Әттең, тонның келтесі-ай!

22 ақпан 2022, 11:52

«Jas qazaq газетінен көмек сұраймыз» деп хабарласқан оқырманымыздың өтініші бойынша өзі айтқан мекенжайға дереу аттандық. Алматыдағы «Ақбұлақ» базары маңындағы «Заря Востока» ықшам ауданында екен. Көпқабатты үйді тез тауып алдық. Зәулім үйде жылудан басқа жағдай жасалмаған, бөлмелері тар. Үш бөлмеге ас дайындайтын орын біреу-ақ. Тапа тал түсте тарақандар ары-бері жөңкіліп жүр. Биік әрі ыңғайсыз сатымен көтеріліп, екінші қабатта тұратын Әлнұр Мұхаметханның бөлмесіне кірдік. Қуықтай бөлмеде Әлнұр мен Тұрғанкүл үш баласымен тұрады.

Әлнұр Мұхаметхан 1977 жылы Қытай жеріндегі Мұңғылкүре ауданында дүниеге келген. 2013 жылы күзде отбасын алып, Атажұртқа көшеді. Бірақ келе сала қиын жағдайға тап болған. Әлнұр әңгімесін былай деп бастады:

«Ата-қонысқа көшіп келген күні жиған-терген 3 миллион теңгедей қаржымызды жүк басқан көліктен ұрлатып алдық. Ақшамен бірге менің құжаттарым да жоғалды. Полиция «ұрыны ұстаймыз, алаңдамаңыздар» деген соң сеніп жүре беріппіз. Сөйтсек, іс сағызша созылып, ақыры нақты дәлел болмағандықтан, тоқтап қалды. Кейін барсақ, «қылмыстық құрам анықталмады» деп бізді маңайларына жолатпады. Оған да «қош» дедік. Ең бастысы, «басымыз аман, бауырымыз бүтін». Құжаттарды қайта жасату үшін Қытайға сұрау жіберіп, архивтегі құжаттардың көшірмесін алдырдық. Әрең дегенде төлқұжат жасатып, азаматтығымызды алдық. Бастапқыда бір жылдай Талдықорғанда, кейін сегіз жылдай Ұзынағаш ауылында тұрдық. Онда бір танысымыз бар еді, соның үйінде тұрақты тіркеуде болдық. Құрылыста жұмыс істеп, үй салуға әрекеттеніп қаражат жиған едім. Бірақ осыдан үш жыл бұрын қолым мен аяғыма түсініксіз жара шығып, жұмысымнан айырылдым. Үй саламыз деген қаржының барлығы ем-домға кетті. Бармаған жеріміз жоқ, баспаған тауымыз жоқ. Қанша емделсем де, түк нәтиже берер емес. Мен жұмысқа жарамай қалғандықтан, әйелім қазір жалғыз өзі жұмыс істеп, бүкіл отбасы Тұрғанкүлдің табысына қарап отыр. Өзім жұмыс істейін десем, аяқ-қолыма шыққан жара күннен-күнге үдеп, тіпті жүруден де қалдым», – дейді.

Осы кезде әңгімеге Әлнұрдың жары Тұрғанкүл араласты. Ол осы қуықтай бір бөлмелі пәтерге 25 000 теңге, ал жарығы мен суына 4000 теңге төлейтінін айтты. Алатын жалақысы – 45000 теңге.
– Осы қаражатты да қанағат тұтуға мәжбүрмін. Арасында туыстарымыз азын-аулақ көмегін жіберіп тұрады, – дейді тұрмыс тауқыметін тартқан келіншек. – Өзім қолөнермен де айналысамын. Әзірге өнерге көңіл бөле алмай жүрмін. Өйткені отбасымның жағдайы бірінші орында. Әлнұр жұмыссыз қалғалы бері жауапкершіліктің басым бөлігі менің мойнымда. Үлкен қызым Таңдана 2005 жылғы, екіншісі ұл, есімі – Береке 2011 жылғы. Кенжетайымның есімі – Ерке, жасы үште. Үйге жақын базарда сөмке сататын бутиктің тазалығына жауап беремін. Барлығы заңды түрде толтырылған, жалақымды ай сайын келісімшарт бойынша аламын. Қазір тұрып жатқан мекенжайымыз бойынша уақытша тіркеуге тұрдық. ХҚКО-ға барып атаулы әлеуметтік көмек бойынша тиісті құжаттарды өткіздім. Оны алу үшін біз бір мекенжайда 6 айға жуық тұрақты тіркеуде болуымыз керек екен. Енді тағы үш айдан астам уақыт күтуіміз керек. Үйдегі екі оқушыны қаладағы мектеп-интернатқа бергенбіз. Мекенжайын айтпай-ақ қояйық. Ол жақтан балаларымыз ауырып, шидей боп оралды. Сөйтсек, оларға мандытып тамақ та бермейді екен. Бір айдың ішінде ашқұрсақ күйге түскен балаларымызды қолымызға алдық. Мектеп оқушылары осы аптадан бастап дәстүрлі форматқа ауысты. Олардың мектепті сағынғаны соншалық, ерте тұрып сабаққа кетті.

Әлнұрға медицина қызметкерлері тарапынан қойылған диагноз – пустулез бен дерматит. Емханадағылар «жұқпалы емес, тек емі жоқ ауру» депті. Медициналық құжатта тері ауруының асқынған түрі деп көрсетіліпті. Ерлі-зайыптының бар арманы өз баспаналарына қол жеткізу. Одан кейін белгісіз ауруды жеңіп, әкелерінің қалыпты жұмысқа орналасуы.

«Жұмыс істегім-ақ келеді, бірақ қазір суыққа шықсам асқынып, одан сайын ауыра түседі», – дейді Әлнұр.

«Jas qazaq арқылы көпшіліктен көмек сұраймын. Егер ауруым болмаса отбасымды асырап, жәудіретіп тар бөлмеде отырғызып қоймас едім. Әйелімді жұмысқа жегіп қойып, өзімнің үйде отырғаным жаныма батады. Осы күнге дейін бірде-бір әкімдіктің алдына барып, алақан жайған емеспіз. Қазір қымбатшылық. Үш баланы киіндіріп, оларды мектепке дайындаудың өзі оңай емес. Келіншегімнің бір жағына шығысқым келеді. Арманым – қолым мен аяғымды емдеп, қалыпты өмірге оралу. Отбасының тірегі ретінде бүкіл жауапкершілікті Тұрғанкүлдің мойнына арта салғым келмейді. Жұмыс істеп, отбасыма пайда әкелудің орнына, төрт қабырғаға қамалып отырғаным жаныма батады. Туысымнан да көмек алуға намыстанамын. Әркімнің өз отбасы бар. Сондықтан қазақ жұртынан көмек сұраймын», – дейді.

МАМАН ПІКІРІ

Айдана Кәкенова, Алматы облысы Жамбыл ауданы Жаңақұрылыс дәрігерлік амбулаториясының меңгерушісі:

«Әлнұр Мұхаметханға қойылған пустулез бен дерматит диагнозы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бекіткен аурулар тізімінде жоқ. Бұл аса қатерлі тері ауруына жатқызылғанымен, емделеді. Сондықтан науқас тұрғылықты мекенжайы бойынша өзі тіркелген емханаға барып, ең алдымен, терапевт дәрігерден кеңес алуы керек. Одан кейін дерматолог дәрігерге жіберіледі. Тиісті ем-дом қабылдаса, жазылып кетуге мүмкіндік бар».

Мақпал Ноғайбаева

Бүгін, 15:03
«Нөлдік төзімділік: Түркістан полициясы құқық бұзушылықтың жолын кеседі
Бүгін, 14:56
Түркістан полициясы автокөлік жүргізушілерін тәртіпке шақырды
25 сәуiр, 16:35
Түркістан: Полиция мен прокурорлар бірлескен рейд өткізді
25 сәуiр, 15:35
Түркістан полициясы алаяқтардың арбауына түсіп қалмауға шақырады
24 сәуiр, 14:05
Алматы: «Қарызсыз қоғам» қаржыны тиімді жұмсауға үйретеді
22 сәуiр, 15:46
Түркістан полициясы ұрыны ізін суытпай ұстайды
22 сәуiр, 14:37
Түркістан: Террористік тұрғыдан осал нысандар тексеріліп жатыр
22 сәуiр, 14:00
Түркістан полициясы интернет-алаяқтыққа қарсы пәрменді күрес жүргізеді
18 сәуiр, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады