Арай Өмірова: «Аға буыннан өнерге адалдықты үйрендік»

23 қантар 2017, 14:46

 

Бүгінгі жас актерлер қатарын білеміз бе? Аға буынның орнын алмастырған жастардың екпіні қалай? Театрдың жас буынын дұрыс бағалап жүрміз бе? Осыған орай Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрының жас актрисасы Арай Өмірованы әңгімеге тартқан едік.

 Жас қазақ: Арай, әңгімемізді туған өлекеңізден бастасақ. Қай жердің тумасысыз? Өнер жолын кішкентай кезіңізден армандадыңыз ба?

Арай Өмірова: Менің туған жерім Жамбыл облысындағы Бірлесу еңбек  ауылы. Мен екі жаста болғанымда  ата-анам  Тараз қаласына  көшіп келді. Жастайымнан өнерге жақын болып өстім. Ән айтып, мектептегі  би үйірмесіне қатысатынмын. Тараз қаласындағы «Жасөспірімдер орталығындағы» үйірмелерге  барып, бала кезімнен түрлі конкурстарда бағымды сынадым.  Әрі қарай 11 сыныпты аяқтап, алдымызға кім боламын деген мақсатты қойған кезде, өнер жолын таңдаған едім. Ата- анам да өнер жолы қиын жол екенін ескертті. Бірақ жүрегім өнерді қалап тұрғаннан кейін, әнші боламын деп шештім. Арман қуып Алматыға келіп оқуға тапсырдым. Сол кезде SuperStar KZ жобасының дүрілдеп тұрған кезі, әншілікке тапсырған талапкерлер өте көп. Бірінші тыңдалымда Лаки Кесоглу тыңдап маған жолдама берді.  Ал алғашқы сынақтан өтуіме жолдама берген Есмұхан Обаев ағамыз болды. Бірақ мектепті жаңадан бітіріп келгендерден гөрі, музыкалық колледж бітіріп келгендердің мүмкіндігі мол екенін ескертті. Осы кезде анаммен ақылдасып музыкалық драма факультетін таңдадым. Вокалдан сабақ беретін Мейрамгүл Көпбаева дейтін ұстазым музыкалық драмаға түс, ол жерде жан-жақты боласың деп айтатын.

Сөйтіп 2004 жылы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық Өнер академиясына «актер шеберлігі» мамандығы бойынша белгілі режиссер Есмұхан Обаевтың сыныбына түстім.  Оқуды бітірген соң Болат Атабаевтың «Ақсарай» мюзикл театрында 2 жыл еңбек еттім. «Ақсарайда» жүріп «Қыз Жібек» спектаклінде Дүрияның, жас қаламгер Шер-Әлидің «Я твоя анти  Славасында» Слава рөлінде ойнадым. Бірақ ол кезде театрды қаржыландыратын «БТА» Банк демеушілігін тоқтатқаннан кейін, әрі қарай жұмыс жасауға мүмкіндік болмады. Қалай дегенмен де ата-анаңа еңбегіңнің жемісін көрсету парыз.  Әрбір адамда мүмкіншілік болады емес пе? «М.Әуезов атындағы академиялық драма театрға барып, өз бағымды неге сынап көрмеске?» деп театрға келдім. Қазақта «бақ шаба ма, бап шаба ма?» деген аталы сөз бар. Бағым жанып, театрға қабылдандым.

Қара шаңыраққа  келе салысымен «Жаужүрек»  спектакліндегі басты рольдердің бірі Татьянаны берді. Тәжірибем болмағандықтан біраз жүрексінгенім бар. Сахнаға бірден шыға салуға қорқыныштың да болғаны рас. Алайда аға-әпкелерімнің демеуімен ол кезеңнен де өттім.

Жас қазақ: Алғашқы сомдаған рөліңіз есіңізде ме?

Арай Өмірова: Театрдағы ең алғашқы рөлім сіздерге айтып өткен Татьяна рөлі. Одан кейін «Жүрейік жүрек ауыртпай» спектакльінде Немеренің рөлі. «Тендерге түскен келіншекте» Айнагүлдің, «Ай мен Айшада» Тотияның, «Қыз мұңында» Айгүлдің рөлінде ойнадым. Осындай азды-көпті рөлдерім бар.

Жас қазақ: Театрдан бөлек қандай қосымша  бағдарламаларға қатысасыз? Киноға түсу жағы қалай?

Арай Өмірова: Таразда жүрген кезімнен бастап түрлі концерттік бағдарламаларды жүргізетінмін. Сонымен қатар «Қазақстан » арнасында өткен «Ұлы дала ойындары» атты жобаның жүргізушісі болдым. «Жұлдыздар отбасы» журналы ұйымдастыратын «Ең үздік махаббат әндері» концертін жүргіздім. Кинода да үлкен рөлдерге түспесем де, кішігірім эпизодтарға түсіп жүрмін.

Жас қазақ: Қазіргі театр көрермендеріне көңіліңіз тола ма? Әлде театрға жаңа ізденіс керек деп ойлайсыз ба?

Арай Өмірова: Қазір қарап отырсақ, театрға жастар жағы көп келеді. Соларға қарап театрдың рухани маңызын жоймағанының куәсімін. Кіші буын болсын, үлкен буын болсын театрға келу жағы жақсы. Соған қарағанда біздің репертуарымыз өз көрерменінің қызығушылығына ие деп ойлаймын. Инстагрм желісі болсын, басқа да әлеуметтік желі болсын театрдағы қойылымды талқыға салып, пікірлерімен бөлісіп отыратын көрермендер баршылық.

Жас қазақ: Сізді комедиялық тіпті драмалық жанрдағы қойылымдардан жиі көреміз. Алайда жаныңызға жақыны қай жанр? Мына рөлді сомдасам ғой деп армандап жүрген рөліңіз бар ма?

Арай Өмірова: Менің жаныма жақыны драма деп айтар едім. Лирика трагедия. Ал қызығып ойнайтын жанр ол комедия. Трагедияны да ойнағаннан кейін біраз қиналып жүресің. Комедия да оңай емес. Ең қиын жанр негізі комедия. Себебі көрерменді күлдіру оңай емес. Армандап жүрген рөлдерім әрине бар. «Қыз Жібек» қойылымына дайындалып жатырмыз, маған Дүрияны сомдау бекітілді. Бірақ Жібекті ойнасам деген арманым  да бар.

Жас қазақ: Әйел адамға өнер жолын алып жүру қиын екенін білеміз? Әсіресе отбасылы адамға. Өнер мен отбасын қатар алып жүру сізге қиын емес пе?

Арай Өмірова: Әрине қиындығы бар. Өнер жолын таңдағаннан кейін кейде өнерге басыңмен берілгің келеді. Тіпті театрдан шықпай жұмыс жасағың келеді. Алайда ол мүмкін емес, себебі үйде тосып отырған отбасың бар. Оларды ойлайсың. Толыққанды беріліп жұмыс істеуге қиындау.

Жас қазақ: Арай, сіз әнші болуды армандадыңыз. Болашақта сізді әншілік қырыңыздан көре аламыз ба?

Арай Өмірова: Театрдағы әріптестерім әнге жақын екенімді біледі. Әншілік қырымнан танылғым келеді. Бірақ ол үшін еңбектену керек. Ең бастысы ән керек. Жақсы ән, жақсы композитор табу керек. Болашақта жоспарда бар дүние. Кейде мен ойлаймын әншілік қырым басымырақ болар деп. Ал актерлік шеберлікке келетін болсам, әлі де үйренетінім көп.

Жас қазақ: Кімдерді үлгі тұтасыз?

Арай Өмірова:  Барлығын ұстаз тұтамын. Өйткені әрбір актердің өзіндік қыр-сыры, ерекшелігі болады. Олардан үйренетін, сабақ алатын тұстар жетерлік. Ал соның  ішінде мінезі, қайсарлығы жағынан  Данагүл Темірсұлтанованы ерекше айтар  едім. Дария Жүсіп, Шынар Асқарқызы тағы да басқа аға-әпкелерімнен  білмегенімді үйрендім. Кем-кетігімді түзеді. Актриса ретінде ашылуыма ақыл кеңесін берген Есмұхан Обаев, Оразхан Кенебаев, Тұңғышбай Жаманқұлов  сынды театр саңлақтарын үлгі тұтамын. Алдыңғы буын аға –әпкелерімізден алатын тағылым тәрбиеміз әлі де көп.

 

Сұхбаттасқан Мақпал Ноғайбаева

jasqazaq.kz

 

 

 

30 тамыз, 23:58
Түркістан: Полиция департаментінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жедел кеңес өтті
30 тамыз, 23:55
Түркістан полициясы Конституция күнін атап өтті
30 тамыз, 23:53
Түркістан облысында Конституциямен құрдас 140-тан астам полицей қызмет етеді
30 тамыз, 23:51
Түркістан полициясы Конституция күніне орай бірқатар іс-шара өткізді
30 тамыз, 1:50
Түркістан: Есірткіге қарсы ымырасыз күрес
28 тамыз, 19:46
Түркістан: Мереке қарсаңында 180-нен астам полиция қызметкері марапатталды
28 тамыз, 14:57
Түркістан: Арыс ауданында профилактикалық іс-шаралар өтуде
27 тамыз, 15:06
Бекзат Бекжанұлы: Қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндетіміз
26 тамыз, 15:52
Түркістан: Мопед тізгіндеушілер, мал ұрлығы және жоғалған бала