Арыстан жүректі Әкбар

03 қараша 2017, 15:20

Әлімсақтан Үндістан ғажайыптар елі саналып келді. Ит мұрны өтпейтін ну жыныс ормандары, пілдер патшалығы мен қилы-қилы құстар әлемі кімді болса да тартып тұратын еді. Шетелден келіп, оны ұзақ уақыт билеген моғол әулетінің өкілдері біраз болғанымен, дәл Әкбардай шын жан-тәнімен беріліп, азаматтық танытып, байқұт заман орнатуға тырысып, ащы тер төгіп, ересен еңбек сіңіргендер де Арыстан жүректі асқан айбатты ол бүкіл Үндістан дүр сілкінте тұтастырып, рухы жанына жарасым тауып, халық жаны қайнар көзі ашып, болашаққа қай бағыт-бағдармен өрістеу мен өрлеу керектігін терең ұғынып, сара саясат жүргізіп, тақ төріне озды.

Атақоныс болып қалған Агра мен Делиден айырыла жаздап, қырда босқын болып, барарын жел, қонарын сай білетін қаңбақтай күн кешіп жүрген құмайынның отбасында, Раджастан түзінде туылған Әкбар (1542 ж.) оң мен солын тани келе атасындай мұрагерлік таққа ерте отырып, жарты ғасырдай «ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс» болды. Ат жалын енді ғана тартып мініп, он екіде бір гүлі ашылмай жатып, қаршадайынан тіршілік тізгінін ұстап, өрімдей жас маңдайын тасқа да, тауға да соғып жүріп, биліктің қыр-сырына қанығып өсті. Бабырдың әлі әлжуаз ұлы қағанатының босағасын бекітіп, қабырғасын қатайтты, үнді қызынан туған ұл қиын таңдау жолына түсті.
Теология ілімінде төңкеріс туғызды. Ол енгізген «Құдай діні» («Дін-и илаһи») буддизм, жайнизм, зороастризм мен исламның ең жақсы қадір-қасиеттерін сіңіре отырып, некелестірді десе де болғандай. Бұның сол кездегі қоғамдық-әлеуметтік өмірде зор маңыз атқарғанын айтып жату артық, әрине.

Әлем әйгілі әміршілерінің мұндайға немқұрайды қарамағаны байқалады. Қос түйізді Ескендір Зұлқарнайын қолбасылары мен қосындарын түгелдей дерлік парсы перизаттарына үйленуге мәжбүрлеп, Азия мен Еуропаны ұйыстырғысы келсе, Египет пен Римді бір уыста ұстау үшін Юлий Цезарь Мысыр патшайымы Клеопатраға үйленді. Шыңғыс хан ғана астамшылық жасамай, діннің қай-қайсысына да төзімділік танытып, шынайы қамқорлық көрсетті.

Соларға ұқсас асыл ойды араға үш жүз жылдан астам уақыт салып, Ақсәуле алаңқайдың (Ясная Поляна) иесі мен киесі, аса ақылмен абыз, саңлақтың саңлақ суреткері Лев Толстой шіркеумен мүлде ат құйрығын кесіп жүріп, Семейдегі хат тасушысы диірменшінің баласы, жетім-жесірлердің ұл-қыздары үшін ашылған мектеп-медресе оқу ісінің меңгерушісі, кейіннен кітап дүкенінің қызметкері Рахматулла Меңғалиұлы Елкебаевқа (1877-1919 ж.ж.) да айтып, адамзатты адастырмайтын ортақ барлық дүниедегі діндердің жақсы жақтарының жиынтығы керектігін алға тартады. 1908 жылғы 10 маусымдағы хатында ол сол мәселеге қайта оралып, тамызық тастайды: «Что же касается до вашего мнения о моем суждении oб исламе, то хочется вам сказать то, что истинная религия, по моему мнению, есть только одна. Вся эта истинная религия еще не открылась человечеству, но часть ее проявляется во всех исповеданиях. Весь прогресс человечества состоит в этом всё большем и большем соединении всех в этой одной истинной религии и в всё большем и большем уяснении ее. И потому всем любящим истину надо стараться отыскивать не различия в религиях и их недостатки, а их единство и достоинства. То, что я и стараюсь делать по отношению всех религий и также и по отношению хорошо мне известного ислама». (Бұндағы Елкебаев емес, Елікбаев болуы да бек мүмкін). Л.Н.Толстой көрсеткендей, өзі түзген «Оқу шеңбері» мен «Күн сайын» кітаптарында Мұхаммед пайғамбардың мысалдары мен нақылдарына көп сілтеме жасай отырып келтіреді. Демек, қай заманда да дін мен ділдің көкейкесті қажеттілігі байқалады. Дала данышпаны Абай да қалыспайды. «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп».

Бұл тұста ұлы моғолдар құрған мемлекет дәуірледі. Елді жарты ғасырға жуық билегенде Әбу-л-фатх Жалел әд Дин Әкбар басқару, әскери және әлеуметтік-тұрмыстық жүйеге бірқатар зәру өзгерістер енгізді. Аграға апаратын қасқа жолдар түзеліп, қос қапталға тал-дарақтар егіліп, аймақтар абаттандырылды. Куәдүрлердің айтуынша, атты әскерге ерекше мән беріліп, бағымында он екі мыңнан аса жылқының шайқастарға төзімді тұқымы өсіріліпті. Ол атасындай солтүстікті, оның гүлдері мен бақтарын мәуесі мен қауын-қарбызын емешегі елжірей сағынған жоқ. Әкбар тумысынан үнді табиғатының түлегі еді. Оның сол жаратылысқа жақын болатынының сыры көп.
Әкбар Шығысқа қарай көз алартып, бірнеше сәтті жорық жасады. Ұсақ-ұсақ кішігірім қауқарсыз иеліктерді найза ұшы, білек күшімен бағындырып алу өз алдына, ал Бенгалия мен Кашмирді жаулап, мемлекетті іргесін одан сайын кеңейту жеңіл емес. Не дегенмен, ол ірі тарихи тұлға, қаһарман қайраткер. Алыстан алмас қылыштай жарқырайды. Түгел темір ұрпақтарындай жаны жұмсақ, мінезі мінәйі, таққұмар тәкаппар, қаһары қатал болатын. Жаһангер өз «Түзігінде» арқа сүйейтін асқар тауын былай сипаттап түсіндіреді: «Менің әкем (яғни Әкбар – А — С.Н.) әрқашан ойшылдар және үнді оқымыстылармен тамаша тіл табысып, іс-әрекет етті, сауатсыз болса да, ұдайы ақылман адамдармен әңгіме үстінде көп нәрсеге көкірек көзін жеткізіп, бәрі айқын аян еді, ешкім де оның, тіпті тілашарды тауыспағанын байқамайтын». Қолды жүрек тұсына қойып, құдайылығын айтайықшы, жеке кітапханасында жиырма төрт мың том қолжазба бар кісіні қара танымайтындар қатарына қалай жатқызып, оған қиюға болады? Бірақ шындықты шыңғыртып, өз перзенті айтып отырған жоқ па?

Тарих таразысына жүгінсек, өзінен кейін Әкбардай мәңгілік із қалдырғандар бірен-саран. Асқан ақыл-парасат, кемел көреген көсемдік пен суырылып шыққан шешендік болмаса, ұзақ уақыт бір-бірімен басы біспейтін қырық ру елде темірдей билік тізгінін жалғыз қолда ұстап тұру мүмкін бе?
Әмір Темір үрім-бұтағы жат жерде Бабыр мен Әкбардай жүйені жүйелі түрде жүргізе алмай, ұрпақтар сабақтастығынан ұлы моғол қағанаты бірте-бірте ыдырап, майлы шелпектен үзіп-жұлқып, дәм-тұз татып қалайын деген пасық пиғылмен Португалия, Голландия, Франция мен Англия сауда-кәсіп алпауыттары жемтікке жанталасып ұмтылған қарға-құзғындай Үндістанды бөлшектеп, бар байлығын теспей сорып, андыздады. Қашан да қасқыр орманға қарап ұлығанын қойған ба? Сөйтсе де кейбір желөкпелер кеуде қағым, шұғылалы шығысқа шікірейе қарап, Италиядан тараған қайта өрлеу дәуірі Батысқа қанат жайды деп даурықты. Түлкі заманды тазы болып, шала алмағандардың аузы аңқиып айдалада қалды. Ресми құжаттарда ұлы моғол билігі Аурангзебпен (1605-1707 ж.ж.) аяқталды десе де, шартты түрде болса да ХІХ ғасырды алпысыншы жылдарына дейін жалғасты: Баһадүр шаһ (1707-1712 ж.ж.), Жаһандүр шаһ (1712-1713 ж.ж.), Фаррух Сий-сиар (1713-1719 ж.ж.), Насыр әд Дин Мұхаммед (1719-1748 ж.ж.), Ахмад шаһ Баһадүр (1748-1750 ж.ж.), Әзиз әд Дин Аламгир ІІ (1754-1759 ж.ж.), Жәлел әд Дин Әли Жуһар шаһ Алам (1759-1806 ж.ж.), Әкбар ІІ (1806-1837 ж.ж.) мен Сираж әд Дин Баһадүр ІІ (1837-1858 ж.ж.).
Егер Әкбар сары құрлықтың оңтүстік-шығысында жатқан ежелгі өркениеттің Отаны алып елдің аспанында тұтас бірлік туын көтеріп, рухы оянуына ықпал жасап, бостандық бастауында тұрып, үнді ұлтшылы атанса, осында туып-өскен Уильям Теккерей (1811-1864 ж.ж., Калькутта) мен Редьярд Киплинг (1865-1936 ж.ж., Бомбей) қадау-қадау туындылары осы қасиетті топыраққа тамыр тартты. Шығыс төл басы Нобель сыйлығының лауреаты Рабиндранат Тагор 1932 жылы социализм кіндігінде болып, оралған соң «Ресей туралы хаттарын» жазды. Ол ағылшын отаршылығын аяусыз айыптағаны үшін Ұлыбритания жағы шамданып, оның таралуына тыйым салып, тіпті жариялаған баспаға шүйіліп, насихаттағаны үшін күстаналады. Халық қаһарманы, Кеңес одағының батыры Бауыржан Момышұлы Р.Тагорға арналған мақаласында оны ашып көрсетті: «Ресей туралы хаттардағы» имперализм мен отаршылдыққа қарсы үннің пәрменділігі сонша – бұл кітапты ағылшын тіліне аударуға тыйым салынды. Ал оны бенгал тілінде басып шығарғаны үшін редакцияға (?) ағылшынның отаршыл өкіметі айып салды.
Әкбар мен оның дәуірі туралы аз жазылған жоқ. Сонда да базбіреулерін жадыда жаңғырта кетуге не жетеді.

Жавахарлал Неру «Әкбар орасан қуат-күш және қайраткерлік тұлғасымен ерекшеленіп, жабайы және қауіпті аңдарды аулауға қатты құмартатын еді. Оның жүрек жұтқан батырлығы соғыстағыдай кейде шектен шығып кететін». Тағы да сол: «Әкбар шүйіркелескенде кісіні өзіңе тартып тұратын қасиеттен жомарттықпен жаралғандай: иезуиттер тамсанып тамаша суреттегендей, өңменнен өтетін «отты көздері күн нұрымен ойнақшыған теңіздей құбылып тұратын». Бес мың жылды қамтыған эпопеядай «Үндістан тарихын» тәпсірлеген ағылшын маманы Джон Кей де адалдық танытып, оның кейбір іс-әрекет, мінез-құлықтарын жіті байқағандай: «Мың бір түндегі» һарон Рашидтей «Кей кезде Әкбар жымын білдірмей базар саудагерлері мен шаруалар арасында еркін жүру үшін патша ордасынан сытылып шығып кететін… Бабыр мен Құмайынның ерекшелігі – Әкбар Үндістанда үнді ауылында туды және үнділердің арасында өсті» – деген.
Қазақтың ақиық ақындарының біреуі Тұманбай Молдағалиев та 1977 жылғы сапарда бөктергідегі қоржынын толтырып, жырмен оралыпты.

Әкбар патша – Бабырдың бел баласы,
Өлгеннен соң берілмек ер бағасы.
Елестейді көзіне бір арғымақ
Ұшып бара жататын желге қарсы.

Жерден әлі биік тұр Жеңіс қала,
Жан-жағыңа абайлап тегіс қара!
Тас қорғанды талқандау мүмкін емес,
Қала сырты жайнаған егіс дала.

Мына сарай сәнді де, көрікті де
Көзіміз де тойып тұр көріп, міне,
Арнап патша салдырған сүйгеніне,
Қоздырғандай құмарлық желікті де.

Біз асатын бел де көп, белес те көп,
Алданады көңілім елеске көп.
Жарына арнап бір сарай салдыру да,
Жақсылықтың нышаны емес пе деп.

Мен ойладым, сен бұған келістің бе?
Келмейтінін білеміз жеңіс күнде.
Сарай ма, әлде, кітап па жалғыз белгі
Қалдырғанға не жетсін жер үстінде.

Әрине, бәрінен де кей тараулары патша патшасының көзі тірісінде жазылған Әбу-л Пазыл Аллами еңбегі бәсінің бағасы жоғары. Оған құн жетпейтіндей.
«Әкбар-наме» беттерінен: «Алланың даңқы арта берсін! Парықсыздықтың тұмшалаған түнінен кейін бірлік азаттығының арайлы күні туды, еңсені езген ымырт қараңғылығын қуаныш таңы алмастырды, көк періштелерінің тілегі орындалып, Жер тұрғындарына абырой әкелді».
Таңғажайып үлкен түбек тыныс-тіршілігінде елді екі ғасырға жуық билеп-төстеген ұлы моғолдардың қалдырған нұрлы ізі құс жолындай сайрап жатыр. Мемлекет барынша нығайып, кемеліңе келе бастады, шартараппен әр тараптағы қарым-қатынас күшейді. Бұған үнді ақын-жазушылардың шығармашылығын зерттеп, зерделеп тәржімалау үстінде көзіміз одан сайын жете түсті. Әсіресе жарты ғасырдай Әкбар билеген тұста жүздеген тілде сөйлейтін халық бірлігі артып, Үндістанның келешекке деген сәулелі сенімі, оянып, үміт оты ұшқындады…

Аян-Сейітхан
Нысаналин

30 тамыз, 23:58
Түркістан: Полиция департаментінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жедел кеңес өтті
30 тамыз, 23:55
Түркістан полициясы Конституция күнін атап өтті
30 тамыз, 23:53
Түркістан облысында Конституциямен құрдас 140-тан астам полицей қызмет етеді
30 тамыз, 23:51
Түркістан полициясы Конституция күніне орай бірқатар іс-шара өткізді
30 тамыз, 1:50
Түркістан: Есірткіге қарсы ымырасыз күрес
28 тамыз, 19:46
Түркістан: Мереке қарсаңында 180-нен астам полиция қызметкері марапатталды
28 тамыз, 14:57
Түркістан: Арыс ауданында профилактикалық іс-шаралар өтуде
27 тамыз, 15:06
Бекзат Бекжанұлы: Қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндетіміз
26 тамыз, 15:52
Түркістан: Мопед тізгіндеушілер, мал ұрлығы және жоғалған бала