jasqazaq.kz

Анорексия құрбаны

07 қазан 2022, 18:29

Әдетте, анорексия туралы айтқанда көзімізге мүлтіксіз мүсінін сақтағысы келген жас модель немесе актрисалар елестейді. Өйткені «ашығудың құрбаны» болған жұлдыздар туралы жазбалар ақпарат құралдарында жиі жарық көреді. Ал шындығында, анорексия – күйзелу, жүйкенің жұқаруынан, тіпті тұрмыс тауқыметінен туындайтын ауру. Оған кез келген адам шалдығуы мүмкін.

– Күннен-күнге жүдеп барамын. Тамаққа тәбетім жоқ. Осы орталыққа келген соң ғана үш кило қостым. Жо-жоқ, ауру емеспін. Әлсіреп, тез шаршап қалатыным болмаса, – дейді Жәмила ақталғандай болып.

Жәмила 50 жаста. Салмағы – 29 келі. Екі баланың анасы. Сәл түртіп қалсаң, құлайын деп тұр. Сөйлеуге шамасы жоқ.

Қаңбақтай әйелді күйеуі емханаға көтеріп әкелген екен. Әрі қарай Алматы қалалық психикалық денсаулық орталығына оны жедел жәрдем көлігі жеткізіпті. Дәрігерлер енді екі күн кешіктіріп әкелгенде ажалдан аман алып қалу екіталай болар еді деп басын шайқап отыр.
Салмағы азайып, азып кеткен әйелдің дерті – анорексия. Денесінде ет жоқ. Терісі сүйегіне жабысып қалған. Ультрадыбысты аппараттың көмегінсіз-ақ қабырғасын санауға болады. Құдды етін біреу сылып алып тастағандай.

Қу сүйегі ғана қалған шынашақтай әйел дәрігердің жанындағы орындыққа сүйретіліп әрең жетті. Соның өзіне қалжырап қалды. Өңі боп-боз. Дауысы әрең шығады.

Жәмиланың айтқаны мынау: «Отбасында бес бала болдық. Он бірінші сыныпты бітіргеннен кейін тұрмысқа шықтым. Екі балам, күйеуім бар. Ауруханада еден жудым. Отағасы екеуміз Алматыға отыз жыл бұрын көшіп келдік. Пәтер жалдап тұрдық. Балалар есейді. Бірақ біз баспанаға қолымыз жетпеді. Алматыда бәрі қымбат. Тірнектеп тапқан ақшамыз пәтерақы мен ішіп-жеуден артылмады. Ұлдарым есейді. Олардың кедейшілікпен күнелткен күйімізге қатты намыстанып, ренжігенде жүрегім қарс айырылады. Өзекті өртеген өкініш бар. Бірақ тығырықтан шығатын жол жоқ. Уайым мен өмірге өкпем бар. Осындай тауқыметтен қиналғанда іштегі дүлей сезім жегідей жейді. Ұйықтай алмаймын. Тамаққа тәбетім жоқ. Оқшауланып, ешкіммен сөйлескім келмейді. Туысқандарым да өз күйбең тіршілігімен әуре. Жалғыздық та қажытып жіберді».
Орталықтың бөлім меңгерушісі Надежда Полумыскованың айтуынша, Жәмиланы талай жылдан бергі отбасындағы проблемалар, тұрмыс тауқыметінен әбден қажыған.

Надежда Полумыскова, психиатр:

«Күйзелісі асқынған. Ерімен арадағы кикілжің, жоқшылық әйелдің жүйкесін жүндей түтіп тастаған. Жас кезінде күйеуімен ренжіскенде сірке суын ішкен екен. Оның тамақты талғап жеуі заңдылық. Өйткені ол үрейден арылмаған. Тамақ ішкенде іш құрылысым ауырады деп асты шоқып жейді. Осы кезге дейін отбасымен бірге жалдамалы вагонды паналап келген. Еріктілер қаржы жинап, ері мен балаларын қонақ үйге уақытша жайғастырыпты. Науқас анорексияға шалдыққанын мойындағысы келмейді. Алғашқы күндері біздің мамандар Жәмилаға қасықпен тамақ ішкізіп, жас балаша күтті. Оның тіпті қасықты, кесені ұстайтындай қауқары болған жоқ. Психологиялық күйзеліске шалдыққаннан кейін емделмеген. Соның нәтижесінде анорексияға шалдыққан. Қазір дәрі-дәрмектер тағайындап, науқастың салмағын күнде өлшейміз. Нәтижесінде үш кило салмақ қосты».

Алматы қалалық психикалық орталықтың бас дәрігері Сапар Рахменшеевтің айтуынша, адамның анорексия дертіне шалдыққанын анықтау ұзаққа созылады. Тәбетін жоғалтып, жүдеп, әлсіздік қажытқан науқас бірнеше дәрігердің көмегіне жүгініп, шипа іздейді. Өкінішке қарай, дерті әбден асқынғанда ғана жедел жәрдем көлігі немесе туыстары психикалық денсаулық орталығына әкеледі. Біз Сапар Рахменшеевтен анорексияның неден пайда болатынын сұрадық.

– Жалпы анорексия дегеніміз – тәбеттің болмай, салмақтың азаюы. Енді анорексияның түрлері де, себебі де көп.

Біріншісі түрлі аурулардың кесірінен туындайды. Мысалы, онкологиялық немесе инфекциялық аурулар, қант диабетімен ауырған адамдар өз еркінен тыс салмақ тастайды. Оларды осы сала мамандары емдейді.

Екінші түрі – психикалық аурулардың салдары.

Үшінші түрі дәрілердің кері әсері етуінен болады. Тағы бір түрі бар. Ол – невроздық, психиатриялық, психикалық аурулардың әсері. Мысалы, өзгелер «семізсің» деп келеке етіп, намысына тиеді. Ондайда жас болсын, кәрі болсын, артық салмақтан арылуға тырысады. Өзін тамақтан шектейді. Ақырында диета ұстауға дағдыланып қалғанын, шамадан тыс жүдеп кеткенін байқамайды.

Егер біз анорексияның себебін анықтасақ, оның емі бар.

– Адам өзінің анорексияға шалдыққанын қалай біледі? Себебін анықтау да оңай емес шығар?
– Біздің орталықта бір науқас емделді. Бармаған дәрігері жоқ. Шипа іздеп, емхана атаулының табалдырығын тоздырған. Хирург те, терапевт те қараған. Ең соңында психологтарға келіп, қандай ауруға шалдыққаны анықталды. Тиісінше, ем-домын алды.

Негізі анорексияның үш кезеңі бар. Бірінші кезеңде адам өзіне ыңғайлы диеталарды іздейді. Үнемі салмағын өлшеп отырады. Тамақты тартынып ішеді.

Екінші кезеңде олар мүлдем тамақ ішпейді. Оқшауланады. Айналасындағы адамдармен қарым-қатынасты доғарады. Себебі олар тамақ жеуге үгіттеген адамдардың кеңесін тыңдамау үшін өз әлемінде өмір сүреді. Олардың салмағы кеміп, мінез-құлқының өзгергенін, өзінен-өзі тұйықталып кеткенін байқауға болады. Үшінші кезең кахексия деп аталады. Ауруға шалдыққан адам 50 пайыз салмағын жоғалтады. Ол кезде ішкі ағзаларда қайтымсыз процесс басталады. Бұлшық еттері тартылып қалады. Оны атрофия дейді. Ішкі құрылысының қызметі күрт төмендейді. Ағзада май мөлшері азаяды. Көзі шүңірейіп, шашы құрғап түсе бастайды. Тырнақтары сынғыш келеді, тістері босап, түседі. Тері құрғап, ақшыл тартады, денеге қызыл түсті бөртпелер мен шиқан шығады. Кахексия кезінде қан қысымы төмендеп, күш-қуаты азаяды. Науқас әлсірейді. Кахексияның қандай аурудан пайда болғанын анықтап, соған байланысты ем қолданылады. Оларды бізге көбінесе көтеріп әкеледі. Жансақтау бөліміне жатқызамыз.

Егер кахексиялық кезеңде науқас уақытында медициналық көмек алмаса, оның өмірін сақтап қалу өте қиын. Көбінесе кахексия асқынған жағдайда науқастардың 5– 20 пайызы қайтыс болады. Сондықтан бұл аурумен ойнауға болмайды.

– Осы дерттен сақтану үшін не істеу керек?

– Анорексияны емдеу үшін психикалық денсаулық сақтау саласы мамандарының көмегі қажет. Біздің орталықтың білікті мамандары науқаспен, оның туысқандарымен жұмыс істейді. Өйткені санасын салмақтан арылу жаулаған адамның ол ойдан лезде бас тартуы мүмкін емес. Сондықтан біздің орталықта психиатрлар, психотерапевт, психолог, терапевт, невропотологтар жұмылып, емделушіге қызмет көрсетеді. Әрине, кез келген аурудың алдын алған жөн. Сондықтан ата-аналар жасөспірім жүдеп, тамаққа тәбеті болмай жүргенін байқаса, онымен ашық сөйлескені дұрыс. Дереу дәрігердің көмегіне жүгіну керек. Біздің орталықта сенім телефондары жұмыс істейді. Психиатрлар кеңес береді. Тағы бір айта кететін жәйт, емделушілер жайлы ақпарат ешқайда жарияланбайды. Құпия сақталады. Сондықтан кез келген дерттің алдын алуға мүмкіндік мол. Тек уақыт жоғалтып алмаңыз.

Жәзира Бегалы,
журналист

20 тамыз, 14:59
Түркістанда балалардың психологиялық саулығы басты назарда
20 тамыз, 13:45
Шымкентте «QH үй жағдайында мүгедектігі бар балаларды оңалту» жобасы жүзеге асырылуда
19 тамыз, 12:15
InEco Fest 2025: Алматыда экология, инклюзия және қала мәдениетін біріктірген фестиваль өтті
19 тамыз, 11:59
Музыка – жасөспірім жанының айнасы
18 тамыз, 14:54
Заманауи аппараттардан – жақсы нәтиже
16 тамыз, 12:34
Шымкент: Жарты жылда 1181 ерекше бала оңалтудан өтті
15 тамыз, 12:19
Биғайша Нұрғазинова: Ерекше балалар қоғамға кірігуі тиіс
10 тамыз, 21:15
Түркістан: Абайдың сөзі – рухани құндылықтың алтын қазынасы
09 тамыз, 15:04
Бахадыр Мәдәліұлы: Мүгедектігі бар азаматтарға қолдау көрсету – мәслихат пен партияның ортақ міндеті