Антына адал азамат

10 қыркүйек, 15:19

Қай заманда да адам баласы адал еңбекпен өсіп-өніп, соның жемісін жеген. Атам қазақ «Бейнет түбі — зейнет» деп бекер айтпаса керек.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында былай деген болатын: «Озық ойлы ұлт болу үшін бүкіл қоғам сана-сезімін өзгертіп, жаңа құндылықтарды орнықтыруы керек. Әрбір адам «Адал азамат» деген атқа лайық болса, елімізде әділ қоғам орнайды. «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Осы үш тағанды озық әрі табысты елге айналудың басты кілті деуге болады».

Әскери қызмет – мемлекеттік қызметтің ерекше түрі. Әскери ант жалпы бір-ақ рет беріледі және Отан қорғау ісін таңдап алған азамат оған өмір бойы адал болуға тиіс. Осы тұрғыдан алғанда басқаларға үлгі-өнеге болатұғын, үлкен құрметке лайықты отандастарымыз баршылық.

Соның бірі – Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті Шекара әскерлерінің ардагері, запастағы полковник Жанарбек Мәдединов. Бірнеше рет отты нүктелерде бітімгершілік борышын абыроймен атқарған Жәкеңнің бүкіл саналы ғұмыры елдің шетінде, желдің өтінде өтті десе болады.

Ол — Кеңестер Одағы кезінде даңқы дүркіреп тұрған Ф.Дзержинский атындағы жоғары әскери шекара училищесінің түлегі. Мектеп жасынан-ақ бала Жанарбек жасыл фуражкаға қызығып, офицер болуды армандаған. Сол үшін сабағын үздік оқып, спортты жанына серік етті. Жасөспірімдер арасында дзюдодан облыстық, республикалық жарыстарда жүлде алып жүрді. Кейін курсант кезінде училище намысын Одақ деңгейінде қорғады. Спортпен достығы ыстық-суығы мол әскери қызметте талай рет кәдеге жарады.

Офицерлік жолын ит арқасы қияндағы Қиыр Шығыс әскери округінде застава командирінің орынбасары болып, Қытай шекарасынан бастады. Жерге ұрып алғандай пысық, өз кәсібін жақсы білетін жас маман бірден көзге түсті. Көп ұзамай жоғары қолбасшылық оны Кеңестер Одағының (тура мағынасындағы) ең ыстық нүктесіне – Кушкаға жіберді. Бірнеше жыл Ауғанстанмен шектесетін тұстағы заставаларда жауапты, командалық лауазымдарды атқарды. 1990 жылы ол алғаш рет нағыз «отты нүктеге» аттанды. Бұл армян-әзірбайжан қақтығысының ушығып тұрған уақыты еді. Үш ай бойы ұлтараздық кикілжіңнің соңы үлкен қырғынға ұласып кетпеуіне лайықты үлесін қосып, отбасына аман-есен оралды.

Артынша Кеңестер Одағы дейтін алып мемлекет бір күнде ыдырап кетті. Бірақ Шекара әскерлері әлі де сол орталыққа бағынатын, сондықтан картада жоқ мемлекеттің шекарасын күзетуді жалғастыра берді. Аға лейтенант Жанарбек Мәдединов қайта-қайта Мәскеуге рапорт жазып, Түркменстаннан өз Отанына – Қазақстанға ауыстыруларын сұрады. Ақыры дегеніне қол жеткізіп, тәуелсіз елінің қорғаныс қабілетін нығайтуға белсене атсалысты. Жаркент және Үшарал шекара отрядтарында офицерлік командалық қызметте болды.

Осы кезде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының оңтүстіктегі шекарасындағы жағдай қатты шиелінісіп кеткен еді. Жанарбек Арзымбекұлының естелігінен: «Ауғанстанда шоғырланған заңсыз банды құрамалары белсенділік танытып, тәжік-ауған шекарасы маңында көптеген қарулы арандатушылықтар жасай бастады. Оның үстіне Кеңес Одағы ыдыраған соң материалдық-техникалық және қаржылық тұрғыдан тығырыққа тіреліп, әскери бөлімдердің білікті офицерлік құрамы тарап-тарап кеткен еді. Олардың орнына бастапқы әскери білімі жоқ ветеринарлар, мұғалімдер, агрономдар тағайындала бастады, бұл сәйкесінше шекарада көптеген қайғылы оқиғалар мен жағдайларға әкеліп соқтырды».

1993 жылғы 22 қаңтардағы ТМД мемлекеті басшыларының шешіміне сәйкес, Қазақстанның құрама батальоны (Қазбат) қалыптасқан дағдарыс кезеңінде тәжік-ауған шекарасын қорғау бойынша жауынгерлік тапсырманы орындауға аттанын болды. Қазақ батальонымен бірге орыс, өзбек, қырғыз бөлімшелері де көршілес аудандарда осындай міндеттерді жүзеге асыруға жіберілді.

Жалпы 1994 жылдың маусымынан 2001 жылдың ақпанына дейін ТМД-ның оңтүстіктегі ортақ шекарасын қорғауға он мыңнан астам қазақстандықтар қатысты. Олар шын мәнінде еліміздің ең алғашқы бітімгерлері болатын.
Осы уақыт ішінде Қазбаттың жеке құрамы елу рет қарулы қақығыстарда ысылып, жүзден астам шекара бұзушылықтың бетін қайтарып, бірнеше тонна есірткі заттарын, қаншама қару-жарақтарды тәркілеген.
Өкінішке орай адам шығына да болмай қалған жоқ. Жанарбек Мәдединовтің айтуынша, сегіз жылдың ішінде 32 жауынгер қаза тауып, 38 сарбаз жарақат алған көрінеді.

Отан алдындағы борышын өтеудегі ерлігі үшін 55 әскери қызметші жоғары мемлекеттік наградаларға ие болды. Жыл өткен сайын олардың бейнесі биіктеп, асқақтай бермек. Себебі ерлік ешқашан ұмытылмайды.
Жанарбек Мәдединовтің өзі тәжік ауған-шекарасына Қазбатты екі рет (бірінші рет штаб бастығы, сосын батальон командирі ретінде) бастап барып, екеуінде де жүктелген тапсырманы абыроймен орындап, жауынгерлерін отты нүктеден еш шығынсыз шығарды.
Ауған шекарасынан оралған соң ол ҚР ҰҚК Шекара қызметі Әскери институтында ұстаздық етіп, бар білгенін болашақ офицерлерге үйретті. Кейін ҚР ҰҚК Шекара қызметі Астанаға қоныс аударғанда соның орталық аппаратында әртүрлі жауапты лауазымдарды атқарды.

Осы кезеңдерде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасындағы қызметті реттейтін көптеген нормативтік-құқықтық актілерді, іргелес мемлекеттермен «Мемлекеттік шекара режимі туралы» келісімдерді әзірлеуге белсене және тікелей атсалысты.
Мінсіз әскери қызметі үшін бірқатар мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапатталған. Запастағы полковник Жанарбек Мәдединов құрметті демалысқа шықса да осы саладағы қызметін жалғастыруда. Сонымен қатар «Застава тарландары» қоғамдық ұйымы төрағасының орынбасары ретінде жастармен жиі кездеседі. Кезінде еліміздің шекарасын шегендеп, бекітуге ерекше еңбек сіңірген ардагерлерге деген қамқорлық та өз алдына жеке әңгіме.
Кәсіби қызметке де, қоғамдық жұмысқа да уақыт тауып, өмірдің қайнаған ортасында жүрген Адал азамат бүгінгі абырой-биігіне адал еңбекпен жеткені анық.

Абзал Ибрагим,
Астана

26 желтоқсан, 17:55
Пәлен жерде алтын бар. Барса...
23 желтоқсан, 18:08
Жаңа жылда Kaspi Red+ арқылы шоппинг үшін 15% бонус!
20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?