Күллі жұртқа мәшһүр ағылшын саяхатшысы Томас Аткинсонның ұрпақтары қазақ еліне, Жетісу жеріне келді. Томас Аткинсон XIX ғасырдың ортаңғы тұсында еліміздің кең байтақ жерін аралап, көрген-білгенін жазып-сызып, кітап қылып бастырып, қазақтардың өмір-салты, тұрмыс-тіршілігін бейнелейтін картиналар қалдырған.
Оның 1858 жылы Лондонда жарық көрген «Шығыс және Батыс Сібірдегі зерттеулер» атты екі томдық еңбегінде Семей, Аягөз, Қапал, Алматы қалалары мен бекіністеріндегі тұрғындардың шаруашылығы, қазақтардың тұрмыс-салты, әдет-ғұрпы, билеуші топтары арасындағы талас-тартыс, Шыңғыстау күміс кені, балыққа бай Зайсан көлі жөнінде көптеген деректер бар. Міне, осы атақты Аткинсонның ұрпақтары ата-бабасының табаны тиген мекенге келіп, Алатау-Тамшыбұлақтың кіндік қаны тамған жерін көруге келіпті.
Томас Аткинсон 1848 жылы жары Люси Аткинсонмен бірге қазақ жерінде саяхатшылап жүрген. Олар осы кезде Семей мен Аягөзде болып, жол-жөнекей Алакөл, Балқаш, Ақсу, Тентек, Сарқан, Басқан өзендері бойын жағалап, ондағы көне қорғандардың сырына қанығып, қазақтың би –сұлтандарымен сұхбаттасып, Қапалға жеткен екен. Ал, Қапалға келгенде Томастың әйелі уақытынан бұрын босанып қалады. Ұл бала дүниеге келеді. Баланы ширату үшін әке-шешесі оны күн сайын күннің суықтығына қарамастан Тамшыбұлақтың суына жуындыратын көрінеді. Бөтен елде жүріп аяқ астынан баласы дүниеге келіп қалғасын саяхатшылар біршама қиналса керек. Бірақ, қазақтар қалыптасқан қонақжайлылығын көрсетіп, оларға барын беріп, көмек қолын созыпты. Олар жергілікті тұрғындарға разы болғаны соншалық, оның үстіне табиғаты әсем, суы шипалы Тамшыбұлақ жерінде дүниеге келген баласына Алатау-Тамшыбұлақ деген есім берген екен. Алатау-Тамшыбұлақ Қапалдың шипалы суымен шымыр болып, еліне аман-есен оралыпты. Кейін ол ержетіп Британияда білім алыпты, Гавай аралдарында еңбек етіпті. Жазу-сызуға да жақын болғанға ұқсайды. Өз кезегінде әлдебір газеттің редакторы болған деседі. Алатау-Тамшыбұлақ жеті бала тәрбиелеген. Бүгінде оның ұрпақтары ғылымның әр саласында қызмет етіп жүр. Ал, Жетісу жеріне келген ағылшындар дәл осы Алатау-Тамшыбұлақ кіндігінен тараған ұрпақтар.
Ағылшын ағайындар Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасының ұйымдастыруымен мәдениет және спорт министрлігі мен Қазақстанның Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия корольдігі елшілігінің және Қазақ географиялық қоғамының қолдауымен ағылшын жазушысы, журналист Ник Филдингтің «Оңтүстікке Ұлы далаға: 1847-1852 жылғы Томас пен Люси Аткинсонның Шығыс Қазақстанға саяхаты» атты кітабының тұсаукесеріне қатысты. Аса мәртебелі меймандарды облыс әкімі Амандық Баталов жеке қабылдап, олармен жақын танысты. Өңір басшысы қонақтарға жер жәннаты – Жетісу өңірінің айтса сөз жетпейтін, көрсе көз тоймайтын әсем табиғаты мен дертке дауа болатын шипалы орындары туралы айтып берді.
Өңір басшысы «Бұл облыс – еліміздің тұңғыш президенті туған өңір. Енді біз мұнда сіздердің аталарыңыз Алатау-Тамшыбұлақ Аткинсон дүниеге келді деп те мақтанатын боламыз. Ол заманда ұшақ жоқ, тек ат-шанамен жаяу жүріп, небір қиындықтарды көріп, қаһарлы қыста ұлын аман-есен еліне алып қайтуының өзі ерлік. Аткинсон ұрпағын біз осында көріп отырғанымызға өте қуаныштымыз», – деді. Кездесу соңында қонақтарға бағалы сыйлық табыс етті.
Бұдан әрі меймандар журналистер үйінде болып, журналистердің сұрағына жауап берді. Жазушы Ник Филдинг Томас пен Люсидің өмірі, туып-өскен ортасы, халқымыздың сол уақыттағы тұрмыс-тіршілігін бейнелеген суреттерімен таныстырды. Онда қазақтардың арасында жүрген ағылшын саяхатшылары, тұрған қыстақтары, қазақ отбасында қонақ болып, сұлтандар мен билермен құрған кеңесі көрініс тапқан. Ал, Аткинсонның бүгінгі ұрпақтары Пал Далквист, Белинда Браун, Филиппа Смит, Рауз Уайтхед бабаларының осыншалықты ұлықталуына алғысын білдірді.
Көптен күткен тарихи сәт те туды. Қонақтар аталарының туған мекенін көруге, Тамшыбұлақтың таңдайға бал татыған мөлдір суынан дәм татуға жолға шықты. Мұнда олар ең әуелі Алатау-Тамшыбұлақ дүниеге келген жерге орнатылған мемориалдың ашылуына қатысты. Қапал Мәдениет үйінде Алатау-Тамшыбұлақтың дүниеге келуі театрландырылған шағын көрініс ретінде көрсетілді. Бұл шараға Томас Аткинсонның шөберелері ағайынды Стив Браун мен Филиппа Смит XIX ғасырда ағылшын отбасының, өз ата-әжесінің киім үлгісімен киініп келді. Ағайындылардың айтуынша, олар бұл кездесуді ұзақ күткен және бұл кездесу олар үшін ерекше болу керек.
Қолымызға қуыршақ алып, XIX ғасырдың үлгісінде киінгенді жөн көрдік. Бұл образ біздің ата-әжеміз бен сәби Алатау Аткинсонның дүниеге келген сәтін көрсетіп тұрсын дедік. Қазақстандықтар бізге ұшақтан түскеннен бастап керемет құрмет көрсетуде. Өте ризамыз. Барған жерімізде домбыраның үнімен қарсы алып жатты. Алған әсерімізді айтып жеткізе алмай тұрмыз, – деді ағылшындық қонақтар. Кешке қарай олар бабаларының табаны тиген Арасан арқылы Сарқанға қарай жол тартты.
Қазір Томас пен Люси Аткинсонның, Алатау Тамшыбұлақтың ұрпақтары әлемнің әр қиырында, атап айтқанда, Флоридада, Гавайда, Жаңа Зеландияда, Ұлыбританияда тұрады. Олар Сарқан, Кербұлақ, Панфилов, Ұйғыр аудандарының табиғатының көркемдігін көріп қайтпақ.
Шынаргүл Оңашбай, Алматы облысы