jasqazaq.kz

Әнші ме, аңшы ма? Заң бәріне ортақ

08 қантар 2021, 14:53

«Атың шықпаса, жер өрте». Қазақтың әр мақалы тегін айтылмаған. Қазір атын шығарғыштар көп. Біреу жер өртейді, біреу хайп қуады. Жалпы, ат шығару деген ауру сияқты ма қалай? Жұртқа өзін көрсетіп үйреніп қалған адам тыныш отыра алмайды-ау, сірә. Ондай жандар ары кетсе бір апта, не бір ай ғана жұрт көзіне түспей жүреді. Одан көпке шыдамайды. Өзі туралы қоғамда әңгіме болмаса, жұрт оны талқыламаса, әлеуметтік желі жазбаса, телеарналар көрсетпесе, ол өзін ешкімге керексіз жандай, жапанда жалғыз қалғандай сезінетін сияқты. Сөйтіп бір-ақ күнде бұрқ етіп бір жерді өртеп, бір жерді жарып шыға келеді. Онысы өздеріне қалыпты жағдай.

Әдетте ондай ат шығарғыштар әншілер мен әртістердің арасында өте көп кездеседі. Олар тіпті өз өмірін сондай тәуекелге әдейілеп арнайтындай көрінеді. Қашан көрсең, «Бәленше деген әнші клубта төбелесті», «Түгенше деген актриса күйеуінің масқарасын шығарды» дегенді естіп қаламыз. Немесе біреуі ажырасып, біреуі қосылып, онысын ұялмастан телеарнаға айтып жатады.
Бұл жолы атынан дау үзілмейтін Төреғали Төреәлі «қылық» шығарыпты. Сері жігіт 25 желтоқсан күні өзінің Инстаграм парақшасында өлген шибөрімен (түлкіге де ұқсайды) бірге түскен суретін жариялады. Фотосуретте ауызы қанға боялған жыртқышты Төреғали желкесінен бүріп ұстап алған. Өзі атты ма, әлде басқа біреу атты ма, ол жағы белгісіз. Бірақ Төрештің серілік құрып аңға шыққаны анық. Астында аты, алдында олжасы. Аң атудың заңға қайшы екенін білмейтін оқымаған біреу емес. Ол – өзі ақын, өзі әнші Төреғали Төреәлі. Сонда мұны әлемжеліге білмей салды деуге келмейді. Шибөрі түгілі, борсықты да рұқсатсыз атуға болмайтынын, заңға томпақ екенін Төреш біледі.

Осы іске байланысты Алматы облыстық полиция департаменті (ПД) тексеруді бастапты. ПД таратқан хабарламада: «Қазіргі уақытта Алматы облысының полиция департаменті істің мән-жайын анықтап жатыр. Тексеру шараларының нәтижелері бойынша түзету шаралары қолданыстағы заңнамаға сәйкес қабылданады. Жағдайға құқықтық баға беріледі» делінген.
Заңның аты – заң. Бәрімізге ортақ. Ол әнші бола ма, аңшы бола ма, ешкім жалтара алмайды. Әңгіме онда емес. Біздің айтпағымыз, қашан көрсең әнші-әртістер ақшаның буына мастанып, ойына келгенді істеп жүреді. Кейде заңның өзін белден басып кеткісі келетіндей…

Соңғы кездері инстаграмда бас-басына көлік тігіп, миллион-миллион теңге, он-жиырма ұялы телефон қойып, ұтыс ойнатып жататын әншілер көбейген. Ол қандай ақша? Қайдан келген батпан құйрық? Мемлекетке алым-салық төлемейтін қандай ойын? Ол жағы да түсініксіз. Бізге түсініктісі – бұған дейін той-тойлап, бір кеште бірнеше мың долларды қалтасына баса салатын, фонограммамен фантазияға бергісіз өмір сүріп жүрген әншілер індет кезінде әшкере болып қалды. Өмір сүрудің оңай емес екенін түсінді. Мұны ертерек түсінгендері қосымша кәсіп ашып жатыр. Ал табан ет, маңдай термен ақша табуға үйренбегендер әлеуметтік желіге кіріп алып, жұртты алдап ұтыс ойнатып, «тик-ток» түсіріп, әлі сайқымазақ болып жүргендері. Жалпы әнші-әртіс атын арқалап жүрген кейбір жандар қарны тоқ болғанымен, рухани аш сияқты көрінеді.

Жарас ШӨКЕ

19 маусым, 16:05
Түркістан: Жеті жылда индустриалдық аймақтардың жұмысы өрледі
19 маусым, 15:22
Рухани құндылық: «Дәстүрін дәріптеген әз Түркістан» өнер фестивалі өтті
19 маусым, 14:41
Түркістан: Жеті жылда жалпы өңірлік өнім көлемі 4, трлн теңгеге жетті
18 маусым, 16:26
Шара Әбдірахманова: Бала ештеңе айтпаса да, іштей көмек сұрап тұруы мүмкін
18 маусым, 15:10
Түркістан: Келес ауданында газ тартылып, жол жөнделіп, ауыз сумен қамтылуда
18 маусым, 14:38
Түркістан: Төлеби ауданында тігін фабрикасы іске қосылады
18 маусым, 14:35
Түркістан: Сарыағаштағы кәсіпорындар – аудан экономикасының тірегі
18 маусым, 14:28
Түркістан: Жылына 50 мың тонна құрғақ көкөніс шығаратын зауыт салынады
18 маусым, 14:23
Түркістан облысы мен қытай инвесторлары арасында 7 меморандум жасалды