Ана мен балаға — пана болар «Жан-Сая»

12 қыркүйек, 16:37

Өткен жылы еліміздің ішкі істер министрлігі отбасылар арасында сауалнама жүргізді. Оған 33 мың отбасы қатысыпты. Олардың ішінде ұрыс-жанжал жиі болып тұратын және соған бейім 3900 отбасы анықталған. 213 отағасы өз еркімен психологиялық көмекке жүгініп, қол көтеру әдетінен құтылуға, эмоциясын тежеуге дағдылануға бел буғанын айтты.

Отбасында зәбір көрген ана мен балаға қол ұшын созатын орталықтар баршылық. Соның бірі – Алматыдағы «Жан-Сая» дағдарыс орталығы.

Алматының тұрғыны Ажар (белгілі себептермен есімі өзгертілді) бес баласымен қаладағы дағдарыс орталығын паналауға мәжбүр. 44 жастағы әйелдің алып шаһарда баратын жері жоқ. Көп балалы ананың жеті жыл бұрын күйеуі жүрек талмасынан қайтыс болған. Марқұм құрылыс саласында еңбек етіп, бала-шағасына мұраға үйі мен көлік қалдырады. Ал Ажар жеті жылдан кейін өзінен он жас жігітке ғашық болды. Гүл сыйлап, еркелетіп, тәтті сөзге сараң емес Дамирмен бақытты боламын деп армандады. Тұрмысқа шықты. Бірақ екінші күйеуінің қомақты несие қарызы бар. Ажар баспана, көлік, бағалы заттарды сатып, сүйіктісін банк берешегінен құтқарды. Сүйіктісі қарызынан құтылғаннан кейін әйеліне қол көтеріп, балағаттауды әдетке айналдырады. Ең сорақысы, Ажарды тепкілеп, ұрып, келеке қылғанда кәмелет жасқа толмаған екі баласы араша сұрап жылап, көршілері полиция шақырады.

«Мұнда мені участкелік полиция қызметкерлері әкелді. Мен осы жасқа дейін дағдарыс орталығы бар екенін білмеппін. Бірінші күйеуім ұрмақ түгілі, дауыс көтермейтін. Ол қайтыс болғаннан кейін төрт перзентімді асырау керек болды. Кафеде әкімші болып жұмыс істедім. Өзімнен он жас кіші Дамирге қалай ессіз ғашық болғаным есімде жоқ. Бастапқыда балаларымның аузынан жырып, оның несиесіне үш миллион теңге бердім. Сосын үйді, көлікті саттым. Еркелетіп, күнде гүл сыйлайтын. Ақыры ол қомақты қарызынан құтылды. Екеуміз некемізді заңдастырып, мен бақытты едім. Жиырма жастан асқан екі ұлым пәтер жалдаймыз деп, үйден кетіп қалды. Мен екі кішкентай перзентіммен бірге Дамирдің үйіне көшіп бардым. Бойыма бала бітті. Өзімді жер бетіндегі бақытын тапқан әйелге теңедім. Бірақ өз үйіне барғаннан кейін бір аптаға жетпей Дамир өзгерді. Тепкілеп ұра бастады. Қазір осы қателігім үшін өзімді жек көремін», — деп Ажар шерін тарқатты.

Ажар келіп паналаған Алматыдағы «Жан-Сая» дағдарыс орталығы 2007 жылы ашылған. Тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген, жуан жұдырықты күйеуінің тепкісі мен қорлығынан бас сауғалап қашқан әйелдер мен балалар осы жерде бас сауғалайды. 17 жылдан бері орталық қызметкерлері екі мыңнан астам адамға психологиялық, құқықтық көмек көрсетіпті. Отбасында жәбір көрген келіншектердің басым бөлігі ешқандай мамандық меңгермеген, ешқашан маңдай терін төгіп, ақша таппаған. Күйзеліске шалдыққан және өмірде өзін ешкімге керек емеспін деген ойынан арылуға жан-жақты көмек ұйымдастыру, оларды мамандыққа баулып, жұмысқа орналастыру дағдарыс орталығында біріздендірілген.

«Жан-Сая» дағдарыс орталығының директоры Зүлфия Байсақова:

«Олар бізге келгенде басым бөлігі анасымен бірге дастарханда қалай отыруды, тамақты ішуді білмейді. Көбіне бала еденге отырады және телефоннан көз алмай тамақ ішеді. Біздің орталықта мамандар бұл әдеттен арылуға көмектесіп, баланың санасын өзгертуге тырысамыз. Өкінішке қарай аналар қарсылық білдіреді. Себебі оларға перзентінің өзгермегені ыңғайлы. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың салдары өте ауыр және мұны ойлаудың өзі қорқынышты», — дейді.

Сондықтан алдағы уақытта да ана мен баланы қорғауға арналған орталық жұмысын жалғастырады. Олар жақын адамынан ешкім жәбір көрмесе екен деп тілейді.

Айта кетейік, «Жан-Сая» дағдарыс орталығына мемлекеттік және жергілікті қазынадан қаржы бөлінеді. Орталық өткен жылы 475, биыл 280 ана мен балаға көмектескен. Сондай-ақ 3-4 мың тұрғын психологтар мен заңгерлердің қызметіне жүгініпті.

Жәзира Бегалы,
журналист

Суреттерді ұсынған автор 

26 желтоқсан, 17:55
Пәлен жерде алтын бар. Барса...
23 желтоқсан, 18:08
Жаңа жылда Kaspi Red+ арқылы шоппинг үшін 15% бонус!
20 желтоқсан, 11:58
Абайлаңыз, ел ішін "Омикрон" кезіп жүр
18 желтоқсан, 16:00
“Жастар тоқтамай жаңа әндер жазуы керек”. Ерлан Көкеев трендтегі әндерге байланысты пікір білдірді
17 желтоқсан, 13:58
Телефон жоғалса не істеу керек?
17 желтоқсан, 12:23
«Ән мәтінін бақылайтын арнайы орган болуы керек». Ақын Асқар Дүйсенбі қазіргі әндердің мәтініне қатысты пікір білдірді
13 желтоқсан, 14:31
“Қайратпен өнерімізді түгел көрсетіп болдық”. Сырым Исабаев не себепті сахнадан кетті?
12 желтоқсан, 12:12
Ернұр Айнаев: Жастардың жыныстық сауатын арттыру қажет
11 желтоқсан, 12:47
Журналистер ақпарат бәсекесінде неге блогерден жеңіледі?