Талдықорған қаласы «Жастар» спорт сарайында волейболдан ардагерлер командалары арасында «Жетісу кубогы» халықаралық турнирі өтті.
Додаға алыс-жақын мемлекеттен алты команда келді. Нақтырақ айтқанда Ресей, Моңғолия, Бурятия, Өзбекстан, Тыва республикасы және Қазақстан «Жетісу» командасы қатысты. Жарыстың ашылу салтанатында ҚР волейбол федерациясының вице-президенті, Алматы облысы волейбол федерациясының президенті, облыс әкімі Амандық Баталов сөз сөйледі. Өңір басшысы облыста атқарылып жатқан игі істерді айта келе өңірде спорт саласы қарқынды даму үстінде екенін мақтанышпен жеткізді. Мәселен, «Жетісу» қыздар командасы волейбол ойынында республиканың жеті дүркін чемпионы, ел кубогын да бірнеше рет иеленген команда. Осындай жарқын көрсеткішіміздің арқасында волейбол ойынына қызығушылық артып, шеберлердің орнын басатын жастар өсіп келе жатқанын да тілге тиек етті. Сондай-ақ, жарысқа келген командаларға сәттілік тілеп, жарысты ашық деп жариялады. Мұнан кейін ортаға әр елден келген команда капитандары шығып, жарысты ұйымдастырған басшылыққа ризашылығын білдіріп, естелік сыйлықтар табыс етті.
Расында да, жас күндерінде бір-бірін дүбірлі додада кездестіріп, қарсылас атанған ескі достар, араға бірнеше жыл салып, Жетісу жерінде бастары қосылғанына шынайы қуанды. Көптен көрмеген ардагер спортшылар бір-бірін құшақтап, жас кездерін еске алып, мәре-сәре болды.
Салтанатты шарадан кейін ойын да басталды. Жарыстың шымылдығын Қазақстан «Жетісу» командасы мен Буратия мемлекетінің командасы ашты. Алаңға шыққан екі команда да нағыз шебер ойыншылар екенін көрсетті. Тіпті, ойындарына қарап, жастары алпысты алқымдап қалған ардагерлер деп айтуға келмейді. Құдды бір жиырма бестегі жігіттей ойқастап, ортаға керілген сеткіге еркін секіріп, соққы жасағанда таңдай қағасың. Сонымен шиыршық атқан ардагерлер екі кезең бойы жан алысып, жан берісіп тер төкті. Нәтижесінде 2-0 есебімен алаң иелері «Жетісу» командасы жеңіске жетті. Одан кейін Ресей мен Моңғолия командасы шықты. Құрамына кіл мықтыларды жинаған Ресей командасы бірінші ойыннан-ақ, өздерінің чемпиондыққа дәмелі екендіктерін байқатты. Кескілескен ойында ресейліктер екі кезең бойы шашау шығармай, айқын басымдықпен жеңіске жетті. Есеп 2-0. Ал Тыва мемлекеті мен Буратия елінің командасы арасындағы ойын да тартысы өтті. Айласы басым Тыва командасы 2-0 есебімен жеңіске жетті. Екінші күні Моңғол командасы мен ала шапанды ағайындар кезікті. Ұжымдық ойынды өте шебер қалыптастырған, өзбек командасы екі кезеңде де ірі есепке қол жеткізіп, қарсыластарын тас талқан етті. Қазақстан мен Тыва арасындағы кездесуде жерлестеріміз жеңімпаз атанды. Ал өзбек командасы Ресей командасына тегеурінді қарсылас бола білді. Бірінші партияда ресейліктер жеңіске жетсе, екінші кезеңде өзбектер есепті теңестірді. Шешуші сәтте орыстар жеңісті жұлып алды. Жартылай финалда Қазақстан командасы өзбек ағайындарды ұтып, финалға жолдама алса, Ресей Тываны жеңіп, ақтық сында жарыс қожайындарына қарсылас атанды. Сонымен шешуші кезеңде үшінші орын үшін таласта Өзбекстан мен Тыва мемлекеті жолықты. Тартысты өткен бәсекеде Тыва жарыстың қола жүлдегері атанды. Финал өте қызықты өтті. «Жетісу» командасы мен Ресей мықтылары жолықты. Кіл мықтылар арасындағы ойын теке тіреспен өтті. Бірінші кезеңде жерлестеріміз жеңіске жетсе, екінші кезеңде ресейліктер ұтты. Соңғы сәтте қарсыластар командасы қатты қарқын алып, жеңіске жол ашты. Осылайша ресейліктер Талдықорғанда ұйымдастырылған «Жетісу кубогының» иегері атанды.
Жарыс соңында облыс әкімі Амандық Баталов жеңімпаздарды марапаттады. Бірінші орынға көтерілген Ресей командасына арнайы кубок пен 1 млн. теңгенің сертификаты табысталды. Екінші орын алған Қазақстан «Жетісу» командасы кіші кубок пен 700 мыңның сертификатын иеленсе, үшінші орын алған Тыва мемлекеті 500 мың теңгеге қол жеткізді. Сонымен қатар, әр командада үздік ойын көрсеткен ойыншылар анықталып, арнайы сыйлықтармен марапатталды. Осылайша үш күн бойы жастық кездерін еске түсірген ардагер волейболшылар, құшақтары қуанышқа толып, қимастықпен Жетісу жерімен қош айтысты.
Қажет Андас, Алматы облысы