
Соңғы жылдары ҚР Қорғаныс министрлігі мен жоғары оқу орындарының бірлескен бастамасы — “Срочник 2.0” жобасы жүзеге асырылуда. Бұл жоба әскери борышын өтеген азаматтарға университеттерге түсуге ерекше мүмкіндік береді және жоғары білім алып, әрі қарай кәсіби дамуына жол ашады. Жоба 2023 жылдан бастап пилоттық түрде іске қосылған болатын.
Әскери борышын өтеу барысында сарбаздардың қызметі бағалауға алынады: бұл — жауынгерлік дайындық, тәртіп, міндеттерді орындау сапасы сияқты факторлар. Конкурста жеңімпаз атанғандар ұлттық бірыңғай тестілеуді (ҰБТ) тапсырмай-ақ жоғары оқу орнына түсу мүмкіндік алады. Мысалы, 2023–2025 жылдар ішінде конкурстық іріктеуге 29 000-нан астам сарбаз қатысып, 3 000-нан астам грант бөлінген көрінеді.
Осылайша, әскери борышын өтеу — енді еңбек нарығында бәсекеге қабілетті мамандық алу мүмкіндігіне қарай жол ашатын маңызды кезеңге айналып отыр.
Әскер қатарында Отан алдындағы қасиетті борышын атқара жүріп білім грантын жеңіп алған жастың бірі — Жанәділ Әділ. Ол қазір Еуразия ұлттық унивесрситеті әскери кафедрасының студенті.

“Әскер — жоғары білімге жол ашады. Әскер — әлеуметтік лифт. Бұған менің көзім анық жетті. Әскери борышымды ҚР Мемлекеттік қүзет қызметіне қарасты “Айбын” полкінде атқардым. Оған спорттағы жетістіктерім және салауатты өмір салтын ұстанғаным себеп болды. Қазір ЕҰУ әскери кафедрасында оқимын. Жоғары білім мен офицер шенін алған соң Қарулы Кұштерінде қайта бармақпын”,- дейді Жанәділ Әділ.
Бұдан бөлек, Еуразия ұлттық университетінде биыл тағы да бір топ сарбаздар тегін оқу мүкіндігіне ие болды. Олардың ішінде ҚР Қарулы Күштерінің әрқилы әскер түрлері мен тектерінде адал қызмет атқарған Өтелген Азат, Рыспек Қанат және Есіркен Нұралы сияқты студенттер бар.
Гүлжауһар Мырзабекқызы,
ЕҰУ әскери кафедрасының студенті