Әпкем, жездем және мен

23 қыркүйек 2022, 11:38

Биыл көктемде күтпеген жерден Гүлзат әпкемнің күйеуімен ажырасқанын естіп, оңтүстік жаққа қарай көңілсіз сапарға шықтым. Мұндай жағдайдан соң, әрине, әпкем жалғызсырап, жүдеп қалғандай көрінді. Ет-бауырым езіліп, оның қазіргі қамкөңіл кейпін, мұң торлаған жүзін әлсін-әлсін көз алдыма елестетемін де, жүрегім сыздап қоя береді. Қайран әпкем, көз жасын көлденең көк аттыға көрсеткісі келмей, оңашада сығымдап алып жүр-ау деп ойлаймын. Оған қазір, қайткен күнде де, біреуіміз сүйеніш болуымыз керек деймін. Әйтпесе, бір әке, бір шешеден туған бауыр екендігіміздің құны көк тиын емес пе. Шындығында, біздің әулет бірбеткей, тік мінезді көрінгенімен, іштей тез мүжіліп, морт сынуға бейім.

Әпкем өз жайынан бізге еш хабар білдірмепті. Егіліп отырып хат жазбаған, не болмаса телефон шалмаған. Көз жасын көл қылып үйге де қайтып келмеген. Үн-түнсіз, іштей тынған да қалған…
Әйткенмен тағдыр біздің осындай төзімді, тұйық мінезімізге қарай қайғы-қасірет атаулыға мүлде қас, қиын-қыстау сәтте іркілмей қол ұшын созуға дайын ыстық жүрек, нәзік көңіл сыйлапты. Содан да болар, әпкемнің жайын ести сала, қанатымен су тасыған қарлығаштай алып-ұшып келе жатқан түрім мынау. Шындап келгенде, мен оған қазір қандай көмек бере аламын, қолымнан не келеді, нендей мақсатпен жолға шықтым – ол жағын өзім де білмеймін. Әйтеуір, көп кідірмей тез жетуім керек сияқты…

Біз таң алдында мінген самолет екі сағаттан соң Ш. қаласының әуежайына қонуға бет алды. Стюардессаның үні саңқылдап, облыс орталығы болып саналатын бұл қаланың қашан, қай ғасырда дүниеге келгенін, қалай өсіп-өркендегенін, қанша халық тұратынын, қандай-қандай мәдени орындары бар екенін айтып, баяндай жөнелді. Бұдан біраз жыл бұрын Ш. қаласында үлкен-үлкен жеті завод бар екені, ірі өндіріс орталығы болып саналатыны да мақтанышпен айтылушы еді. Неге екені, бұл жолы стюардесса ол жайында тіс жармады…

Сыртта өкпек жел соғып тұр екен. Күн бұлтты. Жылы салоннан шыққандыкі ме, бойым тітіркеніп, тоңази бастағандай болдым. Етек-жеңімді қымтана түсіп, автобус аялдамасына қарай аяңдадым. Бұрын әуежайда мені жездемнің өзі күтіп алушы еді. Жарқылдап күліп көрісіп, қуана қауышып жататынбыз. Бала мінезді, ақ көңіл, адал әрі жайдары жан сияқты көрінетін… Туған ағамдай болып кетіп еді. Ойыма тағы да әпкем оралды. «Құрысын ондай жездесі, – деймін ашумен. – Енді бірдеме етіп өзім-ақ жетермін. Жол мәшинеге мінермін. Қиналармын. Жол азабын тартармын. Тек, әйтеуір, тезірек жетсем екен».

Ш. қаласының мойнын көкке созған жеті заводы ыстап тастағандай аспандағы алба-жұлба бұлттар лас, кір-қожалақ сияқты көрінеді. Ауа тарылып кеткендей, газ ба, түтін бе – бір нәрсе еңсеңді езіп, тынысыңды ауырлатады. Апам ылғи да: «Ниетің түзу болса, сапарың оң болады» деп отырушы еді. Сол айтқаны рас па деймін, автовокзалда тұп-тура Қызылдалаға жүретін автобусқа тап бола кеттім. Әне-міне дегенше қала сыртындағы даңғыл жолға шығып алған көгілдір белдеулі автобус кең даланы көрген соң тынысы ашылғандай бауырын жазып, жүйтки жөнелді… Қызылдала – сонау бір қиян, сусыз шөлейт даладағы алақандай ғана ауыл. Жазы аптап ыстық, қысы кәрлі суық болады ол жақтың. Әпкемдер институттан соң жолдамамен келіп еді…
Біз шөлейт далаға қарай ұзаған сайын көк жүзі ашылып, жуылған шыныдай мөлдіреп, күн көзі жарқырап көріне бастады. Жолдың ескі жағындағы көкорай шалғынның арасынан сан алуан құстар тынымсыз сайрап, кейде тіпті мотордың бірқалыпты гүрілін де естіртпей жібереді…
«Не болды сендерге, неге келісе алмадыңдар? – деймін мен әпкем мен жездеме ойша сауал қойып. – Екеуің өте тату тұрушы едіңдер ғой?.. Сүйіп қосылып едіңдер ғой?.. Неге үндемейсіңдер? Қандай жұмбақ сыр бар сендерде?.. Естеріңде ме, екеуің үйленген күн… Ал менің есімде мәңгі ұмытылмастай жатталып қалған. Тойларың тамаша өтті ғой. Әпкем қандай сұлу еді сонда… Жезде, сен де жігіттің сұлтаны едің. Біз сені бір көруге ынтығып, үйдің жанына келіп тоқтаған мәшинеден түскен бір топ жігіттерге ұяла қарағанымызда, өзіңді солардың арасынан бірден танығанбыз. Сол… сен екеніңді көңілімізбен сезгенбіз. Өйткені сен біртүрлі… біздің үйдің адамына ұқсайтынсың… Енді, міне… қалайша өзгеріп кеттіңдер? Тіпті сене алмай келемін ғой. Өтірік болса екен, өтірік болып шықса екен…».

Кенет жүрегім лүпілдеп, қазір Қызылдалаға жеткенде бір қуанышқа кенелердей көңілім алабұртып кетеді. «Өй, Жәкіш, келетініңді неге айтпадың?!» деп жездем алдымнан күлімдеп шыға келердей болады. Бірақ артынша мұның өзі, жылай-жылай көз жасы таусылып, ішкі шерін бір сарқып алған жанның елегізіген көңілі сияқты алдамшы, азғантай ғана үміт екенін ойлап, тұнжырап қаламын… Күн сәскеге көтерілгенде Қызылдаланың төбесі де көрінді. Әне, анау төменде шашырап жатқан шағын ауылда менің әпкем тұрады. Ол қазір не істеп жүр екен?.. Қандай күйде екен?.. Ендігі өмірі жайында не ойлайды?..

Әпкем расында да жүдеп қалыпты. Аққұба жүзінің ажары солғын тартып, көзінің алдын мұң кіреукелеп, жанары боталап үлкейе түскен. Жүріс-тұрысында, мінез-құлқында біртүрлі сабырлы, салмақты күй пайда болыпты. Менің келгеніме қуанып, құшақтап бетімнен сүйіп амандасқан соң: – Апам жіберді ме? – деп сұрады сәл мұңайып. – Жоқ. Өзім келдім, – дедім мен де сабыр сақтауға тырысып. Содан соң өз жайынан хабардар екенімді білсін деп: – Үйдегілер әлі естіген жоқ, – деп қойдым. Әпкемнің шағын ғана екі бөлмелі үйі мұнтаздай таза, кішкентай қыздың қуыршақ ойнағанындай тап-тұйнақтай: әр зат өз орнында, жалтырап тұр. Ол әпкемнің ұқыптылығынан ғана емес, бұл үйдегі заттарды шашып, былдырлап ойнайтын баланың жоқтығынан да… Неге екенін қайдан білейін, жездем екеуі бас қосқалы бірталай жыл өтсе де, әлі күнге нәрестелі болған емес-ті. Ол үй-ішінің жағдайын, менің институттағы сабағымды сұрай жүріп шай әзірледі. Мен қысқа-қысқа ғана жауап қатып отырдым. Жездем жайында сұрағым келсе де, біртүрлі батылым жетпеді. Ол енді бізге бөтен адам ғой. Тіпті жау болып кетуі де мүмкін…

Ал әпкемнің өзі бұл үйде ешқандай өзгеріс болмағандай, баяғыдан бері тап осылай жалғыз тұрып келе жатқандай, сабырлы қалпын сақтап, ол туралы ештеңе айтпады. Шай ішіліп болған соң сыртқа шығып, ауланың ішінде біраз ойланып отырдым. Есік алдындағы бақанға керулі жіпте жаюлы тұрған ер кісінің көйлегі, сәкінің астында жатқан ескі аяқ киім, темір қақпалы гараж, тіпті жаңбырлы күні түскен машинаның ізі де жездемді жиі-жиі еске салып қояды. Оның біржола кетіп қалғанына біртүрлі сенгім келмеді… Адамдар қызық-ау осы, қазіргі мынау көңілсіз үйдің бір кездегі иесі Досбол жездем аяқ астынан құбылып шыға келеді деп кім ойлаған. Өз ошағын, сүйіп қосылған жарын, бауыр басып қалған ауылы мен ауласын көзі қиып қалай тастап кетті екен?..
Ол осында жүргенде бәрі басқаша еді. Шынын айту керек, жездем мені өзінің туған інісінен кем көрмейтін. Біз қонаққа келген сайын жаны қалмай елпелектеп, құрақ ұшып тұратын. Бұдан кішірек кезімізде бала сияқтанып кейде өзі де бірге ойнап кетуші еді… Енді, міне… бәрі де күтпеген жерден өзгере қалады екен-ау. «Адамдар осы неге айырылысады? – деп ойлаймын мен.

– Өмірде жолымыз бір, кеудеде жанымыз бір дейтін достар неге өкпелесіп, ат құйрығын кесісіп кетіп жатады?.. Тіршілігіміз бен тілегіміз ортақ дейтін ерлі-зайыптылар неге екіге жарылады… Қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырда, жалғыз-ақ берілер жалғанда аяқ астынан адаса салу оңай болғаны ма? Кім, не ұтпақ сонымен?».

Әне, ауылдың айналасы түгел құлпырып, көкорай шалғын қол бұлғап тербеліп тұр. Отыздың үстіне жаңа шыққан жап-жас әпкемнің қайғылы тағдырына, қамкөңіл тіршілігіне наразылық білдіріп, оны аялап жұбатқысы келгендей, жастық шақты қайтадан жырлатқысы келгендей… Бірақ әпкем оған жұбана ала ма?.. Жездем жоқ қой… Кешқұрым әпкем екеуміз терезенің тұсындағы сәкіде отырып ұзақ сырластық. Күндізгі оттай ыстық демнің беті қайтып, жазғы даланың кең тынысты қоңыр салқын шағы қанат жайған. Саумал қымыз секілді сабат ауамен тыныстаған рақат: деміңді ішіңе терең алып, ақырын ғана күрсініп қойсаң, іштегі қайғың да аздап сейілгендей болады.

– Ол кетіп қалды, – деп әпкем мұңайып. Кінәлі жандай жабырқап төмен қарап отырды да, сосын жанарын сона-ау алыста, биік шыңдарының ұшы ғана мұнартып көрініп тұрған Қосмолаға қадады. – Жақында бір жыл болады… – Бір жыл?! Жездемнің кеткеніне ме? – Ия. Бұл өзі… бұдан біраз жыл бұрын басталған оқиға еді ғой. Жәкіш, енді сен жас бала емессің, түсінетін шығарсың, біздің осы кезге шейін баламыз болмады, енді болмайды да… Сол үшін осындай шешімге келдік. Ол қазір ана-ау тау жақтағы ауылда тұрады. Үйленген. Бір қызы бар. Аты – Аңсар. Тамағыма өксік тіреліп, көзіме жас толып қалды. Тынысым тарылып, құлағым шыңылдағандай болды. «Бір жыл?! Япыр-ау, бір жыл бойы бізге айтпай, жалғыз тұрып келгені ме?.. Бұл не?! Қаталдық па? Тәкаппарлық па?! Не… не сонда? Кім үшін, не үшін азапқа салған құдай-ау?».

– Әпке, өзіміздің үйге қайтайықшы. Жүрші… – Үнім әзер шықты. Ол мұңая күлімсіреді.

– Мен осы ауылға үйреніп қалыппын, Жәкіш. Біртүрлі қимаймын…

– Қимайтын несі қалды?! – Енді менің даусым шаңқылдап ащы шыға бастады. – Жападан жалғыз не істейсің мұнда? Ауылға жүр. Кетеміз, әпке!

– Қызықсың, Жәкіш. – Әпкемнің үні соншалықты сабырлы шықты. – Менің ең бір қимас күндерім осында өтті ғой. Сол үшін де ыстық маған… әрі жездең де кетпеші деп өтініп еді.

– Жездең?! Оның қандай хақысы бар?!

– Солай, Жәкіш… Саған әлі көп нәрсені айтып түсіндіре алмай отырмын-ау. Қалаға барып, дәрігерлерге көрініп келген соң, алғаш рет оған өз бақытыңды іздеп тап деп өзім айтқанмын. Содан соң төрт жыл бірге тұрмыс құрдық. Бір күні ол үйге тұнжырап келді де: «Егер сен ренжімесең, екеуміз бөлек өмір сүріп көрейік», – деді. Мен оның басқа біреумен көңіл қосып келгенін сездім. Жүрегім су ете түсті. Жолайрыққа жетіп қалғанымызды түсіндім. Іштей сол күнге дайынмын, берік бекіндім деп жүрсем де, төбемнен жай түскендей болды. Жапан түзде, елсіз құла далада қалып бара жатқандай өзегім өртенді… Бірақ мен оның бақытты болуын, перзент сүюін шын жүректен тілеп едім ғой… ия, менің кінәмнен ол неге бақытсыз болуға тиіс. Бала сүюді тағдыр жазбаса, әу баста-ақ менің маңдайыма жазбаған екен, оның кінәсі не?.. Сосын киімдерін өзім реттеп, чемоданға сала бастадым. Оның алыс жаққа кететінін жүрегім сезді. Ал ол менің қимылымнан көз жазбай қарап тұрып: «Бір өтінішім… қажет десең, өмірлік тілегім бар. Соны орындаймын деп уәде берсең ғана кетемін, әйтпесе кетпеймін», – деді. Бұл оның «мені бақытты ету де өз қолыңда» деп тұрғаны еді… Сөйтіп, жездеңнің соңғы тілегін қабыл алдым. «Бұл ауылдан ешқайда кетпеші. Қайда жүрсем де, менің үйім осы…» деп еді ол. Солай, Жәкіш…

– Кетеміз, әпке, – дедім мен оған көнгім келмей. Әпкем осы сәт темір торда еріксіз қамалып отырған бейкүнә құсқа ұқсап кетті. Жездеме жыным келді. «Феодал! – дедім іштей ызаланып. – Нағыз феодал екен ғой өзі! Адам деп жүрсем».

– Жарайды, Жәкіш, – деді әпкем. – Үйге кірейік…

Маған төсекті сыртқа, сәкінің үстіне салып беруін өтіндім. Өзіммен өзім оңаша жатып, ойланғым келді. Сарапқа салып көрмекпін бәрін де…

Жол соғып шаршаған екенмін. Жастыққа басым тиісімен көзім жұмыла бастады. Әпкемнің болашақ тағдыры туралы ойымды жинақтай алмадым. Жібек жіптей қайта-қайта сусып кете берді…

Түннің бір жарымында үйдің жанына гүрілдеп келіп тоқтаған машинаның даусынан ояндым. Жарығы үйдің терезесіне шағылысып өтті де, жылдам сөнді.
Әпкем ояу жатқан ба, әлде ұйқысы сергек пе, әйтеуір, іле-шала есік ашылып, сыртқа шықты.

– Неғып тұрсың, ішке кір, – деді келген адамға ақырын ғана үн қатып.

Бейуақытта жүрген бұл кім өзі?.. Жездем ғой. Ия, сол. Соның өзі. Ұйқылы-ояу не істерімді білмей біраз жаттым. Ауыз үйдің шамы жанды. Терезеден қиғаштап жарық түсті. Түнгі дала тым-тырыс. Айналаға қою тыныштық ұйып қалған. Күндізгі әнші құстар да ұйықтап жатыр-ау қазір…
– Жәкіш келді ғой, – деген әпкемнің үні естілді. Терезенің желкөзі ашық екен, даусы ап-анық жетті.

– Қашан? – деді жездем. – Қайда өзі?..

– Бүгін келді. Сыртта ұйықтап жатыр. Иә, өзің қайдан түнделетіп жүрсің?

– Ана жақтан келе жатырмын. – Оның үні біртүрлі солғын шықты.

– Жайшылық па?
Ол үндемеді. Әпкем:

– Шай қояйын ба? – деп сұрады.

– Жоқ. Бір кесе айран ішейін. Үйдің айранын сағындым, – деді ол. Әпкем ас үйден айран құйып әкелген болуы керек. Сүт пісірім уақыттан соң:

– Ућ, тәттісін-ай, – деген даусы естілді оның. – Бал татиды…

– Айтшы, не болды?

– Ол кетіп қалды…

– Тағы да ренжісіп қалдыңдар ма?

– Сәл нәрсеге бола бұлқан-талқан болып…

– Жас емес пе. Сен сабырлы болсаңшы.

– Шаршадым, тіпті әбден басым қатты. Әнеугүні осында келіп қайттым ғой. Содан бері оң қабағы ашылмай жүрген. Ақыры кетіп тынды. Шынымды айтсам, бойым жеңілдеп қалды…

– Аңсарды алып кетті ме?

– Ия. Кетсе, жолы болсын.

– Қой әрі. Өйтіп жаман ырым бастамашы. Әлі-ақ татуласып кетесіңдер. Өзің барып кешірім сұра одан да…

– Кешірім сұрайтындай не жазыппын?!

– Қызғанады ғой. Оған оңай тиіп жүр ме… Келмей-ақ қойшы осында. Не бар дейсің мұнда? Сол баяғы өзің көрген тіршілік-дағы…

– Келме дегенше, өл деші маған!

– Түу, саған не болған өзі?! Аңсарды айтшы онан да. Қалай… саған ұқсай ма?

– Қасы, көзі, аузы, мұрны – аумаған өзім.

– Тұп-тура көшірмем деші! – Әпкем сыңғырлап күлді. Жездем де жымиып қойды-ау деп ойладым мен сыртта жатып.

– Жәкіш біздің жағдайымызды біле ме? – деп сұрады ол.

– Естіген ғой…

– Гүлзат, мен осы қайтып келсем қайтеді?

– Қызықсың, Досбол. Ұмыта алсаң, мені ұмыт. Ал Аңсарды әкесіз қалдырма. Күнәсіз нәрестені бақытсыз етпе…

– Екі оттың ортасында қалғандаймын-ау… – Ол терең күрсініп қойды.

– Күле ме өзі? Қылығы шыға бастады ма? – деді әпкем.

– Кімді айтасың? А… Аңсарды ма? Ия, күледі. Сол үшін ғана бірге өмір сүріп жатқандаймыз. Әйтпесе, бір-бірімізге мүлде бөлек жандармыз…

Содан соң екеуі көпке дейін үнсіз қалды. Япыр-ау, бұл не? – деп ойладым мен іштей таңғалып. – Үнді фильмдеріндегідей елжіреуік махаббат па? Әлде…

Жездемнің дәл бүгін, мен келген күні түнделетіп жүруі қызық еді. Біртүрлі, түсініксіз кездейсоқтық болатын. Иә, кездейсоқтық. Жо-жоқ!.. Олай емес. Кездейсоқтық емес, бұл өзі өмірдің тылсым, түсініксіз құпия заңдылығы… Міне, тағдыр-талайы қиын, жолы ауыр екі жан бір-біріне кіршіксіз адал көңілмен сыр ақтарып отыр. Ал мұндай кәусар шындыққа әйтеуір, кім де болса, тілектес бір жан куә болуға тиіс қой…

Ия, мен – куәмін. Әпкем мен жездемнің арасындағы мынау құпия нәзік сырдың, кәусар шындықтың куәсімін. Сол үшін де осы бір адал, арманға толы жас жүректердің қайғысын әке-шешеме, бауырларыма, тіпті көлденең көк атты ащы мысқылдап күлмеуі үшін жалпы жұртқа да қаз-қалпында, таза күйінде жеткізу менің міндетім секілді. Бірақ қалай, қайтіп жеткізе аламын?..
Мүмкін бұл сырды ешкімге айтудың да қажеті жоқ болар. Ерте ме, кеш пе – елдің өзі-ақ түсінер. Әркімде-ақ көз бар, көңіл бар ғой. Тіпті мынау шытырман шырғалаңы көп, сыры жұмбақ жарық дүниеге жалғыз-ақ рет келер адам баласының асыл парызының бірі де сол – түсіну емес пе…

– Енді… қайтқаның жөн болар, – деген әпкем әлден соң. – Барып, Аңсар екеуін алып қайт. Бұл жаққа бұдан былай келмей-ақ қой. Мен саған ризамын, Досбол…

– Не болып барады бұл дүние?.. – деді ол қатты торығып. Сосын әпкемнің иығынан құшақтап, бетінен сүйді-ау деймін…

– Жарайды. Болды. Бара ғой, – деген әпкемнің жалынышты үні естілді. – Аңсарға арнап көйлек тігіп ем… Өзімде қалсын… Сендер ренжіспеңдер…
Жездем сыртқа шығып, сәкінің жанына таяп келді де, ақырын ғана менің шашымнан сипады. Мен түк сезбеген болып жата бердім…

Сәлден соң түнгі даланың қара торғын пердесін машина жарығы қақ тіліп, тас жолдың бойымен ұзап бара жатты. Ол кеткен соң әпкем үйге кіріп солқылдап жылады. Менің жүрегім шымырлап, оған жаным ашыды. Аңсарға… өзі өмірінде көрмеген кішкентай Аңсарға арнап тіккен көйлегін кеудесіне басып жылады-ау деп ойладым…

Жанына барып жұбатқым келді. Бірақ, неге екені, олай ете алмадым, біртүрлі ыңғайсыз көрдім. Өмір дегеніңіз, таусылмайтын жұмбақ-ау өзі… Жездем не ойлап барады екен? Ертең әпкем екеуміз не істейміз? Ауылға бірге қайтамыз ба?..

Менің мүлде ұйқым қашып кетті. Әпкем көпке дейін өксіп жатты…

Нұрғали ОРАЗ

24 сәуiр, 14:05
Алматы: «Қарызсыз қоғам» қаржыны тиімді жұмсауға үйретеді
22 сәуiр, 15:46
Түркістан полициясы ұрыны ізін суытпай ұстайды
22 сәуiр, 14:37
Түркістан: Террористік тұрғыдан осал нысандар тексеріліп жатыр
22 сәуiр, 14:00
Түркістан полициясы интернет-алаяқтыққа қарсы пәрменді күрес жүргізеді
18 сәуiр, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады
17 сәуiр, 15:44
Түркістан: Сайрамдық полицейлер алаяқтықтың алдын алды
16 сәуiр, 12:24
Түркістан: Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылыққа жол берілмейді
16 сәуiр, 12:05
Қайрат Нұрқасымов: Алматы Индустриялық аймағы – қала экономикасына серпін береді
12 сәуiр, 20:37
Түркістан: Полиция полковнигі жастарға есірткінің зардабын түсіндірді