Мәскеуде дүркіреп өткен «Муз ТВ» жүлдесінің ауқымды іс-шарасы қызықты оқиғаларға толы болды. Көпшілік алдында ыңғайсыз жағдайға қалғандар арасында Тимати да бой көрсеткен. Танымал жүргізуші Ксения Собчак алдыңғы қатарға сүйіктісімен отырып, анасын артқы жаққа жайғастырған Трэперді ел алдына сөгіп тастады.
Nur. kz хабарлағандай, салтанатты кештің жүргізушісі Ксения Собчак өзінің өткір сөздерімен Тиматидің сүйіктісінің көңіліне қаяу түсіріп үлгерді. Ол анасын артқы орынға отырғызған әншінің әрекетін сынап, Анастасия Решетоваға да жағымсыз сөздер айтып тастады.
«Мен ана ретінде Симона ханымды жақсы түсінемін. Сен баланы өсіресің, бағып-қарайсың. Ал ол болса, мерекелік кешке «мынау» сияқты әйелмен келіп қана қоймай, оны қасына алып, ал сені артына отырғызып қойған қандай әділетсіздік. «Мынау» сияқтылар сенің балаңның қасында жүргені не деген масқара!» , — деп айтты эмоцияға берілген Ксения.
Танымал жүргізушіден сөз естіген Анастасия Решетова болса оған өкпелі емес екендігін жеткізді. Ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасына ешкімге реніш, кек сақтаудың қажеті жоқ деген екі ойлы жазба қалдырған. Бұл оқиғаға қатысты әзірге Тимати ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ.