«Сарыарқа» ауданының полицейлері жедел-іздестіру барысында автокөлік айдап әкетуді кәсіп еткен 28 жастағы жігітті ұстады, деп хабарлайды елордалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Полицейлер астаналық азаматтың екі күн ішінде негізінде «Volksvagen Passat» және «Audi» маркалы 6 автокөлікті айдап әкеткенін анықтады. Бейнекамералардың арқасында полиция қызметкерлері күдіктінің ізіне түсіп, оны ұстап алды.
Ұсталған азаматтың айтуынша, ұрлық жасаған кезде онда «Volksvagen Passat» автокөлігінің кілттері болған, сол арқылы ол жоғарыда аталған көлік маркасы мен «Audi» маркалы автокөліктерін ашып, от алдыра алған. Күдікті ұрлық жасап, қажетті жеріне жеткеннен соң, көлікті көшеде қалдырып кеткен.
Қазіргі уақытта айдап әкету фактісіне қатысты ҚР ҚК 200-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде, күдікті ПД Уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ер адамның заңды бірінші рет бұзбағаны анықталды. 2014 жылы ол ұрлық жасағаны үшін сотталған. Оның елорда аумағында жасалған басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.