Қазақстан – аграрлы мемлекет. Сыртқы сауданың негізгі арнасымен ауыл шаруашылығы өнімдері экспортталады. Оның ішінде астықтың салмағы басым. Былтыр қараша айында Астанада өткен Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің І Форумында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көлденең киліккен түрлі қиындыққа қарамастан, дәнді дақылдар бітік шығып, қамбамызға 26,2 млн тонна өнім құйылғанын атап өтті. Бұл — кейінгі 10 жыл ішіндегі рекордтық көрсеткіш. Шаруалардың бел шешпей еңбек етуінің нәтижесінде бұйырған түсім еліміздің ризығына айналып отыр.
Жуырда Премьер-министрдің орынбасары — ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалық етуімен өткен кеңесте де ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттауды күшейту мәселесі талқыланды. Сол жиында ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков 2019 жылдан бері ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау көлемі 51 пайызға артқанын атап өтті. Бес жылда экспорт мөлшері 5,1 млрд АҚШ долларына жеткен. Қазақстан астықтан басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерін әлемнің 66 мемлекетіне жөнелтіп келеді. Экспорттың ішінде өңделген өнімдердің үлесі 52 пайызға жетті. Бізден Орталық Азия елдеріне, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерге, Иран, Түркия, Қытаймен қатар, Еуропалық одақ елдеріне де жеткізіледі. Африка құрлығындағы Тунис те қазақстандық бидай мен арпаны асқан қызығушылықпен сатып алады.
Былтыр экспорттың табиғи көрсеткішінің өсімі 3,9 пайызға артып, көлемі 16,1 млн тоннаға жетті. Экспортталатын өнімнің басында, әрине, арпа мен бидай тұр. Одан кейін зығыр тұқымы, сиыр мен қой еті, балық өнімі, бидай ұны, күнбағыс майы, мақта талшығы сынды өнімдерге сұраныс артқан.
Отандық ауыл шаруашылығы саласында экспорт өрісін күшейтуде астықтың алар орны ерекше. Мәселен, өткен жылы астық экспорты 8,1 млн тоннаға жетті. 2024 жылдың қыркүйек айынан биылғы наурыздың орта шеніне дейін Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстанға, сонымен қатар Қытай, Ауғанстан, Еуропа елдеріне 6,3 млн тонна жаңа өнім экспортталып, өсім көрсеткіші 53 пайызға артты. Әсіресе, Иран еліне экспорт көлемі 17 есеге артып, 741 мың тоннаға жетті. Әзербайжанға 408 мың тонна астық өнімі экспортталды. 2020 жылдан бері осы елге дәл мұндай көлемге астық жөнелтілген емес. 2023-2024 жылдары небәрі 4 мың тонна ғана астық қабылдаған еді.
Азия құрлығындағы жетекші елдің бірі саналатын Иран мемлекетімен биыл тағы уағдаластық орнап, нәтижесі де жемісін бере бастады. Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы осы мемлекетке барған сапарында жұмыс тобының отырысына қатысып, келелі кеңесте тиімді келісімдерге қол қойды. Соның ішінде астық экспорты көлемін ұлғайту мәселесі де қозғалған болатын. Иранда Қазақстанның сауда-экономикалық миссиясының ашылуы аясындағы сапар кезінде бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылды. Агросектор саласында сауда-экономикалық әріптестікті нығайтатын іс-шаралар жоспарлы жүзеге асырылатын болады.
2023 жылғы нәтижеге қарағанда былтыр ауыл шаруашылығы өнімдерінің тауар айналымы 33,2 пайызға нығайып, 220,1 млн АҚШ долларына жетті. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 33,2 пайызға артқан. Жалпы Иран мемлекеті ілгеріден Қазақстанның ауылшаруашылығы өндірісінде стратегиялық жобаларды жүзеге асыруда берік серіктес мемлекеттердің бірі. Осы елдің транзитін пайдалана отырып, Парсы шығанағын бойлай қоныс тепкен Бахрейн, Біріккен Араб Әмірліктері, Ирак, Қатар, Кувейт, Оман, Сауд Арабиясы елдеріне де астығымызды, басқа да азық-түлік өнімдерін экспорттауға мүмкіндік молаяды. Еліміздің «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ұлттық компаниясы мен Иранның Fawakeh Trading Company арасында меморандум орнаған. Нәтижесінде біз Иранға дәнді бұршақты дақылдар мен арпаны экспорттаудың көлемін жылдан-жылға арттыра аламыз.
Аграрлы ел саналатын Қазақстан жыл сайын әлем елдеріне 7-8 млн тонна дәнді дақылды экспорттайды. Еліміздің жазиралы даласында жайқалып өскен астықты 40-тан астам мемлекетке жөнелтеміз.
Ішкі сұранысты қамтамасыз етіп, сыртқы сауда көлемін арттыруда тасымал қызметінің маңызы жоғары. Қуанарлығы, былтыр қыркүйек айынан биылғы наурызға дейін 7,7 млн тонна астық тасымалданды. Бұл 2023 жылғы нәтижемен салыстырғанда өте жоғары көрсеткіш. Өйткені біздің тасымал қызметі 2023 жылы 5,2 млн тонна ғана астықты игере алған еді. Ел ішінде 1,6 млн тонна, ал экспортқа 6,1 тонна астық жөнелтілді. Нақтылай түссек, 2023 жылмен салыстырғанда 52,8 пайызға артық.
Оның ішінде Өзбекстанға астық экспортының көлемі 32 пайызға ұлғайып, 2,3 млн тоннаға жетті. Ал бұрындары көршімізге 1,7 млн тонна жөнелтетін едік. Тәжікстанға да экспорт көлемі өсті. 599 мың тоннадан 899 мың тоннаға жетті. Ауғанстанға бұрын 186 мың тонна жөнелтсек, бүгінде экспорт көлемі 256 мың тоннаға артты. Қырғызстанға экспортталатын астық көлемі 76 мың тоннадан 233 мың тоннаға жетті. Қытайға да жөнелтетін астық көлемі 758 мың тоннадан 880 мың тоннаға көбейді. Әзербайжан мен Иранға жөнелтілетін экспорттың көлемі бірнеше есеге артып, қазынаға қомақты қаржы құйылды. Мәселен, Иранға жеткізетін 41 мың тонна астық көлемі 718 мың тоннаға артса, Әзербайжан елі бұрын бізден тек 4 мың тоннаға ғана алып келсе енді 379 мың тоннаға дейін сұраныс береді. Мұның барлығы да аграрлық бағыттағы сыртқы саясатымыздың сарабдал екенін байқатса керек.
Жалпы өткен жылдың қорытындысы бойынша, тасымалданған дәнді дақылдардың көлемі 10,6 млн тоннаға жетті. Оның ішінде 8,1 млн тоннасы экспортталды. Бұдан бөлек, тек астық қана емес, 3,2 млн тонна ұн логистика арқылы жөнелтілсе, экспортқа ұн шығару көлемі 3 пайызға өсіп, 2,4 млн тоннаға барды.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, «Кең дала» несиелік бағдарламасы шеңберінде жылдық сыйақы мөлшерлемесі 5 пайызбен жеңілдетілген несие алып, көктемгі егіс жұмыстарына кіріскен дихандардың қатары артып келеді. Бүгінгі күнге дейін 4377 азаматтан өтініш түсіп, оның ішінде 3 мыңнан астам азаматқа 229,2 млрд теңге көлемінде несие мақұлданды. Әсіресе, Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарында көктемгі егіс жұмыстарын қарқынды жүргізу үшін бағдарламаға белсенді қатысып келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті орындарға диқандардың жұмысына кедергі болмас үшін қаржыландыру тетігін ерте бастан қамдау қажеттігін тапсырған болатын. Соған сәйкес «Кең дала» бағдарламасына өтінім беру былтыр қараша айында басталды. Жалпы сомасы 700 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несие шаруаларға беріледі. Мұның барлығы түптеп келгенде орылатын астық көлемін ұлғайту мақсатында жүзеге асырылады. Биылғы жылдың соңына дейін еліміз сыртқа экспортталатын астық көлемін 12 млн тоннаға жеткізбек.
Қуаныш Көшек
Фото: aikyn.kz