Бірде Қаскелеңге қарай жол түсіп, такси тоқтаттым. Діттеген жеріме қуана жеткізетінін айтқан әйел адам мені қасына отырғызып алды. Әппақ мәшиненің рөлінде отырған апайға аузым ашылып қарап қалыппын. «Не болды, қызым, таң қалдың ғой» деп күлді. Әрмен қарай әңгіменің тиегі өзінен-өзі ағытыла кетті.
Сұлу Ешниязова Орал қаласының тумасы екен. Аралдық азаматқа тұрмысқа шығып, бүгінде Алматыда ұл-қыз тәрбиелеп отырған ана көлік тізгіндеуінің сырын бүкпесіз жайып салды.
«Жолдасым осы күнге дейін көлік айдаған адам емес. Оның тіпті жүргізуші куәлігі де жоқ. Бала күнінде армандаса да, есейе келе, көлікке мүлде жақындамапты. Менің қызығушылығымды көріп, көлік мектебінен үйреніп, жүргізуші куәлігін алуыма қолдау көрсетті.
Тек сен ғана емес, көбісі таңғалып жатады. Кейбір ер-азаматқа да көлікті басқару оңай емес қой, сіз қалай меңгеріп жүрсіз» таңданып жатады. Кейбірі арқамнан қағып, мақтап кетеді», – дейді ол алдындағы жолдан көз алмай.
«Жалпы осы уақытқа дейін дүкенді жалға алып, саудамен де айналысып көрдім. Жолдасым бір компанияда күзетші. Айлығы 60-70 мыңның арасында. Шағын дүкен болған соң ары-бері жүк тасуға несиеге көлік алғанбыз. Оның үстіне дүкеніміз Қаракемер ауылының шетінде. Дүкен иесі аренданы екі есеге қымбаттатып, тапқанымыз соны төлеуден артылмайтын болды. Көліктің несиесі бар. Балаларымыз болса өсіп келе жатыр. Үйіміз құрқылтайдың ұясындай ғана.
Үлкейтейік десек, сол баяғы ақшаның ыңғайы келмейді. Жолдасыма көлік тізгіндеп нәпақа тап деп едім, ат-тонын ала қашты. Сонымен не керек, бұл іске өзім кірістім.
Бастапқыда қиын болды. Қала көшелерін білмеймін. Кептелістен-кептеліс. Бір жерде қалсам, сол жерде тұра беремін. Жан-жағымнан неше түрлі сөздерді естимін. «Бұлай жұмыс істегені құрсын деп көлікті сол жерде тастап кетіп қалсам ба екен» деп ойлайтынмын. Бірақ несие күні жақындап қалғанда тыпырлап кетемін. Осылайша таксистке айналдым. Қазір түрлі бағдарламалар бар. Көшеден адам іздемейсің. Навигатордың көмегімен діттеген жерді оңай тауып аласың. Міне, екі жылдан бері бұл менің тұрақты кәсібіме айналды. Тіпті айына 150-200 мың теңге табыс тапқан кезім болды.Такси деген жазуды жапсырып алдым. Өйткені жазуы барларға тапсырыс та көп», – дейді кейіпкеріміз.
Бүгінде Сұлу апайдың тұрақты клиенттері де бар екен. Көлігіне мінген адамдармен түрлі тақырыптарға сөйлесіп, емен-жарқын әңгіме айтып, туысындай тілдесетін таныстар да тапқан. Ал кейіпкеріміздің мына бір оқиғасы ол кісінің қызметіне берілген баға іспетті.
«Бірде көлігіме жас келіншек отырды. Етегі жасқа толып еңіреп келеді. Не болғанын сұрап, әңгімеге тартуға тырыстым. Әлгі келіншектің күйеуі ананы-мынаны сылтауратып, жұмыс істемейді екен. Өздері пәтер жалдап тұрады. Балалары да кішкентай. Көлігімен такси жүргізушісі бол десе, «ой енді көшеде жүрейін, адамдарды аңдып» деп кергиді. Сонымен не керек, әлгі келіншектің үйіне бірге бардық. Ол менің туғаным да, туысым да емес. Күйеуін шақырып алып, өзімнің басымнан өткенімді айтып, қазір қандай жұмыс болса да қашпай істеу керек екенін айтып түсіндірдім. Әлгінің күйеуі маған қарап қалыпты. «Айналайын-ау. Мынау сенің өз көлігің. Қазір өз көлігімен жүргендердің жағдайы жақсы. Біз сияқты несие төлемейсің. Жанталасып жұмыс істе деп тұрғам жоқ. Алланың бұйырған табысын үйіңе әкеліп, берекеңді кіргіз деп» айтып кеттім. Біраз күннен кейін келіншегі хабарласып, алғысын жаудырды. Содан бері олармен хабарласып, хат алмасып тұрамыз. Күйеуі «әйел адам осылай табыс тауып жүрсе, менікі дұрыс емес екен» деп ертесінде-ақ жұмысқа шығып кетіпті».
Қазір Сұлу апай көлікті емін-еркін меңгерген. Жолын кес-кестеген жүргізушілерге ашуланбайды, «өте бер» деп ишара жасайды. Алматының да қуыс-қуысын біліп қалдық деп бір күліп алды.
Таксист апаймен әңгімеміз жұмыссыздық, масылдық, әлеуметтік мәселелерге ауысты. «Екі жылда қаншама адаммен сөйлестім. Қаншама тағдыр. Қаншама оқиға. Түсінгенім, жастардың көбі қазір ауыр жұмысқа барғысы келмейді. Бәрінің қолында бір-бір смартфон. Кейбірі телефоннан көзін алмайды. Шұқшиған күйі түсіп қалады. Сөйлесейін десең, құлақтарын бірдеңемен бітеп алған. Сөзіңді естімейді. Кейде отырып алып: «Апай сіз точно көлік жүргізе аласыз ба?» деп сұрайтындары бар. Ақшасын төлемей тегін жетіп алғысы келетіндер де жетерлік. Діттеген жеріне жетіп алып, қазір келемін деп жоқ болып кететіндері бар. Алматыда неше түрлі адамды кездестіресің. Қазір түріне қарап, кімнің не ойлап отырғанын түсінетін жағдайға жеттім», – деп бір көсіліп алды.
Осы кезде Қаскелеңге де жетіп қалыппыз. Таксист апай қоштасып жатқанымда, «Енді бір жыл талмай қызмет етсем, несием де жабылады» деп жылы жымиды.
Мақпал Ноғайбаева