Ана мен баланы қорғау: араша сұраушылар азайып келеді

27 қыркүйек, 14:15

Біздің елімізде ана мен бала — мемлекет қорғауында. Дегенмен соңғы жылдары бөгдені былай қойып, өз отбасында, жақын адамынан зардап шегетін әйелдер мен балаларды қорғау мәселесі күн тәртібіне шықты.
Сондықтан биыл 15 сәуірде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресуге бағытталған заңға қол қойды.
Әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстар үшін жазаны күшейтуді көздейтін жаңа заң 16 маусымда күшіне енді. Бұған дейін әкімшілік құқық бұзу саналған әрекеттерге қылмыстық жауапкершілік енгізу алдағы уақытта нәтижесін беруі тиіс. Жалпы кез келген заң сияқты бұл құжат та ең әуелі құқық бұзудың алдын алуды көздейді. Былайша айтқанда, бұрын жәбір көрсеткені үшін жеңіл жазамен құтылатындар енді зайыбына немесе баласына қол көтермес бұрын ойланады.
Осы мәселеге қатысты ішкі істер министрлігі әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақмарал Серікбаеваның пікірін сұраған едік.
Аға инспектор: «Иә, 2023 жылдың бірінші шілдесіне дейін пайыздық көрсеткіштермен айтатын болсақ, 60 пайыздан астамына біз ешқандай шара қолдана алмай келдік. Отбасылық тұрмыстық қатынастар саласында құқық бұзушылық жасаған азаматтың алдында полицияның қолы байлаулы болды. Бізге болған оқиға бойынша істі тіркеп, бізде нарядтық істер бойынша тоқтатылатын.
Ал жаңа қабылданған заңда жәбірленушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында құқық бұзушыны үйінен уақытша шығару тетігі бар. Негізі мұндай талап қолданыстағы заңда бар еді. Бірақ полиция қызметкері құқық бұзушыны уақытша үйінен шығару тетігін қолдана алмайтын. Себебі онда құқық бұзушының балама тұрғын үйі болмаған жағдайда шектеу бар деп жазылған. Қазір заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар нәтижесінде сол шектеуді алып тастады. Егер жәбірленушіге сол үйде құқық бұзушымен қалу қауіпті болса, бірден істі сотқа жолдап, сот шешімімен құқық бұзушының мінез-құлқына ерекше талап орнату арқылы оны 30 күнге уақытша шығара аламыз», — деп түсіндірді.
Өз үйіне отыз тәулік кіру құқығынан айрылған жәбірлеушіге бейімдеу орталығы мен отбасын қолдау орталықтарын паналауға мүмкіндік беріледі. Қазір ел ішінде 60-тан астам бейімдеу орталығы жұмыс істеп тұр. Алдағы уақытта 200-ден астам отбасын қолдау орталықтары ашылмақ.
Еске түсірсек, өткен жылдың 1 шілдесінен заңға енгізілген өзгертулерге байланысты, тұрмыстық зорлық-зомбылық дерегін тіркеу арыз беру сипатынан анықтау сипатына көшкен. Таратып айтсақ, полиция өкілі отбасылық жанжал бойынша ешкімнің арызын күтпейді. Жәбірленушінің шағымынсыз, кез-келген бұқаралық ақпарат құралдарында, интернет желісінде жарияланған немесе бейнекамераларға түсіп қалған оқиғалар бойынша жәбірлеушіні жауапқа тарта алады
Парламенті Сенатының депутаты Жанна Асанова жаңа заң туралы былай деді: «Бұл заң — бөлек заң емес, балаларды тартып алатын заң емес. Бұл бөлек бір зорлық-зомбылық туралы заң емес. Бұл — қолданыстағы бүкіл заңдарға өзгерістер енгізу. Себебі болып жатқан жағдайлар қолданыстағы заңның күші жетпейтінін көрсетті. Қазір денсаулыққа қасақана зиян келтіргені үшін, жеңіл не ауырлығына қарамай, жаза күшейтілді. Солай болуы керек. Өйткені бұл — біздің балаларымыздың болашағы. Қай ата-ана баласының түрмеге отырғанын қалайды? Қай ата-ана қызын жауыздың қолына бергісі келеді? Ондайды ешкім қаламайды. Біздің мақсатымыз – бала тәрбиесіне көңіл бөлуге басымдық беру. Себебі бала үйде не көрсе, соны істейді. «Тәрбие тал бесіктен басталады» деп бекер айтылмаған. Отан отбасынан басталады. Балалар бақытты болу үшін тәрбиеге терең мән беру керек».
Заң — тежеуші фактор. Мамандар заң күшіне енгеннен бері тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша қоңырау шалып, араша сұраған оқиғалар азайғанын айтады.

Жәзира Бегалы,
журналист

20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?
09 желтоқсан, 19:04
Жерге түкіру мен сағыз тастауды қалай шектейміз?
06 желтоқсан, 19:02
"Қаяқ, бұяқ" дейтіндер тілді бұзып жүр ме?