«Ана – Жер-Ана»: Сәбира Майқанова Толғанай рөлінде

02 мамыр 2018, 12:39

Шыңғыс Айтматовтың республика театрларында көрсетілген көптеген шығармаларының ішінде қазақтың М.Әуезов атындағы академиялық драма театры қойған «Ана – Жер ана» (1964 ж.) сахналық жүйесі ерекше орын алады. Автордың «Құс жолы» (қырғызша «Саманшы жолы») повесінің желісі бойынша Львов Анохин жасаған сахналық жүйені Қалтай Мұхамеджанов тамаша, әрі мазмұнды аударған. Қоюшы режиссері Ә.Мәмбетов, суретшісі А.Ненашев, музыкасын жазған Ғ.Жұбанова және барша актерлер жұмылып, ерекше дайындықпен, жанын сала іске кірісті. Толғанай рөлі Сәбира Майқанова мен Фарида Шәріповаға берілген. Енді актрисаға дамыл тауып отыру жоқ. Қуанышынан гөрі қайғысы мол соғыстың қасіретті кезеңдеріндегі ел күрсінісі мен қайғысына ортақтасқан Толғанай рөлі ауыр сезімдерге құрылған. Басында күрделі рөлді меңгеру актрисаға өте ауыр тиген. Дайындықты қалай бастарын білмей ұзақ толғанды. Режиссер С.Майқановамен жұмыс істеуді доғарды. Тек жас актриса Ф.Шәріповамен көп уақытын өткізетін. Спектакль қолға алынғаннан бері театрдың ішінде үлкен мереке болып жатқандай күй орнаған. Күндіз-түні дайындық. Инсценировканың оқиғасы қызықты, әрі мағыналы болғандықтан, актерлер де ыждағаттылықпен дайындыққа жұмыла кірісті.

С.Майқанованың қалыпты дағдысы бойынша пьесаның сөзін, айтар ойын жан-жақты талдап түсінбейінше, біртіндеп бойға сіңірмейінше сөз жаттамайды. Шығарманы бүкіл жан-дүниесімен сезініп, жадына түйе бастаған кезде сөз түйдек-түйдегімен өзі-ақ тілге оралады. Бірақ бұл жолы асауша ұстатпайтын аталмыш рөл көпке дейін маңына жолатпады. Актрисаның безгісі келді бұл рөлден. «Ш.Айтматов жасаған биік тұлғаны одан әрі жетілдіре, жандандыра аламын ба, алмаймын ба, режиссердің ойынан шыға аламын ба?» (С.Майқанованың қолжазбасы. Аналар тұлғасы, әрқайсысының мінез-құлқы) деген күдіктердің де болғаны рас.
…Бір күні аяқ астынан күтпеген күш пайда болды. Сабасына түсіп, іске кірісуі керек. «Менің рөлді шығаруым режиссерге ғана керек емес, өзім үшін», – деген оралымды ой келген. Сол күннен бастап өзін-өзі аяусыз қамшылаумен болды. Түн жамылып үстел үстіндегі шамның алдына келіп отырады. Ешкім мазаламайтын жеке бөлмеде таңға дейін Толғанай рөлімен жұмыс істейді. Бұл енді күнделікті әдетке айналды. Түні бойы әрбір сахнаны бөліп-бөліп оқып, монологтарды шығару жолында тер төгеді. «Анамыз Толғанай рөліне дайындалғанда біздің үйде артық дыбыс шықпайтын. Сыбырласып сөйлеп, аяғымызды ұшымен басатынбыз», – дейді актрисаның қызы Гүлдәр Әбдірқызы.
Жайнақ кеткен соң айтылатын монолог мүлде шығар емес. Бес күн өтті, әуреленуде. Төккен тер бекер кеткен секілді. Алтыншы түн дегенде адам айтқысыз ерекше сезім баурап, өзін-өзі билеп алған әрбір сөз әсерлі айтылады. Кейбір жерлерінде көзіне жас үйіріліп, ағыл-тегіл жылап жібереді. Бұдан былай режиссерде актриса әрекетіне деген сенім пайда болды. Рөл толық жасалып бітті. Енді актриса Толғанайдың бітім-болмысын дұрыс түсінді.
Әрбір актерді жеке зерттейтін режиссер Сәбира апайдың баладай қызба, жанып түсетін мінезін дөп басып, әдейі назардан тыс қалдырыпты. Осының арқасында актриса бойында отты намыс пайда болды. Толғанай биігіне өзінше шықты, жан-дүниесін өзінше бойлады. Қағылез режиссер осындай жағдайдың боларын алдын-ала білген болатын. Актрисаның ішкі жан-дүниесі бай, тұнып тұрған талант екеніне шүбә келтірмеген. Байқағанымыздай, бұл – сұңғыла режиссердің актермен жұмыс жасаудағы бірегей жолы.
Сәбира Майқанова толығымен шабытына енген. Бұрынғы ойнаған аналардың рөлі үлкен кейіпкерлерге салынған жол іспетті. Бүкіл ойы, өмірі Толғанай деп ұққан. Ерен еңбегі еш кеткен жоқ, керісінше жана түсті. Міне, актриса жасаған Толғанай осындай үлкен қажырлы еңбекпен келген.
Сахнадан шашын қырау шалған ана көрінді. Кең дала, бидай сабақтарымен көмкерілген егісті алқап. Қатігез тағдыр тауқыметі әбден қажытқан. Ол өзінің көкірегіндегі шерін, мұң-зарын Жер-анаға айтып, шағынып сөз саптайды.
Толғанай ананың шейіт кеткендері көп. Жаны бірге, жар жұбы – Сыбанқұл, өркендері – Қасым, Майсалбек пен Жайнақ. Отан үшін шайқаста оты ерте өшкен арыстар. Төрт бірдей арыс ана жүрегін күйдіріп, мұңға батырады. Азалы Толғанай Жер-анаға қайғы-қасіретін жеткізіп тұр. Осы бір көрініске кеудесін жара күрсінбеген көрермен болған жоқ. Ана жүрегінің осы бір зілзала ауыр қасіретін бірге көтеріседі олар. Шебер актер әрдайым көрермен сезімін осылай баурап, толғандыратын болар.
Алғашқы сахналарда Толғанай – Сәбираның бойынан анаға тән әсемдік қасиетті байқаймыз. Тағынған ақ орамалы жарасым тауып, күлімдеп жастық шағын еске алады. Жүзінде ерекше нұр ойнайтындай. Әлі еш тауқымет басына түспеген Толғанайды балалары мен жары Сыбанқұл қасында уайымсыз жүрген үй шаруасының ұйтқысы ретінде танимыз.
Оқиға күрделенген сайын Толғанай – Сәбираның көңіл-күйі күрт төмендеп, өзгеріп сала береді. Шашы ағарған, қабағы шытылып, әбден шаршаған, шалдыққан күйде ол сұм соғысқа тісін қайрап, отты көздерінің қиығымен алысқа көз тігеді. Ел қамын ойлаған, еңбекқор ананың жанарынан қырағылық пен үрейді қабат көреміз. Енді не болар екен? – деген сұрақ үнемі дамыл таптырмай, титықтатып барады. Қанша қиындық көрсе де мойымауға бел буған. Тіпті менменшілдігі де жоқ емес. Майқанова сомдаған Толғанай Сенің қиянат қайғыңа көне қоймаспын, Соғыс! – деп қайтпас қайсарлық танытады.
Сыбанқұлды майданға аттандыратын сәті, үлкен ұлы Қасым мен жұбайы Сыбанқұлдың қазасын естірту кезіндегі Толғанайдың жан азабын С.Майқанова көрермен қауымға сол табиғи қалпында әсерлі етіп жеткізді. Қарт Толғанайға: – Ауданнан келген бір бастық шақырады. Сені алып кетуге келдім, – дегенде үлкен көздері тұңғиыққа батып, түк түсінбеген ол сұраулы кейіпте шалға қарайды.
– Атыңнан түс Толғанай, мұндайда жаяулатып, аттан түсіп жүрмесе болмайды дегенде-ақ, бір жамандықтың болғанын жүрегі сезгендей. Түймелері ағытулы күпәйкесі алқам-салқам болып, ескі салы орамалы қобырап кеткен актрисаның үлкен ойлы көздері мұңға толып, даусы қалтырап – Ол не дегеніңіз? Мынауыңызға түсініп тұрған жоқпын – деп жүре сөйлеп, құлағым не есітіп тұр, сенейін бе, сенбейін бе дегендей бей-жай күй кешеді. Тәлтіректеп, шалға қарай аяғын әрең басады. Бір сәтке есінен айырылғандай үнсіз тұрып қалып, не істедім енді? Ендігі өмірім не болады? Қу құдайға не жазып едім?! Ішкі сарайындағы көңіл-күйді бет-әлпетінен айқын аңғартатын. Бұған қоса музыканың азалы үні естілгенде бар дүние күңіреніп, азан-қазан болатын. Дәл осы сәтте сіз актрисамен бірге қайғырып, қан жұтқандай боласыз. Қуаныш лебі де, қасірет шеккен сәттері де бәрі актердің өз басынан дәл осы минутта өтіп жатқандай әсер етеді көрерменге.
Толғанайдың ортаншы ұлын ойнаған актер Жұмабай Медетбаевтың еске алуында: «Соғысқа шығарып салатын сахнадағы балаға, перзентке деген елжіреуі, ұлына деген аналық қасиеті ерекше болатын. Ананың балаға деген махаббатын жеткізу әркімнің қолынан келе бермейтін. Апа! Апа! – деп құшақтағанымда, жаным менің деген қимастықпен қоштасуы, басымды сипауы тек менің ғана бойымды шымырлатпай, көрерменнің алпыс екі тамырын идіріп, толғандырмай қоймайтын. Ұлынан келген хатты пошташы оқып тұрады: «Менің тірі оралуым неғайбыл дүние. Мен онда шабуыл кезінде көп адамның өмірін сақтап қалуға барамын. Халық үшін, жеңіс үшін барамын. Бұл менің ең соңғы хатым, ең соңғы сөзім» (пьесадан үзінді), – деген жолдарына келгенде үндемей тұрып-ақ, бет-әлпетінің сан құбылып, бірде жылап, бірде қайсарланып, ал бірде жаны жабырқап, ойлануына залда отырған халық солқылдап, егіліп отыратын. Өмірде көлікке зорға мініп-түсетін анамыздың киелі сахна төрінде өзін сергек те жеңіл ұстайтынын көргенде актрисаға тәңірінің берген қасиеті екен ғой деп таңданатынбыз» (Ж.Медетбаевпен сұхбат. 05.07.2002 ж), – дейді актер.
Осы орайда режиссер Қ.Сүгірбековтің ойымен бөліссек: «Сәбира апайдың Толғанайы сол уақыттың қаталдығын жеңе білген, мейірімді ана. Ананың мейірімі жеңбейтін дүние жоқ. Сәбира – Толғанай асқан мейірімі арқылы Жер-анадан да басым түсіп отыратын. Көптеген театрлар бұл спектакльді қойса да, С.Майқанованың Толғанайы деңгейіне көтеріле алмады. Себебі: бірінші – актрисаның дарындылығы десек, екіншіден бойындағы ананың түрлі қасиеттері өмірдегі Сәбира бойынан табылатын (Қ.Сүгірбековпен сұхбат 26.02.2002 ж).
Қойылым барысында Жиенқұлдың ұрлық ісі жөнінде сотталатын сахнасы бар. Сол уақытта ел қазынасын ұрлау арсыздық бола тұрса да, Жиенқұлды аса сөгіп жамандамайды. Жиенқұл кінәсін мойындамай жатқан сахнада, Толғанай – Сәбира: «Сандалма хайуан! Саған керегі дәлел ме? Сенің ізіңе өкшелей түсуге біздің шамамыз да келмейді. Шиеттей бала-шағаның аузынан жырып, есік қағып жүріп, бір уыстап жинаған тұқым бидайды ұрлаған сен емеспісің», – деп зілмен айтқанда, әрбір сөз маңайындағыларға оқ атқандай әсер ететін. Жиенқұлға қарғыс айта отырып, кеңдік жасайтын. Дауыс ырғағында ондай қылыққа күн көрісі үшін барды деген кешірімді мейірім жататын» (Ә.Рахымовпен сұхбат. 26.02.2002 ж.), – дейді режиссер. Сәбира Майқанованың ойыны осылай ерекшеленеді. Актриса шеберлігін мойындайтынымыз да сондықтан. Дархан дарын, айтулы сахна шеберінің өзгеден ерекшеленуі, халық көңілінен шығуы заңды құбылыс.
С.Майқанова қазақ әдебиеті мен өнерінің Мәскеудегі өткен онкүндігіне 1964 жылы гастрольдік сапармен барғанда, Кремльдің театр сахнасында Толғанай рөлін сомдады. Қалың жұртшылық Толғанайдың толысқан бейнесіне ризашылықпен қол соқты. Толғанай ананың тұла бойымен түсірілген бейне суреті бірнеше күн бойы орталық көшелерде ілулі тұрды. Бұл үлкен өнерге, оны ойнаушы актерлерге деген ризалық белгісі, алғыс нышаны еді. Шынында да Толғанай бейнесі актрисаның шығармашылық шыңы болып саналады. Осы қойылым сахнаға шыққан күннен бастап басылым беттерінде, ақпарат құралдарында талай дуалы ауыз мамандар ұжымның өнердегі табысы ретінде бағалап, ой топшылауларын, лебіздерін білдірді. Сондай зерделі пікірдің бірін «Ана – Жер-ана» мақаласында Борис Львов-Анохин айтқан еді. Ш.Айтматовтың «Ана – Жер-ана» шығармасы бойынша Мәскеудің К.С.Станиславский атындағы драма театрында спектакль қойған театр маманы: «Қазақтардың қойылымы біздің сахналауымызға мүлдем ұқсамайды. Мұның өзі назар аударарлық жәйт. Спектакльдің қоюшы режиссері Ә.Мәмбетов пен суретші А.Ненашев асқан тапқырлықпен, пәрменділікпен сахнадағы оқиғаны дұрыс жасап шыққан. Ш.Айтматовтың повесі жан тебірентерлік, сахналық нақты шығармаға айналды. Толғанайдың қиын, әрі күрделі бейнесін С.Майқанова трагедиялық негізде сенімді әрі көтеріңкі көңіл-күйде алып шыққан. Оның жуан, қоңыр дауысында бейбітшілік ісін қорғаушы, балаларын қолынан жұлып алып бара жатқан сұм соғысқа қарсы тұрған ананың жан-жарасының сыздауы мен ашу-ызасының сарыны бар. Ананың монологы, күрсінісі, наразылығы тым әсерлі. Әсіресе оның жаңа жиналған дәннен сол мезетте пісірілген таба нанды қастерлеп, аса бір мейірімділікпен бетіне басу сәті адамның жан-дүниесін қозғайды» (Бел-белестер. Алматы: Өнер. – 1987. – 286 б. Құраст. Б.Құндақбайұлы), – жеп жазғанды. Театр маманы Б.Львов-Анохин өзінің сахнадағы қойылымымен қазақстандық өнер иелерінің табысты жұмысына баға беріп, салыстыра отырып ой түйеді. Режиссер мен суретші жұмыстарын бағалай отырып, Толғанай кейпіндегі актрисаның шебер ойыны мен оның бейнені сомдау барысындағы көңіл-күйін дөп басады. Сырлы суреткер өнері көрерменнің қиялын тербеп, ой үстіне ой тудырады. Саф өнерді қолға қондыру әркімнің қолынан келе бермес. Оған барынша тазалық, адамгершілік, темірдей төзімділік керек. Сәбираның Толғанайы қасірет шеге жүріп, қайраттанады. Адамзаттың асыл анасына айналады. Барынша шынайылықпен рөлге енген ол оқиғаны басынан өткеріп, бейнелеп емес, сол Сәбираның өзі соғыс зардабынан бағы тайып, қара жамылған күллі жесір-жетімнің жиынтық тұлғасына айналғанды. Қарапайым әйелдің бітім-болмысымен бүкіл ел басына түскен қасіреттен, тағдыр тауқыметінен морт сынып кетпей, керісінше қинала жүріп жігерленіп, шыңдала түседі. Бұл үшін актриса өзінің қиын-қыстау күн кешкен жылдарын, яғни өткен өмірін зердесінен өткізіп, сарапқа салады. Өзіне таныс, замандас аналар тағдырын ой елегінен өткізді ол. Адам төзгісіз қасіретті жылдарында қайта өмір кешкендей болған. Шерлі шындықпен астасып жатқандықтан да Толғанай тұлғасы елдің, адамзаттың анасындай биік тұғырға көтерілген. Бұл рөл жасандылықтан ада. Барлығын актриса шынайы өмірден, басынан өткен қатал тағдырдың парақтарынан алынып отыр. Сондықтан да халық Сәбира өнеріне сенеді. Бірге күрсініп, бірге қабырғасы қайысады. Көрермен Толғанаймен бірге соғыс кезіндегі зұлматты оқиғаларды басынан өткереді. Мұндағы адамдық тамаша қасиет, елге туған жерге, отанға деген махаббат, асқан сүйіспеншілік, аналық нәзік сезім адам жанын тебірентпей қоймайды. Өйткені бейне трагедиялық шыңына жетті. Актриса өзін Толғанай сезінді. Басиесінен, балаларынан айырылған мұңлық соғыстың бар зардабын мойынымен көтерген. Қара қағазды алған сайын, еті өлген көнбіс ананың жылай-жылай жасы құрғаған Толғанайдың мұңлы көздерінде қайғы тұнып тұр. Жанарындағы сұм соғысқа деген лағнетін жақтырмай, жиіркене, жирене қараған оқты көздері арқылы білдіреді. Жо-жоқ, балаларын тартып алып, қатал тағдыр сағын сындырмақшы. Отан үшін, ел үшін қан төгіп жатқан балаларының әруағы разы болсын деп, белі бүгілсе де қайыспай жүрген қайсар ана.
Бұл рөл үлкен шығармашылық ізденіспен келген дүние болғандықтан мәңгі есте қалады. «Ана – Жер ана» қойылымы отыз жыл бойы сахна төрінен түскен жоқ. Актрисамен бірге ширек ғасыр өмір сүрді. Көрермен де ұлы өнерпаздың ойынын көруден жалыққан жоқ, актриса жалықтырмайды. Толғанайды көптеген жылдар бойы ойнағанымен, әр қойылымға тың, аса жауапкершілікпен, монологтарды қайта пысықтап даярлықпен келетін. Өйткені ол рөлдің кірпігіне кірбің түсіргісі келмейді. «Толғанайды мен рөлім демеймін, өзімнің тағдырым, өзімнің күйзелісім, өзімнің қуанышым деп есептеймін», – дейді актриса. Осы біраз ғана лебіздің өзінде қаншама астарлы сыр жатыр. Өз рөліне деген асқан махаббат пен құрмет байқалады. Осы орайда жасырмай ашық айтатын бүкпесіз сырды жайып салатын болсақ, дәл қазіргі кезде осындай актрисалар тым аз деуге болады. Өз рөліне деген махаббат пен құрмет болмайынша тамаша образ жасалуы мүмкін емес. Кейінгі буын актерлер С.Майқанованың жоғарыда аталып өткен асыл қасиетін өзіне үлгі етіп алса ғанибет емес пе.
Сахнадағы өмір мен актриса табиғаты астасып, бүтін тұлғаға айналып кеткен. Айта берсек небір құпия сырды аша түсуге болады. Актриса Толғанай образын сомдаудан екі күн бұрын ешқайда бармауды, ешкіммен тіл қатыспауды дағдыға айналдырған екен. Бірақ кейде мұнысы іске аса бермейді. Күнделікті тіршіліктің күйбеңімен әлек. Бұл қағылез актрисаның өзгелерге ұқсамайтын жеке басына тән сыры. Әркез сахнаға шыққанда өзін-өзі ұстауы жүріс-тұрысы қандай болмақ, актерлік ойыны несімен ерекшеленетінін ой елегінен өткізіп, жан-дүниесін Толғанай кейуананың жүрегімен ұғыстырып үндестіреді.
Иә, Толғанай бейнесі актрисаның бағын ашты. Әлемге аты мәшһүр жазушы Ш.Айтматов: «Айтсам мақтанғандай болмайын. Жазылуында жетіспеушіліктер болған шығар, қазір жазсам басқаша жазар едім. Бірақ менің ойымды Майқанова толықтырды», – деп актрисаның зор талантын мойындап айтып жүрген екен.
Ш.Айтматов – ұлы суреткер. Ондай адамдардың әр нәрсеге көңілі толуы қиын болады. Осы сөз актрисаның шығармашылық өміріне шуағын шашып, қанат бітірді. Толғанай рөлі арқылы актерлік өнердің биік шыңына көтерілді. Бұл рөлді ойнағанда үш сағатқа жуық сахнада болады. Тіпті өзін-өзі ұмытып, спектакльдің қалай біткенін білмей қалатын. Бұл қойылыммен талай жерлерді аралады. Франция, Қазан, Уфа, Ташкент, Мәскеу, Бішкек, Орынбор т.б. Жалпы бұл жетістіктердің бәрі шығарманың ұлылығы, актрисаның тұнып тұрған таланты, режиссердің ерекшелігі мен мықтылығы.
«Ана – Жер-ана» қазақ театрын шырқау биікке көтерді, бүкіл әлемге танытты. Басылымдар бірінен соң бірі жазып қойылымды құбылысқа теңеген. Бұл үлкен баға. Франсияның Нанси қаласында әлемдегі ұлттық театрлардың Фестивалінде, сондай-ақ Иранның Шираз қаласында өткен Азия, Африка, Латын Америкасы елдерінің халықаралық театр фестивалінде «Ана – Жер-ана» спектаклі көрсетілгені мәлім. Оны жалғыз Иран жұртшылығы ғана емес, теледидар арқылы дүние жүзінің көптеген елдерінің көрермендері тамашалады. Оларды риза етіп, қатты таң қалдырған нәрсе – Толғанай ерек образдық бейнесі. С.Майқанованың табиғи талант, дархан дарыны осы қойылымда бұрынғыдан да даралана түсті. Фестиваль күндері әлемнің әр түкпірінен Толғанай – С.Майқановаға деген ризашылық, жүрек жарды лебіздер, алғыстар ағыла айтылып жатты. Шетел жұртшылығы Қазақстан артистерінің шынайы өнері шыңдалған шеберлігіне сүйеніш сезімін білдірсе, театрдың үлкен абыройға бөленуіне КСРО халық артисі С.Майқанова мен режиссер Ә.Мәмбетовтің қосқан үлесі орасан зор.
Актриса аналар образына ат үсті келген жоқ, бүкіл қайрат жігерін жұмсады. Соның ішінде Толғанайы бір төбе, өзге рөлдері бір төбе. «Жеке жасалған, дара бейне», – деп халық бұл рөлге баға берген. Бірте-бірте актрисаның жан-дүниесі мен Толғанайдың қадір-қасиеті бір тұлға болып, біте қайнасып жатқан ерекше рөлге айналды.

Мәншүк ТӘШІМОВА,
М.Әуезов атындағы әдебиет және
өнер институтының ғылыми қызметкері,
театртанушы

 

 

30 тамыз, 23:58
Түркістан: Полиция департаментінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жедел кеңес өтті
30 тамыз, 23:55
Түркістан полициясы Конституция күнін атап өтті
30 тамыз, 23:53
Түркістан облысында Конституциямен құрдас 140-тан астам полицей қызмет етеді
30 тамыз, 23:51
Түркістан полициясы Конституция күніне орай бірқатар іс-шара өткізді
30 тамыз, 1:50
Түркістан: Есірткіге қарсы ымырасыз күрес
28 тамыз, 19:46
Түркістан: Мереке қарсаңында 180-нен астам полиция қызметкері марапатталды
28 тамыз, 14:57
Түркістан: Арыс ауданында профилактикалық іс-шаралар өтуде
27 тамыз, 15:06
Бекзат Бекжанұлы: Қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндетіміз
26 тамыз, 15:52
Түркістан: Мопед тізгіндеушілер, мал ұрлығы және жоғалған бала