Қазақстанда түзету мектептерін арнайы құралмен қамтамасыз ету үшін 627 миллион теңгеден астам қаражат жұмсалған. Бұл туралы Алматыда жұмысты қорытындылау мақсатында ұйымдастырылған семинар-кеңес барысында айтылды.
Іс-шараға шетелдің түзету педагогикасы мен психологиясы саласындағы жетекші мамандары, қоғам қайраткерлері мен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Семинардың бірінші күнінде жобаның нәтижесі мен қорытындысы жарияланып, ғылыми баяндамалар оқылды. Сондай-ақ қатысушылар арнайы мектептердегі оқу-тәрбие үрдісін ұйымдастыру, мүмкіндігі шектеулі балаларды техникалық қосалқы құралдармен қамту, түзету мектеп оқушыларының ақпараттық кеңістікке қолжетімділігін қамтамасыз ету сынды өзекті мәселелерді қозғады.
Бұл мекемелер «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының «Менің елім» әлеуметтік инвестицияларды дамыту бағдарламасының аясында жабдықталды. Атап айтқанда, жалпы білім беретін мектептер байқау негізінде австриялық спорт құралымен, ал музыкалық мектептер музыкалық құралмен және аспаппен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ, арнайы кабинеттер қажетті түзету құралымен жабдықталып, Логопед және дефектологтардың кабинетіне логопедиалық тренажер пен массаж зондтары алынды. Бұның барлығы ұсақ моториканы, есту және көру қабілетін, есте сақтау қабілеті мен сыни ойлауды және балалардың релаксациясын дамыту үшін жасалған.
Бүгінгі таңда Қазақстанда 100 түзету мектебінен бөлек 39 арнайы мектепке дейінгі білім беру ұйымы, 13 оңалту орталығы, 173 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері және 68 психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес бар екен.
«Samruk-Kazyna Trust» Қорының ресми өкілі Лима Диастың айтуынша аталмыш жобаның басты нәтижесі – балалардың әлеуметтенуі болмақ. Ол «Алдағы 5-10 жылдың ішінде қазір осы мектептерде білім алып жатқан 15 мың бүлдіршін ол – болашақта 15 мың ересек адам және біз олардың қоғамның толыққанды мүшесі болатынына сенеміз. Бірақ бұған орта білім деңгейінде ғана назар аудару көздеген мақсатқа жетуге көмектеспейді. Мектеп бітіргеннен кейін балалардың орта-кәсіби білім және жоғары білім алғандары өте маңызды. Десе де, ерекше балаларды барлық колледждер мен университеттер қабылдауға дайын емес. Бұл жоба білім беру жүйесідегі ауқымды өзгерістерге тек негіз болып табылады және біз білімімізді, тәжірибеміз бен күш-жігерімізді біріктіру арқылы балаларға жақсы өмір қамтамасыз ете аламыз деген үміттеміз»,- деп сөзін түйіндеді.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Мектепке дейінгі және орта білім департаменті директорының орынбасары Зейнеп Махсутова «Samruk-Kazyna Trust» Қорының көрсеткен көмегін бағаламау мүмкін еместігін ерекше айтып өтіп, алғысын білдірді. Бұған қоса ол өз сөзінде «Қор жабдықтаған арнайы мектептердегі құралдар – білім алушылардың оқу үрдісінде сөйлеу және қимыл-қозғалыс бұзылушылығын түзетіп, есте сақтау қабілетін, зейінін және сенсорлы моторикасын дамытуға көмектеседі. Бұған дейні «Samruk-Kazyna Trust» Қоры мектепке дейінгі балаларға арналған тактильді оқулықтарды дайындау бойынша жобаны жүзеге асырды. Бұл оқулықтар 250 дана көлемінде барлық арнайы балабақшаларға жеткізілді» — деді.
Салтанат Шырынхан