Бір кездері Сарыарқаның сайын даласын кезіп, тау-тасында еркін жүрген арқарлар бүгінде адам көрсе үркетін деңгейге жетті. Арқардың еті мен мүйізіне қызыққандар оны аяусыз қырып, оның күрт азаюына, тіпті «Қызыл кітапқа» да кіруіне мұрындық болды.

Қазақстанның орталығында, Сарыарқа даласында арқардың «Қазақстан арқары» деп аталатын түрі мекендейді. Мүйізі өте мықты, бұралып иілген, қатпарланып, сақиналы болып келетін арқардың осы түрінің құлжасының салмағы кейде 200 келіге де жетеді. Ғасырлар бойы ен даланы еркін кезген арқар өткен ғасырда күрт азайып, жойылуға шақ қалған еді. Бұлақ көздерінің азаюы, жайылымдық жерлердің тарылуы, броконьерлердің ісі арқарлардың арқадан ауып кетуіне себеп болды. Осыдан кейін «Қазақстан арқары» өте сирек кездесетін аң ретінде Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілді. Оны аулауға, атуға қатаң тыйым салынғаннан кейін ғана олқылықтың орны толып, арқарлар саны көбейе бастады. Қарағанды облысы орман шаруашылығы және жануарлар әлемі инспекциясының мәліметі бойынша 2015 жылы облыста алты мыңнан аса арқар болған.
«Қазақстан арқары» Қарағанды облысының Қарқаралы, Бұқаржырау, Ақтоғай, Ұлытау, Шет және Осакаров аудандарының территориясында мекендейді. Өткен ғасырдың ортасынды күрт азайып кеткен арқарлар, қазіргі уақытта қорғауға алынып, тұрақты түрде күзетіледі. Қарағанды облысында 10 жыл қатарынан «Қазақстан арқарын» мониторингтау бойынша жұмыстар жүргізіліп келеді . Биылғы жылы мамыр айының 2-сі мен 7-сі аралығында тікұшақпен әуеден санақ жүргізілді. Осы авиаесептеудің материалдары өңделгеннен кейін облыстағы арқарлардың жалпы саны белгілі болады», — дейді Қарағанды облысы орман шаруашылығы және жануарлар әлемі инспекциясының жануарлар дүниесі және аңшылық шаруашылығы бөлімінің басшысы Вадим Ботов.
Инспекция мамандарының айтуынша бұған дейінгі жылдардағы санақтың нәтижесі облыстағы арқар санының көбеймесе азаймағандығын көрсетеді. Болашақта жануардың жойылып кетпеуін қадағалап, осы мақсатта атқарылатын шаралардың ауқымы да кеңеймек.
«Еліміздің осындай баға жетпес асыл байлығы – арқарларды сақтап қалу мақсатында Ұлытау өлкесінде ұлттық парк ашу көзделіп отыр. Аталған өңір ерекше қорғалатын аймаққа айналғаннан кейін «Қазақстан арқарының» саны көбейетініне сеніміміз мол», — дейді Жанайым Әбеуова.
«Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар» демекші әрбір адам арқарға аяушылық танытса арқарлар азайып кетпес еді. Ен даланың сәні болған арқарларларға жасалатын қамқорлық пен оларды қорғап, сақтау үшін жасалатын шаралар деңгейі төмендемесе Сарыарқа даласының арқарлар еркін жүретін аймаққа айналатын күні де алыс емес.