Студент кезіміз. Қалаға енді келіп, жаңа таныстар тауып, өмірдің бір қызық кезеңін жайбарақат бастан өткеріп жатқан уақыт. Қалаға жан-жақтан жиналған жастар. Арасында Байғанин ауданынан келген Әлібекпен де таныстық. Толқын шашты, бойы аласа, тәрбиелі, мұғалімнің баласы.
Қазақы жерден шыққан соң, орысы аралас Хромтау, Алға секілді қалалардан келген балаларға қарағанда, Әлібектің кішіпейілділігі көзге ұрып тұратын. Араластық, қыдырдық, бір нанды бөліп жеген кездер болды. Жылдар өте, әркім әр жаққа кетеді. Әлібек те, өз жолын тауып, кәсіпкерлік жағында жүрді.
Бір көргенде сақалын қауғадай етіп жіберген екен. Балағына мән бермеппіз. Тұшпара саудасымен айналысатынын айтты. «Халал өнім сатамын» деген. «Түріңе не болған, расымен, осы жолға түсіп кеттің бе» деп айтқанымыз сол еді, әрі қарай сөйлесуге құлық танытпады. Қоштасты да, асығыс жүріп кетті. Көз көрген адам, үйінен дәм таттық студенттік жылдары.
Әкесі жоқ. Анасы мен ағасы бар. Қаладан жатақханадан бөлме алғанда, жігіттер болып, жүгін жоғары қабатқа көтерісіп, анасының қолынан шай ішкенбіз.
Жылдар өте, ортақ таныстармен кезігіп қалғанда, Әлібектің жайы сөз болды. Осыдан екі-үш жыл бұрын «Сирияда 300-ге тарта адамды жоқ қылып жіберді» деген ақпарат естеріңізде болар. Таныстарының айтуынша, сол жамағаттың ішінде біздің Әлібек те болуы мүмкін.
Орыстілді таныстары «Его уже давно нет в живых. Забрал маму. И старший брат с четырьмя детьми поехал в Сирию. И сам свою семью тоже потащил» деп қалмасы бар ма?!
Көз көрген адам, іштей тындық. Кезінде араласып едік, уайымдадық. «Ашық күнде неге адастың, ағайын?» – деген сауал көмейде қалды. «Обал болған екен, байғұс бала» дегеннен басқа не істейсің.
Санаулы күн бұрын қалалық сотта кезекті отырыс басталды. Құжаттарына көз жүгіртіп отырып, тағы бір таныс есімді көзіміз шалды. Тегі, аты, әкесінің аты сәйкес келеді. Сұрастыра келе, сол, бір мектепте, жоғары сыныпта оқыған жігітті таныдық.
Анасын да, әкесін де, туған қарындасын да танушы едік. Жағдайы болмады ма, бір рет істі болғанын білеміз. Сыныптастары оның есірткімен ұсталғанын сөз етіп жүрді. Кейін әкесі қайтты, анасы о дүниелік болды. Немерелеріне қарайласатын әжесі ғана еді.
Ембідегі түрмеден былтыр босап шыққан екен. Радикалды ағымға кіріп кеткен ол сот залына тағы келіп отыр. Сирияға кетпек болып, біреуді бопсаласа керек. Түрі таныс, жүзі көз алдымызда. Үй арасы да алыс емес-ті.
Бүгінде мұның бәріне кім кінәлі, не кінәлі? – деп те ойланбайтын болдық. Қазбалай берсе, өзіңнен бастап, бәрін кінәлайсың. Одан не пайда? Бұл бағытта жасалып жатқан жүйелі жұмыс та байқалмайды.
Бүгін-ертең, болмаса санаулы күнде бұл жігітке қатысты да үкім шығып қалуы мүмкін. Қайта айналып, темір тордың арғы жағына барады. Ортасына қайта түседі. Кім біліпті, бәлкім, тілеулестеріне қосылып, жаңа жоспар құруға мүмкіндік туатын шығар.
Асқар Ақтілеу
Ақтөбе