Алматыда мүмкіндігі шектеулі балаларға тегін қызмет көрсететін «Мұзбалақ мүгедектер қоғамдық бірлестігі» бар. Бұл орталыққа ерекше қажеттігі бар балалар мен ерекше күтімді талап ететін ауруға шалдыққан балалардың ата-аналары көмек алады. Қоғамдық бірлестіктің басшысы Армангүл Болатжанқызы қор ашудағы арман-мақсатымен бөлісіп, ешкімге ауыртпалық салмай қоғамға пайдамды тигізсем деген ойымен бөлісті.
Алматыда мүмкіндігі шектеулі балаларға тегін қызмет көрсететін «Мұзбалақ мүгедектер қоғамдық бірлестігі» бар. Бұл орталыққа ерекше қажеттігі бар балалар мен ерекше күтімді талап ететін ауруға шалдыққан балалардың ата-аналары көмек алады. Қоғамдық бірлестіктің басшысы Армангүл Болатжанқызы қор ашудағы арман-мақсатымен бөлісіп, ешкімге ауыртпалық салмай қоғамға пайдамды тигізсем деген ойымен бөлісті.
Армангүл қоғамдық бірлестіктің «Мұзбалақ» аталуының себебін былай деп түсіндірді: «Мұзбалақ мүгедектер қоғамдық бірлестігінің» негізгі мақсаты — мүмкіндігі шектеулі балаларды әлеуметтік сауықтыру. Біздің орталық балаларды диагнозына қарай бөлмейді, барлық емдік іс-шаралар тегін. Орталықты «Мұзбалақ» деп атауымның да өзіндік себебі бар. Өздеріңіз білесіздер, мұзбалақ — ауа райының ыстық-суығына қарамастан, шырқау биікте тіршілік ететін құс. Әр бала осы құс секілді төзімді болса екен деген оймен қойылды. Мүмкіндігім шектеулі екен демей, қанаты қатайып, осы құс сияқты алға қарай самғаса деген арманым бар. Өзім де 1-топ мүгедегімін. Кезінде ем алу үшін көптеген қиындықтарға тап болдым. Талай орталықтың есігін қақтым. Тіпті «диагнозың сәйкес келмейді» деп шығарып салғандары да болды. Қоғамдық бірлестікті ашуыма Алматы қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты Алатау ауданы «Бақытты отбасы» орталығының мамандары көмектесті. Олар құжат реттеу, тіркеу, ғимарат жалдау жұмыстарына атсалысты. Қазір бізге келетін балаларға міндетті түрде мүгедектігін растайтын құжатты көрсет демейміз. Ем-дом алғысы келген әрбір балаға барынша көмек қолын созуға тырысамыз».
Соңғы жылдары аутизм дерті дендеп бара жатыр. Оның негізгі себептерін ғалымдар да ашып айта алмайды. Орталық басшысының айтуынша, мұнда сапалы қызмет түрін ұсынатын әр түрлі мамандар бар. Атап айтсақ, ЛФК маманы, логопед, психолог, еңбек нұсқаушысы, музыка мен би маманы жұмыс істейді. Әр маман өз қызметін сапалы әрі тегін ұсынады.
«Біздің қоғамдық бірлестік туралы ата-аналар әлеуметтік желіден, немесе бір-бірінен естіп біліп жатады. Бізге ем-шараға келетін балалардың ең алдымен ата-анасымен жұмыс істейміз. Ата-ана баласының диагнозын толық біліп, алда қандай қиындықтар болатынына дайын болуы керек. Көп ата-ана ереше баласын қандай орталықтарға апару керек екенін білмейді. Біздің орталық ата-анамен жұмысты ең алдымен осыдан бастайды. Жан-жақты кеңес беріп, баласына қандай емдік шаралар пайдалы екенін нұсқаймыз. Аутист балалардың дұрыс тамақтануы да өте маңызды. Осы ретте ата-аналарға арнайы тапсырма беріледі, балаларға берілетін тамақтың да тізімі көрсетіледі. Бізге курсқа келген балаларға үйге де тапсырма береміз. Жаттығуларды бала үйінде де қайталауы керек. Сондықтан ата-аналарға да жүктелетін міндеттер бар. Маман тапсырмасын күнделікті орындағанда ғана белгілі бір нәтиже пайда болады.
Орталықтағы әр маман өз жұмысын біледі. Барлығы да арнайы сертификатқа ие, білімді де білікті мамандар. Мұндай орталықтар керек. Біз бір балаға болса да пайдамыз тисе дейміз. Әр баланың дамуы әрқалай. Дегенмен ертерек емін қабылдап, тиісті шараларды қабылдаса, баланың жағдайы жақсарып кетеді. Біздің орталық айына отыз балаға ем-дом көрсетеді. Бала санының аз болуының сыры осыда. Аз бала қабылдап, жақсы нәтиже көрсеткіміз келеді», — дейді Армангүл Болатжанқызы.
«Мұзбалақ мүгедектер қоғамдық бірлестігі» бүгінде өз жұмысын демеушілердің көмегімен атқарып отыр. Орталық 3 жастан 18 жасқа дейінгі аралықтағы балаларды қабылдайды. Әр баланың диагнозына қарай жеке емдік шаралар көрсетіледі.
Орталық басшысының айтуынша, көптеген мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған орталықтарда мүгедектікті растайтын құжатсыз қабылдамайтын көрінеді. Ал Армангүлдің орталығына құжат қажет емес. Бірақ кейбір жеңілдіктерді алу үшін мүгедектігін растайтын құжат керек болуы мүмкін.
Ол: «Біздің орталықтың ерекшелігі- құжат талап етпейміз. Өйткені баланың жағдайынан оның көмекке зәру екені көрініп тұрады. Баласының мүгедектігін мойындағысы келмейтін ата-аналар болады. Біздегі мамандар нәтижеге жұмыс істейді»,- деді.
Орталық кәсіпкерлердің демеушілігімен азық-түліктен бөлек, жағдайы төмен отбасыларға мектеп формасы бойынша да қолдау көрсетеді.
Мақпал Ноғайбаева