gov.kz
Астананың жылдан-жылға көркейіп, тартымды бола түсуі өз алдына. Оған қоса, инфрақұрылымы дамып, құрылыстың қарқын алуы, түрлі салада ірі жобалардың жүзеге асуы бас қаланың елдегі даму драйверіне айналғанын айғақтайды. Әсіресе, былтырғы жылы шаһарда барлық бағытта қарышты қадамдар жасалды. Jasqazaq.kz Астана қаласының даму көрсеткіштерін саралап көрді.
Статистикалық деректерге қарағанда, қаланың негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткішінде өсім бар. Мәселен, өткен жылдың алғашқы жартысында жалпы өңірлік өнім көлемі 7 пайызға ұлғайып, 5,4 трлн теңгені құрады. Сондай-ақ өндірістік саланың үлесі 13,9 пайыздан 15,7 пайызға өсті.
Қала экономикасының 72,1 пайызы шағын және орта бизнестің үлесінде десек, жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектілері 7,3 пайызға көбейіп, жалпы саны 247 мыңнан асты.
Астананың жеке табысы өткен жылы тұңғыш рет 1 трлн теңгеден асты. Бұған салық түсімдерінің көбеюі есебінен қол жеткізілген. Қалаға 1,6 трлн теңге инвестиция құйылды.
Биыл 55 инвестициялық жоба іске қосылуы тиіс. Қала әкімі Жеңіс Қасымбектің мәліметінше, тәулігіне 25 тонна өнім шығаратын нан зауыты, сыйымдылығы 6 мың тонна көкөніс қоймасы ашылды. Келесі жылы тәулігіне 100 тонна сүн шығаратын зауыт іске қосылады. Бұл жобаға салынған жеке инвестиция — 8,1 млрд теңге. Қазірдің өзінде 250-ге жуық жұмыс орны құрылған.
«Байқоңыр ауданындағы заманауи көкөніс қоймасына құйылған инвестиция көлемі 1,8 млрд теңгені құрап, 200 жұмыс орны құрылды. 8 мың тоннаға арналған көкөніс қоймасы қаладағы жеміс-көкөніс өнімдерінің бағасын тұрақтандыруға оң әсерін тигізеді», — дейді Жеңіс Қасымбек.
halyq-uni.kz
Бас қаладағы ең қарқынды дамып жатқан сала – тұрғын үй құрылысы. Былтыр 11 айдың ішінде 3,6 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Реновация бағдарламасы шеңберінде 2026 жылға дейін 206 үйдің тұрғындарын көшіру жоспарланып қойды.
Сонымен бірге үлескерлер үшін тұрғын үй салу жалғасып жатыр. Бүгінде түйткілді 142 үйдің құрылысы аяқталып, 15,6 мыңға жуық отбасы пәтер кілтін алды. Әсіресе, «Комфорт аймағы-1» и «Жағалау-4» тұрғын үй кешендеріне үлескерлердің қоныстануы маңызды оқиға болды.
Өткен жылы жүзеге асқан ауқымды жобаның бірі газдандырумен байланысты. Үркер мен Family Village қаласын қосқанда, 1500-ден астам жер үйге газ кіргізілді. Жылу электр орталықтарының газға ауысуы ауаға тарайтын зиянды қалдықтарды 30 пайызға азайтты.
Былтыр Астананың көлік инфрақұрылымының дамуында түбегейлі бетбұрыс болды. ЖРК (жеңіл рельсті көлік) эстакадалық бөлігінің құрылысы аяқталды. Станцияларда темірбетон жұмыстары жүргізілді, сондай-ақ Есіл өзенінде көпір салынды. ЖРК құрылысы осы қарқынмен жалғасса, алдағы уақытта көлік жүйесінің маңызды бөлігіне айналайын деп тұр. Оған қоса, Тәуелсіздік даңғылындағы көпір құрылысының жобасы аяқталып, Мәңгілік ел даңғылындағы көлік ағынын азайтып, оңтүстік пен солтүстігі арасындағы көлік байланысын жақсартты.
Қол жеткізген жетістіктің бірі – 61 мың жаңа жұмыс орнының ашылуы. Соның есебінен шаһардағы жұмыссыздық деңгейі 4,4 пайызға азайды. 23 мың адам жұмыспен қамтылса, олардың 13 мыңы 35-ке дейінгі жастар.
Астанадағы елең еткізер тағы бір жаңалық – жаңа ауданның құрылуы. «Алматы» ауданы солтүстік және оңтүстік болып екіге бөлінді. Солтүстік бөлігінің аумағы бұрынғы атауымен 8 518 гектарға дейін кішірейсе, 6 953 гектардағы оңтүстік жағы «Сарайшық» деген атауды иеленді. Бұл басқаруды оңтайландырып, өзекті мәселелерді шұғыл шешуге жағдай жасайды. Болжам бойынша, 2035 жылға қарай жаңа ауданның халқы 659 мыңға жетіп қалады.
gov.kz
2024 жыл бас қаланың білім саласында да жағымды жаңалыққа толы болды. 24 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Оның 16-сы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша салынды. 2029 жылға дейін арналған ұзақ мерзімді бағдарлама бойынша 60 мемлекеттік балабақша салу жоспарланған. Биыл 10 балабақшаның құрылысы басталып та кетті. Білім саласындағы әлеуметтік жобалар мектеп оқушылары сарайының құрылысы мен оларды қайта жаңғырту жұмыстарын да қамтиды. Таяу жылдары жаңа кітапханалар мен спорт кешендері ашылады, сондай-ақ спорт инфрақұрылымын дамыту жалғасын табады. Әкім Жеңіс Қасымбек өзінің Инстаграм парақшасында әлеуметтік инфрақұрылымның дамуына басымдық берілетінін жазды. «2024 жылы 12,5 мыңнан астам түлек мектеп бітірді, ал бірінші сыныпқа 28,5 мың бала барды. Бірінші сыныпқа баратындардың саны түлектерден екі есе асып түсті. Демек қалада жыл сайын мектеп салынуы керек», — деп жазды әкім. Айта кеткен жөн, мектеп құрылысына жеке қаржы көптеп тартылуда. Сондай-ақ маман даярлау мәселесі де әкімдік назарында. Қазір әкімдік гранты бойынша жоғары оқу орындарында 2 200 адам білім алып жатыр.
Соңғы жылдары Астанада туризм саласы дамып келеді. Былтыр қалаға 1,5 млн турист бас сұққан. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 14 пайызға артық. Астана қаласы инвестиция және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Халел Әкімжановтың айтуынша, туристер негізінен Ресей, Қытай, Германия, АҚШ, Оңтүстік Кореядан келеді.
«Бизнес туризм мен медициналық туризм қарқынды дамып жатыр. Ивент туризмге де айрықша мән беріледі. Гастрономиялық және мәдени-спорт туризміне де қызығушылық жоғары», — дейді басқарма басшысы.
2024 жылы Астанада халықаралық деңгейде 168 іс-шара өткен. Осындай ірілі-ұсақты шаралар келім-кетімді арттырып, туризмнің дамуына серпін беретіні сөзсіз. Айта кеткен жөн, биыл ақпан айында Astana Tourism туризмді дамыту орталығы өз жұмысын бастады. Оның мақсаты – бас қаланы Орталық Азиядағы іскерлік және оқиғалық хабқа айналдыру,
Осылайша былтыр Астананың барлық саласы қарыштап дамыды. Алдағы уақытта жүзеге асырылатын ірі жобалар да жетерлік. Сонымен бірге ЖРК, тұрғын үй құрылысы, газдандыру, инфрақұрылымды жетілдіру, абаттандыру, сәулеттендіруге бағытталған жұмыстар жалғасады.
Талап Тілеген