Астана қаласында өңірлік ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін өткізу жақсы дәстүрге айналды. Мұндай игі шараның басты мақсаты — астаналықтарға азық-түлікті қолжетімді бағамен сатып алуға мүмкіндік беру. Бұл жолы өз өнімдерін Ақмола облысының диқандары әкелді.
Жәрмеңке әдеттегідей «Астана-Арена» стадионының жанындағы алаңда өтіп жатыр. Мұнда ақмолалық өндірушілер 50-ден астам өнім түрін ұсынып отыр. Ең бастысы ауыл шаруашылығының өкілдері өнімдерін делдалсыз сата алады, нәтижесінде жәрмеңкедегі бағалар әдеттегі бағадан 10-20 пайызға төмен.
Ақмола облысының Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Хасым Итқұсовтың айтуынша, облыс диқандары 200 тоннаға жуық ет пен ет өнімдерін, 100 тонна сүт пен сүт өнімдерін, 13 тонна жаңа ауланған балық, шамамен 1 млн дана жұмыртқа, 25 тоннадан астам ұн, 100 тонна көкөніс, ал жәрмеңкеге барлығы 850 тоннадан астам азық-түлік әкеліпті.
«Жәрмеңкеге жиі келіп тұрамыз, әр апта сайын осы жерден азық-түлік сатып аламыз. Супермаркеттегі бағалардан кейін әдетте әмиянымыз босап шығады. Ал мұндағы бағалар қолжетімді, бәрі жаңа және таңдау да көп»,- деді бізбен тілдескен қала тұрғындары.
Астана әкімдігінің Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының мәліметінше, осы жылдың 27 тамызы мен 30 қазаны аралығында елордаға 15 облыстың ауыл шаруашылығы өндірушілері 5 500 тоннадан астам өнім әкелген көрінеді. Олардың арасында ет, көкөністер, жемістер, ұн, макарон, бал, балық, кондитерлік өнімдер, сүт өнімдері және басқалар бар.
Астанадағы ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінің маусымын жергілікті тауар өндірушілер де жалғастырады. Келесі демалыс күндері, 5-6 қарашада «Астана-Арена» стадионының жанындағы алаңда елорданың тауар өндірушілері өз өнімдерін ұсынбақ.