Қара суықта далада қалды

18 қазан 2016, 21:30

akzhal

Қарағанды облысының Ақжал кентінде 77 отбасы далада қалды.

Өйткені олар тұратын көбқабатты үй апатты деп танылыпты. Биліктегілер тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіріп, баспананы бір ай ішінде жөнге келтіріп береміз деген. Айтылған мерзім өтсе де, жөндеу жұмыстарын көрмеген тұрғындар қашанғы босып жүреміз деп шу шығарды.

Гүлнар Тұрсынбекова апатты деп танылса да үйінде тапжылмай отырған жалғыз адам. Суық үйде қат-қабат киініп, дәрі-дәрмегін уақтылы ішетін ол «жалғыз баспанамды тастап ешқайда кетпеймін»- дейді.

Гүлнар Тұрсынбекова, Ақжал кентінің тұрғыны:

-Жылу бәрін алып тастады. Жылу жоқ. Зейнетақым  40 мың. Құласа құласын, бір Алладан енді.

Ал баспаналарын дүние- мүліктерімен тастап шыққан мына тұрғындар бір айдан бері дел-сал күйде жүр. Өйткені осындағы еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейінгі 300-ден аса адам тарыдай шашырап кеткен.

Тілеукүл Қалкеева, Ақжал кентінің тұрғыны:

-Біз мал емеспіз ғой. Жарайды енді 1 айға  шыдайық. Пәтер  жалдап тұрсақ тұрайық. Бізге жөндеп бергені жақсы деп, бәріміз кетіп қалдық.

Тұрғындарды үйден шығаруын шығарғанымен, уәде етілген жөндеу жұмыстары сол күйі басталмаған. Сондықтан қаңғырып кеткен жұрт баспаналарына қайта кіреміз деп даурықты.

-Бұл үйге кіруге болмайды

-Кіреміз, кіреміз деген соң кіреміз. Салынғанына қырық жыл болған. Қырық жыл құлаған жоқ қой.

Расында үйдің жертөлесі адам шошырлықтай. Төбеден аққан су  қабырғаларын қақыратып, үйді тіреп тұрған діңгектерді де үгітіп жіберіпті.  Ғимаратты ұстап тұрған негізгі бағанының күйі мынадай. Ортасынан опырылған оны тұрғындар кірпішпен тіреп қойған.

Апатты деп танылған үйден шығарылған тұрғындардың көбі туыстары мен жақындарын жағалып кеткен. Біразы пәтерлерді жалдап тұрып жатыр. Ал жағдайы төмен 15 отбасы аурухананың ескі ғимаратына қоныстандырылған. Бірақ ондағы жағдай көңіл толтырмайды дейді олар.

Өйткені ескі үйдіңәр бөлмесінде он шақты адамнан тығылып отыр. Сыз тартқан ғимараттың тас еденінде жүрген бала шағаға да обал. Елу қаралы адамның жалғыз әжетханаға байланғаны да жандарына батып отыр.

Биліктегілер кентте өзге бос нысан жоқ дейді. Ал жеке меншік үйдің жөндеуіне қажетті 100 миллион теңгені қазынадан бөлу заңға қайшы екен. Сондықтан бұл үшін демеушілік көмекке жүгінеміз дейді.

Мұхит Мұхтаров, Шет ауданы әкімінің орынбасары:

-Аудандағы ірі кәсіпорын «Новоцинк» ЖШС жылдық әлеуметтік саланы дамытуға бөлетін қаржы есебінен апатты жағдайда тұрған тұрғын үйдің жөндеу жұмыстарына бағыттау мәселесі бүгінгі күнде қаралуда.  

Биліктегілер ойлағанымыз іске асса жаңа жылға дейін баспананы жөндеп береміз деп отыр. Сондықтан қуықтай бөлмелерді паналап, жалдамалы пәтер жағалаған жұртқа әлі де шыдам керек.

ktk.kz

17 шiлде, 19:00
Ұлы мұрат - тәуелсіздік
16 шiлде, 11:51
Құнанбай Мұсаев: Соттың бар шаруасы жаппай айдатып, қамай беру емес
15 шiлде, 14:02
«Ұстанған діндеріміз, жолдарымыз бір-бірімізге дұшпан етпеуі керек».
12 шiлде, 12:18
Жанар Қалабаева: Медиациялық мәмілені жүзеге асырғанда екі тараптың да құқығы шектелмеуі керек  
11 шiлде, 15:51
Түркістан: Сауран ауданында қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары жүріп жатыр
10 шiлде, 13:25
Түркістан: Жедел-профилактикалық іс-шаралар жалғасып жатыр
10 шiлде, 13:21
Түркістан: Тәртіп сақшылары қауіпсіз қоғам қалыптастыру жолында
09 шiлде, 15:12
Түркістан: Полиция заң мен тәртіпті бұзғандарды құрықтайды
09 шiлде, 12:20
Түркістан: Тұрғындарға құқықтық көмек көрсетілуде