Астанада жол-патрульдік полиция қызметкерлері қала көшелерінің бірінде аялдаманың әйнегін сындырған 26 жастағы азаматты ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Астана қалалық ІІБ-ның баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Оқиға 29 қазан күні шамамен таңғы сағат 04:00 шамасында тіркелген.
«Астана қалалық ІІД-нің жедел басқармасы орталығының қызметкерлері видеобақылау арқылы Ш.Құдайбердіұлы көшесі бойындағы қоғамдық көлік тоқтайтын аялдамалардың бірінің әйнегінің шағылғанын көрген. Оқиға орнына жол-патрульдік полиция қызметкерлері келіп, 1991 жылғы азаматты ұстаған. Ол «Алматы» аудандық ІІБ-на жеткізілді», — деп хабарлайды ведомстводан. Қазіргі уақытта аталған оқиға бойынша ҚР ҚК-тың «бұзақылық» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған. ІІІД-нің баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, ұсталған азаматтың спирттік ішімдік ішкені анықталып отыр. Ол полиция қызметкерлеріне зайыбымен ұрсысып қалғаны себепті осындай әрекетке барғанын түсіндірген.