jasqazaq.kz

APEC ашық әрі әділ сауда-саттықты қолдауға шақырды

31 қазан, 19:45

«Теңіз толқыны неғұрлым асау болса, біз соғұрлым бірігіп, жұмылуға тиіспіз»! Қытай төрағасы Си Зиңпин бүгін APEC (Азия және Тынық мұхит елдерінің экономикалық ынтымақтастығы) форумына қатысушыларды осылай шығыстың ғибратты нақылымен көпсалалы сауда жүйесін қорғап, экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға шақырды.
Оңтүстік Кореяның тарихи Кенжу қаласында басталған Саммитке аймақтағы 21 мемлекеттің өкілдері қатысып жатыр. Айта кетейік, әлемдік жалпы ішкі өнімнің 54 пайызын беретін елдердің басын қосқан APEC-тің мақсаты – өзара саудадағы кедергілерді азайтып, инвестицияны ынталандыру. Бүгінде дәл осы міндет мейлінше өзекті. Оңтүстік Корея президенті Ли Же Мен форумда айрықша атап өткендей, жаһандық экономика терең өзгерістер кезеңін бастан өткеруде. Әрі бұрынғы еркін сауда-саттық үлгілері жарамсыз болып қалды. Қытай басшысы жиын барысында күні кеше жапон елінің тарихында премьер-министр атанған тұңғыш әйел Санаэ Такаитимен кездеседі. Екі ел арасында өзара саудаға қатысты түйткілдер бар. Жоғары деңгейдегі жүздесу бірқатар түйіндерді шешуге септігін тигізуі мүмкін. Өйткені, ғаламдық геосаясатта әр мемлекеттің ұлттық мүддесін ескеретін прагматикалық көзқарас белең алып келеді. Сондай-ақ, Кенжуге келген Канада үкіметінің басшысы Марк Карни де Бейжіңмен көпсалалы байланыстарды қалпына келтіріп, соңғы кездері сауда- экономикалық қарым-қатынаста қалыптасқан тоңды жібітуге күш салмақшы. Үйеңкі елінің мұндай қадамы әлгінде айтылған ұлттық мүддені ескеру әрі оңтүстіктегі көршісінің қолтығына басыбайлы кіріп кетпеу мақсатынан туындағаны белгілі.
Бұл аптада жаһандық қауымдастықтың жіті назарын аударған басты оқиға, сөз жоқ, Қытай мен АҚШ көшбасшыларының осы Кореяда кездесуі. Си Зиңпин мен Дональд Трамптың келіссөзі Пусандағы Кимхэ әуе базасында өтті. Әлемдегі ең қуатты екі мемлекеттің басшылары соңғы рет 6 жыл бұрын Жапонияда G 20 форумында кездескен болатын. Бұл жолғы жүздесуге АҚШ пен Қытай арасында өршіп өткен сауда соғысы салқынын тигізбей қоймайтын. Оның үстіне, Ақ үй қожайыны жақында қытай компанияларының экспортына қосымша 100 пайыз баж салығы енгізілетінін жария етті. Бейжің өз кезегінде сирек металдар экспортын шектейтінін мәлімдеді.
Соған қарамастан, келіссөзде қайсыбір салалар бойынша уағдаластыққа қол жеткізілді. Бұған екі ел мамандарының осы кездесу алдында болашақ мәміле шарттарын пысықтауы ықпал еткені анық. Трамп келіссөз аяқталған еліне аттанар алдында соң журналистерге Қытайдың сирек кездесетін металдарға экспортттық бақылау енгізуді бір жылға шегергенін хабарлады. Ол, сондай-ақ, Аспан асты елінен келетін фентанилге салынатын баж салығы мөлшерін 20 пайыздан 10 пайызға азайтатынын жеткізді. Трамп айтқан тағы бір жаңалық – Қытай американдық ауыл шаруашылығы тауарларын, соның ішінде, соя сатып алуды дереу жалғастырады.


Жаһандық экономика мен саясаттың беталысын айқындайтын екі мемлекет басшыларының кездесуі алдағы жылы сәуірде Қытайда өтеді деп жоспарланып отыр. Трамп хабарлағандай, содан кейін Си Зиңпин мұхиттың ар жағына ресми сапармен барады.
Пусандағы кездесуге Қазақ елі де жіті назар аударды. Өйткені, еліміздің осы қуатты державалармен стратегиялық серіктестігі түрлі салаларда қарқынмен дамып жатыр. Қарым-қатынастың маңызды мәселелері алдағы айдың басында Вашингтонда өтетін АҚШ және Орталық Азия президенттері Саммитінде жан-жақты талқыланады.
Талап Тілеген

31 қазан, 19:45
APEC ашық әрі әділ сауда-саттықты қолдауға шақырды
31 қазан, 14:42
Түркістанда өңдеу өнеркәсібі жаңа деңгейге көтерілді
31 қазан, 12:49
Жанар Жазылтаева: Жаңа Салық кодексі салық салу жүйесін жеңілдетуге бағытталған
30 қазан, 15:25
Меруерт Ибраева: Қазақстан индустриясы жасанды интеллект дәуіріне қадам басты
30 қазан, 15:09
Қанат Қайыпбек: Жаңа Салық кодексі Түркістан кәсіпкерлеріне оңтайлы жеңілдіктер ұсынады
30 қазан, 11:54
АҚШ пен Венесуэла: соғыс бола ма, болмай ма?
29 қазан, 19:25
Инженерлік инфрақұрылым - игіліктің бастауы
29 қазан, 13:36
Қанат Мұсаев: Агроөндірістегі басты мәселе – өнімді өткізу
29 қазан, 12:25
Суомимен стратегиялық деңгейдегі серіктестік