Халық саны жылдан-жылға артып келеді. Қазір індеттің өршіп тұрған кезі. Науқастар Қаскелеңге, онда орын болмаса Өтеген батыр кентіндегі ауруханаға жатқызылады. Тұрғындар үшін ол тым алыс. Күн тәртібінде ауылдарға аурухана салу мәселесі бар ма? Болса, қашан салынады?

Әкімнің жауабы:

«Береке» ауылы — Елтай ауылдық округінің орталығы. 9 шағын ауылдан келген науқастар «Берекеге» келеді. Орын тапшылығынан аудандық ауруханаға жіберуге мәжбүр. Бірақ халықтың санын да ескергеніміз жөн. Өйткені біздегі шағын ауылдардағы халық саны емхана салуға жетпейді. Оның да өз талабы бар. Әрине, тұрғындардың денсаулығы біз үшін маңызды. Сондықтан тұрғындардың өтінішін қабылдап, тиісті органдарға жолдаймыз. Әр елді мекен бойынша халық саны нақтыланатын болады. Үлкен емхана болмаса да, шағын ауылға амбулаториялар салынуы мүмкін. Бүгінгі күні Исаев ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның құрылысына жер телімінің құжаттары әзірленуде. Сондай-ақ Көкөзек ауылында дәрігерлік амбулатория салу үшін жер телімі қарастырылып жатыр.

Дайындаған Мақпал Ноғайбаева

P.S.

Өз әкіміңізге сауал жолдағыңыз келсе, газет редакциясына хабарласыңыз.
Телефон: 8 (727) 272-43-39; 8 (727) 272-43-25
WhatsApp: 8 747-887-13-44
E-mail: jasqazaq2019@mail.ru

22 сәуiр, 15:46
Түркістан полициясы ұрыны ізін суытпай ұстайды
22 сәуiр, 14:37
Түркістан: Террористік тұрғыдан осал нысандар тексеріліп жатыр
22 сәуiр, 14:00
Түркістан полициясы интернет-алаяқтыққа қарсы пәрменді күрес жүргізеді
18 сәуiр, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады
17 сәуiр, 15:44
Түркістан: Сайрамдық полицейлер алаяқтықтың алдын алды
16 сәуiр, 12:24
Түркістан: Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылыққа жол берілмейді
16 сәуiр, 12:05
Қайрат Нұрқасымов: Алматы Индустриялық аймағы – қала экономикасына серпін береді
12 сәуiр, 20:37
Түркістан: Полиция полковнигі жастарға есірткінің зардабын түсіндірді
12 сәуiр, 12:11
Түркістан: Сайрам ауданында «Құқықтық тәртіп» іс-шарасы өтуде