Кәсіпкерлік — ел экономикасын өрге сүйреуге қомақты үлес қосатын сала. Әр аймақта кәсібін дөңгелетіп, ел игілігіне жұмыс істеп жатқан азаматтар көп. Сондай қарымды кәсіпкердің бірі Қызылорда облысының Арал ауданында тұрады. Кәсіпкер, әрі он саусағынан өнері тамған шебер Жансерік Нысанбаев бұған дейін қайықтарды тапсырыс берушінің талғамына сай жасайтын болса, бүгінде сұраныстағы үлгілерді біріктіріп, қайықтың 4 моделін сатылымға шығарып отыр. «Алдағы уақытта бұл модельдерді кеңейтеміз және туризмге арналған адамдардың су бетінде серуен жасауына ыңғайлы шағын кемелер жасау жоспарымызда бар», – дейді Жансерік.
Жансеріктің қайық жасауы кездейсоқтық емес. Атасы Сенбі Арал өңіріне белгілі темірден түйін түйген әйгілі ұста болған. Әкесі Темірбай да ата жолын жалғаған, үй тұрғызып, ағаш кесудің асқан шебері болған. Нағашы атасы Орынбай етікшілік өнерімен ел есінде қалған. Әлі күнге дейін халық аузынан түспеген ұсталық өнердің жібін үзбей, заманауи үлгісін көрсетіп отырған Жансерік бизнесін осыдан он алты жыл бұрын жиһаз өндірісінен бастаған.
Жансерік және оның қайық жасайтын командасы жайында шағын сұхбатымызды ұсынамыз.
— Жансерік, қайық жасау идеясы туралы айтып берсеңіз. Тегіңізде ұсталық өнер бар екенін білгенде, бәлкім, бала кезде қайық құрастырып жатқандарды көрді ме деген сұрақ туады?
– Қайық жасау идеясы дегенде мына жәйт ойыма оралады: оқушы кезімде әкемнің ұста сарайындағы құралдарды пайдаланып, әртүрлі бұйымдар жасап көретінмін. Сосын әкемнің құрал-саймандарының арасында «Конструктор», «Өзің жаса» («Сделай сам») деген кітаптар мен журналдардың ішінде ағаштан қайық құрастыратын мағлұматтарды қызығып оқитыным есімде.
«Арал жиһаз» деген кәсібіміз кеңейе бастаған 2015 жылы біздің Аралда балық өндірісі қарқынды дамыды. Кіші Арал толып, халықтың көбі балық шаруашылығымен айналысты. Сол уақытта көршілер мен ағайын-туыстардың көбісі алюминий қайықтарды Ресейден алдырды. Балықшының бірден-бір құралы қайық болған соң өтімділігі де жақсы болды. Бір жағынан, сол жылдары алюминий қайықтардың қаупі сол, жылына үш, кейде бес қайыққа дейін суға кетіп, өлім-жітім көбейді. Осының бәрі көз алдымызда болып жатқандықтан қауіпсіз қайық шығару туралы ойлана бастадым. Интернеттен қарап, бұрын оқыған журнал, кітаптарымды қайтадан парақтап, зерттеп, зерделеп, бірінші мақсатта қауіпсіз вакуумды қайық жасауды ойладым. Ресейліктер бізден бұрын пластикалық қайыққа отырды, алюминий қайықтарды Қазақстанға арзан бағаға сатып жібергені сондықтан. Әу баста ағаш қайық жасау ойда болған, бірақ ағаштың сапасы төмендеу, суды бойына тартып алады, сосын салмағы ауыр болады. Алюминий коррозияға шыдамсыз, теңіздің суы жеп қояды. Сонымен сапасы жағынан пластик қайық бізге тиімді болды. Бастапқыда бір қайық жасап көрдік, теңізге апарып, сынақтан өткіздік, бірақ сәтсіз болды. Сонда да тоқтаған жоқпыз, әрмен қарай дамыттық. Модернизациядан өткіздік, теңіздегі балықшылармен ақылдастық. 2017 жылы тағы бір модельді қолға алдық, ол енді сәтті шықты. Экономикалық тұрғыдан және отандық бизнесті дамыту тұрғысынан қайық жасау идеясы бізге табысты болды.
— Бір сұхбатыңызда тек қана тапсырыспен қайық жасаймыз деген екенсіз. Маркетинг жағын айтып берсеңіз.
– Иә, қайықты басында тапсырыспен жасайтынбыз. Өйткені шығыны көп, сосын әркімнің талғамы әр түрлі ғой. Көбіне балықшылар өзіне ыңғайлы етіп жасатады. Қазіргі кезде жағдай тұрақталды. Туризм мақсатында су бетінде серуендеуге арналған қайықтарға да сұраныс артты. Барлық комплектациясын бір жолға қойып, реттеп, стандарт бойынша сұранысқа сай нарыққа төрт модельді шығарып отырмыз.
Маркетинг жағына келсек, kolesa.kz арқылы жұмыс істейміз. Екі қайық сыятын өзіміздің жүк көлігіміз бар, сонымен Балқаш, Атырау, Ақтау, Алакөл, Зайсан, Қапшағай, жалпы суы бар жерлерге жеткізу қызметі қарастырылған. Тұтынушының мекен-жайына дейін апарып береміз. Басында қиын болды. Өйткені адамдардың көбі хабарландыруға сенбейді. Әр өңірден бір-екі адам алғаннан кейін, қайықтарымыздың сапасы туралы халықтың өзі айта бастағанда жұмысымыз бір жолға түсті деп айтуға болады.
Әрі қайықтардың бағасы да қолжетімді. Тапсырыс көлеміне қарай жыл он екі ай жұмыс істейміз. Бұрын айына үш қайық шығарсақ, қазір жұмысты автоматтандырудың арқасында айына 5 қайыққа дейін шығара аламыз.
— Осы кәсібіңізді кеңейтуге байланысты жоспарыңыз бар ма?
– Алда үлкен жоспарларымыз бар. Былтыр қайық өндірісіне арналған бөлек үлкен ғимарат салдық. Алдағы уақытта әр түрлі модельдерді көбейту, көлемді қайықтар жасау жоспарымызда бар. Бұл, әсіресе, туризм саласында үлкен сұранысқа ие. Шағын кемелер жасауды да ойластырып отырмыз.
— Өзіңіздің өмірлік ұстанымыңыз қандай? Жалпы кәсіпкер адам үшін ең маңызды қағидалар туралы айтсаңыз.
– Еңбегімен елге пайдасы тисе, кәсіпкер үшін бұдан маңызды ештеңе жоқ деп ойлаймын. Ең бастысы, сапалы өнім, сапалы қызмет болуы керек. Сонда ғана жүзің жарқырап, жұмысың алға басады.
— Әңгімеңізге рахмет!
Айжан Жұмабекқызы,
Қызылорда облысы
Суреттерді ұсынған автор