Әнші, әдептен озба!

18 қыркүйек 2020, 9:19

Қайбір жылы қазақтың бұлбұл әншісі Бибігүл Төлегеновадан сұхбат алатын болып, үйіне бардық. Алдын ала келіскенбіз. Уәделі уақытта есіктің қоңырауын бастық. Қызы көтерді. Апамыз дайындалып жатыр екен. Біз қонақ бөлмеде күтіп отырмыз. Он бес – жиырма минуттан кейін шықты. Сахнаға дайындалғандай жарқырап алған. Үстіндегі киімі, шашы, жүзі бәрі өзіміз теледидардан көріп жүргендей тап-таза, ретті. Бізбен амандасып жатып: «Айналайын балапандар, күтіп қалдыңдар ма? Айып етпеңдер! Апаларың реттеліп шыққанша осындай болады» – деп кешірім сұрап, орнына жайғасты.

– Бибігүл апа, сонша несіне әуре боласыз? Үйдегі киіміңізбен отыра бермедіңіз бе? Біз сұхбат аламыз да кетеміз ғой – деп, жатырмын. Сонда күміс көмей әнші: «Әй, балам, сендер Бибігүл Төлегенованы сахнадан қалай көріп жүрсіңдер? Солай болып қалуым керек. Халыққа үйінде халат киіп, оттың басында, бала-шағасының қасында жүрген Бибігүл керек емес. Халыққа мінсіз, мүлтіксіз әнші Бибігүл керек. Халықтан ешкім үлкен емес, қара орман елімнің алдында мен қашан да кішімін. Сондықтан қашан да бойымды жинап, өзімді реттеп, «Халық әртісі» деген атыма сай жарқырап жүруім керек. Солай болып қаламын. Бұл – мәдениет, бұл – әдеп. Сендер бүгін апаларыңнан сол әдепті үйреніп қайтыңдар!» – деген еді.

Аңыз адамның сол бір ауыз сөзі бүгінгі әнші мен әртістен сұхбат алған сайын ылғи есіме түсе береді. Мұны неге айтып отырмыз? Осы аптада әнші әдебі, киім киюі, сөйлеу мәдениеті, сахнадағы өзін ұстауы, фонограмма туралы заң парламентте талқыланды. Мәжіліс мақұлдаған құжатта әнші-әртістерге қатысты біраз мәселе сөз болды. Сонымен, бұдан былай әнші концерт беретін кезде жарнамаға әнді фонограммамен айта ма, әлде жанды дауыста сала ма? Соны анық көрсетеді. Билет бағасы да соған сай белгіленеді. Тыңдаушылар жанды дауысты тыңдауға бара ма, әлде фонограммамен өздерін алдай ма? Ол жағын өзі шешеді. Бұл бұған дейін талай айтылып, жазылған тақырып. Дегенмен, ештен кеш жақсы.

Көрші Өзбекстан мен Әзірбайжан, Қытай мен Түркіменстанда фонограммамен ән айтуға тыйым салынған. Ал АҚШ-та фонограммамен концерт беріп ұсталса, әртіс алаяқтық бабы бойынша жауапқа тартылады. Батыс елдерінде өнердегі бұл тәртіп әлдеқашан жолға қойылған. Ол жақта әнші «көзбояушылықпен» айналыса алмайды. Фонограммамен ән салу – олар үшін қылмыс қана емес, әлсіздік, дарынсыз өнерпаздың әрекеті. Біз фонограмманы заңмен шектемесек, сахнада аузын жыбырлатып әнші атанып жүргендер айылын ешқашан жимайды. Бұл – бір. Екінші – әншілердің сахна мәдениеті заңмен бекітілді. Сахнаға арақ ішіп, есірткіге елітіп шығуға тыйым салу көзделген. Ащы суға тойып, көпшіліктің алдын шығып, сахнада аузына келгенді айтып, масқара болып жататындар бар. Мұның кімдерге құлаққағыс екенін өздері білер.

Сахна – киелі. Бірақ біздің кейбір жердегі «жұлдыздарымыз» киімге аса мән бермейді. Көптің алдына жүнін жұлған тауықтай шыға береді. Эфирде де сондай кейіпте. Бұл бір жағынан өзін сыйламау болса, екіншіден, көрерменді құрметтемеу. Өнерде жүргендердің ішінде екі сөздің басын құрап сөйлей алмайтын, қарапайым таным мен түсініктен мақұрым жандар да кездеседі. Тере берсек, кемшілік көп. Ал өнер адамы мінсіз болуға тиіс. Яғни таланты тастай, еңбекқор, киімі көркем, мінезі жібектей, әдебі әдемі, мәдениетті, өресі биік болу керек. Жаңа заң осының бәрін ретке келтірсе, қанеки?!

Жарас КЕМЕЛЖАН

26 қараша, 14:17
Ғажайып крем қалтаны қақты
25 қараша, 14:24
Арнайы алимент қоры қашқын әкенің жүгін жеңілдетеді
24 қараша, 21:50
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды
19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген