Қазақта «Балықшының аты шөлден өліпті» дейтін сөз бар. Мұны неге айтып отырмыз? Еліміз табиғи байлықтың ғана емес, астық пен төрт түлік малдың да отаны. Солай бола тұра, біз шетелден азық-түлік пен ет өнімдерін көптеп сатып алады екенбіз. Неге? Өзімізде жоқ па? Әлде барды ұқсата алмай отырмыз ба? Немесе Сарыарқаның астығы мен ұлы даланың төсін емген төрт түліктің етін халықаралық келісімшарттарды орындау үшін амалсыздан шетел асырып жатқан жоқпыз ба? Күнделікті тұтынатын азық-түлікті қымбат болса да, басқа елдерден сатып алуға мәжбүр екенбіз. Күлкілі…
Күлкілі болса да айтайық. Сол шетелден сатып алған азық-түлік пен ет өнімдерінің құрамынан шикілік шығып жатыр. Оңтүстік Кореядан келетін соя мен жүгері және кеспе өнімінің құрамында ГМО мөлшері артып кеткен. Ал көрші Ресейден алатын шұжық пен еттің құрамынан адам денсаулығына зиянды заттар табылды. Бұл туралы күні кеше еліміздің бас санитары Жандарбек Бекшин хабарлады.
Жылына 20 миллион тонна астық оратын қазақ елінің теңіз түбегіндегі аядай ғана Кореядан соя мен жүгері сатып алғаны, тіпті бидайдың отаны бола тұра, кеспе сатып алғанымыз, шынында, ақылға сыймайтын әңгіме.
Алдар көсенің әлдебір әжуасында айтылғандай, ақымақ бай Алдарға қатты алданып, хан сарайындай үйін, қазы-қарта, қымыз-қымыранын менсінбей, өмірін ұзарту үшін қырық күн кедейдің қырық шоқпыт лашығына қонып, қара су мен қатқан нан жейтін жері бар еді. Ал Алдар бай үйінде май шайнап жатып алады. Бұл да соған ұқсайтын көрініс. Қазақстанға сонау Оңтүстік Кореядан жүгері тасып, кеспе әкелуіміз – Алдарға алданған байдың кебін кигеннен не айырмашылық бар? Сол соя мен жүгері біздің де ауыл-аймақта жайқалып өседі.
Ет туралы әңгіме, тіпті бөлек. Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты ұлттық сараптама орталығы шетелден келетін импорттың көзбояушылығын жайып салыпты. Құжатта сиыр еті деп көрсетілген өнімнен тауық еті шыққан. Тіпті қымбат еттің орнына арзанын салған мысал да жеткілікті. Сиыр еті салынған қалбырдан сояның ДНК-сы табылса, халал маркалы шұжықтан шошқа еті шығыпты. «Адал деген қазаннан шошқа еті шықты» деген осы шығар.
Осыдан 5-6 жыл бұрын Асылжан Мамытбеков ауыл шаруашылығы саласын басқарып тұрғанда «жылына 60 мың тонна етті шетелге сатамыз» деп, уәде берген еді. Одан бері де біраз жыл өтті? 60 мың тонна етті сатпақ түгілі, оны әлі шетелден тасып жатырмыз. Бұрынғы ауыл шаруашылығы вице-министрі Төлеутай Рақымбеков газетімізге берген сұхбатында қойды Иранға тірідей сататынымызды айтқан. Ол «Қой шаруашылығын жандандырып, өсіріп, сойып, ет күйінде сатсақ, пайда көбірек түседі» – деді.
Қазақта: «Мал өсірсең қой өсір, пайдасы оның көл-көсір» деген сөз бар. Ірі қараға қарағанда қой тез көбейеді. Төлеутай Рақымбеков сол сұхбатында «Ірі қараны біз жыл сайын 6 пайыздан көбейтіп, 10 жыл ішінде экспортта жоспарланған 70 мың тоннаға жеткізе аламыз дегенге мен сенбеймін. Ал қой шаруашылығынан 4-5 жылдың ішінде 200 мың тонна етті экспортқа шығаруға мүмкіншілік бар. Оның ішінде өзіміздің ішкі нарығымызды, халықты толығымен қамтамасыз ете аламыз» – деген. «Ет дегенде бет бар ма?» дейтін қазақпыз. Кеңес үкіметінің кезінде әр адам 83 келі ет жесе, қазір бұл көрсеткіш 55 келіге түсіп қалыпты. Бұл біздің етті аз тұтынатынымызды көрсетпейді. Қайта мал басының азайып, еттің тіске емес, түске кіретінін аңғартады. Бұл да барды бағаламағандық.
Ет десе, шенеуніктердің көзіне ірі қара елестейді. Қой-қозыны місе тұтпайды. Алайда Шопан ата түлігінің еті ғана емес, жүн-жұрқасына дейін қып-қызыл ақша. Ұзын сөздің қысқасы: астық пен еттің отанында отырып, кеспені Кореядан, етті терістіктегі көршіден сатып алғанымыз атын шөлден қаталатып өлтірген балықшының кебіне келетіндей.
Жарас Кемелжан