Әпкемді алдап кетіпті…

18 қараша 2019, 11:52

Жұмыста отырған едім. Кенет қалта телефоным шыр етті. Тұтқаның арғы жағындағы дауыс:
– Мақпал, қалайсың? Мен ғой Назира әпкең (ред.: есімі өзгертілген)
– Иә, әпке таныдым ғой, тыныштық па?
– Мені, бір келіншек алдап кетті, «онлайн дей ме, кредит дей ме» сен журналиссің ғой көмектесші, қайда шағымдансам болады?
– Әпке түсінбедім, асықпай жәймен түсіндіріңізші, – дедім.
Сөйтсем, оқиға былай болған. Әпкем Алматыдағы ірі базардың бірінде киім-кешек сатады. Шыны керек, айына төлейтін қаражаты да қомақты. Қуықтай жерге – 150 мың теңге. Қысылып-қымтырылса да, сауданың басы-қасында жүргеніне біраз жыл болды. Жаздың ыстығы мен қыстың суығына да қарамайды. Қараңғы түскенше қара базарда тұрады. Жолдасы да әр жұмыстың бір басын шалады. Екі қызын ешкімнен кем қылмай өсірудің қамымен жүр.
Жақында әпкеме бір сұлу келіншек келіп, біраз киім сатып алғысы келетінін айтыпты. Саудасының жүретініне қуанған әпкем келіншекке біраз жеңілдік жасапты. 25 мың теңгеге бірнеше көйлек, тіпті қысқы күртеше алған әлгі келіншектің төлеуге 10 мың теңгесі жетпей қалады. Уақытша 15 мың теңгені әпкемнің қолына ұстатып, қалғанын картамен төлейтінін, банкоматтан алып үлгермегенін айтады. Сылаң қаққан сұлу келіншектен күдік тудыратындай ештеңе байқамаған әпкем карта нөмірі мен өзінің жеке куәлігінің суретін әлгі келіншектің нөміріне уатсап арқылы жібереді. Арасы жарты сағаттың ішінде әпкеме 50 мың теңге аударылады. Бір қызығы, әпкемнің қалта телефонына өзге банктен аударым ретінде 50 мың теңге түседі. Сол сәтте әлгі келіншек жетіп келіп, «сізге байқамай 50 мың теңге жіберіп қойыппын, 10 мың теңгесін алыңыз да, қалғанын маған аудара салыңыз» деп өзінің телефон нөмірін айтады. Әпкем қуанғаннан келіншектің есепшотына 40 мың теңгені әп-сәтте аудара салады. Сол күнгі қуанышында шек болмай, әпкем әмиянын толтырып үйіне қайтады. Бәленің бәрі осы оқиғадан тура 30 күн өткеннен кейін басталыпты. Өйткені әпкеме «сіз онлайн несие алдыңыз» деп шағын несие беретін қызметкерлер қоңырау шалады. Төлемесе, соманың екі есеге дейін өсетінін айтыпты. Сол күннен бастап мазасы кеткен әпкем маған қоңырау шалып, көмек сұрауды жөн көріпті. Әпкеме «тек сабыр етіңіз, полиция бөлімшесіне шағым түсір» деген кеңес қана беру қолымнан келді.
Бұл оқиға осыдан екі апта бұрын болған еді. Ақыры, бір күні ұсталар деген оймен жаңалықтарды көруден де жалықпадым. Сөйтіп жүргенде, Медеу ауданының полицейлері 269 онлайн несиені үшінші тұлғаға рәсімдеткен алаяқ әйелдің ұсталғаны туралы көріп қалдым. Бірден әпкеме хабарласып, әлгі әйелдің суретін көрсеттім. Әпкем ол әйел емес сияқты, ол қыздың шашы сары түске боялған, әдемілеу келген деп бой бермеді. Сөйтсек, келіншек бірнеше рет түрін өзгертіп, қулық әрекетін жалғастыра берген.
Алматы қалалық полиция департаменті хабарлағандай, Медеу аудандық полиция басқармасының бастығы Болат Тотыбаевтың айтуынша, әккі келіншек Алматыдағы ірі базарларда әрекет еткен. Ол: «Алаяқ келіншек өз ойын арнайы құрған кесте бойынша жүзеге асырған. Ол сатушыны алдымен төлейтін қолма-қол ақшасының жоқтығына сендірген. Ал қалған ақшаны картаға аударатынын айтып, сатушының карта нөмірімен бірге жеке куәлігінің мәліметтерін алған. Кейін сатушының шотына артық сома аударып, қалған ақшаны өзі алған, немесе өз шотына аудартқан. Ал бірнеше күннен кейін сатушыларға онлайн несиені жабу туралы хабарлама келген», – деді.
Базарға барған сайын келіншек бет-әлпетін өзгертіп, шашын біресе сарыға, біресе қараға, енді бірде мүлде басқа түске бояп, үнемі өзгеріп келіп отырған.
Мұнысымен қоймай, ол алаяқтықтың басқа да жолын іздеген. Мысалы, жарнама арқылы егде кісіге қарайтын күтуші қызметіне орналасып, сеніміне кіріп, қарияларға да несие алдырған.
Қазіргі таңда алаяқ әйел тұтқындалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Ал әпкем әлгі әккі әйелді ол емес деп отыр. Бір айда түр-түсін ұмыта бастаған. Ал мен сол болуы мүмкін-ау деген ойдамын. Полицейлердің айтуынша, кергіген келіншек жұртқа 269 онлайн несие алдырған. Яғни әпкем сияқты 269 адам зар илеп жүр. Мүмкін одан да көп болар. Ал әпкемді алдаған алаяқ әйелдің үлесінде қанша адамның несиесі, көз жасы бар? Осындай оңай олжаға қызыққандардың қатары неге азаймай тұр? Жылаған тұрғындардың несиесін кім төлейді?

Мақпал Ноғайбаева

26 қараша, 14:17
Ғажайып крем қалтаны қақты
25 қараша, 14:24
Арнайы алимент қоры қашқын әкенің жүгін жеңілдетеді
24 қараша, 21:50
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды
19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген