Американ мүддесі

07 ақпан 2020, 11:38

АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майкл Помпео Украина, Беларусь, Қазақстан және Өзбекстанға ресми сапармен келді. Ол Ташкент қаласында сыртқы істер министрлерінің қатысумен «5+1» (Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркменстан, АҚШ) форматындағы өтетін жиынға қатысып, өзінің турнесін қорытындылады.

Аталған сапар, әсіресе, посткеңестік кеңістікте қызу талқыға түсті. Себебі де белгілі. Украина түйткілі әлі де шешімін тапқан жоқ. Минск мен Вашингтон арасындағы дипломатиялық байланысқа сызат түсіп, екі мемлекет өз елшілерін кері шақырып алған. Ал Қазақстан мен Өзбекстан болса, АҚШ-тың Орталық Азиядағы жақын серіктестері болып табылады. Дейтұрғанмен, Кіндік Азия елдерінің Ресей және Қытаймен түрлі салаларда тығыз қарым-қатынас орнатқанын айту керек.
Украинаға сапар барысында мемлекеттік хатшы ел президенті В.Зеленскиймен қанша жылдан бері тартысқа толы Донбасс мәселесін талқылады. Зеленский жағдайды реттеуде АҚШ белсенділік таныту қажет деген пікірде. Дейтұрғанмен, дәл қазір экономикасы шикізат экспортына тәуелді Украинаның моральдық қолдаудан гөрі Батыстың қомақты инвестициясына өте-мөте зәру екені мәлім.
Помпео Киевтен Минскіге аттанды. Бұл соңғы 25 жылда АҚШ-тың жоғары лауазымды ресми өкілдері тарапынан жасалған алғашқы сапар ретінде есте қалады. Бұған қоса, сапардың Мәскеу мен Минск арасында туындаған түсініспеушілік кезеңіне сай келгенін де айта кеткен жөн. Одақтас екі ел мұнай тасымалы бойынша ортақ мәмілеге келе алмай жүр. Осыны ұтымды пайдаланғысы келген Помпео «АҚШ бәсеке бағамен Беларуссияны 100 пайыз мұнаймен қамтамасыз етуге дайын» деп мәлімдеді. Сондай-ақ екіжақты қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеру үшін Минскіге жаңа елші жіберілетінін хабарлады.
Мұнай демекші, көмірсутегі маманы Татьяна Маненоктің пікірінше, Америкадан қара май жеткізуге мүмкіндік бар. Алайда бар мәселе тағы да сол бағаға кеп тіреледі. Белгілі бір кезеңде мұнай бағасы Беларусь үшін қолайлы болуы мүмкін. Бірақ оны жеткізу тетіктері қамтамасыз етілмеген. Сондықтан қиындық туы әбден ықтимал. Әйтсе де, осының өзі ресейлік компанияларды белорустармен келісімшарт жасауға ықпал етуі мүмкін.
Қит етсе, адам құқығы мен демократияны алға тартатын американдықтар бұл жолы да аталған тақырыпты айналып өтпеді. Мемлекеттік хатшы брифинг кезінде Помпео: «Адам құқығы мен санкция мәселесінде жағдайдың біршама жақсарғанын байқаймыз. Нақты қандай жағдайларды ескере отырып, қандай санкцияларды алып тастайтынымыз әзірге белгісіз. Алайда, бүгінгі кездесу бізді мақсатымызға жетуге жақындата түседі. Дипломатиялық қатынастарымыз жақсара түсті. Бұл екі ел үшін пайдалы болмақ. Біз Беларуссияның аймақта таңдауды өз бетімен жасауын қолдаймыз. Сіздер басқа бір күштердің айтқанымен емес, АҚШ пен Беларуссияның өзара қарым-қатынасына қолайлы болатын өздеріңіздің мақсат-мүддеңізді анықтауыңыз қажет», – деп мәлімдеді.
АҚШ Мемлекеттік хатшысы Нұр-Сұлтан қаласында сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев және Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесті.
Мемлекетттік хатшы Қазақстан тарапының Ауғанстан мәселесін реттеуге және Таяу Шығыстағы соғыс алаңдарынан өз азаматтарын қайтару бойынша атқарып жатқан жұмыстарына жоғары баға берді. Сонымен қатар, еліміздің терроризм және экстремизмге қарсы күресте «5+1» форматындағы Орталық Азия елдері арасында жетекші орынға ие екендігін атап өтті. Майкл Помпео: «Біздің мемлекеттердің қауіпсіздік саласындағы тиімді серіктестігінің жарқын мысалы ретінде «Жусан» операциясын атап өтуге болады. Сонымен қатар ресми тұлғалардың тығыз байланысы іскерлік ортадағы тұлғаларға ықпалын тигізіп, сауда-инвестициялық қатынастардың дамуын қамтамасыз етті», – деді.
Помпео өзінің іс-сапарын 2 ақпан күні Ташкентте жалғастырып, Өзбекстан басшылығымен екіжақты кездесу өткізді. Журналистерге берген сұхбатында Помпео министрмен іскерлік қарым-қатынастарды дамыту, заңның үстемдігін күшейту және барлық салада экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселелерін талқылағанын, өз елінің жақын уақытта қаржы секторы мен салық саласындағы маңызды реформаларға техникалық көмек көрсететінін жеткізді. Сонымен қатар, ресми Ташкенттің Ауғанстандағы бейбіт өмірді орнатуды қамтамасыз етуге үлес қосып жатқандарына ризашылығын білдірді. Ол АҚШ-тың Өзбекстан мен Ауғанстан арасындағы сауда қатынастарын дамыту үшін 1 млн доллар көлемінде қаржы бөлетіндігін айтты.
Ал 3 ақпан күні Ташкент қаласында Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркменстанның сыртқы істер министрлері және АҚШ мемлекеттік хатшысы Майкл Помпео қатысқан «Орталық Азия – АҚШ» форматындағы кездесу өтті.
Аталған іс-шараның қорытындысы бойынша, тараптар шетелдік содырлардан келетін қауіп-қатер бойынша өзара ынтымақтастықты кеңейту, терроризм мен экстремизмге қарсы озық тәжірибелермен бөлісу туралы бірлескен мәлімдеме қабылдады.
Бұл сапар қазіргі уақытта аймақта Ресей мен Қытайдың ықпалы артуына Американың алаңдаушылық танытып отырғандығын байқатты. Американдық дипломат, тіпті сөз арасында бұл елдерге «төнетін қауіпті» де айтып қалды. Осының өзі АҚШ-тың аймақтағы елдерде болып жатқан саяси және экономикалық үрдістерге бей-жай қарамайтынын көрсеткендей.

Ернұр Кенжебай,
шолушы

26 қараша, 14:17
Ғажайып крем қалтаны қақты
25 қараша, 14:24
Арнайы алимент қоры қашқын әкенің жүгін жеңілдетеді
24 қараша, 21:50
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды
19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген